Академик Нығмет Сауранбаев және қазақ тілінің диалектологиясы

Кез келген халықтың ғылымы мен білімінің дамуына айрықша еңбек сіңіріп, сүбелі үлес қосатын тұлғалары болады. Осы орайда қазақ тіл біліміндегі көптеген салаларды ғылыми-теориялық тұрғыдан байытып дамыта білген, тілші-ғалым, академик Нығмет Сауранбаевтың орны ерекше екені сөзсіз.
Ғалымның қазақ тілінің қазіргі дамуы мен өзекті мәселелеріне арналған теориялық еңбектері өз маңызын жоймастан күні бүгінге дейін өзекті болып келеді. Солардың ішінде ғалымның диалектологияға қатысты жасаған зерттеулерінің мәні ерекше.
Ол кезеңдегі қазақ диалектологиясының жағдайы, ғалымның өз сөзімен айтқанда «қазақ тіл білімінің ең жас және кенжелеп қалған салаларының бірі» болды. «Қазақ тілінде диалект бар ма, жоқ па, қазақ тілі монолитті тіл ме, тірек диалектіге негізделген тіл ме, қазақ тіліндегі диалектілер ХV ғасырда халық тілі құрылған кезден бастап біржола жоғалып кетті ме?» деген мәселелердің басы ашылмаған уақыт еді. «Қазақ тілі мамандарының көпшілігі В.Радлов, П.Мелиоранский, Н.Ильминский, А.Позднеев сияқты ғалымдардың пікіріне сүйеніп, тілімізде диалектілік ерекшеліктер жоқ деп келген болатын» (Н.Сауранбаев, Ж.Болатов. Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін зерттеу. «Социалистік Қазақстан», 1957, 14 наурыз).

Академик В.Радлов қазақ тілі монолитті болғандықтан, онда диалектілер мүлде кездеспейді деген пікірді алғаш айтқан ғалым. Ал С.Малов, Н.Ильминский тәрізді ғалымдар да «Қырғыз (қазақ) сахарасының ұлан-байтақ кеңістігінде қырғыз-қайсақтардың тілі диалектілерге бөлінбейді» деген тоқтамға келген (Брокгауза и Ефрона энциклопедический словарь. Т 29, 1895, С. 105.) Сондықтан ғалымдар тарапынан қазақ диалектологиясы тек Қазан төңкерісінен кейін ғана қолға алынған тіл білімінің саласы ретінде танылады. Алайда төңкеріске дейін диалектология саласына арналған ғылыми теориялық еңбектер болмаса да, диалектологиялық мағлұматтар фольклорлық материалдарды жинаумен шұғылданған зерттеушілер мұраларында молынан кездесіп отырғанын, яғни революцияға дейін басылып шыққан ауыз әдебиеті нұсқаларында диалектілік сипаты бар сөздер мен дыбыстық, грамматикалық тұлғалар белгілі мөлшерде қамтылып келгенін айта кеткеніміз орынды. Мәселен, Г.Потанин, О.Әлжанов, Дүйсембаев, Д.Ай­манов, Ғазин және т.б. солтүстік-шығыс облыстарының, А.Диваев, Н.Пантусов, М.Миропиев және Шайхул-Ислам Юсупбеков оңтүстік облысының фольклорын, ал Н.Ильминский, А.Алекторов, А.Васильев, И.Аничков және В.Радловтар батыс өңірінің фольклорын жинастырып, зерттегені мәлім. Сондықтан да қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді зерттеуге аса қажетті тілдік материалдар революциядан бұрынғы зерттеушілер А.Васильев, Ш.Уәлиханов, А.Диваев және т.б. бастырып шығарған ауыз әдебиеті нұсқаларында молынан ұшырасады.
