Орфографиялық сөздік түзудің кейбір мәселелері

Байынқол Қалиұлы,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Орфографиялық сөздік дегеніміз тілдегі сөздердің жазылуын бір жүйеге түсіретін құрал. Ол сөз құрамындағы дыбыстардың қалай айтылатындығын емес, қандай әріптермен жазылатындығын көрсетеді.
Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі бізде сонау 1941 жылдан бастап түзіліп келе жатыр. Басында ол «Емле сөздігі» деп аталушы еді. Кейіннен ғалымдарымыз Кеңес үкіметінің ыңғайына жығылып, оны «Орфографиялық сөздік» деп түзетіп берді. Егемендік алғанымызға 22 жылдан асса да, оны «Емле сөздігі» деп түзетудің орнына әлі күнге дейін сол бұрынғы атауымен «Орфографиялық сөздік» деп атап келе жатырмыз.
Орфография – гректің «дұрыс жазамын» деген сөзі. Біз сөздерімізді дұрыс жазып жүрміз бе?

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде (2007 ж.) қақы/хақы, қамзау//қамсау, мақшар//махшар, мегзеу//меңзеу, түгелдену//түгенделу деген сияқты мағыналары бірдей жарыспалы (вариант) сөздердің екі сыңары да алынған. Осылардың қайсысының жазылуы дұрыс? Болмаса, қанқызы (қоңыз) ма, ханқызы ма? Мәттақан ба, мәттақам ба? Мүттайым ба, мұтта­йым ба? Мүмкін мүттәйім шығар?
Орфографиялық сөздікте «дұрыс» деп бұл жарыспалы сөздердің алдыңғы сыңарлары көрсетіліпті. Ал әдеби тілдің сөздігі болып табылатын 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» (2011ж.) бұлардың ханқызы, мәттақам, мұттайым деген екінші сыңарлары алынған.
Орфографиялық сөздікте жағы­лан сөзінің екінші буынында Ы әрпі бар. Ал осы сөзден ешқандай айырмашылығы жоқ бағлан сөзінде ондай әріп жазылмаған. Мәміле мен емле сөздерінің жазылуы да дәл осындай. Ауру аты сарбуын сөзінде Р-дан кейін Ы әрпі жоқ. Өсімдік атауы болып табылатын сарыбуын сөзінде Ы әрпі бар. Іңкәрлану сөзінің қосымшасы (-лану) – жуан, іңкәрлік сөзінің қосымшасы (-лік) – жіңішке.
Бұлар орфографиялық сөздік түзудің қай ұстанымына (принципіне) жатады? Сөздікті түзушілердің өздеріне болмаса, көпшілікке ол жағы белгісіз.
Тіпті орфографиялық сөздікті түзушілердің өз жазғандарында да қайшылықтар жоқ емес. Мәселен, сөздіктің «Алғы сөзінен» кейін тұрған «Сөздіктің кейбір ерекшеліктері» деген тақырыптың ішінде «аққайың сөзі бірге жазылады» деп көрсетілген (14б.). Ал сөздікте бұл сөз жоқ. Орфографиялық сөздікте бір бет, тор көз сөздері екі реттен алынып, бірде бөлек, бірде бірге жазылып көрсетілген. Жылы жүз сөзі – бөлек, жылыжүзді сөзі – бірге жазылған. Бұған керісінше, онда төртбұрыш сөзі – бірге, төрт бұрышты сөзі – бөлек. Құрылым-құрылысы бір типтес өлі ет, мала тас сөздері осы сөздікте бөлек жазылса, осылардан ешқандай айырмашылықтары жоқ өліара, малаағаш сөздері онда біріктіріліп жазылған.
Мұндай ала-құлалықтар орфогра­фия­лық сөздікте көптеп кездеседі. Бір мақалада олардың бәріне тоқталып жату мүмкін емес. Сондықтан біз бұл жерде бір-ақ мәселеге, атап айтқанда, сөздердің бірге немесе бөлек жазылуы деген мәселеге ғана тоқталмақпыз.
