«Тегі жақсының – өзі жақсы»

Бұл азамат Жезқазған қаласында тұрады. Негізгі  мамандығы –инженер-құрылысшы. Сүйікті кәсібі – ұсталық, домбыра жасаудың  хас шебері. Өнер мен бизнестің тізгінін  қатар ұстаған кәсіпкердің басты мақсаты – болашақ ұрпаққа  қазақтың қара домбырасын өзінің табиғи қалпында және ұлттық  нақышында аманат ету.

Басқасы басқа, қазіргі заманда ата-ба­балары­мыздың ежелгі кәсібі – ағаш ұста­лығын ұстап, оны терең дамытып жүрген кәсіп иелері өте сирек кездеседі. Ал домбыра, басқа да ұлт аспаптарын түрлі ағаштан жонып, келісті етіп жасайтын шеберлер саусақпен санарлықтай. Біздің әңгімеміздің кейіпкері Сарбас Жүнісов те сондай сирек­тердің бірі. Бұл да оған Тәңірдің берген бір үлкен сыйы шығар?! Шынында да, дом­быра жасау – әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан атадан балаға мирас болған домбыраны қастерлеп, оны халықтың қәдесіне жаратып жүрген Сарбастай азаматтардың еңбегін жарқырата көрсеткеннің еш артықтығы жоқ.
Біздің қазақ «Тегі жақсының – өзі жақсы» дегенді тегін айтпаған. Қысқа әрі нұсқа айтылған бірауыз сөзде қанша мағына жатыр десеңізші! Сарбастың да арғы аталары сол тектіліктің қадір-қасиетін істерімен де, сөздерімен де дәлелдеген халыққа белгілі кісілер болған. Солардың бірі – Созақ өңі­­ріне әйгілі қобызшы, ұста әрі құсбегі Үр­міз ақсақал жөнінде ел аузында жа­ғымды әңгімелер көп. Соның бірін айта кетейік.
…Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов ке­зінде Оңтүстік Қазақстан облысына барған бір сапарында Үрміз ақсақалмен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құр­ған екен. Ол ауыл ақсақалының өнеріне, қонақжайлылығына дән разы болады. Атақты жазушыны Үрміз ақсақал да құр жібергісі келмей құсбегілердің салты бойынша Мұхаңа қыранның екі балапанын сыйға тартыпты. Бұл оқиға туралы кезінде бірқатар жазушылар қалам тербеген де көрінеді. Сарбас бұл әңгімені бізге өткен жылы Жезқазғандағы үйінде болғанымызда сыр етіп шерткен-ді. Негізінде негізге тартпайтын нәрсе болмайды. Ұсталық қасиет оған Үрміз атасынан дарыған.
Сарбастың өмір жолы қазіргі жастар­ға өнеге боларлықтай. Ол жастайынан еңбексүйгіш, елгезек, тындырымды бала атанып өсті. Бір белгісіз күш оны шеге қа­ғып, ағаш, тақтай жонуға еріксіз итерме­леп тұратын. «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» дегендей, мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ домбыра тартып, ән айтып, көр­кемөнерпаздар үйірмесі ұйымдастырған мәдени шаралардан қалыс қалған емес. Басқа пәндерді үлгеріп оқумен қатар, еңбек пәніне деген ынта-ықыласы ерекше болды. Ағаш сүргілеп, темір жонудан, олардан түрлі бұйымдар жасаудан алдына жан салмады. Ұстаздарының өздері оның бұл бейімділігіне та­ңырқайтын. Сөйтіп, ол үй тұрмысына қажетті ұсақ-түйек бұйымдарды өз қолымен жасап шы­ғаруға тез машықтанып алды.
Дүниеде атамекеннен артық қасиетті не бар?! Оның шапағатын тілмен айтып же­­ткізудің өзі мүмкін емес. Өміріне нәр, көңіліне сән беріп, өзін өнерге қанат­тандырған, ата мұрасына адалдыққа баулып, баураған көне Созақ даласының құнарлы топырағы емес пе?! Өз елінде Сарбасқа жайлы қызмет те табылған, абыройсыз да емес-тін. Осында жүріп Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Урмузов сынды халық композиторларымен етене қарым-қатынаста болды. Олардан Ықыластың, Сүгірдің, Жаппастың күйлері жайлы ғажап сырларға қанықты.