Жалпы ғалымдардың тұжырымын­дауын­ша, қазақ диалектісі туралы тұңғыш пікір айтқан және «жергілікті ерек­шеліктер» деген терминді алғаш ендірген Жүсіпбек Аймауытұлы болды (Е.Жанпейісов. Жүсіпбек. Тіл туралы // Тілтаным, 2001, №3; О.Нақысбеков. Ж.Аймауытұлының диалектология туралы негізгі ойлары // «Қазақ тілі тарихы мен диалек­тологиясы» атты ғылыми теориялық конференция материалдары, 2001 жыл). Ж.Аймауытұлы 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне жариялаған «Тіл туралы» деген мақаласында: «Қазақтың әр елінде, әр гүбірнесінде өздері ғана қолданатын, өзге елдер білмейтін тілдер бар. Мұны ғылым тілінде жергілікті тіл (провинциализм) деп атайды» деп анықтама береді. Автордың бұл мақалада көтерген басты мәселесі – бөтен тілден еніп жатқан сөздердің орнына өзіміздің жергілікті ерекшеліктерді қолдану қажеттілігі. Ж.Аймауытұлы: «Бөкейлікте татардың, арабтың, парсының, орыстың әсері, Жетісу мен Сырдарияда өзбектің, Қостанайда орыс, ноғайдың, Семей, Ақмолада да араб, орыс тілдерінің әсері бар» дей отырып: «Жетек» тұрғанда, «аглоблені» алып келсе, «қора, көң, там үй» тұрғанда «земенкені» қыстырса, «мая, шөмеле» тұрғанда «купенені», «ыңыршық, ершік» тұрғанда «седелкені» қолданса, міне, бұзылып бара жатқан деп осындай тілдерді айтуға болады» дей отырып, бөтен тілден енген сөздердің орнына жергілікті ерекшеліктерді жатырқамай қабылдау керектігін ұсынған еді. Сонымен бірге төңкеріске дейін Қ.Жұбанов пен Қ.Кемеңгерұлы да алғашқылардың бірі болып жергілікті тіл ерекшеліктерін сөз етіп, оларды жинастырып зерттеу әрі бастыру қажеттілігін атап көрсетті.

Академик Нығмет Сауранбаев  және қазақ тілінің диалектологиясы
Міне, осылайша, жергілікті ерекшелік­тер мәселесі 1926 жылдан бастап-ақ Алаш азаматтары тарапынан қолға алынғанымен, Кеңестік «аласапыран» уақыт оны дамытуға мүмкіндік бермеді. Қазақ ғалымдарының көпшілігі, жоғарыда айтып кеткеніміздей, орыс ғалымдарының пікірлеріне сүйеніп қазақ тілінде жергілікті ерекшеліктер жоқ деген байлам жасады. «Тіпті 1950 жылы «Правда» газеті ұйымдастырған тіл туралы айтыста да қазақ тілі басқа түркі тілдерінен диалектісіз тіл болуымен ерекшеленеді деген пікір айтады (Ғ.Қалиев. Қазақ диалектологиясының мәселелері. Алматы, 1960, 90 б.). Осы мәселеге ерекше ден қойған ғалым Н.Сауранбаев қазақ тілінде диалект бар ма, жоқ па деген мәселеге 1952 жылы Алматыда өткен пікірталаста да ешқандай нүкте қойылмағанын атап көрсетті. Тек 1953 жылғы КСРО Ғылым Академиясының түркі тілдері секторының қорытындысында «қазақ тіліндегі диалектілерді жоққа шығару қате болып табылатындығы» ескертіліп, бұл талас-тартыс түбегейлі тоқтатылып, өз шешімін тапқан. Осылайша қазақ тілінде диалектінің бар екендігі туралы негізгі қорытынды шыққаннан кейін қазақ диалектологиясын зерттеуге үлкен бетбұрыс жасалып, диалектілік ерекшеліктерді жинап, зерттеудің жаңа кезеңі басталады, бұл саланы тереңінен зерттеуге түбегейлі жол ашылады. Қазақ диалектологиясын зерттейтін мамандар даярланып, диссертациялар қорғалып, ғылыми монография­лар жарық көре бастайды. Диалектілік деректерді толықтай зерттеу мен жинақтау жұмыстары жолға қойылып, 1958-1963 жылдары аралығында «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері» атты жинақты жүйелі түрде шығарып тұру қолға алынады.
