Ойсылқара

Газетіміздің тұрақты айдары «Төрт түліктің төл атаулары» осы нөмірден бастап, түйе жануарына қатысты атауларды таныстыратын болады. Түйеге байланыс­ты атаулар 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінен» алынып, ұсынылып отыр.
Көшпенді салтты ұстанып, ғұмыр кешкен халқымыз төрт түлікті ерекше бағалай білген. Сол төрт түліктің ішіндегі ерекше қастерлісі әрі бағалысы ол – түйе малы. Түйеге байланысты ұғым-түсініктердің халқымыздың сөздік қорына молынан енгені өз алдына, түйе тұқымына, түйе ұстауға, мінез-құлқына, жаратылысына қатысты атаулар мен теңеулер, тұрақты сөз тіркестері қаншама. Мұның барлығы қазақ даласында түйе жануарының халық тіршілігімен етене жақын екенінің бір айғағы. Өкінішке орай, заман келбеті өзгеріп, көшпенді өмір салты артта қалуымен бірген төрт түлік малға қатысты атауларды бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Осыдан теңіздің тамшысындай болса да хабардар ету мақсатын ұстана отырып, төрт түлікке қатысты атауларды біліп жүру халықтық ой-санадан, дүниетанымнан алыстап кетпеуіміздің мәнісі екені сөзсіз. Мақаламыздың басын түйе иесі Ойсылқарадан бастайық.

