«Тіліміздің өріс алуына өзіміз кедергі жасап отырмыз»

Жақында Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов жұртшылықпен болған есептік кездесуін бірыңғай мемлекеттік тілде өткізді. Бұл өзге әкімдерге үлгі болатын жақсы бастама екен дестік. Осы жөнінде Оразгелді Әлиғазыұлына хабарласып, «Өзімізден бастайық» айдарының сауалдарына жауап беруін өтінген едік. Әкімнің тек мемлекеттік тілге ғана емес, сонымен қатар журналистер қауымына деген құрметі де ерекше екен. Сұхбатқа бірден келісіп, тілге байланысты өз ойларын ортаға салды. 

– Сіздің жақында Павлодар қаласы тұрғындарымен өткізген есеп­тік кездесуіңізді мемлекеттік тілде өткізгеніңізден хабардармыз. Осы дәстүрді алдағы уақытта да жалғастыру ойыңызда бар ма?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ол қазақ тілі Мәңгілік Елдің – Мәңгілік тіліне айналды. Тіл мәселесін біз дау­дың емес, ұлттың ұйытқысы үшін пайдалануымыз керек» деп атап өткен еді. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ол біздің ана тіліміз. Сондықтан Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік тілді білуі, елімізге қызмет көрсетіп жүрген тұлғалар халыққа үлгі болуы қажет. Ал есептік кездесуімді қазақ тілінде өткізуіме намысшылдығым түрткі болды және бұл ісімді елімізде қазақ тілін дамытуға қосқан үлесімнің бір бөлігі деп санаймын. Себебі осындай есептік кездесулерді алдағы уақытта қазақ тілінде өткізуді дәстүрге айналдыру ойымда бар.
– Өзге де қала әкімдерінің осындай есептік кездесулерді бірыңғай мемлекеттік тілде өткізуіне қалай қарайсыз?
– Алдағы уақытта есептік кез­де­сулерді ғана емес, сонымен қатар жина­лыстар, кеңестер, қызмет бабындағы іс-шаралар да қазақ тілінде өткізілуі қажет деп санаймын. Қазақ тілінің өріс алуына өзіміз кедергі жасаймыз. Сондықтан тілдің көсегесін көгертуді өзімізден бастаған дұрыс.
– Өзіңіз күнделікті қызмет барысында қазақ тілінде жиі сөйлейсіз бе?
– Әрине, қазақ тілінде сөйлеуге тырысамын. Бірақ қаламызда өзге де ұлт өкілдері тұратындықтан жиналыс­тар, кеңес­тер және т.б. іс-шаралар екі тілде өт­кізіледі.
– Балаларыңыз, немерелеріңіз қа­зақша біле ме? Отбасыңызда бір-бір­леріңізбен қазақ тілінде сөйлесесіздер ме?
– Тек қызмет бабында ғана емес, үйде де қазақ тілінде сөйлейміз, сондықтан балаларым мен неме­ре­лерім қазақша біледі. Немерем Нұрсұлтан №22 қазақ мектебінде 2-сыныпта оқиды.
– Мектепті, жоғары оқу орнын қай тілде оқыдыңыз?
– Мектепте, жоғары оқу орнында орыс тілінде білім алдым. Бірақ қазақ боп туылғаннан кейін өзге тілде оқысаң да, өз тіліңді, дініңді, мәдениетіңді білуге міндеттісің.
– Қазақ тілінде жарық көретін қандай газет-журналдарды қарап отырасыз?
– Республикалық «Егемен Қа­зақстан», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Ай­қын» газеттерін оқып, күнделікті жаңалықтармен танысып отырамын.
– Мемлекеттік тілімізді өз тұ­ғырына қондыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік тілімізді дамыту барысында әртүрлі жетілдіру жұмыстары жыл сайын қолға алынып келеді. Тіл мәселесі – өте өзекті мәселе. Кейінгі жылдары мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мен оны дамытудың кешенді бағдарламалары қолға алынып, мемлекеттік қыз­мет­шілерге арналған курстар мен өзге де іс-шаралар өткізілуде.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыс­тарыңыз сәтті болсын!

Дәукен ЖҰМАТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.