Мен бабаңмын, бабаңмын

Мен бабаңмын, бабаңмын,
Мен нелерді көрмедім,
Мен қай жерде жүрмедім.
Әкей хан мен Жәкей хан –
Мұны көрген бабаңмын.
Шына қыздан туған ұл
Сенің бабаң Шыңғыс хан –
Мұны көрген бабаңмын.
Жасар жасым жасадым:
Бір жүз алпыс жасадым,
Шіркеулі деген шаһарда
Тоғыз ханның сарқытын
Бір мәжілісте асадым.
Бұлар өтіп кеткен соң,
Хан Шыңғыстың кезінде,
Бұ жалғанның жүзінде
Он бір патша бар еді;
Еділдің құбыла жағында,
Ханның алтын тағында
Он бір патша болды опат.
Он бір патша алдында
Қобыз алып сөз сөйлеп,
Толғау айтқан бабаңмын.
***
Әмір Темір көреген,
Тоқсан алты хан дөреген.
Ханның зәулім сарайы
Ақ Орда деген жер екен.
Айналасы биік тау,
Батылы барып кірмес жау.
Алпыс биі бірігіп,
Ақ Ордада шешкен дау,
Бұларды көрген бабаңмын.
Көрдім қалың еліңді,
Едіге деген еріңді.
Жамандық пен жөнсіздік
Қайыстырды-ау белімді.
Небір-небір билерің
Көргенсіз боп көрінді,
Бұларды көрген бабаңмын.
Бұлар да өтіп кеткен соң,
Өзінің елін бүлдірген,
Бәтуаға келмеген,
Сүргін салған жұртына,
Жесір қатын, жетім ұл
Тыңдамай датын, жылатқан,
Әзәзіл жолдан тайдырған,
Қайсыбірін айтайын,
Сіздерді көрген бабаңмын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.