«Өзенге айналдырды көп бұлақты…»

Сыпатай Әлібекұлы қазіргі Жамбыл облысына қарасты Меркі топырағында өмірге келген. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты танылған адам болған. Ал балалары – Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі. Сыпатайдың кескіні туралы халық ақыны Кенен Әзірбаев: «Зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты» деп суреттейді.

Жалпы, Сыпатай батырдың елге сіңірген еңбегі жайында біршама тарихи құжаттар мен ел арасында естеліктер сақталған. Сыпатай жерін, елін іргелес, көршілес басқыншылардан қорғады, ел ішіндегі болып тұратын дау-дамайларды «қара қылды қақ жарып» дегендей әділеттікпен шешіп отырды.
Көршілес, ағайындас қырғыз елімен ара­дағы қатынас бірқалыпты болмағаны мәлім. Тартыс-талас жайылым, жер үшін болып отыр­ған. Ежелден қазақтардың қонысы саналып келген жерлерге көз тіккен қырғыз манаптары мен қазақтардың қақтығысы бірде бәсеңсіп, енді бірде мүлде өршіп отырған. Мұндай қақтығыстың бірі тарихта «Жайыл қырғыны» деп аталады.
Қоқан хандығына қарсы күресте ­Сыпатай батырдың ерлік істері тарихи құжаттарда қатталынып қалған. Уақытша басып алынған жерлерден басқыншылар ысырылып, атақоныс қайта қалпына келтіріліп, өрісін кеңейтіп отырған. Қақтығыс қантөгіссіз болмайтыны мәлім. Осындай аса шиеленісті жағдайда аса мәмілегерлік керек, ал ондай қызметті ­Сыпатай ойдағыдай атқара білген, қарсыласын бәтуәлі келісімге көндіріп отырған.
Осы кезеңдердегі Сыпатай бидің еңбегін замандастары аса жоғары бағалап, оның тұлғасы ел арасында асқақтап, сүйіспеншілікке бөленеді. Сүйінбай ақын елдің қамын ойлаған Сыпатай бидің қазақ елінің бірлігі мен жері үшін жүргізген саяси, мәмілегерлік қызметін аса жоғары бағалап өз жырында былайша төгілдіре сипаттайды:
Сыпатай дулаттағы ер кісі еді,
Ақылы дариядай көл кісі еді.
Жаныстан өтіп кеткен әзіз Төле,
Сеңкібай, Шойбекпенен тең кісі еді.
Тарихи дерек, тарихи мәлімет, әрі тарихи құжатқа сүйене отырып, Жамбыл бабамыз Сыпатайдың ерлігін таныды, нар тұлғасын көрсететін қасиетінің арналарын сипаттады.
Кімің бар Сыпатайдай төңіректе,
Арғымақ мінгізеді ат керекке.
Ерлігі мен жомарттығы жаннан асқан,
Пайдасы тиіп жатыр күнде көпке.
Кім мақтамас қайырымды ер Сыпатайды,
Дәулетімен ораған Алатауды.
Қанша халық аралап жүрсем-дағы,
Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды.
Сыпатай сияқты ерлер заманында бұрынғы кездердегідей «қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен» елдікті сақтап қалу мүмкін еместігіне көздері жетіп, көршілес елдермен қарым-қатынасты бейбіт жолмен – мәмілегерлікпен іске асыруға күш салды. Осы тұрғыдан алсақ, ХІХ ғасырдағы тарихи құжаттардан белгілі болып отырғанындай, халқымыздың пат­риот азаматтары еліміздің іргесін Ресей, Қы­тай, Қоқан хан­дығы мен қырғыз манаптарымен келіссөз жүргізу арқылы бекемдеп, олар­дың агрессиялық әрекеттерін тежеп, ел-жұр­­­ты­мыздың тіршілігіне қолайлы жағдай туғызуға, қауіп-қатерсіз өмір сүрулеріне күш салды. Бұдан басқа жол да жоқ еді, себебі хал­қымыздың саны да, күш-қуаты да, әлеумет­тік, экономикалық әлеуеті де әлсіз еді.
Қоқанның ханы Құдиярға айтқанын мы­сал­ға келтіріп көрелік.
Әй, Құдияр,
Саудагер болсаң сатарсың.
Қасап болсаң соярсың,
Райымнан қайтпаймын,
Қалыңдық басы бір тіллә,
Беремін деп айтпаймын.
Өмірі алтын көрмеген,
Малдан басқа білмеген,
Кедей қайдан табады, – деп салық төлеуге мұршасы келмеген қазақ кедейлеріне өжет те әділ Сыпатай араша түседі. Батырдың ханға айтқанынан сол дәуірдегі халықтың ауыр тұр­мысы көз алдымызға келеді.
Қоқан хандығы байырғы тұрғындарды алым-салықтан, зекет салып тізеге басудан көз аштырмады. Олар өздерінен басқа қуатты да құдіретті де күш жоқтай сезінді. Осы кезеңде еліміз солтүстіктен Ресей патшалығының отарына айналса, оңтүстік жақтан Қоқан хан­дығының жосықсыз езіп-жаншуына түскен қазақ халқы екі өкпесінен бірдей сығымдалған күй кешті. Басқыншылар қанаудың неше алуан түрлерін алып келді.
1860 жылы Қоқанның ханы Құдияр: «Вер­ныйға жорыққа шығам, айналасындағы қазақтарды қаратып алам, қаржы бөліп, қол жина, қосыл» дегенде, Сыпатай: «Ондағы өз ағайындарыммен атыспаймын, шабыспай­мын» деп елін көшіріп алып кеткені белгі­лі. Бұл Ресей патшалығы мен Қоқан хан­ды­ғы­ның арасында болар айқастан, яғни екі бір­дей басқыншыдан өз елін бекер қырғынға ұшы­ратып алмас үшін, елге қамқор болған азамат Сыпатай бидің парасаттылығы, даналығы мен ерлігі еді.
Қайырымы қарашаға сондай жақсы,
Қандырар сусындатып қант пен шайға.
Байлық, бақыт тек оның ерлігінде,
Ерлікпен ел намысын берді кімге?
Міне, осындай алмағайып жағдайда ­Сыпатай батыр қалайда қан-қасапқа жол бермеу жағын ойлады, елді босқа қырып алмау амалдарын қарастырды.
Сыпатай батырдың ерлік істері белгілі ақын Шырын Мамасерікованың «Сыпатай» атты поэмасында да жырланады. Сыпатай батырдың қырғыздың батыры Бәйтікпен бірігіп Қоқан ханының озбырлық әрекетіне қарсы соғысқанын жырға қоса отырып, «Өзенге айналдырды көп бұлақты…» деп халыққа пана болғанын, даңқы Аспараға, бүкіл Ұлы жүзге әйгілі болғанын тебірене жырлайды. Сыпатай батырдың ерлік пен өрлікке толы бейнесі өскелең ұрпақ жадында сақталады.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Төлеп

    Хан Кенені қайда қоямыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.