Келіндер әдебі сақталса…

Қазақ халқы «Келін» деген ұғымға, оның отбасындағы рөліне ерекше мән берген. Тіпті келін жайында фильм де түсіріліп, киноиндустрияға үлес қостық. Дей тұрғанмен, соңғы уақытта шектен шыққан келіндер саны  көбейіп барады. Бұлай деуімнің себебі де жоқ емес. Жуырда бір шағын тойға бардым. Барғанда, әрине, кілең ағайын-жұрт, көрші-көлем келетіні белгілі. 

Мен де тойда жоғары жақтан орын алып, өз орныма жайғастым. Келіндер жағы шай құйып, ыдыс-аяқпен шұғылданып жүр. Арасында үлкендерге иіліп сәлем беріп, бәріне үлгеріп жатты. Біздер де орта жасқа келіп қалдық қой, ризашылық білдіріп «бақытты бол» дедік. Содан біраз уақыт өтті. Бір күні әлгі тойдан көрген келінді көшеден кезіктірдім, аман-саулық жоқ, тіпті алыстан қашып жүр. Мен «Бұған не боп қалды, мен не жаздым» деп ойланып қалдым. Содан күндер өтіп жатты. Бір күні көлігіммен орталықта кетіп бара жатқанмын, жолда әлгі келін көлік тоқтатып тұр екен. «Жарайды» деп ала кеттім. Жолда келе жатып келінге: «маған неге көшеде сәлем бермейсің, әлде тек қана үйдің ішінде сәлем бересің бе?» дедім дауысымды көтере сөйлеп. Келіннің сол кезде айтқаны: «Кешіресіз, сіз мені үйіңізге шақырып шай беріп пе едіңіз, мен үйіне шақырып шай берген адамға ғана сәлем етем, менің сәлемім сондай» деп жауап қатты. Мен ішімнен «Астапыралла…» деп қала бердім.
Ол келіннің ата-енесі, жолдасы, тіпті бала-шағасы да бар адам. Сонда келін сәлем ету үшін сол үйге барып шай ішуі тиіс пе немесе ата-енесі, тіпті жолдасы солай үйретіп қойды ма екен деген ой келді. Заманымыз не болып бара жатыр? Келінге бағыт берер енелер, ақыл айтар аталарымыз, жөн сілтеп, кімнің-кім екенін айтып отырар азаматтар қайда? Барлығы нарық деген аждаһаның аузына кетіп, кімнің үйі тамақ, ақша берсе, сол үйдің адамдарына сәлем ету керек деген заң шықты ма? Түсінбедім.
Бала кезімізде Бауыржан Момышұлы­ның «Мен үш нәрседен қорқамын: біріншісі – өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан; екіншісі – немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден; үшіншісі – екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» дегенін естігенде ойланатын едім. Қазір мен Баукеңнің сөзін толықтырғым келеді. Ертегі түгілі, ағайын мен туыстың кім екенін білмейтін ата-әжелердің, баласына бесік жырын үйретпек түгілі, сәбиін емізбей тасжүрек болып далаға тастап кетіп немесе салтымызды аяқасты ететін қыз-келіншектердің, сондай-ақ үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ түрмей, ата-баба салып берген әдет-ғұрыптарымыздың жоғалуына сеп болып жүрген жастарымыздың көбейіп бара жатқандығына ішім қынжылады.

Алаш ТОБЫШ

Маңғыстау облысы
Маңғыстау ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Оқырман

    Келіндердің әдебіне байланысты түрлі жағдайлардың куәсі болып жүрміз.Бірде әпкеміздің мерейтойына бардық. Мейрамхана даяшысы алдымызға шәйнек әкеліп қойды. Той иесі, әпкеміздің келіні бізбен бір дастарханда отырған. Ойымызда ештеңе жоқ, келінімізден шай құйып беруін өтіндік. Сонда келін ренжігендей болып бізге қарап: «Мен үйде ғана келінмін. Бұл жерде өздеріңіз сияқты мен де қонақпын. Сондықтан шайды өздеріңіз құйып алыңыздар», – деп бұрқ етті. Бәріміз де жаға ұстап, аң-таң болып қалдық.

  2. Аноним

    ондаи келндер кургенсыз тук курмеген надан ана атына ата атына налеты келтре тн топас ондаи келны бар адамдар сорыкаинаган бишара бреу шыгар

  3. гулназ

    каза кта келндер осндаи болса жетскен екенбз

  4. Тамара Ибрагимова

    Ұят ааааайй.Енді оның ата анасына. ата енесіне сөз келеді ау.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.