Қазақ диалектологиясының ғылыми тұрғыдан зерттелуі және қалыптасу тарихы, оның теориясы мен тәжірибесі профессор Н.Сауранбаевтың есімімен тығыз байланысты болатын себебі ғалым өз еңбектерінде қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктердің қалыптасуы, пайда болуы, олардың жалпы сипаты туралы біршама құнды пікірлер айтқан. Н.Сауранбаевтың диалектологияға қатысты жазған мақалалары мен ой-тұжырымдарында қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктердің басты әрі негізгі сипаттамаларын қысқаша түрде болса да түгелдей сипаттап бергендігін аңғарамыз. Сонымен академик Н.Сауранбаев диалектология саласына қатысты зерттеулерін 1948 жылдан бастап өмірінің соңғы кезеңі, яғни 1958 жылдарға дейін жарыққа шығарып, мынадай мақалалар жазған:
1. Көне қыпшақ тілінің кейбір сипаттамалары (Некоторые черты древнекыпчакского языка). ҚазССР ҒА Хабаршысы, 1948, №12.
2. Редакцияға хат (Письмо в редакцию). ҚазССР ҒА Хабаршысы, 1951, №11.
3. Қазақ тілінің жасалуы туралы мәселеге (К вопросу об образовании казахского языка). Доклады советской делегации на ХХІІІ международном конгрессе востоковедов. Секция Ирана, Армении и Средней Азии. М., 1954.
4. Қазіргі қазақ тіліндегі диалектілер (Диалекты в современном казахском языке). Вопросы языкознания. 1955, №5.
5. Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін зерттеу. Ж.Болатовпен бірге жазған мақаласы. Социалистік Қазақстан. 1957 жыл, 14-наурыз.
6. Қазақ диалектілерін зерттеу жөнінде (К изучению казахских диалектов). Ш.Сарыбаевпен бірге жазған мақаласы. Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. І шығуы. Алматы, 1958 жыл.
Бұл аталған мақалаларында ол келесідей теориялық тұжырымдар жасаған:
– қазақ тілінде қолданылатын жергілікті ерекшеліктер – ескінің көзі, ескіден қалған тарихи мұра, тарихи құбылыстардың жемісі;
– қазақ тілінде, кейбір түркі тілдеріндегі сияқты жік-жік болып анық бөлініп тұратын диалектілер жоқ;
– кең атырапты жайлаған барша қазақтардың ауызекі сөйлеу тіліндегі бірлі-жарым айырмашылықтар фонетикалық, грамматикалық жүйе мен лексикалық қорда байқалады;
– қазақ тіліндегі қандай да бір жергілікті ерекшеліктердің тарихи сипатын ашу үшін оны жеке-дара талдамай, жалпы түркі тілдерінің шеңберінде қарастыру керек, сонда ғана оның тарихи тегі мен өзгеру себептері айқындалады;
– диалектілер ХV-ХІХ ғасырларда қалыптасқан жоқ, одан бұрын пайда болған, яғни диалектілер қазақ халық тілінен бұрын өмір сүрген тілдік элементтер болып табылады (бұл жерде ғалым жеке тілдерді қалыптастырушы диалектілер туралы айтып отыр);
– диалектілер ХV ғасырдан кейін пайда болды (бұл жерде ғалым қазіргі қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер туралы айтып отыр);
– үш жүздің қазақтары ортақ бір-ақ тілде сөйлегендіктен, үш жүзге байланысты өзгешеліктер тілімізде сақталмаған, сон­дықтан жергілікті ерекшеліктердің пайда болуына үш жүздің ешқандай қатысы жоқ;
– қазақ тіліндегі жергілікті ерекшелік­терді қазақ жүздері мен ру-тайпалық жікте­лі­мінен емес, белгілі аймақты жайлаған халықтың мәдени және шаруашылық өмірімен, көрші елдермен жасаған қарым-қатынасымен байланыстыра зерттеу керек.
