Ана тілінде сөйлеуге арлана ма?

Әр халықтың тілі оның ділінің, рухының, ұлттық болмысының жиынтық көрсеткіші екені белгілі. Сол себепті Польша, Германия, Франция немесе Ресейде ұлттың тілі деп шырылдаған адам тек күлкіңді келтіреді. Неге десеңіз, бұл елдердің ұлттық әдебиеті, мәдениеті, өнері, білімі тілінен еш ажырамаған, біте қайнасып тұтасқан. Әсілі, тіл – әртүрлі мәнде айтылуы мүмкін ұғым. Біз оны жаңағы ұлт болмысы мен дамуының көрсеткіші деген мейлінше кең мағынасында қарастырып отырғанымызды ескерте кетелік.

Жарықтық Абай заманында қазақ елі мәрмәр тастай тұтас болды. Сол тұтастықтың шет жағасын алдыңғы ұрпақ өз көзімізбен көрдік. «Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын» (Сұлтанмахмұт Торайғыров) деп кеу­де керген сол кездерді кейде сағына еске аласың. Балалар үйінде тәрбиеленген, әлдебір басқадай себептен қазақтықтан мақұрым қалған байғұстар болса, оларды үлкендер жағы аяп: «Не орыс емес, не қазақ емес, апыр-ай, қайтіп адам болар екен?» деп басын шайқап отыратын. Жалаңаяқ шапқылаған бала-шаға ишараны қайдан ұқсын. Қазір ойлап отырсам, бұл «қасиетсіз адам», яғни адамгершілік тәрбиеден мақұрым бейшара деген ишара екен-ау.
Өкінішке орай, қазіргі таңда түрі қазақ болғанымен тілі, сөзі, ойлау жүйесі, жан дүниесі бөтен ұрпақ өсіп-өнді. Ол ол ма, кәртәміс қазағың да орысша шүлдірлеуді ұят көрмейді.
Шындап келгенде, тіл мәселесі бұл ұлттық дәрежедегі мәселе екенін Украинадағы саяси жағдайлардан байқап отырмыз. Үстірт қараған адамға елдің неліктен екіге жарылғаны түсініксіз. Днепрдің сол жақ беті – Батыс Украинаны мекендеген халықтың көбісі ұлт тілінде, ал оң жақ бетте – әкімі де, қарашасы да тек орысша сөйлейтінін көкжәшікке үңілген кез келген көзі бар адам көре алады. Сөйтіп, қаны бір халық еш ымырасыз, екіге жіктелді. Оларды бір ел етем деп кеше ғана тағынан тайған президент Янукович аянбай-ақ алысып бақты. Ештеңе өнбеді, халықтың басы бірікпеді. Неге? Мұның сырын саясаттан көріп, я болмаса ішкі, сыртқы жаулардың «жымысқы» әрекетінен іздесең – адасасың. Жоқ, олай емес! Дәл Украинадағы бөлініске қайран тіл «кінәлі»! Үш ай бойы әлемді өзіне қаратқан оқиға сыры осы арада.
Мемлекеттің оңтүстік-шығысын жайлаған, туған тілден мүлде мақұрым украин тұрғындарын «украин ұлты» деуге ауыз бармайды. Тіл жоқ жерде, ұлт та жоқ. Бұл – аксиома.
Ресей империясы еуропалық бөлігінде мордва, чуваш, черемис, пермяк, нағайбақ сияқты аты бар да, заты жоқ ұлттар көп. Мұны білетінім,1968-1973 жылдары Челябинск қаласында ауыл шаруашылық институтында оқып, жаңағы ұлт өкілдерімен бірге жүріп тұрдым. Әлі есімде, кей-кейде ұлт мәселесін айтысқанда олар бір сәтке мөлие қалып: «Да, наш народ полностью ассимилировался», «А что делать, мы обрусели» деп ағынан жарылатын.
Сөйткен империяның көксегені іске асты – еуропалық бөліктегі ұлт-ұлыстар түгелдей жұтылып тынды. Айтпақшы, Батыс Сібірдегі халықтардың (якут, хакас, тоба, эскимос, т.б.) тілдік ахуалы оңып тұрғаны шамалы, тырп ете алмай шырмалып қалды бейбақтар. Мінеки, Украинаның шығыс аумағы (орталығы – Харьков қаласы) тұрғындарының жағдайы да осымен өз түсінігін табады. Енді олар украиндық болмысына қайтып орала ма? Бұл саяси жағымды жағдайдың өзінде бірер ұрпақ ауысуын талап ететін тым ұзақ үдеріс.
Тағы бір айтайын, кейбір азаматтар қарапайым шын­дықтан аттап өтіп, әлдебір көмулі, жабулы, ас­тыртын астарды іздеп әуре. Олар нағыз ұлт үшін жан беріп, жан алысқан ақ істі де «саяси төң­керіске» балайды, пәленшекең ақша берген, үйткен-бүйткен деп саясатқа сырғытады. Осыған таң қаламын. Қарапайым шынның жүзіне тура қарағанға не жетсін. Украинаның шығысы мен Қазақ елінің солтүстік аумағы арасында ұқсастық молынан табылады. Екеуі де орыстілді және оның сеңі сөгілетін түрі көрінбейді. Таяуда Эдуард Лимонов деген атышулы орыс саясаткері «бұл аумақтағы қалалар орыстікі» деп екі мәрте мәлімдеді. Демек, елдіктің келешегі қазақ тілі өркен жаюына тірелмек. Ұлттың бар я жоқ болуы осы тіл сызығымен өтпек. Шешуші майдан осы арада деу сәуегейлік бола қоймас.
