АЙБЕРГЕНОВТІҢ АПАЙЫ

Ғалым, жазушы Әзиза Нұрмаханова жайлы ой-толғам

Бүгіндерде тарихты қайта елеп-екшеу кезінде идеологиялық мүдде тұрғысынан тықпаланып, белден басу, бұрмалау, жасанды-жалған факт, мәлімет-дерексымақтардан арылту, сауықтыру, ақиқатты қалпына келтіру үшін кешенді іс-шаралар бұрынғыдан ауқымдырақ қолға алынып, кейбір жабық жайлар жария боп, осы айналада басқа да іс-әрекеттер жүзеге аса бастағаны құптарлық  әрі  қажеттілік те екені ұнамды құбылыс, әлбетте. Қазір бажайлап қарасақ, мәселенки, Ташкент педагогика институтында оқыған жылдарда – кесенесі қаланың қақ ортасындағы – Төле бидің аты аталмай, онымен іргелес жерленген (замандасы) Шайхантауырдың атында көше, аялдама, т.б. болғаны, әйгілі Қоқан хандығын билеушілердің дені қазақ ләшкербасылары, сонда туылған, есімдері кеңінен белгілі Н.Төреқұлов, Қ.Сарымсақов, М.Оразбаев сынды ғалымдар туралы айтылмайтыны да тарихты бұрмалау, жасырып-жабу секілді көрінеді. Ау, тек біз емес, сол маңайдағы қалың қазақтың, тым болмаса, Төле биді біліп, басына барып құран оқымауын не деуге  болар еді?

Иә, менің өзім де Төле бидің Шай­хан­­­тауыр әулиенің қасында жатқа­нын еліміз тәуелсіздік алған жылдарда Ташкент шаһа­рының әкімдігі мен Оңтүстік Қазақстан об­лысының әкімі бір күнде кезек-кезек ас бергенде білгенімді қа­лай жасырайын. Кейін Ташкентке жол түскенде міндетті түрде соғып, тәу етіп жүретін болдық. Өзбек жеріндегі (қазақтар көп шоғырланған) Нұрата ауданында мәңгі тыныстап жатқан Әйтеке би туралы одан да бертінде ха­бардар болдық. Сонда бұл қазақтың әйгілі үш биінің екеуі өзбек өлкесінде жерленген деген сөз бе? Енді солай бол­­май қайтеді?! Өйткені дерек солай, шындық солай. Бұл бер жағы. Бүгінгіше бағамдағанда, қазақтың ол екеуінен бөлек те Самарқанды билеген Жалаңтөс баһадүр секілді небір атақты батыр-бағланы, ғұламаларының сүйектері сонда, сол елде. Иә, бүгінгіше. Ал…
Қазан төңкерісіне дейін Орта Азия халықтары Кеңес өкіметі кезіндегідей ресми бөлініп-жарыл­май, мықтағанда қазақ елі, өзбек елі, түркмен, тәжік елі делініп қана аралас-құралас, қоян-қолтық ғұмыр кешкен. Тіпті қазақтарды бодан етіп, алым-салық жинап, тізе батырды делінетін Хиуа, Хорезм, Қо­қан хандықтары басшыларының да біразы қазақ болғаны (біреулер қанша бұрмаласа да) сол өткен тарихтың өзінен мәлім емес пе? Немесе Ташкентті биле­ген қазақ жалғыз Төле би ме еді? ­Тұр­сын хан, Сыбанқұл, Бектеміс, Жамал Омарованың ұлы атасы (Омардың әкесі) аты шулы алпауыт Қожамқұл байдан басқалар да болмады ма? Рас, Қожамқұл іргедегі Қауыншыда тұрып-ақ Ташкентті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, айтқаны айтқан, дегені деген болды. Ташкентті бағындырған орыстар алдымен бір баласы Берлин, бір баласы Петерборда (Керенскиймен бірге) оқыған Қожамқұлмен мәміле жүргізді, қажет жерді күшпен басып алмай, мөрлеп, хаттап сатып алды. Түрлі кәсіпорын, зауыт, фабрика (бұған дейін Қытайдан әке­лінетін), кенеп өсіретін шаруашылық ұйымдастырды. Қожамқұл тұратын аймаққа Күркілдек өзенінен су электр стансасын салып, оның қуаты алдымен Қауыншы, онан соң Ташкентке берілді. Екеуінің арасы тиіп тұр. Қожамқұлдың Ташкентте де толып жатқан сауда орындары, керуен сарай, өзге де игіліктері мол еді. Баласы Омар сондағы оқу-ағарту жұмыстарына жан-жақты ықпал етіп, өзі Берлинде жоғары техникалық білім алып келген бойда Ташкентте көптеген жыл­жымайтын мүлікке иелік етті. Орыс ше­неуніктерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап, сол төңіректе жасайтын ха­лықтың бәріне тең қарады, шарапатын тигізді. Қа­зан төңкерісінен кейін өзі­не тиесілі тұр­ғын үйі мен бір дүкенін қал­ды­рып, өзгелерін тү­гелдей мемлекетке өткізсе де, бәрібір, бай­дың тұқымы деген дабырамен атылып кетті.