– қазақ тіліндегі осы күнгі диалектілік ерекшеліктер әртүрлі аймақтардағы жергілікті халықтың қоғамдық-әлеуметтік, шаруашылық-мәдени өміріне байланысты кейіннен қалыптасқан;
– қоғамдық-экономикалық жағдай­ларға және басқа халықтармен қарым-қаты­настың сипатына байланысты тілдегі диалектілік белгілер өзгеріске ұшырап отырады.

Академик Нығмет Сауранбаев  және қазақ тілінің диалектологиясы
Н.Сауранбаев «Көне қыпшақ тілінің кей­бір сипаттамалары» (1948 ж.) деген мақа­ласында, қазіргі қазақ тілінде кейбір түркі тілдеріндегідей (өзбек, қыр­ғыз, т.б. ) жік-жік болып бө­лі­ніп тұрған диалектілер жоқ болға­ны­мен де, Алтай тауларынан Каспий теңі­­зіне дейінгі аумақта мекен еткен қа­зақ­тар­дың ауызекі сөйлеу тілінде бірлі-жарым айырмашылықтар кездесіп, ол айыр­машылықтар, ғалымның тұжыры­мын­ша, тілдің фонетикалық жүйесі мен лексикалық қорында болады. Ал бұл айыр­ма­шылықтардың пайда болуын Н.Сауран­баев «ескіден қалған тарихи мұра» деп есептейді:
1) с дыбысы мен ш дыбыстарының өзара алмасып келуі: мысық – мышық, масқара – машқара, тұрмыс – тұрмыш.
2) т мен д дыбыстарының алмасып келуі: тиірмен – диірмен, әптән – әбден.
3) п мен б дыбыстарының алмасуы: перне – берне, пида – бұйда.
4) д мен й дыбыстарының алмасуы: адақ – айақ.
5) ш мен ч дыбыстарының алмасуы: шалғы – чалғы, шапан – чапан.
Бұндай дыбыс алмасулар сонау көне түркі жазба ескерткіштері Орхон-Енисей мен орта ғасырдағы қыпшақ тілінің жазба мұраларында кездеседі. Н.Сауранбаев «қазақ тілінде қолданылатын жергілікті ерекшеліктер – ескінің көзі» дегенде басшылыққа алғаны да осы мәселе болғаны сөзсіз. Себебі мұндай ерекшеліктер ­жалпы түркі тілдерінде сонау V ғасырдан бері үзілмей келе жатқан фонетикалық құбылыс болып саналды.
Ғалым өзінің 1954 жылы жазылған «Қазақ тілінің жасалуы туралы мәселеге» атты зерттеуінде жергілікті ерекшеліктер құрамындағы өзара алмасып келетін дыбыстардың фонетикалық ауытқуларын талдайды:
1. c мен ш: тысқары – тышқары, ұқсас – ұқшаш.
2. т мен д: топ – доп, тым – дым, теңіз – деңіз, туадақ – дуадақ, тізгін – дізгін, тізе – дізе.
3. л мен д: тыңда – тыңла, таңла – таңда, маңлай – маңдай.
4. д мен й: адақта – айақта (аяқта).
5. м мен б: мекіре – бекіре, шымшық – шыбшық, шымыш – шыбыш, матыру – батыру.
6. п мен б: пәле – бәле, полат – болат, пайда – байда, пиялай – биялай, палуан – балуан.
Ғалым бұл жердегі л мен д дыбыстары­ның алмасуын ертеден келе жатқан заңды­лықтардың қатарына жатқызады да оған дәлел ретінде Күлтегін ескерткішіндегі – тыңла, «Кодекс куманикустегі» – аңла сөздерін мысалға келтіреді. Осылайша ол диалектологияға қатысты жазылған зерттеулерін үнемі тың деректермен толықтырып отырғанын байқатады. Мысалы, «Көне қыпшақ тілінің кейбір сипаттамалары» деген мақаласында жергілікті ерекшеліктер ауызекі сөйлеу тілінің фонетикалық жүйесі мен сөздік қорын қамтиды десе, «Редакцияға хат» деген мақаласында грамматика саласын да қосады, ал «Қазақ тілінің жасалуы туралы мәселеге» деген мақаласында фонетикалық ерекшеліктерге берілген мысалдар санын әлдеқайда молайта түседі. Диалектологиялық зерттеу мәселелерінде ұстанған принциптің басты ерекшелігі – фонетикалық құбылыстар сырын тарихи тұрғыдан зерттеп, оларды ескі түркі тілдерімен байланыстыра қарастырады.
