Киевка қашан Құндызды болады?

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заңдағы өзгерістер негізінен ономастикалық жұмыстарды жүргізу бойынша шешім қабылдаудағы жауапкершілікті арттыруға, саладағы атауларды біріздендіруге және кез келген нысанға атау беру және қайта атаудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталыпты. 

Республикалық әкімшілік-аумақтық бөліністегі елді ме­кендер мен ірі физикалық-географиялық нысандар атаулары әлем тілдерінің көбімен қарым-қатынасқа түсіп, халықаралық дәрежеде қызмет атқарып отырғаны баршаға аян. Бұл ретте, республика топонимдерінің халықаралық тұрғыдан стандарттау ұлттық стандарттаумен тығыз байланысты болып келеді. Қазақ топонимдерінің орысша берілуі, дұрыс жазылуы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тіл білімі институты 1971 жылы жарыққа шығарған «Қазақ ССР географиялық атауларын орыс тілінде беру бойынша нұсқаулыққа» негізделген. Бұл құжат 2003 жылға дейін бірден-бір құрал ретінде пайдаланылып келді. Алайда оның кейбір ережелері мен параграфтары әсіресе ә, о, ө, ж, ү, ұ, ы, і, қ, ң, ғ, һ сияқты қазақ әріптерінің орыс әріптерімен таңбалануында және басқа да мәселелерде талас тудырар даулы тұстары аз емес. Аталған нұсқаулықтың барына және Мемлекеттік ономастикалық комиссияның тұжырымынан соң қабылданған Президент Жарлықтары мен Үкімет Қаулыларына қарамастан, кейбір елді мекендер мен ірі географиялық нысандардың атаулары орысша бұрмаланып жазылып жүр. Мысалы, Караганда (Қарағанды), Ачисай (Ащысай), Иргиз (Ырғыз), Сарань (Соран), Джангала (Жаңақала), Сырдарья (Сырдария), т.б. Алдағы уақытта елді мекендерге атау беру кезінде жетім баланың күйін кешіп тұрған Қарағанды қаласындағы Четская, Балхашская, т.б. көшелеріміздің атауы қайта қарастырылып, тарихи тәуелсіз шешім қабылданады деген ойдамыз.
Тағы бір айта кетерлік мәселе, Астана қаласындағы көшелердің барлығы дерлік қазақшаланған. Ошағанды, Сарыарқа, Қаратал, т.с.с. тарихи топонимикалық атаулар берілген. Осындай игілікті іс-шара Қарағанды қаласына да керек. Қаладағы Кеңес заманының сарқыншағындай болып тұрған Охотская, Архитектурная, Белиниская, Нахимова, Депутатская, Камская, Театральная сияқты орысша атауларды иеленген көшелерді Қамысты, Ошағанды, Сарыарқа, Нұра, Талды, Сарысу, Батпақты, Кендала, Шапағат, Нұрлы тау деп өзгертсек мерейіміз үстем болмай ма? Осы орайда мынадай да ұсыныс айтқым келеді:
Ұлтымыздың тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Шәкәрім Құдайбердиев есімдері көше атауына берілуі тиіс. Сонымен қатар Мәди Бексұлтанов, жаужүрек батыр Мүтәш Сүлейменов және басқа да ел ардақтыларына көше атауларын беруге болар еді.
Заманында Асан қайғы бабамызға «Әттең! Ат сауырына сыймайсың-ау, Қара Нұра?!..» дегізген аймағымыздағы Нұра өңірінің аудан орталығы Киевка кентінің де атауы қазақшаланып, Құндызды деген тарихи атауына ие болса деген ұсынысым бар.

Б.ТҮСІПОВ
ҚАРАҒАНДЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Нұрила

    Ұлтжанды оқырмандар, тіл жанашырлары Қазақстандағы көптеген атаулардың, елдімекендердің, қалалардың, көшелердің аттарын қазақшалау керек деген ұсыныстарын талмай жазып жүр. Алайда тілдің мәртебесін таптап, қазақ тарихына балта шапқысы келетін өзге ұлттар, тіпті өз азаматтарымыз да мұндай ұсыныстарға қарсылық танытып жүр. Мысалы Алматыны қайтадан Алма-Ата деп атау керек деген басшылар да бар.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.