…Өзбек жерінде туып-өсіп, әрқай­сысы әр салада елге танымал, айтулы тұлға болған қа­ндастарымыздың аттарын атап, аруақ­тарына тағзым етуден бастаған осынау әңгімемізді енді солардың бір де бірегейлері­нің қатарындағы аяулы Әзиза ­Нұр­маха­новаға бұрсақ дейміз.
Әзиза Нұрмаха­нова. Қоғам және мемлекет қайраткері. Қарақалпақ автономиялық республикасында қатардағы мұғалімнен Оқу министрі болған қазақтың қарапа­йым қызы. Ғұлама-ғалым, ғылым док­то­ры, профессор, бірнеше жоғары оқу орнының ұстазы. Қайырымды, кіші­пейіл, білімді, қарымды қаламгер-жазу­шы. Ә, айтпақшы, қазақтың Жұ­мабек Тәшенов сынды мемлекет қайрат­кері жоғары бағалаған, ол жөнінде та­лай-талай жылы лебіз, жақсы сөздер айтқан Әзи­за апамыз емес пе? Және… және… Ол сонау Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданында туып-өскен арқалы ақын Төлеген Айбергеновтің апайы. Төлеген Сарыағашқа көшіп келіп, сонда тұрып жатқанда артынан күйеуі Мұқамбетқали екеуі іздеп келген министр апайы. Сонда Төлегеннен бұрын мені ­тауып, бәлкім, Төлеген сыртымнан мақ­тауымды жеткізіп тастағаннан ба екен, бірінші көріп тұрмын деместен: «Әзірше министрмін, бірақ түбі ғылым жолына түсетін шығармын. Не Ташкент, не Алматы екеуінің бірінде докторлық қорғаймын» деп ішкі сырын ағыл-тегіл ақтарып тастаған ақ жарқын, ашық көңіл менің де апайым (еді десем сөкет болмас). Біраз жыл бұрын бақиға озғалы есімі көп атала бермейтін қайран Әзиза Нұрмаханова! Қазақтың қайсар қызы!
Сөйтіп, Төлегеннің апайымен менің де емен-жарқын танысқан жағдайым болған-ды. Өткен ғасырдағы 1960 жылдардың бастапқы шақтарында. Төлеген Сарыағашқа қоныс аударған соң, бірінші әлде екінші жыл. Төлеген мен Үрниса орта мектепте (естеліктер жинағында суреті бар) биология­дан сабақ беретін Жүніс деген мұғалімнің үш бөлмелі үйіне көшіп шығып, анасы мен тұңғышы Салтанатты әне-міне көшіріп әкелуге қамданып жүрген кезі болатын.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 70 жылдығында. 1995 жыл.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 70 жылдығында. 1995 жыл.

Шамасы, маусым айының орта тұсы. Оңтүс­тіктің аптабы белгілі. Әлі шілде кір­месе де, өкпе қысылып, қаталап-шөл­деп, жұмыста әрең отырамыз. Кенет редак­цияның тасбақадай қара телефоны баж етті. «Иә!» деймін. «Пәленше бар ма?» деп мені сұраған әйел даусы естілді. Мен: «Бұл кім екен?» деймін өзімше сыңғыр­лаған ашық, нәзік дауыс иесін та­нымай, сәл таң­данып. «Сіз бе?» деп атымды атап, екінші қай­тара қадала сұрады. «Менмін, – дедім дереу қолма-қол ширыға қап. – Не айт­қыңыз келеді?». «Маған сіз керексіз. Қайдасыз?» «Жұмыста, редакциядамын». «Онда былай. Маған сіз жөнінде Төлеген айтқан. Айбергенов. Телефон нөміріңізді де сол берген. Атым Әзиза. Фамилиям Нұр­маханова. Сарыағашқа барсаң әуелі бір жерден соған телефон соқ, мені тауып береді де­ген. Автостансадан хабарласып тұрмыз. Қасымда жолдасым бар. Төлегенді тауып бере аласыз ба? Сізбен қалай жолықсақ бо­лады?».
