«Өркениет» деп өзеурей бермейік

Мырзан Кенжебай

Қазіргі  кейбір қазақтар өздерін  мәдениеттің шыңына  шыққан, өзбек, қырғыз, тәжік,  түркмен,  әзірбайжан  сияқты көршілес түркі халықтарының  ішіндегі ең озығымыз деп  есептейді. Ол ол ма, мәдениет деген сөздің өзі  бүгінгі қазекемдердің тақиясына тар келіп, енді «өркениеттіміз» деген сияқты адамның  тұла бойында қызармаған жер қалдырмайтын ерсілікті айтатын болды. Олар оны неге сүйеніп  айтады  дейсіз бе? Тыңдаңыз.  Оның ең  күлкілі жері сол, бүгінгі қазекем егер  бір-бірімен  немере-шөбересімен орысша сөйлессе де, ақша  төлеп балаларын ағылшынша оқытса да, етті шанышқымен  жесе де,  қымыз бен шұбаттың орнына сыра ішсе де  өздерін ең мәдениетті, ең өркениетті отбасының адамдарымыз деп ойлайды.

Қазіргі қазақ орыстар мен батыс еуропалықтар не істесе соны іс­те­сек, солардың ішкенін ішіп, жеге­нін жесек, не біреу бауыз­дап жатқандай өкіріп-бақырған жын­шақырысын тыңдап отырсақ, әрі мәдениетті, әрі өркениетті болғанымыз деп біледі. Оны айтасыз, кейінгі кезде Еуропа деп әбден есінен айырылған қазақтар біз еуропалық ұлтпыз деп, енді біреулері еуразиялықпыз деген сияқты сөздерді жиі айтатын болды. Бұлар қазіргі қазақ жастарын ұлтсыздандыруға, ұлтының атын атамауды үйретуге жан сала жұмыс істеуде. Қазақстанда бірнеше жылдан бері шексіз еркіндікпен, тіпті басымдықпен жүргізіліп келе жатқан бұл сойқан жұ­мыс қазір дегеніне жетіп те қалған сы­ңайлы. Қазір қазақ қыз-жігіттерінің қанында да, тәнінде де, жанында да мен қазақ елінің қожайынымын, мен қазақ деген ұлтымды мақтаныш етейін деген зәредей сезім қалмай барады. Оларда қазір мына Қазақстан Рес­публикасы деп аталып жүрген Қазақ Елі осында ақша, байлық іздеп келгендерге де, қашып-пысып келген қаңғыбастарға да ортақ деген ұғым қалыптасқан. Қазақ қыз-жігіттері сол келімсек атаулыны түгел бауырым деп білуге тәрбиеленуде. Ал қазақтар үлгі тұтатын, Ресейде бірнеше жүз ұлт өкілдері тұрса да бүкіл Ресейдің иесі орыс, бұл орыстың ғана мемлекеті деп үйретіледі.
Бүгінгі қазақ өзі аузынан тастамайтын «өрке­ниет» деген сөз қару-жарағы күшті, жер бетіндегі толып жатқан мем­ле­кеттердің байлығын не қулық-сұм­дық­пен, не күшпен тонау арқасында бай­лыққа белшесінен батқан алпауыт елдердің басқа елдер мен басқа ұлттарды не ұлттық белгісі жоқ не ұлттық санасы жоқ, не ұлттық намысы жоқ не ұлттық мемлекеті жоқ жай бір тобырға айналдыратын басты құралы осы «цивилизация», «өркениет» екенін де білмейді. Біле-тұра сондай тобырға саналы түрде айналуды көздейтін қазақтар да көп. Ал қай ұлттың да өзін аман сақ­тауы­ның басты нышаны үстіне киген ұлттық киімінен көрініп тұ­рады. Иә, ұлттық киім дегеніміз үлкен саяси ма­ңызды фактор. Мысалы, көршілес Өзбек­стан, Түркменстан, Тәжікстанда, анау Да­ғыс­­тан және басқа кавказдық ұлттар өз елінде, Ташкент, Астана, Ашхабад сияқты орталық шаһарларында көшеде кемпір-шал түгіл, қыз-жігіттер ұлттық киімін киіп жүреді. Кішкентай сәбилері де солай. Ол мемлекеттер сол үшін аш­тан қатып, көштен қалып жатқан жоқ. Қайта оларға барған адам мынау тек өз­бектің, мынау тек тәжіктің, мынау тек түркменнің мемлекеті екен-ау деп әр адымын ашқан сайын амалсыз есіне түсіріп тұрады.