Сарбастың есімі қара домбыраның арқа­сында Қарағанды облысының Ұлытау, Жезді, Қарсақбай, Жәйрем, Қаражал, Жаңаарқа, т.б. өңірлеріне кеңінен танылады. Оның ең басты себебі – домбыра тартпайтын қазақ баласы жоқ. Жезқазған болса, өнерлі өлке. Мұнда жыл сайын дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі, ақындар айтысы, түрлі байқаулар, қолөнер шеберлерінің көрмесі өтіп тұратын. Жарықтық Жақсыкелді мен Шынболат жүрген жер – сұлу ән мен жырдың оттан түспейтін ыстық қазаны іс­петті. Өңірде халық аспаптары оркестрінсіз ешқандай мәдени шара өтпейді. Бір ғана Жезқазған қаласының өзінде қазақ музыкалық-драма театры, филармония, университет, бірнеше колледждер мен ондаған кәсіптік-техникалық лицейлер, өнер мектебі, Оқушылар сарайы жұмыс істейді. Олармен де Сарбас тығыз байланыс орнатқан.
Жезқазған қаласында бір кездері Мәде­ниет және Ауыл жылдарының шеңберінде халық шығармашылығын кеңінен насихат­тау мақсатында қолөнер шеберлерінің көрмесі жиі ұйымдастырылып тұрды. Бірде Сарбас Жүнісовтің ұлт аспаптары көрмесін тамашалауға қаланың құрметті меймандары, еліміздің көрнекті өнер қайраткерлері Ілия Жақанов, Ақселеу Сейдімбеков және Секен Тұрысбеков келеді. Олар келген бойда көрмеге қойылған ұлт аспаптарына назар аударады. Әсіресе, самсап тұрған қазақы домбыралардың маңына ұзақ аялдайды. Меймандар әлгі домбыралардың бірқатарын кезек-кезек тартып та көреді. Үшеуі де домбыра шертудің шеберлері емес пе?! «Мұның иесі кім?!» дегенде, көп ішінен суырылып шыға келген Сарбасқа бұлар мейірлене қарап, дүйім елдің көзінше оған шын көңілдегі алғыс сезімдерін жаудырған.
Өз еңбегінің зейнетін, жемісін көру – әр адамның асыл мұраты. Сарбас бұл ісінің жемісін көріп те келеді. Талай көрмелердің қорытындысында лайықты сый-құрметке бөленді. Облыс орталығы Қарағандыда өткен «Шебер – 2010» халық шығармашылығы және қолөнер шеберлері бұйымдарының алғашқы байқауында жеңімпаз атанып, Жезқазғанға үлкен қуанышпен оралғаны да бар. Сонда ол байқаудың сөресіне өз қолынан шыққан домбыралармен қатар, қылқобыз, прима қобыз, шертер, бас домбыра, контрабас домбыра, тоқылдақ, шіңкілдек, сылдырмақ, тайтұяқ сияқты ұлт аспаптарын да самсатып қойған еді.
Сарбастың шеберханасында өзі, әйелі Шайзада және туған жиені Мұхтар ­Тасыбаев пен кенже баласы Сәкен Жүнісов бірге жұмыс істейді. Бәрі де өз істеріне әбден машықтанған. Сарбас жиені мен ұлын бұл кәсіпке кішкентай күндерінен баулыған. Екеуі де ұстаздарының үмітін ақтауға тырысып жүр. «Балалы үй – базар» дегендей, Сарбас пен Шайзада өздері тәрбиелеп өсірген төрт ұл, екі қыздан жеті немере сүйіп отыр.

Ибрагим Бекмаханұлы,
Қазақстан Жазушылар
одағынын мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. оразбек

    Менің айтарым басқа тақырыпта. Мамырдың 29да ТВ Планета земля деген көрсетілімде Нурыз көжетуралы айтты. ЧЕРВЯК жегізіп қойды қазаққа, жегізген қазақ-ақсақал.Ал енді жабайы емес екніңді ақтап көр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.