Бөлек және бірге жазылу мәселе­сін біз сонау 1963 жылдан бастап көтеріп келеміз. Сол жылы үлкен орфо­графиялық сөздіктің 1-ші басылымы жарық көрген болатын. Онда біріктіріліп жазылуға тиісті сөздердің көбі біріктірілмей, бөлек жазылған еді. Соларды тізіп көрсетіп, «Біріккен сөздердің жазылуы жайында» деген мақала жазып, жариялаған болатынбыз.
Ол аздай кейіннен орфографиялық сөздікте жоқ, бірақ біріктіріп жазуға болатын оққағар, таутеке, ешкіемер, сумай, тоқтыбалақ, тікішек, тұлықтас, шаң­қобыз деген сияқты 1350 сөзді жиып, орфографиялық сөздікті жасаушылардың қолына тапсырған едік. Содан кейінгі басылымдарда ол сөздер сөздікке кіргізіліп, көбі біріктіріліп жазылып жүр. Бірақ бәрі емес.
Бірге және бөлек жазылуға байланысты орфографиялық сөздікте кейде тіпті ала-құлалықтар мен қайшылықтар да ұшырасады. Мәселен, орфографиялық сөздіктің 6-шы басылымында (2007 ж.) бір типтес сөздер екендіктеріне қарамастан қайынаға – бірге, қайын ата – бөлек, қолхат – бірге, ашық хат – бөлек жазылған. Сөздіктегі мұндай сөздердің саны да әжептәуір. Олар: ақаю ~ қара аю// қоңыр аю, баспасөз ~ баспа табақ, біртұтам ~ бір құлаш, біртілім ~ бір буда, жарыссөз ~ алғы сөз, келіссөз ~ соңғы сөз, көгала ~ қара ала, көкет ~ қара ет, қоңырүй ~ қара үй, төсағаш ~ төс темір, сықпамай ~ сықпа құрт, ұрғашыжіп ~ еркек жіп және т.б. болып жалғаса береді. Көрсетілген сөздердің алдыңғы сыңарлары орфографиялық сөздікте – бірге, екінші-үшінші сыңарлары онда бөлек жазылған.
Сонымен қатар ашықхат, ботакөз, сарыала, сарыатан, тайжүзген, торкөз деген сөздер сөздікте бірде бірге, енді бірде бөлек жазылса, қарасұлы ~ ақ сұлы, қызылқайың ~ ақ қайың, қайын сіңлі ~ қайын іні, сары ала ~ шұбар ала дегендердің бірінші сыңарлары сөздікте бар, екінші сыңарлары жоқ.
Орфографиялық сөздіктің 3-ші басылымы (1988 ж.) шыққаннан кейін біз біріккен сөздер туралы жазған тағы бір мақаламызда: «Тілімізде алағат, ерғашты, жарғанат, көгал, көгала, көгорай, қолғабыс, қолғанат, қолғап сөздері осылай айтылып, осылай жазылып келе жатыр. Қазіргі орфографиялық сөздікте ботакөз, көкөніс, шекара деп қатаңдатып жазып жүргеніміз қалай болады? Бұларды алдыңғы сөздер сияқты неге ботагөз, көгөніс, шегара деп ұяңдатып жазбаймыз?!» деген ұсыныс айтқан едім, сол ұсынысым сөздік түзуші ғалымдар тарапынан қабылданып, орфографиялық сөздіктің 4-ші басылымында (2001 ж.) жоғарғы үш сөзбен бірге ала-ғұла, көгайыл, көгаяз, көгет, қым-ғуыт, т.б. біраз сөздер ұяңдатылып жазылғанымен, орфографиялық сөздіктің 6-шы басылымында (оның 5-ші басылымын біз көрген жоқпыз – Б.Қ.) жоғарыда көрсетілген сөздердің бәрі ала-құла, ботакөз, көкөніс, шекара, көкайыл, көкаяз, көкет, қым-қуыт деп жазылып, бұрынғы қалпына қайта көшірілді. Осындай тұрақсыздықтың салдарынан құрылым-құрылысы, тұлғасы бірдей сөздер орфографиялық сөздіктің өзінде әртүрлі жазылып шыға келді. Мыс.: жарғанат ~ жарқабақ, қолғап ~ қазанқап, көгал ~ көкөніс, т.б.