Бірнеше ғасыр ағылшынның отары болған Үндістан, яғни үнділер қанша аш-жалаңаш қал­­са да үстінен ұлттық киімін тастаған жоқ. Қай ұлттың да ұлттық намысқойлығы, ұлттық ар-ожданын, қысқасы ең әуелі өзімнің ұлттық бет-бейнемді сақтайын деген саналылығы да немесе керісінше көрінгеннің көңілін табамын деп анаған да, мынаған да жәреукеленетін қылығы сол ұлтты, сол елді басқарып отырған басшылардың намысқойлығы мен намыссыздығына, яғни саналы, санасыздығына байланысты. Бұл әлдеқашан дәлелденген. Бұндайда бүкіл қазақты еліктегіш деп кінәлау да кейбір сұрқиялардың ойдан шығарған бәлеқорлығы. Бүкіл Үндістанға патшайым болған Индира Ганди небір алпауыт мемлекеттердің өкіл­дерімен кездесуге де сариін кимей бармайтын. Тек қана Махатма Ганди емес, Джавахарлал Неру, Лал Баһадур Шастри де барған жерінде ұлттық киімін тастаған емес. Қарашы халық қашанда үкімет пен өкімет басындағылардың саясатының жетегінде жүретіні рас. Кешегі Кеңес заманында Өзбекстанды, Түркменстан, Тәжікстанды басқарғандар ұлтым десе жүрегін суы­рып беруге даяр азаматтар еді. Олар сол кездің өзінде-ақ қол­дан келгенше ұлттық республика жасауға ты­рысты. Соның бір ғана нәтижесі мынау: сол кезде Ташкенттегі, Ашхабадтағы, Душанбедегі жоғары оқу орындарының шәкірт жігіттері мен бойжеткендері аудиторияда ала тақиясы мен басындағы орамалын шешпей отыратын еді. Ал бұл кезде Қазақстан басшылары елдегі қазақ мектептерін жаптырып, ата-анасының бейітінің басында құран оқыған қазақтарды партия мүшелігінен шығарып, қызметінен айырумен айналысты. Сол заманда бейіттің басында құран оқу кезінде жалаңбас отырғандарға марқұм, белгілі режиссер, актер Асқар Тоқпанов айқай салып, қатты ұрысқанын көргендер бар. Бірақ о дүниелік болған мұсылманның бетін ашып қойып, қарына қызыл шүберек байлаған жалаңбас шалдардың «құрметті қарауыл» болып тұрғанын талай көрдік. Қазір олар қарына жасыл шүберек байлап, жалаңбас тұратын болды.
Осыдан бірер жыл бұрын Маңғыстау об­лысындағы бір ауданның басшысы қоғамдық орындарға, қызметке әйелдердің омырауын ашып, санын жарқыратып келуіне тыйым салып еді. Әуелі орыс газеттері шу көтеріп, оған орысша жазатын қазақтар қосылып, әлгі басшыны талап тастады. Бір ұлттың адамдарының үстіне кез келген басқа елдің алабажақ киімін кигізіп, ол үшін дүкендер мен базарларды адамның репетін алатын сол киімдерге толтыру арқылы да сол ұлтты санасыз, намыссыз ұлтқа айналдыруға болады екен. Оны осы күнгі сондай киім киген қа­зақ­тардан анық аңғаруға болады. Иә, ұлтты да аман сақтаудың, басты жолы оның тілін сақтау десек, бұл орайда ұлттық киімнің де алар орны ерекше. Өткен жылы Францияда тұратын мұсылман әйелдерінің қоғамдық орындарға ұзын көйлегін киіп, басына орамалын тартып баруына тыйым салынды. Қазақ басшылары орысша сөйлеп, орысша