Семейден Астана қаласына көшіп келгеніме алты жылдың жүзі болды, бір байқағаным, мұнда қазақ тілінің тынысы жыл санап тарыла түскендей әсер қалдырады. Көпшілік орынның бәрінде – көшеде, базарда, автобуста дейсіз бе, жастар жағы көбіне орысша сөйлейді. Кейбірі тілді шұбарлап, орысша, қазақша араластарып сөйлегенді «өнер» көреді (кімде кім сенбесе, өзі «эксперимент» жасасын). Айнала қазақтың кәрі-жасының сөзінен жаның шошиды, айдың-күннің аманында азат елде тұрып ана тілін менсінбегені несі деп. Қызметтен де бір мысал алайын. Таяуда пәленбай беттік талдау жұ­мысты мықшыңдап әрең аяқтап бастығыма апарсам, қазақ тіліне шорқақ ол: «Енді сізге мұны орыс тіліне аудару қажет. Біздің штатта аудармашы жоқ қой» деп жұмсақ орындықта жайбарақаттанып отыр.
2002 жылы ҚР Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы көтерген «мемлекеттік қызметкерлер мемлекетті тілді білуге міндетті» деген заң бабына депутаттардың басымы қарсы дауыс берген болатын, міне, қазір соның удай дәмін татудай-ақ татып келеміз. Анығы, көзге көрінбейтін бір сиқырлы «ноқта» бар. Ол ноқтаны аты – құлдық сана, бөтен елдің тіліне, өнеріне, өмір сүру дағдысына көзсіз еліктеу, құлай берілу десек те болады. Не істеу керек?
Біріншіден, қазақ балалары түгелдей сауатын ана тілінде ашуға тиісті. Егер қазіргідей аралас мектептермен өзімізді-өзіміз алдауқырата берсек, уақыттан мықтап ұтыларымыз хақ. Он жыл бойы орыс тілін, әдебиеті мен мәдениетін үйренген бала орыстанбағанда қайтеді. Қазірдің өзінде ата мен немере бір тілде ұғыса алмайды, орысша ақпараттық кеңістік мүлде үстем.
Екіншіден, солтүстік аумақтарға барлық керекті жағдайды жасай отырып, жасыл орман жастарды және оралман қандастарды қондыру саясаты ауадай қажеттілік.
Үшіншіден, ұлттың менталитеті, салт-санасы, түйсігі, жан сарайы ескерілген, былайша айтқанда, рухтанған экономика ғана табысты болмақ. Қазақ үшін темірқазық бағыт – ауыл шаруашылығы, оны индустрияландыру екендігі сөзсіз. Демографияны шешетін де – алтын бесік ауыл. Қашан мұнай қоры таусылғанда ауылға бет бұрамыз десек, қатты қателесеміз. Гәп сонда, ұлттың өз бетінше дамуы және өз жолын табуы айрықша маңызды – өз-өзіне сенімі сонда ғана келеді. Ешкімге алақан жаймай, нақты бір кәсібін сауып, адал еңбекпен өз күнін өзі көру – жеке адамға да, бүкіл ұлтқа да ортақ заңдылық. Қала тұрғындары аузынан естігенім: «Ару Астананы салғандар сырттан келген жоқ. Оны еліміздің түкпір-түкпірінен келген қазақ жастары тұрғызды!». Ұлттың өз-өзіне сенімі, пайда болу жолы, міне қайда? Ал өзгенің даяр мәдениетін, материалдық өнімдерін пайдалану, оған қызығушылық пен тойымсыз тұтынушылық психологиясы жаңағы сенімге жетуді тек алыстата түседі. Жаңа аталған үш стратегиялық бағытқа күш-қаржыны қанша төксең де адал. Өйткені елдің баяндылығы, мәңгілігі, қазақтың көңілін жадыратар құдірет бәрі-бәрі сол жақта.
Сөз соңы, ұлт тұтастығына шынайы қауіп қайдан дегенге жауап беруге тырыстық. Тілі кеткен елді сынған кесені біріктіре алмаған сияқты қайтіп біріктіре алмайсың. Ол бейқамдық пен салғырттықты көтермейтін феномен. Қазақ тілін билік бастап, бүкіл халық болып қостап, қолдану аясын кеңейтетін уақыты жетті. Осыны Киевтегі «Еуромайдан» оқиғасы соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп отыр.

Асан Омаров,
ғалым-журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.