Ғылыми көзқарас заман талабынан туындайды

Мырзаберген Малбақұлы,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

Бүгінде институт ұжымы академия­лық ғылыми дәстүрді берік ұстанып, өнімді еңбек етіп келеді. Ғалымдарымыздың атқарып отырған ғылыми жұмыстары тіл білімінің барлық салаларын қамтып отыр. Солардың ішінде халық тілінің дамуы үшін айрықша маңызға ие болып отырған сөздік түзу ғылымының – лексикографияның орны ерекше. Сонау 1974-1986 жылдары жарық көрген қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігі өзінің көлемі жағынан түркі әлемінде үздік туындылардың бірі болды. Себебі бұл еңбекте 67 мың атау сөз бен 24 мыңнан астам сөз тіркесі, барлығы 92 мыңдай сөздік бірлік қамтылған еді. Салыстыру үшін айтар болсақ, өзбек тілінің 2006-2008 жылдар аралығында жарыққа шыққан бес томдық түсіндірме сөздігінде 80 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі келтірілгені жазылған екен.

2011 жылы қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігінің басылымы аяқталды. Сөзтанымдық, тілтанымдық, мәдениеттанымдық тұрғылардан құндылығы жоғары, жаңалығы көп еңбектегі сөз санын анықтаған тіл мамандарының соңғы дерегі бойынша, сөздікке 92 800 атау сөз енген. Сөз тіркестерін қосып санағандағы лексикалық бірліктің жалпы саны 150 мыңнан асады. Үстіміздегі жылы осы 15 томдықтың негізінде даярланып, оған енбей қалған лексикалық бірліктерді, сондай-ақ тілдік қолданыста жүрген терминдерді қамтыған бір томдық түсіндірме сөздік жарық көрді. «Қазақ сөздігі» атанған бұл шығармада атаулық бірліктер санының өзі 106 мыңнан асып отыр.
Қазақ тілінің 15 томдық және 1 томдық түсіндірме сөздіктері Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммедтің бастамасымен әзірленіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алғы сөзімен жарыққа шықты. Сонымен қатар өткен 2013 жылдың соңында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі» дайындалды. Оған соңғы жылдардағы қазақ сөзінің емлесіне қатысты сөздер топтастырылған.
Өткен жылы жарық көрген құнды еңбектердің қатарына академик Әбдуәлі Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік). II том. Қоғам», «Қазақтар ана тілі әлемінде (этнолингвистикалық сөздік). III том. Табиғат» сөздіктерін, сондай-ақ, «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» атты кітаптарын жатқызуға болады. Биыл тоқсан жылдығы тойланғалы отырған ғалымның еңбектері қазақ тіл ғылымының өркендеуіне сүбелі үлес қосып отырғанын ерекше ризашылықпен айтар едік.
Қазақ тіл білімінде жоғары бағаланатын этнолингвистикалық сөздіктер авторының еңбегі қазақ лексикографиясы саласындағы соны туынды. Түркі әлемінде бүгінгі таңда мұндай еңбектер жоқтың қасы. «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш томнан құралған жинақтың ішкі құрылымы мен жүйе­сінде дәстүрлі сабақтастық сақталған. Қазақ этнолингвистикалық мектебінің негізін салушы ғалымның қазақ тіліндегі қос сөздерді зерт­теуге арналған еңбегі жаңа көзқарастар мен тұжырымдарға бай. Кітаптың екінші бөлімінде берілген қос сөздердің түсіндірме сөздігі де құндылығы жағынан ерекше маңызды деп білеміз.
Институт ғалымдарының күшімен «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарлама­сының аясында «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, нәтижесінде тіл ғылымы саласындағы ұлы тұлғалардың өмірі мен ғылыми шығарма­шылығына арналған ғұмырнамалық еңбектер дүниеге келді. Тілші-ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов, Ісмет Кеңесбаевтің еңбектеріне талдау жасалып, жан-жақты зерделенді.
Профессор Телғожа Жанұзақ пен академик Өмірзақ Айтбайұлының жетекшілігімен жұмыс жасап жатқан ғалымдар тобы «Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев», «Мәулен Балақаев» еңбектерінің негізгі ғылыми нұсқасын даярлау үстінде. Зерттеу жұмыстарының барысында аталған ғалымдардың кезінде лайықты бағасын ала алмай қалған еңбектеріне, сан-салалы ғылыми-ұйымдастырушылық қызметтеріне қатысты мұрағаттық құжаттар жинақталып, ғылыми айналымға ұсынылмақ.