ішіп-жеп болып, енді французға айналғалы жүр ме кім білсін, басына орамал тартқан қыздарға «немене, бәрің бірдей молда болып кеттіңдер ме?» деп ұрысқанын да көрдік. Егер солар әуелі өз қазағын сүйетін, қазақы ата-ананың тәрбиесін көрген басшылар болса қайта, міне, ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртатын, ұлттық тәрбиені үлгі ететін болашақ аналар осы қыздар, солардан ұлттық дәстүрді үйреніңдер дер еді ғой. Әйел­дің жалаңбас жүруі исламда да, христиан, буддада да күнәһарлық Қазір қазақтар күндіз-түні көріп отырған телеарналардағы сайқымазақ телешоулар, өтірік пікірталастар, бас-аяғы жоқ сериал­дар, балаларға арналған еуропалық, америкалық мультфильмдер түгел қазақты не қазақ емес, не мұсылман емес әлде­бір белгісіз ман­лұқатқа айналдыруға арналған. Қазір қазақтың рухы мықты болу үшін ол өз мәдениетінен, өз ұлттық белгісінің бірі ұлттық киімінен, ұлттық тағамынан ажырап қалмауы керек. Қазір қазақтарға «өркениеттілік» ұлттық намыстан басталатынын түсіндіруге кірісуіміз керек.
Қазекең телеарналар­дағы кешегі «Наша казаша», бүгінгі «Ауылбай ТV», т.б. бағдарламалардың бүкіл қазақты мазақтап жатқанын түсінуге де санасы жетпейтін сияқты. Әрине, бүтін бір ұлтқа не олай деп, не бұлай деп баға беруге біздің хақымыз жоқ. Бірақ ашығын айтсақ, бізде 22-23 жылдан бері қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін некесіз баладай дүбәраландыру, еуропаландыру саясаты жедел жүргізіліп келеді. Ал мұндай саясат арқылы ұлтты өз мәдениетін, өз өнерін қадірлемейтін санасыз, намыссыз, ұлтқа айналдыру оп-оңай екенін көріп жүрміз. Ал ара-тұра 7-8 қатын-қалашқа кимешек, кәжекей, камзол кигізіп «әгугәй-әгугәйләтіп» қалауыш, сырмақ, текемет бастырып, үстіне қымбат шапан киіп, мойнына галстук тағып тазы ертіп, бүркіт салуға кетіп бара жатқан салт атты шалды теледидардан көрсету қазақты алдарқату ғана. Ал қазақтың бүгінгі әндеріне, ән деуге болмайтын, ара-тұра «жаным», «жүрегім», «махаббат», «өзіңе арнадым», «арман адастырмай қоя тұр», «қыздар, қыздар» деген сияқты бір-бірімен байланысы жоқ дыбыстарды ән деу, оны өзі шығарып, өзі орындайтындарды сазгер, екі-үш адамнан құралған топтарды әншілер, өнерпаздар деуіміздің өзі біздің ұлттық санамыздың, ұлттық мәдениетіміздің қаншалықты құлдырағанының айқын дәлелі. Ал осының себе­­бі неде екенін біз білеміз бе? Біріншіден, біз­дің мәдениет білгірлері әп дегеннен кеңестік ин­тернационалдық мәдениетті бүкіләлемдік-интер­националистік мәдениетке жалғастыруда. Бұл Қазақ­станды баяғы ұлттар достығының зертханасына, тәжірибе алаңына айналдырудан да қатерлі. Әсіресе, қазақ үшін қатерлі. Бұл – қазақты ұлтсыздандыру саясаты. Оның қазақ үшін қатерлі дейтін себебіміз Қазақстанда тұратын орыстың –Ресейі, украинның – Украинасы, белорустың – Беларусы, немістің – Германиясы, корейдің – қос Кореясы, тағысын-тағылар бар. Міне, қазіргі әулекі ән, «қазақ элементтері кездесетін» «Қамажай-дэнс» дегендер, кейіпкерлері ұлттық сана-сезімнен, ұлттық