Пай-пай! Күтпеген жағдай! Төлеген­нің бір жолы сөз арасында «Нүкісте Әзиза деген апайым бар. Оқу министрі. Әдебиетті жақсы түсінеді» дегені бар еді, мынау сол болмаса неғылсын. Неғылсының не? Сол, әлбетте. Қазір саған анау-мынау емес, министр телефон соғып тұр, білдің бе? Және қалай жолығамыз дейді. О, пақыр! Кәне, бол тез, қимылда!
«Автостансадан төмен қарай жү­рі­ңіз­дер. Паркке дейін. Қазір мен сон­­да барып, кіре берісте күтіп тұра­мын» дедім. «Тұра тұ­­рыңызшы» деді сың­ғырлаған дауыс иесі. «Бұрын көріспегеміз ғой, мүмкін та­­нымай қа­лар­­сыз, үстімде қызыл-сары шайы көйлегім бар, қолымда қара сумка. Жол­­дасымның қолында сары түсті порт­фелі болады. Ал жолыққанша…».
Тұрдым да, паркке қарай құстай ұштым. Мен де жеттім, сонадай жердегі үлкен көше бұрышынан олар да қаздай тізіліп, бері қарай бұрыла берді. Бір­ден таныдым (шамаладым), әрине. Алдарынан көлденеңдей шығып сәлем бердім. Өзі айтқандай, үстінде өзбекше жаздық жұқа шайы көйлегі бар, тал­дырмаш денелі, орта бойлы, шашын төбесіне түйген, қараторы, келбетті, әсем әйел де мені бірден біліп, арқа-жарқа сә­лемдесіп, шұрқырай көрістік. Қасындағы еңсегей бойлы, кең иықты, бурыл шаш, ақ-сары жүзді, келбетті жігіт ағасы маған сыпайы қол берді де, күлімдей қарап, үнсіз тұр. Тізгін апайда.
– Иә, Төлегенмен хабарластыңыз ба? – деді ол салған жерден саңқ етіп (осыдан-ақ тез қимылдап, шапшаң сөйлейтіні байқалғандай болды).
– Табамыз, – дедім. – Қазір үйге барып, демала тұрыңыздар.
Ол кезде іздеген адамыңды жердің ас­­ты­нан болса да бірден таба салатын қа­зір­гідей жағдай қайда… Оның үстіне, қолды-аяққа тұрмайтын Төлегенді табудан қиын нәрсе бар ма? Біресе Бостандық, біресе Шыршық, Ташкент, олар болмаса, осы Сарыағаштың өзінде Үрниса екеуі үйден-үйге қыдырыстап, сейілдеп жүруден жалық­пайды. Маған да күтпеген жерден не жұ­мыс орны, не үйге соға салатыны өзінше. Бірақ бұл жолы олар осында – Сарыағашта. Кеше кешкілік менімен бірге істейтін Бер­дуә­лі Тұрмағамбетов ағамыздың үйінде оның тұңғыш ұлы Қайраттың туған күні болып, бірге сәкәкулеткенбіз. Оны табу үшін үйіне бару керек. Себебі тек Төлеген емес, осындағы ешкімнің үйінде телефон жоқ, керек десе, редактордың үйінде де. Сондықтан қонақтарды үйге алып барып, сонда қалдыра тұрып, Төлегенді сонан соң іздеу керек болды.
Тұратын мекенжайымыз бірер жыл бұрын «Красный Восток» колхозына бас есепші боп көшіп кеткен (Охап деген) жа­қын ағайымыздың бізге қалдырған төрт бөл­мелі бау-бақшалы үйі болатын (оған дейін бәріміз бірге тұрғанбыз, жуырда жеке шыққанға дейін Төлеген мен Үрниса да сол үйде бізбен бірге тұрған-ды).