Диалект сөздердегі грамматикалық ерекшеліктердің мәнді себебін де тарихи тұрғыдан қарастырады:
-мыш (-міш) форманты әдеби тілімізде айтылатын -қан (-кен), -ған (-ген) қосымшасының орнына жүреді. Бұл Қостанай облысында тұратын қазақтардың ауызекі сөйлеу тілінде кездеседі: жазылмыш (жазылған), жетілміш (жетілген), айтылмыш (айтылған), таңданмыш (таңданған). Н.Сауранбаев бұлай сөйлеуді халық «көне кітап тілінен үйренген» болу керек деген болжам жасайды. Осы болжамы арқылы ол көптен бері кітап басып шығару өнерін кәсіп еткен Қазан, Орынбор, Уфа, Троицк қалаларының ықпалына ертерек ұшырап, көне кітаптарды оқуды әдетке айналдырған Торғай даласының тұрғындары осындай формаларды қолданатын болғанын дәлелдейді.
-шақ (-шек) жұрнағы да осы аймақты ме­кендеген қазақтардың тілінде жұм­салады, әдеби тілдегі -сы (-сі) тұлғасының мағына­сын береді: алашақ (аласы), берешек (бересі).
-жақ (-жек) тұлғасы көбінесе қарақалпақ туысқандармен іргелес отырған аймақтарда (Ақтөбе, Қызылорда облыстарында) жиі кездеседі: бережек (берешек), айтажақ (айтатын), алажақ (алашақ).
-улы (-улі) формасы Қазақстанның батыс жақ өлкесінде айтылады: барулы (барыпты), көрулі (көріпті), келулі (келіпті).
-лы (-лі) тұлғасы оңтүстік пен оңтүстік-шығыс алқапта бірінші жақтың қалау рай формасында айтылады: баралы (барайық), жүрелі (жүрейік).
Кезінде пікірталас тудырған мәселе ол қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің сипаты мен таралу шегі диалектілік көлемде ме, әлде сөйленістік көлемде ме деген сауал болатын. Ғалым Н.Сауранбаев қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді диалект сипатында болған деп қарастырады. Мәселен, ол белгілі бір аймақ тіліндегі ерекшеліктер бірнеше сөйленіске ортақ болып келіп, диалектіге негіз етілгенін айтады. Өз мақаласында Шу, Жетісу, Шымкент, Сырдария сөйленістерінің әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен бірге бүкіл Оңтүстік өлкеге тән негізгі ерекшеліктерін де сақтап қалғандығын, сөйтіп, олардың тұтастай оңтүстік диалектіге кіретінін пайымдаған.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҰҒА академигі:
«…Осыдан алпыс бес жылдай бұрын ашылған Ұлттық Ғылым Академиясы республика тарихында тарихи мәні айрықша ірі оқиғаның бірі болып қалды. Міне, осы тарихи оқиғалардың басы-қасында Н.Сауранбаевтың болуы, оның қаншалықты ірі тұлға екенінен хабар берсе керек. Ол қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы (кезіндегі атауы төрағасы) қызметіне тағайындалады. Әрі президиум мүшесі ретінде қоғамдық ғылымдар саласы бойынша сан алуан тірліктің бастамашысы болды. Нақтылы жұмыстар мен келелі міндеттер туралы мақалалар жазды, талқылаулар өткізді, ойға жетелер сөздер сөйледі. Күні бүгінге дейін үзбей шығып келе жатқан «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабаршысы» (қоғамдық ғылымдар сериясы) сол кезде Н.Сауранбаевтың жетекшілігімен шыға бастаған болатын. Ол қазақ тіл білімінің барлық саласында өшпес ізі қалған, оның негізгі теориялық бағыт-бағдарын анықтап, іргетасын қаласуға үлесін қосқан санаулы саңлақтардың бірі. Н.Сауранбаевтың қазақ тілі дамуының өзекті мәселелерін шешуде байқалатын ғылыми-теориялық өресі күні бүгінде де жолбасшылық бағытынан төмендемей келе жатқанын көреміз. Өрбітілген ой-пікірінің өміршеңдігі мен құндылығын тіл білімпаздары әлі күнге сезінуде…».

