Роза мен Бибігүл

Роза Бағланова мен Бибігүл Төлегенова. Біреуі бүгінде өмірде жоқ болса, екіншісі аман-сау арамызда. Бүгінгі әңгімеміз қазақтың атақты әнші қыздарымен Жәнібек жерінде сонау жылдары кездесуіміз жайында болмақ.

Бұдан бұрынғысынан хабарсызбын, Роза Бағланова меніңше, Жәнібекте 1982 жылы соңғы рет болған сыңайлы. Сол жылдың наурыз айы. Жазатайым бассаң, аяқкиіміңді алып қалатын Жәнібектің кәдімгі сары саз топырағы мидай езіліп жатқан шақ. Жұмыс аптасының соңында сол кездегі аудандық газеттің редакторы шақырып алып: «Серік, егер қателеспесем, ертең ауданға пойызбен атақты әншіміз Роза Бағланова келуі тиіс. Ертең таңнан бастап қонақүйді қарауылда.Түске дейін келмесе, мүмкін түстен кейін болып қалар. Апаңнан бір беттік сұхбат аласың» деді. «Құп» дедім сөзге келместен.
Ертеңіне қонақүйге барсам, Роза апамыз түнде пойыздан түсіп, ұйқысын қан­ды­рып, таңғы асына кіріскелі жатыр екен. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген, сәл жүрексіне барған мені сан атақтың иесі жылы күлімсірей қарсы алды. Таңғы дәмге шақырды. Сонан көмекшілерін шақырып, анау-мынау нұсқауларын берді де, көңілін маған аударды. Блокнотымды қалтадан суырып, қаламымды әзірлеп отырғанмын. Әңгіме бірден басталып кетті. Ол өзінің өсіп-өнген жері Қызылорда өңірі екенін, Ташкентте де болғанын айтты. Көрген қиыншылықтарын әңгімелегенде, әлсін әлі көзіне жас үйіріледі. Менде үн жоқ. Кірпік қақпай тыңдап отырмын. Өнер жолдары туралы жарты сағаттай көсіле әңгімеледі де: «Ау, мен сенің тілші еке­нің­ді ұмытып кетіппін ғой. Ал әзірлеп кел­ген сұ­рақтарың болса, айта бер» деді. Мен де қойып үлгіремін, ол да жедел жау­ап қайтарады. Рас, кейде ойланып барып, жауап қатады. Сонан кейін өзі көр­ген Иосиф Сталин, Никита Хрущев, Леонид Брежнев сынды тарихи тұлғалар туралы әңгімелей бастады. Ара-арасында: «Тілші бала, оны жазбай-ақ қойсаң да болады. Бәрібір шығармайды» деп қояды. «Қазір шығармаса да, келешекте керек болар» дедім. Сонымен екі сағаттай уақыт өткен соң, сұхбат та аяқталды. Байқағаным, бойынан да, ойы­нан да жасандылық байқалмайды. Күл­се, шын күледі. Бар болмысынан қарапайымдылық, қажырлылық пен адамға шынайы ілтипаттың лебі сезіледі. Қазіргі жасанды «жұлдыздардың» мен­менсуі атымен жоқ.
Әңгіме аяқталған соң, Роза Бағланова: «Тілші бала, райкомың осы арадан қашық па?» деді. «Жоқ, онша қашық емес» дедім. «Онда мен сені қолтықтайын, сонда алып бар» деді. «Ойбай, апай, мына батпақта ма? Одан да оларға телефон соғайын. Сізге көлік жібереді ғой» деп жатырмын. «Ой, шырағым, мен баспаған балшық, кеш­пеген су бар ма? Жүр, кеттік» деді әнші апамыз. Амал жоқ, көшеге шығып, апа­мыз батпақты сәнді етігімен кешіп өтіп, аупарткомға да жеттік. Ондағылар хабардар екен, тік тұрып қарсы алды. Қоштасарда маған шақыру билетін табыс етіп, концертіне шақырды. Концерт жақсы өтті. Жәнібектің көнетоз Мәдениет үйінде болған ән кешін «Ах, Самара городокпен» бастаған Роза Бағланова әрі қарай оны Шәмшінің «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарыммен» жалғастырды. Өнер иесімен кездесудің өне бойына ха­лық әлсін-әлі орнынан тұрып, ду қол ша­палақтап тұрды. Концерттен соң, кө­рермендердің қалың ортасына еніп, емен-жарқын әңгімелесті. Біреулерге қолтаңба бергенін де көзім шалды…
Ал Бибігүл апамыз Жәнібек ауданына 1985 жылдың жайраңдаған жазында келді. Оның әуелгі өнер сапары сол кездегі «Қайрат» кеңшарынан басталды. Оған да бардым. Редактор арнаулы көлік беріп, ауылда Бибігүл апаймен концерт алдында әңгімелестік. Барымды қағазға түсіріп алып, концертте алаңсыз отырдым. Сүйікті әншімен әңгімелесу де бір ғанибет екен. Ең бастысы, өзіңді тыңдай алады және сұрағыңа толық, нақты жауап береді. Әңгіменің өне бойына апайдың бойынан бір жылылық пен ықыласты се­зін­дім. Талай атақ-дәреженің иесі болса да, оның бір сөзінен немесе қимылынан көкіректі, кеудемсоқтықты байқау мүмкін емес. Тек байыптылық пен биязылық қана бар. Қасына ерген қызы, бүгінде марқұм Мә­риямгүл де ілтипатты екен. Онымен де 15 минуттай сөйлестім. Кейін концерт тамашалағанда байқағаным, қызының даусының күштілігі анасынан кем болмай шықты. Анасы мен қызы, кейін тағы бір танымал опера әншісі Ғафиз Есімов әуелете ән салғанда, маған Тау ауылының ескі клубының қабырғалары теңселіп кеткендей көрінді. Қандай мықты да әуенді дауыстар! Бүгінгі қиқылдап-шиқылдаған, бесеуі бірігіп, бір әнді әрең айтатын жас «жұлдызсымақтардың» өнер көрсетуі олар­дың дауыстарының ширегіне де кел­мейді….
Концерт соңында Бибігүл Төлегенова да алдыңғы Роза сияқты көрермендермен емен жарқын жүздесіп, ашық қабақ танытты. Сұрақтарына да іркілмей ­жауап берді. Екеуі де концерт барысында көрер­мен қауымның сұрақтарын да аяқсыз қалдырған жоқ. Міне, нағыз «Халық ар­тисі» деп соларды айтыңыз! Енді ондай әншілердің келешекте болар-болмауы да күмәнді шығар.

Серік ИХСАНҒАЛИ
Батыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.