Әзиза апай қораға кірісімен сәусіл­деген жемісі әлі толық пісе қоймаған үш-төрт түп өрік пен үш-төрт түп алма ағаштарын көрісімен: «Ой, қандай жақсы, курорт қой мына жерлерің» деп, біреуінің жанына барды да, бір алманы үзіп алып, жей бастады. «Әлі піскен жоқ еді» дегеніме: «Еш­­теңе емес, мен піспегенін жақсы көре­­­мін» деп сыңғырлай күлді. «Келін қыз­­метте шығар?» десе: «Иә, қазір шақырып әке­луге жұмыстары қауырт, дәрігер ғой, жі­бермейді» деймін. «Жо-жоқ, керек емес, әне, душ бар екен, қазір жуынып-шайынып, шайды өзіміз қойып іше береміз» дейді-ау (министр апаңыз).
– Сен алаңдама, кел­дік қой, ендігісі қиын емес. Тек бізге тезірек Төлегенді…
– Сөйтеміз, апай, – деймін примусқа дар еткізе от қойып. – Сіздер шай ішіп, демала беріңіздер. Мен қазір…
Ол шақта еңбек тәртібі қатаң, әуелі жұмысқа барып, редактордан рұқсат сұрап, онан соң Төлегендер тұратын үйге қарай жорттым. Абырой болғанда, Төлеген де, Үрниса да үйде боп шықты. Таяуда кірген үш бөлмелі пәтердің о жер, бұ жерін қырнап-сырнап, бірдеңе-шірдеңе істеген боп жатыр екен. Менің беймезгілдеу жүрісімнен секемденді ме екен:
– Жай ма? – деп елең етісті қосар­лана.
– Жай ғой, – дей салдым. – Әй, осы сенің министр апайың бар емес пе еді? Ол қайда қазір? – дедім онан соң қожа­на­сырлығыма басып.
– Біраздан бері хабарласқан жоқпыз. Оны неге сұрадың?
Мұндайда Төлегеннен гөрі сезгір, іште­гіні дөп басқыш Үрниса:
– Тегін келді дейсің бе? Мен білсем, бұл бірдеңені біліп не бізден жасырып тұр, – деді селкілдей күліп. – Айтпайсың ба? Не ол? – деп бетіме ажырая қарады.
– Онда сүйінші! – дедім басқа сөз аузыма түспей. – Апайларың осында.
– Не дейді? Шын ба? Қайда? – деп тағы да Төлегеннен бұрын Үрниса елп етті.
– Шын. Осында дедім ғой. Біздің үйде, – деймін жайбарақат түрде.
– Біздің үйде деймісің? Қашан келді? Осында бірден ертіп келмедің бе?
– Әуелі сендер үйдесіңдер ме, жоқ па, соны білейін деп…
– Ой, қасқа десе! Үйдеміз ғой, үйде болмай қайда боламыз?
Осылай деген Үрниса дереу қол-басын жуып жатып:
– Әй, неғып тұрсың. Барып ертіп келмейсің бе? – деді Төлегенге.
– Бір өзі ме екен, жоқ, біреу бар ма қасында? – деді Үрниса маған.
– Кім екенін қайдам, қасында өңки­ген біреу бар, – дедім жорта.
– Сені қалай тауыпты?
– Оны мен айтқанмын. Сарыағашқа келсеңіз бірінші редакцияға хабарласы­ңыз деп, мұның аты-жөнін жазып бер­ген­мін. Ал жүр онда, кеттік. Барып алып келеміз, – деді маған күлімдей қараған Төлеген жүрегі алып ұша қуанып.
– Дайындала бер, – деп те қойды Үр­нисаға.
Әудем жердегі біздің үйге қосарлана жетіп бар­сақ, Әзиза апай мен күйеуі қысылып-қымтырылмай өздері шай жасап, жаңа ғана іше бастаған екен. Көп бөгелмей Төлегеннің үйіне барып, қонақтар кең-мол салқын бөлмеге жайғасты. Төлеген мен Үрнисада ес жоқ, шауып жүр. Әзиза апайдың «көп әуре болмаңдар» дегеніне қарайтын олар ма? Барын дастарқанға қойып, ол екі арада Төлеген барып Бердуәлі ағаны ертіп келді. Аман-саулық сұрасып, таныстыру бітісімен әңгіме-дүкен қызып берсін.
– Ал енді өлең оқы, – деді төрде дөң­ге­лек жүзі албырап, кер маралдай кері­ліп отырған Әзиза апай Төлегенге. – «Ті­леуім­беттен» басташы. Мұнда келген соң жазғандарың да бар шығар. Оларды да тыңдаймыз әлі…
Әзиза апайдың талай дастарқан, мәртебелі жиындарда болып, көпті көргені байқалып та, сезіліп те тұр. Бәріміз соның аузына қараймыз. Тым-тырыс, жаймен ғана отырған күйеуі Мұқамбетқали біртоға, көп сөйлемейтін адамға ұқсайды.
