Жайнасын жаңа жылың, жарқын тойың

Наурыз – жылдың басы!
Көктем басы!
Ежелден оған куә – өткен ғасыр.
Ақ шуақ – адамзаттың мейірімі де,
Ақ жаңбыр – табиғаттың төккен жасы.

Наурыз – мұсылманның бір белеңі,
Наурыз – арулардың гүл-желегі.
Жер-Ана жасарғандай, жаңарғандай,
Бұл күні ғажайып бір түрге енеді.

Наурыз – құт-береке, ұлыс күні,
Ұлыс күні – халқымыздың тыныштығы.
Қазақтың аспанында желбірейді,
Тәуелсіз еліміздің күміс Туы!

Наурыз – адамзатқа не береді? –
Бұл айда күн менен түн теңеледі.
Жер көктеп, ағаш гүлдеп жайқалады,
Болады кемпір-шалдар – немерелі.

Қой қоздап, қошақандар маңыраған,
Жайлауды толтырады – қаңыраған.
Ақ қанат махаббаттар отау тігіп,
Әр үйдің шат қылады шаңырағын.

Наурыз – әрбір үйге еркін кіріп,
Жүреді жан біткенді – желпіндіріп.
Табысып, танысады – үлкен-кіші,
Бір-бірін туыс қылып,
төркін қылып…

Бұл күні барша халық сауық құрып,
Санадан жоғалады – қауіптілік.
Жасартып жан біткенді жібереді,
Көктемнің ақ жаңбыры жауып тұрып.

Жайылып ақ дастарқан –
қонақасың,
Қамқоршы бір-біріңе, бол Алашым.
Жайнасын жаңа жылың,
Жарқын тойың,
Жаныңа еш жамандық жоламасын!

Мақсұт Неталиев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.