Ал қазақ тіліндегі диалектілік ерекше­ліктерді топтастыруда ғалымдар тарапынан екі түрлі көзқарас орын алған болатын. Олар:
Бірінші, Н.Сауранбаев пен Ж.Досқараев диалектілердің екі үлкен тобы бар деп қарастырды: оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс диалектілері.
Екінші, С.Аманжолов қазақ тілінде үш диалект бар деп қарастырды: оңтүстік, батыс және солтүстік-шығыс.
Кейіннен профессор Ш.Сарыбаев ғалым С.Аманжоловтың солтүстік-шығыс диалектісіне топтастырған аймақтардағы тілдік ерекшеліктер бірыңғай емес екендігін анықтап, қайтадан топтастыру қажеттілігін көтерген болатын. Соның негізінде қазақ тілінде оңтүстік, батыс, шығыс және орталық-солтүстік диалектілері бар деген тоқтам жасалды.
Н.Сауранбаев қазақ тіліндегі диалектілерді ең басты екі топқа бөледі:
1. Солтүстік-батыс;
2. Оңтүстік-шығыс.
Фонетикалық ерекшеліктеріне қарап, атап айтқанда, ш орнына ч, д орнына л қолданылуына орай екі топқа бөледі:
1. Солтүстік пен батыс аймақтардағы ш, д диалектілер тобы
2. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыс аймақтарындағы ч, л диалектілер тобы.
Оның айтуынша, ч мен сөйлейтін аймақтар бұрыннан ұйғыр, қырғыз, өзбек халықтарымен аралас отырғандықтан, бұл көрші халықтардың әсерінен болған фонетикалық құбылыс. Бұны ол ғалым М.Қашқари, В.Бартольд еңбектеріне сүйене отырып дәлелдейді. Н.Сауранбаев осылайша жергілікті ерекшелікті топтастырудың фонетикалық принципі ретінде ч мен л дыбыстарының қолданым ерекшеліктерін басты негізге алады да, қазіргі қазақ тілінде екі түрлі диалект бар деген байлам жасайды: ш және д диалектілер тобы, сондай-ақ ч, л диалектілер тобы. Алайда басқа ғалымдар: «Қазақстан көлемін ч мен л айтылатын жерлер және олар айтылмайтын жерлер деп екіге бөліп, соның тек ч мен л айтылатын бөлегін ғана бір диалект деп қараған жөн, өйткені ч мен л дыбыстарының қолда­нылмайтын жері, яғни олардың орнына ш мен д дыбыстарының айтылуы – әдеби тілдің әдеттегі қалпы, оны «бір диалект» деп өз алдына бөліп қарау лингвистикалық заңдылыққа сия бермейді» деген өте орынды уәж айтады (Ә.Құрышжанов. Академик Н.Т.Сауранбаев. 1974)
Жалпы жергілікті ерекшеліктердің сипатын көрсететін бірқатар өзіндік белгілер болатындығы мәлім. Соның бірі диалектілердің жалпы және айырым белгілері. Диалектілік сөз жалпыхалықтық сөзден ерекшеленеді де, оның себебі сол сөздің белгілі бір аймақта ғана қолданылатындығымен, белгілі ­изоглосы болуымен түсіндіріледі. Сондықтан диалектілік сөз жалпыхалықтық сөзге қарама-қарсы қою арқылы танылады және әдеби тіл құрамына енбейді де шартты түрде жеке элементтер ретінде танылады. Диалект сөздер үнемі әдеби тілмен жарыса өмір сүретін, одан өзгешеленіп тұратын өзінше бір жүйелі құбылыс. Сондықтан жоғарыдағы Н.Сауранбаевтың топтастыруы­на сынның айтылуы да орынды.