Қай ортада да қамшы салдырмайтын Төлеген мұндайда неге аянсын. Өлеңдерін өзіне тән мақам, шабыт-жігермен бірінен соң бірін оқып, арасында әуелеген ән де шырқалып жатыр (екеуміз танысқан кезден айтатын әндер).
Ән, жыр, өлеңді зор ынтамен беріліп, түсініп тыңдайтын Әзиза апай да қара жаяу емес екен, әлдебір жанына жақын әуендерді сызылта шырқап қойып отырды. Тіпті Тө­­ле­ген «Кегейлі» деген өлеңін оқығанда, «Су алған сайда әжемнің, сырғасы қалған Кегейлі, сырласы қалған Кегейлі» деген тармақтан соң «Мұңдасы қалған Кегейлі» деп өзі де қосылып оқығаны оның нағыз ақын­жанды екеніне айғақ іспетті еді. Осы жерде айта кетейік, мұның бәрі арадан жылдар өткенде Әзиза апайдың өзі де белгілі жазушы болғанының алғышарты екенін кейін білдік, әрине. Төлегенмен Нүкісте танысып, өлеңдерін тыңдаған соң көз қырында ұстап, бауырына тарт­қаны жөнінде де солай (дер ек).
Міне, сөйтіп, Төлегеннің арқасында бір респуб­ликадағы биік лауазым иесі (министр) екеніне қарамай, барынша ашық-жарқын, қарапайым, кішіпейіл, болашақ айтулы ғалым, жазушы, кім-кімге де жақсылық жасауға бейіл, кісі елінде де, өз елінде де сұлтан боп ғұ­­мыр кешкен – жоғарыда аталған біраз өзбекстандық танымал қазақ қайраткерлердің бірі – қадірлі Әзиза Нұрмаханова апаймен осылай таныс-біліс болған жайымыз бар еді, ағайын. Сол жолы Төлегеннің үйіндегі думанды дастарқан басында біз алаулаған көңіл ауанымен «министр» деп қалып отырғанымызда «қызметте тұрған еш­теңе жоқ, жақында босап, докторант боламын, арызымды беріп қойғанмын» деген еді жарықтық. Ақыры солай боп шықты да. Күздің ортасына таман Төлегеннен Әзиза апам Ташкенттегі ғылым академиясына ауысып, ­докторант бопты. Жақында пәтер алып көшіп келеді деп естідік. Қыстың басында екеуміз үйлеріне барып сәлем бердік, құтты болсын айттық. Қонақжай апамыз дастарқан жайып, бізді бір қауым дос-жарандарымен таныстырды. Өлең оқылды, ән шырқалды. Апайдың музыка мектебінде оқитын қызы Қалқатай пианинода ойна­ған шығармаларды тыңдадық. Мен де қа­рап қалмай, домбырамен «Қорланды» орындағанымда Әзиза апайдың: «Ай, ана жолы Төле­геннің үйінде бұл өнеріңді көрген жоқ едік қой. Енді сені «Қорланды» айтқызу үшін шақырып тұратын болдық» деп ағынан жарылғаны естен кетпейді.
Бұл жолы өзіміз (шет жағалап-ептеп) білетін өзбекстандық біраз айтулы қазақ перзенттері хақында әңгіме қозғап, бәз­біреу­лерінің атын атап, түсін түстеуді әрі парыз, әрі міндет деп те қарадық. Солардың бірі – қарақалпақ елінде Оқу министрі болып, кейін қазақстандық ғылымға елеулі үлес қос­қан филология ғылымдарының докторы, профессор Әзиза Нұрмаханова. Қара­қалпақ автономия­лық рес­­публикасында облыстық партия ко­ми­тетінің бі­рінші хатшысы бол­ған Дә­рібаев, Қалекеев, Кәкімбек Салы­қов­тар­дан бөлек, министрлік лауазым атқарған қазақ перзенттері аз емес-ті. Со­лардың (өзім жақсы білген) тағы бірі – Ғаббас ­Баталов-тын. Қысқаша сол жөнінде де бірер сөз айта кеткен артық болмас (дейміз).