Орфографиялық сөздіктің 4-ші басылымында біріккен сөздердің жігінде қатар тұрған екі дауысты дыбыстың жазылуында әжептәуір ілгері басушылық болды. Атап айтсақ, қазақ тілінің фонетикалық заңына сәйкес (алты+ау > алтау, дәме ету > дәмету; Молдахмет, Торайғыров, т.б. дегендер сияқты) қатар тұрып қалған екі дауыстының алдыңғысы түсіріліп, алөкпе, алтатар, алтаяқ, батаяқ, батоқыр, босағаттар, ешкемер, қарағаш, қарарша, қарот, қарөлең, қарөрік, саптаяқ, сарағаш, сарауру деп, бір ғана дауыстымен жазылып көрсетілді. Келесі 6-шы басылымда, неге екені белгісіз, алтатар, алтаяқ, батаяқ, батоқыр, саптаяқ, сарауру деген алтауынан басқаларының бәрі алаөкпе, алмаағаш, өкпеауру… дегендер сияқты қайтадан екі дауыстымен жазылатын болды.
Әрбір 5-6 жылда бір шығып тұра­тын орфографиялық сөздікте сөздер­дің жазылуы осылай сан құбылып басылатын болса, біз мектеп оқушы­лары мен студенттердің, жазушылар мен журналистердің жазуын қалай біріз­ділікке түсіре аламыз?! Қай жылы қандай сөздіктің шыққанын, ол сөздіктің қайсысында қандай өзгерістердің болғанын олар қайдан біледі? Ертелі-кеш сатып алған, қолдарында бар орфографиялық сөздікке сүйеніп, жаза береді. Жазғандары қазіргі орфографиялық сөздікке сәйкес келмесе, біз оларды қалай кінәлай аламыз?
Мәселенің байыбына барсақ, бүгінде қазақ тілінің орфографиялық сөздігін жасауда келісілген белгілі бір тұрақты ұстаным жоқ сияқты. Одан дүниежүзі елдеріне кең тараған фонетикалық, фонематикалық, тарихи (дәстүрлі) деген ұстанымдардың бәрін табуға болады. Бұлардың қатарына «айырым белгісі» (қан ~ хан, өкімет ~ үкімет, т.б.) деген тағы бір ұстаным қосылыпты.
Тұрақты ұстаным болмаған соң, бөлек жазылуға тиісті асқасық, шай­қасық, беторамал, қолорамал, будиірмен, желдиірмен, қолсағат, майшам сияқты біраз сөздер орфогра­фия­лық сөздікте біріктіріліп жазылған. Бұларға керісінше, біріктіріліп жазылуы керек ауыз омыртқа, аш өзек, бас бармақ, көк желке, көк сүт, қара бұрыш, қара ет, қара көже, қара қағаз, құлын жарғақ, қызыл асық, қызыл су, өлі ет, серек құлақ, төс сүйек, төс темір, ұры тіс сияқты біраз сөздер онда бөлек жазылған.
Біздің ойымызша, ең дұрыс ұста­ным ол тіліміздің фонетикалық заңды­лығын, атап айтқанда, дыбыста­ры­мыздың айтылым, тіркесім, үндесім және өзгерім заңдылықтарын сақтау. Осы ерекшеліктерді ескере отырып жасалған орфографиялық сөздік – дұрыс сөздік болып шығады.
Сөздердің қалай жазылатындығын анықтауда олардың қандай затқа немесе ұғымға атау болып тұрғандығына, құрылым-құрылысына көңіл аударудың мәні үлкен, маңызы зор. Өйткені атаудың денотаты (заты), басқаша айтсақ, сөздің лексикалық, лексика-грамматикалық, мағыналық жағы ол сөздің бірге (біріккен сөз), бөлек (күрделі сөз) немесе сызықша арқылы (қос сөз) жазылуына негіз болады.
