Бір қолыммен тербетем ақ бесікті…

Ізгілік деп жүретін, сірә, дәйім,
Шапағат пен мейірге тұнады ойым.
Мен – қазақтың қызымын!
Көз сал, әлем,
Қасиеттен жаралған тұла бойым.

Көңіл сыйған жерге елді сыйыстырып,
Көлденеңге көрсетпей қиыс қылық.
Ақ жаулығым – анты боп адалдықтың,
Ұмай болам, ұлтымды ұйыстырып.

Рухымнан даналық күші ағыла,
Ақ пейілім ақ құс боп ұшады да.
Ұлт анасы – Домалақ анамын мен,
Қалың елді қаусырған құшағына.

Қарсы тұрам тірліктің тағысына әр,
Мен емеспін тексізден сағы сынар.
Томириспін, ел үшін атқа қонған,
Шар болаттан шарыған намысы бар.

Сақтап әркез адалдық – аралықты,
Қондырмадым көңілге нала – жүкті.
Мен – Зеремін,Ұлжанмын кие қонған,
Ұлы Абайға үйреткен даналықты.

Өткірліктің жақынмын өріне тым,
Көңілімнен көкжиек көрінетін.
Мен –Шарамын, бишімін
мың бұралған,
Фаризамын, жыр болып өрілетін.

Қариядан естіген кеңес-үлгі,
Мұрат етіп көрмегем егесіңді.
Мен –Мәншүкпін, сұрмерген Әлиямын,
Жауыздыққа атылған жебе сынды.

Қуат алғам – салтымнан, үлгі-әдеттен,
Бас иеді тәкаппар шыңдар өктем.
Мен – Ләззатпын, еркіндік қарлығашы,
«Желтоқсанда» өз жанын құрбан еткен.
Нәзіктіктің киелі келбеті едім,
Қадір тұтып, артамын ерге сенім.
Бір қолыммен тербетем ақ бесікті,
Бір қолыммен әлемді тербетемін.

Тұрам әркез арымның асқарында,
Жүрегімде орын жоқ басқа мұңға.
Мен – қазақтың қызымын,
көз сал, әлем,
Даналығы – нәзіктік астарында!
Даралығы – нәзіктік астарында!..

Алма Түсіпбекова
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.