Өткен ғасырдың 80-жылдарын­да бір жолы мен қызмет істейтін («Мә­дениет және тұрмыс» журналы) мекемеге сырықтай ұзын бойлы, бір қырым артық еті жоқ, өң-түсі келісті, сырт келбеті интеллигентке ұқсайтын қара мұртты қартаңдау адам кіріп келді де, бірден өзін таныстырып: «Өмірбақи қарақалпақ елінде шаруашылық саласында жұмыс істедім, ел басқарғаннан бөлек үлкен-кіші қызметтің бәрін істедім. Ауыл шаруашылық министрі, облыстық ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы бол­дым, соңғы қызметім – совхозға директор боп, содан зейнетке шыққан соң осында (Алматыға) көшіп келдім» деді де, журналды шыққан кезден бастап оқиты­нын, алда автор ре­тінде қатысып тұрғысы келетінін айтты. Әлі тың, ширақ, сөзі мығым, жи­нақы, көпті көрген, көп білетін адам екені көрініп тұр. Аты-жөні Ғаббас ­Баталов, арғы тегі Қостанай жақтан, ­Ахмет Байтұрсыновқа алыстан қосылатын ағайын, бірақ өмірбақи қарақалпақ елін­де ғұмыр кешіпті. Онан соң, о тоба, ертеректе көргенім бар еді, сіз білу­ге тиіссіз, мүмкін болса, маған Әзиза Нұр­маханованың мекенжайын не телефонын табуға көмектессеңіз деп өтініш айтты. Келісті етіп жазып, ма­шин­каға бастырған мақаласы бар екен, онысын алдыма қойды. Онан соң «сіздің Төлеген Айбергеновпен дос болғаныңызды сырттай білемін, алда қатысып тұрайық» деді. «Не сөз, мақұл, Ғабе» дедім. Сөйттім де:
– Әзиза Нұрмаханованы білетінім рас, анда-санда көрісіп тұрамыз. Қазір Қазақ университетінде профессор. Түрік тілдерінің салыстырмалы грамматикасынан сабақ береді. Әлия мен Мәншүк туралы кітап жазған. Басқа кітаптары да бар. Сізге Әзиза апайды менен гөрі жақсы білетін бір адамның телефонын берейін, сонымен хабарласыңыз» дедім. «Ол кім?» деді. «Төлеген Айбергеновтің әйелі Үрниса» деп едім, «Онда болды. Бере бер. Телефонын айт. Маған бәрінен бұрын Әзизаның кітабы керек. Соны қолтаңба жаздырып алсам бітті» деп қайырды.
Кейін кездескенде Ғабең осы айтыл­ғанның бәрі орындалғанын айтып, балаша мәз боп жүрді. Онымен ұзақ жыл қарым-қатынаста болдық. Қатты науқастанып жатқанда – қайтыс боларынан бір-екі ай бұрын – үйіне барып көңілін сұрадым. Едәу­ір қартайып, жүдеп, қажып қалған екен. «Ал­матыға жаңадан көшіп кеп, алдыңа бар­ға­нымда пенсиядағы біреу демей, адамша сөйлесіп едің, соныңа рахмет» деп еді марқұм.
Сонау жылы «Алатау» санаторийінде екі орындық палатада жанымда кәсіп­одақта істейтін бейтаныс жас жігіт бірге жатты. Фа­милиясы – Бата­лов, аты – Аман екен. Сұраса келе ол Ғабең, ­Ғаб­бас Баталовтың ұлы боп шықты. Кейін сол жайлы айтқанымда, салқынқанды Ғабең онша мән бермей, «иә» деді де қойды. Сол (Ғабеңнің баласы) Аман бертін келе сатылап өсіп, Алматыда бір ауданның әкімі болды. Қазір ұзақ жылдан бері Алматы облыстық әкімінің бірінші орынбасары. Жаман аты шықпай, қызметін адал атқарып жүрген азаматтың бірі.
Сөзден сөз туады дегендей, бір кездерде Төлеген Айбергеновті Са­рыағашқа іздеп келген, бірге тумаса да туғандай министр апасы, фәни жалғаннан әдебиет пен өнерге іңкәр боп өткен ғұлама ғалым, жазушы, қай­раткер, өнегелі ғұмыр кешкен Әзиза Нұрмаханова жайлы әңгімемізді осымен тұйықтап, нүкте қой­сақ дейміз. Аруағың риза болсын, Әзиза апа!

Зәкір АСАБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.