Академик Нығмет Сауранбаев  және қазақ тілінің диалектологиясы
Сол кезеңдегі қазақ диалектологиясы­ның алдында тұрған өзекті мәселенің бірі ол тілдегі диалектілердің бұрынғы ру-тайпа тілдеріне қатысы мен ұлттық әдеби тілдің диалектілік негізін анықтау. Осы мәселеге байланысты ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас пайда болды.
Біріншісі, қазақ тіліндегі диалектілердің пайда болу тарихын қазақ жеріндегі бұрынғы ру-тайпалық одақтармен, жүздер­мен байланыстырып қарау (С.Аманжолов);
Екіншісі, диалектілік ерекшеліктерді жалпыхалықтық тіл қалыптасқаннан кейінгі (ХV ғасырдан соң) халықтың қоғамдық-әлеуметтік, шаруашылық-мәдени өміріндегі өзгерістерге байланысты кейіннен қалыптасқан құбылыс ретінде қарастыру (Н.Сауранбаев).
Академик Н.Сауранбаев қазақ тіліндегі жергілікті ерекшеліктер халық тілін жасауға ұйтқы болған ертедегі ру-тайпалардың тілімен тікелей байланысты деген тұжырыммен келіспейді. Ғалымның жасаған қорытындысы бойын­ша, диалектілерді зерттеу мәселесін қазақ жүздері мен ру-тайпалық жіктердің құрамымен байланыстырмаған жөн. Оларды халық тарихымен, әр аймақты жайлаған халықтардың мәдени-шаруашылық ерекшеліктерімен және ауыс-түйіс отырған көрші елдердің өмірімен қабыстыра отырып қарастырған абзал. Алайда басқа ғалымдар қазақ тіліндегі диалектілік ерекшеліктердің ерте замандардан қалған ескерткіштерде кездесуі кездейсоқ құбылыс емес екендігін, бұл олардың пайда болу сыры ХV ғасырдан әрі жатқандығын атап көрсеткен болатын (Ғ.Қалиев, Ш.Сарыбаев. Қазақ диалектологиясы. Алматы: Ғылым, 2002, -200 б.).
Қазақ диалектологиясына қатысты сол кезеңде болған талас мәселенің тағы бірі – жергілікті ерекшелікті әдеби тілді байытудың бір көзі ретінде қарастыру ­немесе керісінше әдеби тілімізді шұбарлайтын құбылыс ретінде тану. Бұл тұрғыдан келгенде академик Н.Сауранбаев «жергілікті ерекшеліктер сол халықтың тарихын зерттеп, басқа халықтармен қарым-қатынасын ашу үшін аса құнды материал болып табылатынына» ерекше назар аудара отырып диалект сөздерді танып-білудің, оны зерттеудің маңыздылығын былайша топтап көрсеткен:
1. Тіліміздің жергілікті ерекшеліктері – қазақтың халық, ұлт болып қалыптасуы туралы бағалы мәліметтер береді;
2. Диалектологиялық материалдар этнографтар мен археологтар үшін аса құнды мәліметтер береді;
3. Қазақ тілінің жергілікті ерекше­ліктерін білу жазушылар үшін де аса қажет.