Айталық, орфографиялық сөздіктің соңғы басылымында (2007 ж.) айқабақ деген өсімдік атауы алынған. Ол «ай қабақ» немесе «ай сияқты қабақ» деген сөз емес. Оның «қабақ» сөзіне ешқандай қатысы жоқ. Ол күнге бақ > күнге бағар > күнбағар деген сияқты айға бақ > айға бағар > айбағар деген ұғым-түсініктен шыққан. Бұл сөздің лексикалық мағынасы да – сол; «күнбағар» сөзінің жергілікті атауы).
Олай болса, бұл сөздің жазылуы – айқабақ емес, айға бақ > айғабақ болуы керек еді. Амал не, сөздің мән-мағынасын білмегендіктен сөздікші оны айқабақ деп жазып жіберген. Ал «Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін» (халық әні) дегендегі ай қабақты ешқашан біріктіріп жазуға болмайды. Себебі ол – эпитет.
«Тіліміздегі күрделі сөздердің қай нұсқасы біріктіріліп жазылады, қайсысы біріктірілмейді?» деген мәселеде жоғарыда айтылғандарға қоса тағы мына нәрсе есте болуы керек деп ойлаймын. Ғылымда, әсіресе биология ғылымында, тектестік, тұқымдастық, туыстастық, түрлік деген ұғымдар бар. Осыған байланысты ол ұғымдарға қойылатын атаулар да әртүрлі болады. Мәселен, тектестік атаулар, мейлі түбір сөздерден жасалсын, мейлі күрделі сөздерден жасалсын, оларға көптік жалғауы жалғанып қолданылады, мыс.: құстар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, т.б. Тұқымдастық атау­лар негізінен түбір сөздерден жасалса (мыс.: торғай, тышқан, т.б.), туыстық атаулар біріккен сөздерден жасалады, мыс.: бозторғай, жорғаторғай, суық­тор­ғай, т.б. Ал түрлік атаулар негізінен сөз тіркестері арқылы жасалады. Мыс.: айдарлы бозторғай, дала бозторғайы, кіші бозторғай, теңбілтөс бозторғай, т.б.
Міне, күрделі сөздерді бірге немесе бөлек жазудың ұстанымы осы ғана. Ең дұрысы туыстық атаулардың – бірге, түрлік атаулардың – бөлек жазылғандығы.
Біздің орфографиялық сөздікте ақбидай, қарабидай, қызылбидай сөздері біріктіріліп жазылыпты. Қарабидайдың біріктіріліп жазылғандығы дұрыс. Өйткені ол туыстық атау. Нақтылай айтқанда, қарабидай дәнді-дақыл­дардың бір түрі. Ал ақ бидай, қызыл бидай деген бидайдың түрлік атаулары. Бұларды біріктіріп жазуға болмайды. Біріктіріліп жазылса, олардың денотатты (заты), яғни ұғым-түсінігі, мән-мағыналары өзгеріп кетеді.
Осы тұрғыдан алғанда орфогра­фиялық сөздікте біріктіріліп жазылған мына сөздердің жазылуын біз қате деп есептейміз: ақжуа, ақжүгері, ақжүзген, аққаңбақ, аққарағай, аққонақ, аққоян, аққұр, ақләйлек, ақсексеуіл, ақселеу, ақсора, ақтал, ақтұйғын, ақталқан, ақтұнжыр, ақшеңгел, ақтүлкі, ақшілік, алақарға, бозтал, көктерек, қаракүзен, қарақарға, қарақұр, қараләйлек, қаратерек, қаратүлкі, қаратырна, қызылқайың, қызылсусар, қызылүйрек, т.б. Өйткені бұлар, түрлік атауларға жатады. Егер біріктіріп жазсақ, түрлік атау­лар емес, жеке-жеке туыстық атаулар болып шығады. Бұл дегеніміз өз алдына жеке өсімдік, аң, құс атаулары болады.