дәстүрден, ұлттық ар-намыстан жұрдай, тілі аралас-құралас кинолар осының, қазақты ұлтсыздандыру саясатының «жемісі». Ал біздің мемлекет басындағы «еуропалық мәдениетшіл», «америкашыл», «глобализатор», «современный» шонжарлардың көпшілігі ұлттық өнерден, ұлттық мәдениеттен сусындап өспегендер. Жастайынан Құрманғазының «Сарыарқасын», «Кі­сен ашқанын», «Қайран шешем», «Көбік шашқанын», Қазанғаптың «Көкілін», «Домалатпайын», Абайдың «Айттым сәлем Қаламқасы» мен Мұхиттың «Айнамкөз», «Зәурешін» тыңдап, түсініп өспеген шонжарда қазақтың рухы, әуелі өз қазағыма қызмет етейін деген ұлттық намыс болмайды. Өзінде болмағасын басқаға үйретуге оның дәрмені жоқ. Олардың осындай ойсыздығының кесірінен Қазақстан телеарналарындағы көрсетілімдерді қазақтың ұлттық мәде­ниеті мен өнеріне күндіз-түні шабуыл жасалуда деуге толық негіз бар. Ал 4-5 адам қосылып топ құрып, әншіміз деп ақша тауып жүргендерді, «Суперстарда» жеңімпаз атанғандарды, ұлттық өнерге деген талғамы тозып кеткен көрерменнің керемет деп жүрген топтарын ұлттық өнердің жетістігі деу үл­кен қате. Өйткені мәтіні қазақша болғанымен, әуенінде қазақ өнеріне тән ерекшелік анық байқалып тұрмайтын, домбыра қағысының өзі сабалау немесе бір ішекті тыңқылдату, үш түрлі дауыспен ән салу ұлттық өнерді дамыту емес.
Мұның бәрі айтылмай жүрген дү­ния емес. Бірақ біздің атқамінерлер қазақтың зар-мұңына құлақ түрмеуді әдетке айналдырды. Теледидар мен радиодан ағылшын тілінде өлең тыңдатып қойып, жас ұрпақтың миын улауға жол ашып отырғандар да солар. Ешбір соцлингвистикада жоқ «үштұғырлы тіл» дегенді ойлап тауып отырғандар да қазақша сөйлемейтін қазақ басшылары. Егер Елбасы өз Жолдауын тек қазақ тілінде жасап, оны теледидар мен баспасөз орысшаға тәржімаласа, бұлар қайтерін Құдай біледі. Айтпақшы, Гер­манияның парламенті неміс мәде­ниетін, неміс ті­лін қорғау дегенді қол­ға алып, заң қа­­былдады. Оларда бізде­гідей ресми тіл, мемлекеттік тіл деген жоқ. Бәрі тек не­міс тілінде ғана.. Сондағы олардың бар қорқынышы елге ағылшын тілін, басқа елдер мәдениетін кіргізбеу ғана. Қазақтар үштұғырлы тілге көшеміз деп, тілі жаңа шығып келе жатқан сәбиіне ағылшын, қытай, орыс тілдерін үйретуі керек дегенде, ең алдымен өзіміздің ана тіліміздің болашағын ойлау керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. оразбек

    Менің айтарым-алдымен ақпарат көзіне молырақ назазр аударған жөн. Телевизордан сөйлегенде: екінші мамыр дейді, неге мамырдың екісі емес ,Әлде жылда 31 мамыр бар ма, Тағы: Қайда бармасаңызда,Не көрмесеңізде /мысал/ орысшаның түп аудармасы.ҚАЙДА БАРСАҢЫЗДА. бармасаң неңді көресің.Не правительственный- үкіметтік емес/Какой бедный язык.?/Бей,тыс немесе қоғамдық деп неге айтпасқа. Қазақшаға шорқақ жоғарыдағылардың өздері шорқақ аудармашылары бар/коррупция десе болады/ Сол өздерінің тар тіл білімдігінен шығалмай жүргені.

  2. Баке

    Мырзанның уәжіне алып-қосарым жоқ. Не істеу керек….

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.