Жорға дуадақ

Дуадақтар – құстардың тырнатектестер тобына жатады, өйткені олардың шығу тегі тырналарға ұқсас болып келеді. Кейбір биолог-ғалымдар дуадақтарды өз алдына жеке отряд деп те санайды. Олардың сыртқы түрі тауықтарға ұқсас болып келеді. Қазіргі кезде дуадақтардың 11 туысқа жататын 24 түрі дүниежүзінің түрлі аймақтарында таралған.

Дуадақтардың Қазақстан аумағында дуадақ (Дрофа-Otis tarda), жорға дуадақ (Дрофа-Красотка-Chlamydotis undulata), безгелдек (Стрепет-Otis tetrax) деген 3 түрі кездеседі.
Бұл құстың дене тұрқы ірі немесе орта­ша тұлғалы болып келеді. Олардың үш сау­сақты аяқтары біршама ұзындау әрі мық­ты, құрлықта жүруге және жүгіруге жақ­сы бейімделген. Дуадақтардың мойны жіңішкелеу, басы кішілеу болады. Олардың қауырсындарын майлап тұратын құймышақ бездері болмайды. Қауырсындары түлеген кезде ұсақ ұнтақ тәрізді болып түседі. Қатты нөсерлі жаңбыр жауған кезде немесе кенеттен қарлы аязды күндері дуадақтардың қауырсындары денесіне жабысып, жақсы жүгіре де, ұша да алмайды. Дәл осындай кездерде дуадақтарды оңай ұстап алуға болады.
Дуадақтардың қораздары мен мекиенде­рінің жұп құруында да, өздеріне тән ерек­­­шеліктері болады. Бұл кезде қораз­да­­ры түрлі түсті қауырсындарын ерекше құ­былтып әртүрлі қимылдар жасап би­лей­­ді. Осындай «билері» арқылы дуадақ қораздары мекиендерін жұп құруға ынталандырады. Оны «күйойнақ» деп атайды. Қораздары құйрық қауырсындарын жоғары көтеріп, қанаттарын қайқайтып, бастарын артқа қарай кекжитіп, мойын тұсындағы қауырсындарын тікірейтіп «билей» бастайды.
Қазақстанда таралған дуадақтардың 3 түрі де жыл құстарына жатады, яғни олар көктемнің наурыз-сәуір айларында ұшып келіп, күздің қыркүйек-қазан айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Елімізде кездесетін дуадақтың 3 түрі де сирек кезде­сетіндіктен және санының аз болуына байланысты Қазақстанның Қызыл кітабына (2010 ж.) тіркелген.
Елімізде кездесетін дуадақтың ерекше бір түріне – жорға дуадақ жатады. Ол құрлықта өте жылдам жорғалап жүгіре алатындықтан, «жорға дуадақ» деп аталған. Оның дене тұрқы орташа, салмағы 1,5-2 келіні құрайды. Дене тұлғасының ұзындығы 65-75, әрбір қанатының ұзындығы 35-40 сантиметрді құрайды.
Жорға дуадақтардың өзіне ғана тән басқа дуадақтардан ерекшеліктері бар. Мысалы, жорға дуадақтың мойнының алдыңғы тұсында шоқтанып орналасқан әрі ұзыншалау болып келетін қара және ақ түсті қауырсындары болады, оны құс «жағасы» деп атайды. Жорға дуадақтың қораздары мекиендерінен ірілеу болып келеді және қораздарының қауырсындары ұзын әрі түрлі түсті болып келуімен ерекшеленеді. Құйрық қауырсындары жалпақ (шаршы пішінді), түсі құм түстес онда жіңішкелеу келген төрт қарақошқыл көлденең жолағы болады.Жорға дуадақтың осы «жағалы» қауыр­сындары қораздарына күйойнақ кезінде ерекше көрік беретіндіктен, оны кейде «әсем дуадақ» (орысша – дрофа красотка) деп те атайды. Жор­ға дуадақ далалы, шөлейтті және шөл­ді аймақтарда құмды жалдардың жиек­терінде жүріп, қауіп төнген кезде құм жиектерінің бойымен ирелеңдеп өте жылдам жүгіретіндіктен, «жиек дуадақ» деп те атайды. Бұл құс сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады.