Біз сөз етіп отырған орфографиялық сөздікке тән ең үлкен кемшіліктердің бірі тіліміздің көріктеу құралдары болып табылатын көптеген фразео­логизмдердің біріктіріліп жазылуы. Мәселен: ақжүрек, ақниет, алақол, алауыз, алаяқ, ауызбірлік, ашкөз, әпербақан, басбұзар, безбүйрек, босбелбеу, екіжүзді, ержүрек, жаужүрек, желөкпе, көкезу, қарабет, қумүйіз, қырғиқабақ, өркөкірек, сарыауыз, сужұқпас, сужүрек, тасбауыр, ұркеппе, т.б.
Мұндайлардың саны жүзге жуық. Осылардың бәрін, әрине, тізіп отыра алмаймыз. Сондықтан мына бір нәрсені ескертумен ғана шектелелік: біріккен сөздер мен фразеологизмдерді шатастыруға болмайды. Фразеологизмдер – тілдің көріктеу құралдарының бірі. Олар тілде бейнелі, ауыспалы мағыналарда қолданылады. Бір мағына беретіндігіне қарап, фразеологизмдерді біріктіріп жазып, бір сөзге айналдыра берсек, түптің түбінде тіліміздегі фразеологизмдердің бәріне нұқсан келтіреміз.
Орфографиялық сөздіктің кіріспе бө­ліміндегі «Сөздіктің кейбір ерек­шеліктері» деген жерде 30-ға жуық ескертпелер айтылыпты. Солардың ішінен көтеріліп отырған мәселеге қатысы бар бір-екеуіне ғана тоқтала кетелік.
26-шы тармақшада «екі түбірден жасалған аң, құс, өсімдік атаулары бірге жазылады» делінген (14-б.). Мұндайлар туыстық атаулар болса, әрине, оларды біріктіріп жазған дұрыс. Ал олар түрлік атаулар болса, онда оларды біріктіріп жазуға болмайды. Осындайларды ажырата білмегендіктен орфографиялық сөздікті түзушілер теректің ақтерек, көктерек, қаратерек деген сияқты түрлік атаулардың барлығын біріктіріп жазыпты (Біріктіріліп жазылған түрлік атауларға жоғарыда басқа да мысалдар келтірілген. – Б.Қ.). Соның себебінен олардың бәрі жеке-жеке өсімдік, құс, аң атаулары болып шыға келген.
«Ерекшеліктердің» 22-ші тармақ­шасында «атаулық мән алған ақкөңіл, ақпейіл, ақпақұлақ, басбұзар, безбүйрек, ержүрек және осыларға жұрнақ жалғану арқылы жасалған ақкөңілділік, ақпейілділік… тәрізді тұрақты тіркестердің де (фразеологизмдердің де) бірге жазылатындығы ескертіледі. Сөйтеді де, іле-шала басқатырушылық, көреалмаушылық, тізеқосушылық деген сөздер бірге жазылғанымен, олардың түпкі тұлғалары – бас қатыру, көре алмау, тізе қосу дегендердің бөлек жазылатындығы айтылады (13-б.). Бұл ұстаным асыра сілтеу, бүкіл әлем, бүкіл дүниежүзі, дүние қоңыз, жер иеленуші, шайпау сөз, шайпау тіл, ұрда-жық, іші тар, т.б. тұрақты тіркестерге таралғандығы орфографиялық сөздіктен көрініп тұр.
Бұларға қарағанда, біз еркін сөз тіркесі, тұрақты сөз тіркесі, күрделі сөз деген ұғымдарды әлі де толық ажырата алмай келе жатқан сияқтымыз.
Қорыта айтсақ, біздің орфография­лық сөздікте қайта қарайтын, түзе­тетін, бір ізге түсіретін мәселелер бар­шылық. Бұл мақалада біз со­лардың кейбіреулерін ғана атап көрсеттік. Осында айтылған және айтылмаған даулы мәселелер жайлы белгілі бір шешімге келу үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты орфография мәселесіне арналған арнайы ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырғаны абзал болар еді. Оған отандық ғалымдармен қатар шетелдік ғалымдар да шақырылса нұр үстіне нұр болады. Көп жылдан бері шешілмей жүрген орфография мәселелері, мүмкін, сонда шешіліп қалар.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Студент

    Рақмет, орынды айтылып отыр.

  2. Аноним

    ратмет

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.