ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР ЕДІ

Ауданды айтпағанда, бір ауылдың өзінен журналистік мамандықты меңгерген үш журналист шыққан екенбіз. Олар Жыңғылды ауылының Есір Айшуақұлы атындағы орта мектебінің түлектері – Ғалым Әріп, Әбу Мұрат Базарханұлы және осы жолдардың авторы.

Облыстық басылымда ерекше көзге түсіп, өндіре жазып жүрген Мұрат Базарханұлының публицистика, очерк, суреттеме, мақала, ой-толғамдарын қырағы оқырман көзінен таса етпеді десем артық айтпайтын болармын. Мұрат облыстық газетте істеген жылдары – секретариатта, ауыл шаруашылығы, мәдениет бөлімінде жұмыс жасады, хат бөлімінде меңгеруші болды. Барша қаламгерлер тәрізді Мұрат та бар күш-жігер, қарым-қабілетін жұмсап, еселі еңбек етті. Телерадиокомитетте жүрсем де Мұраттың әрбір мақаласын көзден таса етпедім. Оның шалымдылығы, жазу мәнері, журналистік шеберлігі, тақырыпты да ойната, қызықтыра, мазмұнына еліктіре жазудағы қабілеті мен оқырманын тарта білетін қасиетін Мұратты білетін барша адам мойындайды десем артық айтқандық болмас. Мұрат өзі сүйген кәсібіне адал болды және оны ынты-шынтымен атқарды. Қаламгерлік қарымдылығымен қатар, өзгеге елеусіз, бірақ өз ортасы, достарының арасында ашық-жарқын, қарапайым қылығы, адамгершілік, адалдық, азаматтық қасиеттерімен де есте қалды. Облысқа белгілі қаламгер ретінде өлке баспасөзіне қосқан үлесі үшін бірнеше рет Құрмет Грамотасы, Алғыс хат, дипломдармен марапатталды. Облыс әкімінің «Жыл журналисі» аталымының жеңімпазы болды. Қызметтен қол үзіп қалып, басқа салада еңбек етсе де, адамдар оның жұмысына сын айтып көрген емес. Салалық мекеме, кәсіпорындардың мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарын иеленді.
Мұраттың мінезі жағымды болатын. Жан-жағындағы адамдармен тез тіл табысқыш. Қандай тақырыпта болса да етене әңгімелесе кетеді және біреулер кібіртіктеп «соның қайсысы дұрыс еді осы?» деп ойларына күдіктеніп отырғанда, сол нәрсеге жауабын нақты беріп, әрі қарай жалғастырып кете беретін. Бұл – Мұраттың терең білімділігінің айғағы. Редакцияда қызметтес болып, бір кабинетте қатар отырғанда, оның қайсыбіреулер тәрізді ренжіп жүргенін де көрмеппін. Қайтыс боларынан аздаған уақыт бұрын редакцияға келіп, аз-кем әңгімелестік. Оған қандай тақырыпта әңгіме айту керектігін білмесем де, өзі «Ассалаумағалейкүм!» деп кіріп келгенде, ауылдың жағдайын айтысып, танитындарды сұрап, қауқылдасып қалатынбыз. «Маңғыстау» газеті медиа-холдинг болайын деп жатқанда, «Мұратты басшылар жұмысқа алатын болыпты, қуанып жүр» деген хабар естідік. Бірақ сұм ажал ол арманына жеткізбей, арамыздан алып кетті.
Өңір баспасөзінде, жалпы қазақ журналистикасында оның қайталанбас қолтаңбасы қалғаны анық. Мұраттың қарымды қаламгер, журналистика саласында өзіндік ізі бар, талантты азамат екенін республикалық басылымдарда қызмет істейтін курстастары да өз естеліктерінде келтіріп, қайғырып, көңіл айтты.
Облыстық телерадиокомпанияда (қазіргі «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы) қызмет етіп жүргенімде, бір айтулы мерекеге облыстық «Маңғыстау» газетіне ол «Елгезек әрі еңбекқор Гүлнәр» деген тақырыппен көлемді материал жария­лапты. Ал маған оның еселі еңбегі туралы емес, еске алу жазу бұйырыпты. Бұл жалғанда төрт құбыласы түгел жан бар ма? Алла тағала басқа салған соң жазмыштың жазуына көнуге тиіспіз, көнеміз де?! «Тумақ бар да, өлмек бар». Сол жолмен өмір-ағыс ешкімге есесін жібермей, өршелене аға береді.
Мұраттың артында аяулы жары Жақсыбибі, перзенттері – Мирас, Шұғыла, Әйгерім және немерелері қалды. Ол ұрпақтары – өмірінің жалғасы.
…Таяуда топырақ жүзін жапқа­ны­ның жылдығы аталып өтті. Алпыс екі тамырын иітіп, жарық дүниеге әкелген, ақ адал сүтін емізіп, әлпештеп өсірген аяулы анасы Хадиша «Мұратым қайда, қарағым-ау!» деп дауыс салды. Сағыныштан, шер-қайғыдан жүрек орнында тұрмай, бауыр еті баласын қимай тұр. Жыла дейміз бе, қой дейміз бе?! Мүмкін іштегі зарды осылай бір ағытып алған да дұрыс шығар. Жатқан жерің жайлы, мекенің пейіш болсын, Мұрат! Пенделердің қолынан келетіні осы ғана.

Гүлнәр НАУЫРША
Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.