Институт ғалымдары шұғылданған ғылыми іс-шаралардың бір парасы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесіне қатысты өрбіді. Бұл жұмыстар Елбасының «Қазақстан–2050» Стратегиясында айтылған қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты атқарылып келеді. Осыған орай қазақ жазуын жаңа ұлттық әліпбиге көшірудің ғылыми негіздерін кешенді зерттеу жұмыстары қолға алынып, институт жанынан ғылыми жобаларға сараптама жасаумен айналысатын лингвистикалық комиссия құрылды. Комиссия құрамына отандық ғалымдармен қоса Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі грамматология, фонология саласы бойынша әліпби, графика, орфография мәселелерімен айналысып жүрген шетелдік мамандар да кірді. 2013 жылдың мамыр айында өткен Қазақстан филологтарының тұңғыш съезінде «Түркі елдерінде латын графикасына негізделген жаңа ұлттық әліпби енгізу тәжірибесі: проблемалар және оларды шешу жолдары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, лингвистикалық комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Көршілес елдер тәжірибесін зерттеу мақсатында өткен жылы Түркия, Әзірбайжан, Қытай елдеріне ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Экспедиция барысында бірқатар маңызды мәселелер зерттелді. Латын әліпбиіне 1920 жылы көшкен Түркия елі өздеріне үлгі ретінде Франция мемлекетінің латын нұсқасын таңдап алған. Жалпытүркілік бірегейлікті сақтау мақсатын көздеген әзірбайжандық мамандар өз елдерінде Түркияның жазу тәжірибесі негізге алынғанын, алайда әліпби түзудің әлемдік тәжірибесі мен теориясы тұрғысынан әлі де ойласатын мәселелердің бар екенін тілге тиек етті.
Қытайдағы қазақтардың 1962-1982 жылдар аралығында, тура жиырма жыл бойы латын әліпбиін қолданғаны, бүкіл ғылым мен білім, мәдениет салаларындағы еңбектердің барлығы да осының негізінде жарық көргені мәлім. Сондықтан Бейжің, Үрімжі қалаларына сапар шеккен экспедиция мүшелерінің жұмыстары сәтті өтті деуге болады. Атап айтқанда, Бейжіңдегі Мензу университетінде, Үрімжідегі қоғамдық ғылымдар академиясында, сондай-ақ басқа да ғылыми орталықтарда маңызды кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Алдымыздағы наурыз, сәуір айларында Өзбекстан және Түркменстан елдеріне де іс-сапарлар жоспарлануда. Ал жаз айларының бірінде атқарылған жұмыстарды және де осы бағыттағы жаңа міндеттерді айқындау мақсатында халықаралық конференция өткізетін боламыз.
Биыл институт ғалымдары қазақ тіл білімінің бұрынғы ғылыми тәжірибесінде болмаған жаңалықты – «Қазақ тілі» бойын­ша бес томдық ғылыми еңбек жазу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. «Фонетика», «лексикология», «грамматика (морфология)», «грамматика (синтаксис)», «тіл мәдениеті», «стилистика» мәселелерін қамтитын бұл еңбекте тіліміздің жүйесі мен құрылымы заманға сай ғылыми көзқарас тұрғысынан, субъективтіліктен ада академиялық стилде баяндалмақшы. Қазақ тіл білімінде соңғы жылдары қалыптасып үлгерген, алайда оқу-білім жүйесіне толықтай енгізілмеген ғылым салалары да осы зерттеуде көрініс таппақ.
Ақпараттық технологиялар заманында ұлттық тілдің бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін қажетті іс-шаралардың бірі – мәдени, тарихи жәдігерліктерді, тілдік құндылықтарды электронды жүйеге көшіру. 1970 жылдардан бастау алатын лингвостатистикалық, қолданбалы лингвистикалық жұмыс топтарының еңбегі нә­тижесінде институтта қазақ түсіндірме сөздіктерінің электронды сөз қоры, лин­гвистикалық үлкен сөздіктердің, соның ішінде терминологиялық және аударма сөздіктердің электронды қоры, қазақ әдеби мәтіндерінің электронды нұсқасы әзірленді. Ендігі кезекте электронды мәтіндерді өскелең ұрпаққа тиімді түрде оқытып-үйрету мақсатына пайдалану, лингвистиканы жетілдіріп, қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау және т.б.бүгінгі күннің талабынан туындаған іс-шаралар атқарылмақ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.