Ойсылқара – ертедегі қазақтардың сенім-нанымы бойынша, түйе малының сақтаушысы, пірі. Ойсылқара – Ислам тарихында пайғамбарға деген сүйіспеншілігімен белгілі болып, әулие ретінде құрметтелген Уәйіс әл-Қаранидің атымен байланысты ұғым. Қазақтар түйенің иесі «Ойсылқара», сиыр иесі «Зеңгі баба», жылқы иесі «Қамбар ата», қой иесі «Шопан ата» деп білгені белгілі. Бұл халқымыздың төрт түлік малды ерекше қасиет тұтқанынан болса керек. Мұның діни-философиялық астары да жоқ емес. Қазақы дүниетанымы бойынша, дүниедегі әрбір жаратылыстың өз иесі бар. Соның бір дәлелі төрт түлік малдың да өз иелері болуы. Жалпы «ойсылқара» сөзі қазақтың ауыз әдебиетінде, сондай-ақ жазба әдебиетінде де кең таралғаны халқымыздың тіршілігінде түйе малының қаншалықты орын алатынын білдірсе керек. Мәселен, қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленовтың «Шыңда» шығармасында: «Сенің әкең шөгіп жатқан ойсылқараға міне алмайды екен ғой», жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Кертолғауында»: «Жүрісі өнбеген жолаушы қырсықты ойсылқарадан көріп келе жатты» деген сөздер кездеседі. Бұл сөйлемдерден байқап отырғанымыздай, ел ішінде ойсылқара сөзі түйе орнына да пайдаланылғаны байқалады. Сонымен қатар Б.Әдіразақовтың «Сандалкөк» шығармасындағы: «Ойсылқара ата-баба аруағына біткен мал деуші еді, түйе жарықтықтың бұл өңірде, жеті ағайынды жұт келсе де, жұтамайтыны көрініп тұр» деген сөйлемінен аңғарамыз.
Ал енді «түйе» сөзіне тоқталайық. «Қазақ тілінің әдеби сөздігінде» түйе сөзіне келесідей анықтама берілген:
«Бір немесе екі өркешті, күйіс қайтаратын ірі мал, үй жануары. Жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі, ит, мысық, тауық адамның үй маңайында тіршілік етеді. Сол үшін олар үй хайуандары деп аталады. 2. Еті мен сүті азыққа, терісі мен жүні әртүрлі тұрмыс қажетіндегі бұйымдарды жасауға, шөлге төзімді болғандықтан, мініске пайдаланылатын, иесінің дәулеттілігінің белгісі ретіндегі қазақтың төрт түлік малының ішіндегі ең ірісі». Көріп отырғанымыздай, түйе төрт түліктің ішіндегі ірісі, еті мен сүті, терісі мен жүні халқымыздың қажетіне жарай білген асылы. Қазақтың қара өлеңіндегі шумақтарға назар аударсақ, онда мынадай өлең жолдары кездеседі:
Басымда ақ тұмағым шоқтай-шоқтай
Басайын түйең ауса тоқтай-тоқтай.
Кеткенде ауылың шалғай қимас қалқа,
Жүремін өлеңіммен жоқтай-жоқтай.
Жазушы Мұхтар Әуезовтің жазбаларында түйеге қатысты мынадай анықтама кездеседі: «Бұрынғы бақташы қазақ көшпелі тірлігінде арман еткен: түйеде «жампоз», жылқыда – «тұлпар», сиырда – «тынж», қойдай – «құтпан», «кенепан» десе, итте құмай, адамда алып, ал мал дұшпаны қасқырда «сырттан» дейтін».
Түйе ежелгі заманнан бері келе жатқан дәулет, салтанаттың, әртүрлі салт-дәстүр бойынша көрсетілетін сый-құрметтің, берілетін айып таралғының бас белгі заты ретіндегі ірі мал ретінде де бағаланғанын ақын Тұрмағанбет Ізтілеуұлының:
Болсын деп батыр, құтты балаң тойы,
Ағылды халық біткен күні бойы.
«Тойлық» деп бес жүз бедеу берді бектер.
Сиыр мен толып жатыр түйе, қойы – деген өлең жолдарынан да көреміз.
Түйе ерте кезде Шығыс елдерінде жүк тасуға, ұзақ жолға, шөлге төзімді болғандықтан, сауда керуендерінің көлігі ретінде пайдаланылатын мініс мал болғаны белгілі.
Келтіріп қойып көп түйені,
Мата мен қымбат баға жүктеді әні.
Шайы, әдірес, атлас,
Қымқап, торғын мауыт
Асыл тас алтын-күміс, ділдә, зері – демекші, жеңілдеу құрылымдар арбамен немесе түйеге теңдеп тасылған. Олар киізге оралып теңделіп, көлік ретінде түйелер пайдаланылған.
Түйе қазақы салт-дәстүр бойынша, қалыңмалға берілетін сый-құрметтің тоғыз ішіндегі бас белгі-заты болып саналған. Түйе сондай-ақ ислам діні бойынша, құрбандыққа шалуға болатын ең ірі мал болып та саналады.
Ақ түйе. Қазақтың көне салты бойынша, ерекше үлкен жиын-той салтанатта сойылатын түйені ақ түйе деп атаған.
Сең жүреді көктемде астан-кестен,
Ақ түйенің бауырын арқан кескен.
Ұлы күні ұлыстың бас қосқанда,
Өлеңіңді айт, құрбыжан, қатар өскен, – деп қазақтың қара өлеңінде айтылатындай, қазақтар өздерінің қуанышты күндерін «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп айтқаны белгілі. Қарық боп қалды; ит басына іркіт төгілді. Ақ түйенің қарны жарылды. Көктен тілегеніміз жерден табылып, жарылқанып қалдық деген сөздер осындайда айтылса керек.
Түйеге байланысты атаулар мен ұғым-түсініктер, дәстүрлер қазақ даласында кеңінен тарағаны аян. Солардың әрі қарай сабақтай түссек. Олар бір келе түйе, бір өркешті түйе, бір түйе бітпей түйе болмас, жуас түйе жүндеуге жақсы, кердері түйе, көш түйесі, т.б. жалғасып кете барады. Ал енді осы ұғымдар мен сөздерге түсінік беріп, таныстырып өткен жөн. Бір келе түйе дегеніміз не нәрсе? Бұл жылқының үйірі сияқты бір топ, бір қора түйе деген мағынаны білдіреді.
Ал «бір түйе бітпей, түйе болмас» деген сөзі алдымен бір түйеге ие бола алғанға мал бітеді деген мағынада, барға қанағат деген мәнде қолданылған. Бұл тұрғыда Үмбетей Тілеұлының: «Бір бие бітпей бие болмас, Бір түйе бітпей түйе болмас. Өз малын кізнеген Кісі малын іздеген Түбінде өз малына ие болмас» деген өлең жолдарын келтіруге болады.
«Жуас түйе жүндеуге жақсы» сөзі көнбіс, момын адамға қатысты айтылатын болған. Бұл сөз қазақ тілінің сөздік қорында күні бүгінге дейін сақталып келеді. Көбінесе мақал-мәтел есебінде қолданылады.
«Көш түйесі» немесе көш алдында жүретін түйе. Бұл әбзел-тұрманы әшекейленген, әдемі қомдалған, күшті әрі төзімді, көш бастайтын аталық түйе. Жазушы Сәбит Мұқанов көш түйесі туралы «Қазақ қауымы» деп аталатын еңбегінде былай деп жазған: «Көштің түйесін қомдау қазақ өмірінде ең сәнді көріністің бірі. Қомдалған түйелердің үстіне өрнекті кілемдер жабылады. Қомның өзіне де тоқылған кілемнен жасайды. Оның (түйенің) бас тұрманы ноқта. Ноқтаның өзі де, бауы да кілем тәрізді тоқылған құрдан жасалып, құндызбен көмкеріледі. Салпыншақтары қымбат тастармен, күміспен әшекейленеді». Асылы, «көш түйесі» көш бастайтын түйе болғандықтан оның әсемдігі мен сән-сипатына ерекше мән берілген. Жара­­тылысынан сұлулықты, әдемі­лікті хош көретін қазақ халқы төрт түлігінің де сырт көрінісіне жоғары дәрежеде маңыз беріп, қарай білгені осыдан-ақ байқалады» (жалғасы бар).

«Қазақ әдеби тілінің сөздігі»
бойынша дайындаған
Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.