Жорға дуадақтың арқа тұсындағы жабын қауырсындары қоңырқай-сарғыш түсті болып келеді және онда ұсақ өрнекті қара түсті дақтары- ақшыл байқалып тұрады, қауырсындарының құм түстес болуы, олардың табиғи ортада байқалмауына септігін тигізеді. Оның құрсақ тұсындағы қауырсындарының түсі біркелкі ақшыл-қоңырқай түсті болады. Қораздары жұп құратын кезде мойын тұсындағы ақ және қара түсті шоқтанып орналасқан қауырсындары ерекше ұйпа-тұйпа болып кетеді.
Жорға дуадақ өте сақ құс ,көбіне жерге жақын өте жақсы ұшады. Ол қауіп төнген кезде бірден ұшпай, жер бауырлап, шөптердің және бұталардың арасымен жылдам жорғалап жүгіріп, біраз жерге барған соң жер бауырлап тығылып жатады. Жорға дуадақ жылдам жорғалап жүгірген кезде оның сұлбасы жүгіріп бара жатқан ұсақ жыртқыш аңдарға ұқсайды.
Жорға дуадақ Африка құрылығының солтүстік аймақтары мен Азияның оңтүстік өңірлерін мекендейді. Сонымен қатар, ол Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс алқаптарындағы далалы, шөлейтті және шөлді аумақтарында 48-49 солтүстік ендіктерге дейінгі аймақтарда кездеседі.
Елімізде жорға дуадақ Бетпақдала, Торғай, Балқаш, Тарбағатай, Зайсан, Жайық және Үстірт өңірлеріндегі сортаңды құмды жерлерде көбірек кездеседі.
Ғалымдар жорға дуадақтың дүние­жүзінде 2 түрлі тармағы бар деп есептейді. Соңғы жылдардағы жан-жақты ғылыми зерттеулер бойынша ғалымдар жорға дуадақтың 2 түрі бар деген қорытынды жасап жүр. Оның бірі – солтүстік африка жорға дуадағы, ал екіншісі – азия жорға дуадағы деп аталады. Азия жорға дуадағының ең көп таралған жері Қазақстан аумағы болып саналады, яғни дүниежүзіндегі азия жорға дуадағының 80 пайызы біздің өлкемізде кездесетіні анықталған.
Жалпы, дуадақтардың еті дәмді бол­ған­дықтан, ерте кездерде көптеп ауланған­дықтан, олардың саны азайып кеткен. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде далалы аймақтарда дуадақтардың тіршілік ететін табиғи орта жағдайлары та­рылып, таралу аумақтары азайғандығы да анықталып отыр.
Дуадақтардың тыныс-тіршілігіне байланысты қазақ халқында ұлттық ұғымдар мен тұжырымдар көптеп кездеседі. Мысалы, «құс кербезі – дуадақ», «шөлдің сәні – дуадақ», «дуадақ билейді», «дуадақтай үлкен», «топ дуадақ, ендеше топ дуадақ, топ дуадақ жайылар көк қуалап» және т.б. Мұндай құнды ұлттық ұғымдар мен тұжырымдардан қазақ халқының өз өлкемізде таралған құстар жайлы аса құнды деректерінің әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор екендігін байқауға болады.
Дуадақтарды қорғау шаралары алғаш рет 1977 жылы Біріккен Араб Әмірлігіндегі, Аль-Айн хайуанаттар бағында осы елдің тұңғыш президенті Шейх Заид Бин Султан Аль Нахянның тікелей бастамасымен ұйымдастырылып, 1982 жылы алғаш рет қолдан дуадақтың балапаны жарық көрді. Дуадақтарды қорғаудың Халықаралық Қоры алдағы уақыттарда барлық халықаралық желісі арқылы жылына 50 000 дуадақты қолдан өсіріп, табиғи орта жағдайларына қайта жерсіндіруді басты міндет етіп қо­йып отырғандығын атап айтуға болады. Маңғыстау өңірінде таяу арада 2 600 000 гектар алқапты қамтитын Маңғыстау мемле­кеттік зоологиялық қорықшасын ұйым­дастырып, оған қамқорлық жасауды Біріккен Араб Әмірлігіне беру мәселесі қолға алынбақ. Мұнда негізінен дуадақтардың санын көбейту шаралары көзделуде.
Еліміздің әрбір табиғат байлығы біздің ұлттық әрі мақтанышымыз, әрі ұлттық байлығымыз екендігін ешуақытта естен шығармауға тиіспіз. Оларды аялы алақанмен көздің қарашығындай қорғау ұлттың әрбір азаматының абзал борышы және перзенттік парызы!

Рысбай СӘТІМБЕКОВ,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.