4. Диалектологиялық материалдармен таныс болу қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері үшін де өте-мөте қажет. Тіліміздің жергілікті ерекшеліктерін білмесе, олар оқушыларды әдеби тілге дұрыс төселдіре де алмаған болар еді;
5. Қазақ тілінің жергілікті ерекшелік­терін білу лекторлар үшін де, партия, совет қызметкерлері үшін де, журналистер мен радиокомитет қызметкерлері үшін де қажет (Н.Сауранбаев, Ж.Болатов. Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін зерттеу. Социалистік Қазақстан, 1957, 14 наурыз)
Н.Сауранбаев өмірінің соңғы жылдарында найман, жалайыр, дулат руларының және Зайсан, Маңғыстау өңірі сөйленісіндегі диалект бірліктерді жинаумен шұғылданған. Мұрағаттағы қолжазбаларына қарағанда туысқа, тұрмысқа, малға және жаратылыс пен өсімдіктерге байланысты біршама диалект сөздерді жинақтап, олардың қандай жазба ескерткіштерде қолданылғанын анықтауды мақсат еткен. Алайда бұл бастаған жұмысы аяқталмай қалғанға ұқсайды. Бұған ғалымның қолжазбаларынан алынған төмендегі мәліметтер нақты дәлел болады (қысқартып берілді (кестеде)):
Көріп отырғанымыздай, ғалым сөздер­дің мағынасын ғана ашқан да, олардың ескі нұсқада қолданылған түрлері мен мазмұ­нын зерттеп, одан қорытынды шығаруға үлгермеген. Бұл бастаған жұмысында Н.Сау­ранбаев тұрмысқа, туысқа қатысты 132 сөз, малға байланысты 49 сөз, жаратылыс, өсімдіктерге байланыс­ты 41 сөз жинақтаған.
1956-1958 жылдары Н.Сауранбаев Тіл мен әдебиет институтында тіл тарихы мен диалектология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, қазақ диалектологиясының көптеген ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарына тікелей басшылық етті. Диалектологиялық экспе­дициялардың жыл сайын уақытында орындалып, дұрыс нәтижеге қол жеткізуін қадағалады, картотекалық базаның қалыптасуына атсалысты. Әсіресе, диалектолог жас мамандардың ізденістеріне қамқорлық жасап, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етті.
Қорыта айтқанда, академик ­Н.Сауран­баев­­­тың диалектологиялық еңбектерінде теориялық мәні бар өзекті мәселелер, атап айтқанда, қазақ тілінің өз ішінен диалект, говорларға бөлінетіндігі, диалект сөздердің жалпы сипаты, олардың тарихи дамуы мен пайда болуы, аймақтық жағынан жіктелуі, диалектілердің әдеби тіліміздің баюы мен толығуындағы маңызы сияқты мәселелер ғылыми тұрғыда талданып қана қоймай, сол кезеңдегі даулы мәселелерді шешуге жасалған батыл қадамдар болған еді. Академик Н.Сауранбаев іргетасын қалап кеткен қазақ тіл білімінің диалектология саласы бүгінгі таңда республика көлемінен шығып, алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақ диаспора тілін де кеңінен зерттеп келе жатыр және сөйленістер тіліндегі ерекшеліктер тұтастай жинақталып, біршама қалыпқа түскен бүгінгі таңда қазақ ғалымдары оларды сол аймақ­тағы тілді тұтынушы халықтың танымы­мен (кәсібі, айналысатын шаруа­шы­лығы, шекаралас елі, т.б.) сәйкес қалып­та­сатын тұтас тілдік құбылыс ретінде де қарас­тырып, жаңа бағыттағы зерттеулер жүргізуде.

Гүлфар Мамырбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. ҚУАНЫШ

    Меніңше, біздің қазақта ешқандай диалект жоқ! Ал жергілікті говорлар бар,жергілікті түрғындардың сөйлеу ерекшеліктері,мысалы, ешкінің ауруын бір жерде «кебенек», десе басқа жерде «кеменек» деп «б» әрпін «м» әрпіне ауыстырып айтады, сол сияқты — «шелек» сөзін «челек» қылып айтады. Осыны диалект деп бөле берсек,онда бүкіл қазақты қырыққа бөлеміз! Диалект анау украиндерде,мына көрші қытай -хансуде бар. Ана анадолы түріктерінде,өзбекте де бар.Дүниенің төрт бұрышында жүрген бар қазақ бірімен- бірі тез ұғынысып, тез сөйлесіп кететіні сол. Ал диалекті болса
    бастары қатып, мылқаулар сияқты, ыммен белгі беріп, оны жобалап сөзбен жорытушы еді.Қазақтың басқа үлттан ерекшелігі осында!да!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.