Сөйлейін сөзді термелеп

Сөз сөйлейін бөлмелеп,
Әр нұсқадан термелеп.
Сөйлеген сайын кетеді
Қызыл тілім өрмелеп.
Өлген адам тірілмес,
Әркімге келер бір кезек.
Құлағың сал да, тыңдап қал,
Қалағаның сөз болса,
Сөйлемей қалар деп пе едің,
Біздің тұқым елгезек.
Асылдарға ой керек,
Шығаруға сой керек.
Жиырма бестің күнінде
Бозбалаға той керек.
Әр нәрсенің жөні бар,
Сұлу қызға бой керек.
Жұрт теңгеріп тұруға
Әділ төре хан керек.
Ханның көркін сұрасаң,
Қара орман ел керек.
Жұрт жабылып ішетін
Айдын шалқар көл керек.
Көл жағалай қонуға
Көкорай шалғын жер керек.
Ел шетіне жау келсе,
Көк бөрідей ер керек.
Ер астына мінетін
Бәйгі бермес сұр керек.
Ертеден шапса, кешке озған,
Ылдидан салса, төске озған –
Ұзақшыл тарлан, тал мықын,
Қысқа мойын сұркөжек.
Аттан аттың несі кем,
Өзі тарланкөк болса.
Ерден ердің несі кем,
Айтқан сөзіне берік болса.
Хандардан ханның несі кем,
Халыққа әділ ерік болса.
Жалы кетсе мойнынан,
Арғымақ ат шаба алмас.
Нардан туған жампозға
Арыса, кірей сала алмас.
Көмексіз болса ер жігіт,
Жалғыз теңдік ала алмас.
Жалғыздың ісі оңалмас,
Көптің ісі жоғалмас.
Асыл сойдың баласы
Тартысқан жерде сөз табар.
Айқын-айқын жүйрік бар,
Бауырын жазып бір шабар.
Азып туған жаманды
Түйе үстінен ит қабар.
Екі сырттан ит болса,
Қой алдырмас қорадан.
Екі жігіт тең болса,
Ат жібермес арадан.
Қарындастың қам-жөнін
Қарап жүрер даладан…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.