Бесіктен неге беземіз?

Бүгінде ғылым мен техниканың қарыштап дамуының арқасында адам өмірін барынша жеңілдететін заттар күн санап артып отыр. «Алма піс, аузыма түстің» кейпіндегі біздердің сырттан келген жаңа дүниенің бәрін де жатсынып, жатыр­қамай қабылдап жа­татынымыз тағы бар. Сондай адам өмірін жеңіл­детіп отыр­ған та­уар­­дың бірі – бір реттік жая­лықтар. Яғни «памперстер». 

XX ғасырдың орта шенінде пайда болған бір реттік жаялық­тарды Виктор Миллз деген аме­рикалық өнертапқыш ойлап тапқан. Химиялық технология саласы бойынша отыз бес жыл «Procter&Gamble» компаниясын­да жұмыс істеген ол зейнетке шығып, қартайған шағында жиен немерелерін бағуға мәжбүр болады. Баланы бағуда қайта-қайта бүлінген жаялықтарды жуудан қиналған қарттың санасында «қайта-қайта жумай, қоқысқа тастай беретін жаялық неге ойлап таппасқа?» деген ой ұшқын береді. Балаға деген қамқорлықтан емес, баланы күтуші адамның өмірін жеңілдету мақсатында ойлап табылған В.Миллздің бұл жаңалығы «Procter&Gamble» компаниясының өнімі ретінде шыға бастайды. Ал бүгінгі күні сол бір реттік жаялықтар сан түрлі компаниялардан әртүрлі сапамен көптеп өндірілуде. Жарнамасы бір-бірінен асып түсетін мұндай жаялықтардың балаға аса зиян екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Десек те, мұны бүгінгінің көкірегі ояу, көзі ашық жұрты жақсы білсе де, оған деген сұраныс артпаса кемімей тұр. Бір реттік жаялықтың қонаққа барғанда немесе жол жүрген кезде пайдалануға өте ыңғайлы екеніне сөз таластырудың қажеттілігі аз, әрине. Мәселе сол бір реттік жаялықтарды бүгінде күні-түні үзбей қолдануды әдетке айналдырғанымызда болып тұр. Баланың бүкіл денесінің 30 пайызын қымтап тұратын аталмыш өнімнің әкелер залалы жайын­да шетелдік ғалымдар айтып жүр. Олардың айтқанына сүйенсек, бір реттік жаялықтар үшін қол­да­нылатын шикізаттардың құра­мын­дағы химиялық қосылыс­тар целлюлозадан, полиэтиленнен және шеттеріндегі жұқа ре­зең­келер – полипропиленнен тұрады. Жаялық аппақ қардай болуы үшін ағартқыштар, тәтті иіс шығып тұруы үшін иістендіргіштер де қо­сылатынын айтады. «Бір реткі кіші дәреттен соң, түзілетін гель тәріздес заттан ауа өтуі мүмкін емес. Сұйықтықты гельге айналдырып, баланың бұтын үнемі құрғақ ұстап тұратын химикат, ол – целлюлоза. Ол гидрофильді қаптамамен қапталған аса күшті сорғыш қабат. Абсорбент ретінде нат­рий поликрилаты қол­данылады. Бұл химикатты 1985 жылдан бастап, медицина саласында қолдануға әлемдік денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған» дейді химия ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Мөлдір Дүйсебаева. Әсіресе, сәбиді болашақта белсіздік пен бедеулікке апаратын улы зат «трибутилен» адамның иммуналдық жүйесіне де қатты әсер етеді екен. Бұрын аналарымыз таза мақта-маталарды жаялық етіп пайдаланған, оны жуып, үтіктеп қана қолданған. Ол бала денесіне өте жағымды әрі жұмсақ, ең бастысы – қауіпсіз саналған.

Бесік — нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Бесіктің жер бесік, аспалы бесік (әлпеншек) деген екі түрі кездеседі. Қазақта бесік қасиетті, киелі құтты мүлік болып есептеледі.

(Уикипедия — ашық энциклопедиясынан
алынған мәлімет)

Өкініштісі, сол қауіпсіз таза мақта-маталарды бүгінде ауа өт­кізбейтін, құрамы химиялық зиянды қоспаларға толы бір реттік жая­лықтарға айырбастадық. Таза мақта-мата дегенде, санамызда «бесік» де­ген ұғым сап ете түседі. Бүгінде баласын бесікке бөлейтіндердің саны азайғандықтан, ғасырлар бойы қазақтың киелі затына саналып келген бесікті қазір той-томалақтарда салт-дәстүр, ырымдарды көрсету мақсатында алып шығып, баланы көптің алдында қошеметпен жатқызып, суретке түсіріп алатын, онан соң үйдің бір бұрышында шаң басып тұратын тарихи жәдігерге айналып барады. Дәрігерлердің айтуынша, баланы бесікке жатқызу зиян екен-мыс. Бұрындары, яғни КСРО үстемдік құрып тұрған кезде бесікті «ескіліктің қалдығы» деп қолданыстан алып тастау саясаты жүргізілсе керек. Мұндай ұлтқа қарсы артефакт негізінен меди­ци­налық оқу орындары студенттері арасында көп насихатталған-ды. Тіпті мұғалімдер арнайы тапсырма алып отырған деген де сөз бар. Сол саясат бүгінде өз «жемісін» беріп отыр десек болады. Бүткіл бір ұлт өсіп-өнген қасиетті бесікті зиян деп тапқандарға сөзсіз сеніп жүргендер санының артуы алаңдатады. Ұлы тұлғамыз Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам» деген екен. Иә, Бауыржан атамыздың қорқынышы себепсіз қорқыныш емес. Бүгінде ауылда баланы бесікке шүмексіз бір реттік жаялықпен жатқызатын болса, қалада мүлдем жатқыз­байды деуге болады.
Бесікте ананың әл­диімен тер­беліп өскен баланың тұла бойы таза болады. Ал бір реттік жаялық киіп өскен балалардың өскенде кіші дәретін ұстай алмайтындығын Америка ғалымдары дәлелдеп отыр. Осы ретте ұлт болашағына қауіп төндіріп тұрған бір реттік жаялықтардың, әсіресе ұл балаларға зиянды екендігі дәлелденген. Бүгінде белсіз еркектер санының артуы осыған дәлел. Бесік бір ырғақпен тербелетіндіктен, баланың жүйкесі ауырсынбайды. Бүгінде екінің бірінің жүйкесі тез сыр береді. Бұл құбылыс негізінен жастар мен балалар арасында жиі байқалады. Ал бесік көрген бұрын­ғы­ның кісілері әлдеқайда шыдамды әрі төзімді болып келетіндігі осыған дәлел болса керек.
Бесіктегі баланың қол-аяғы ербеңде­мей, ұйқысының тыныш болатындығы белгілі. Ал ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Демек, баланың ақылды әрі зерек болып өсуіне бесіктің әсері мол. Сонымен қатар бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Халқымызда бесік  сәбиді сырттан келетін кері қуаттан немесе тiл-көзден сақтайды деген наным-сенім де қалыптасқан. Иә, тізе берсең қасиетті бесіктің қадір-қасиетін айтып тауыса алмайсың. Бесікті зиян деп тапқан, халықты салт-дәстүрінен қол үзуге ықпал жасап жатқан арандатушылар бүгінде баланы құндақтауды да дұрыс емес деп шығарды. Перзентханаларда жаңа туған нәрестелерге бірден киім кигізу бүгінде таңғаларлық жағдай емес. «Баланы құндақтамай, бірден киім кигізіп, еркіне қоя беруді біз ойлап тапқанымыз жоқ. Бұл Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының бағдарламасы. Бұл бағ­дар­ламаны еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі енгізген. Бүгінде бүкіл әлем осы бағдарлама бойынша жұмыс жасайды. Оның ішінде біз де бармыз» деді Алматы қалалық перинаталдық және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігер-неонатологы Ақмарал ­Бекдайрова. «Ал бесіктің жақсы жағы жетіп-артылады. Бірақ бүгінде жаңа туған сәбилер көбіне шала не жүйке жүйесінің ақаулары бар болып туатындықтан, ондай балаларға мүлдем бесікке жатуға болмайды» деді дәрігер-неонатолог. Бұрын балаларды туа салысымен құндақтайтын және белгілі бір уақытта, яғни әр үш сағат сайын емізетін болған. Ал бүгінде ДДСҰ енгізген жаңа бағдарлама бойынша жаңа туған нәрестені бірден киіндіреді және емізу уақытына да шектеу қойылмайды. Еуропада пайда болып, бүгінде бүкіл әлем қолдап отырған бұл бағдарламаны ойлап тапқандардың мақсаты – сәбиді туғаннан еркіндікте өсіру. Болашақта осындай әдіспен өскен балалардың мінез-құлқында түрлі өзгерістер болуы мүмкін. ­Жалпы, құндақтау мен бесікке жатқызу-жатқызбау жөнінде дәрігер­лердің пікірі әрқилы. Бірі ДДСҰ-ның әлгі бағдарламасын қолдаса, енді бірі бесік­ке жететіні жоқ деп жатады. Десек те, Еуропа ғалымдарының ойлап тап­қанын дұрыс көріп, жас аналарға құн­дақ­тау мен бесікке жатқызуды дұрыс емес деп ақыл айтып жүргендердің саны басым.
Баланы бесікке бөлеу мен құндақ­тауды зиян деп тапқандардың бір реттік жаялықтардың зиян­ды­ғына көз жұма қарауы таңғалдырады. Дәрігерлер болсын, басқамыз болайық бесікке бөлеудің емес, бір реттік жаялықтардың зияндығын айтып жүрсек, ата-бабамыз «туған жер – алтын бесігім» деп, қасиетті туған жерге балаған бесік бүгінгідей тұрмыстан шеттетілмес еді.

Арна ЖҰМАТАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.