Ұя салды қайтып келіп құстар да…

Құстар ұяны жыртқыштар мен ауа райының қолайсыздығынан қорғану үшін салады. Жыртқыштарға жем болмау үшін ұяларын қол жетпейтін жасырын жерге салып, бетін бүркеп қояды. Күрделілігіне, жыл мезгіліне, ауа райына байланысты ұя салуға әртүрлі уақыт кетеді. Жылы аймақтарда құстар бірінші ұясын одан кейінгі салынатын ұясынан гөрі ұзақ уақыт салады. «Ұялардың пішіні мен түріне қарай олар әртүрлі болады: ін ұя, шұңқыр ұя, қуыс тесік ұя, құрқылтайдың тоқыма ұясы, ойма ұя, шыбықтан өрген табақұя, жүн-жұрқа, шөп-шаламнан жасалған тостаған ұя, сушылқараның шар ұясы, т.б. Жұмыртқа мен қызыл шақа балапандарға жайлылық  тудырып, дұшпандардың көзіне түсірмеу үшін ін ұя өте тиімді. Кей құстар, оның ішінде үкілердің кейбір түрлері өзге жануарлар қазған інді иемденіп алады» (1,10).

Сөз ретінде белгілі қаламгер, құстар өмірін бір ғалымдай зерттеген Е.Раушановтың «Құстар – біздің досымыз» деген еңбегінен көзіміз шалған қызықты деректерді келтіре кетейік: «Құс ұялары – Гиннестің рекордтар кітабына кірген бүркіт ұясынан бастап (ені – 2,9 метр, тереңдігі – 6 метр, салмағы – 3 тонна болатын бұл ұя 1963 жылы АҚШ-тың Флорида штатында табылған), инеліктен сәл ғана үлкен сарыбасшымшықтың (королек) титімдей ғана қонаржайы аралығы – тұтас бір архитектуралық әлем. Ементұмсық, тоқылдақ, қараторғай, үкі сияқты құстар биік ағаштың қуыс – тесігін ұя ғып алады. Қырғауыл болса, керісінше, ұясын жерге салады. Шалшықшы құс та солай – өзен жағасының құмдауыттау бір тұсын табады да, кішкене шұқанақ жасап, төрт жұмыртқасын (әдетте жұмыртқа саны бұдан аз да, көп те болмайды) туа салады. Тентекқұстың бұлардан кірпияздығы шамалы, айырмашылығы ағаштың түбіне жапырақтарды төсеген болады да, жұмыртқалай береді. Бұдан құс жарықтыққа жұмыртқа салу әншейін іс екен деген ой тумасын. Мысалы, құйқылжықтың (пеночка) ұясын алайық. Ақ қайыңның әдемі иілген бұтағына іліп тоқыған ұя қабырғаларына түрлі-түсті қағаз қиындыларын айналдыра жапсырып, «үйін» «тұсқағазбен» әшекейлеп шығады. Ішіне жұмсақ қабаттап, қайыңның жұқа қабығын төсейді. Сауысқанның ұясы – сырттай қарағанда шарға ұқсайды, кіретін екі есігі болады. Ала қарғаның ұясы – үлкен тайпақ табақтан аумайды. Сұқсыр үйрек ұясын жағаға да емес, далаға да емес, судың бетіне салады. Су бетінде қалқып жүретін ойма сал (ерекшелеген біз – И.Ж.) – соның ұясы. Құр мен шіл жазда ағаш басына қонақтайды. Қыста ше? Құй сеніңіз, құй сенбеңіз – қыста олар қалың қардың астына сүңгіп кетіп ұйықтайды. Адамға үйір қарлығаш өз ұясын үй маңына салады» (2,156). Әулие құс саналатын қарлығаш кеш келіп, ерте қайтады. Бұған шыбын-шіркейді азық қылатыны себеп дейді орнитологтар. Көкек, бұлбұлмен қатар мамыр айында ұшып келе салысымен ұя салады. Артынша 4-6 ақ шұбар жұмыртқа ­туады. Екінші рет тамыздың басында жұмыртқалайды. Балапандары 14-16 күнде қанаттанады. Қарлығаштың ұясы оның иесінің ептілігі мен ақылын танытқандай: иленген балшықты қыл-қыбырмен араластыра қаластырып, ішін мамықпен жауып, балапандарына бар жағдайды жасайды. Ол аз болса, балалары құлап қалмас үшін аяқтарын қылмен байлап, матап қояды. Тіпті грек философы Демокрит кезінде «Адам баласы үй салуды қарлығаштан, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген» деген екен. Адамға үйірсек, бауырмал қарлығаштың үй маңына ұя салуын қазақ жақсылыққа жориды. Оның қасиеттілігі туралы әлмисақтан бері айтылып келе жатқан аңыз желісі көшпелі жұрт санасында ауыздан-ауызға ертегі боп тарады. Айрықша ақылды құстың құйрығының адамзатты құтқару жолында айыр болып қалғанын тәмсіл қыла отырып, оның киесінен қорқуды, ұясын бұзып, обалына қалмауды ұғындырып келеді ұрпағына, себебі ел нанымы бойынша қарлығаш та адам секілді топырақтан жаралған. Жанған отты қанатымен су тасып өшіретін қарлығаштың жанашырлығын таныған қазақ жанына ең жақын аяулы адамын, яғни қимас қарындасын қарлығашқа теңейді:
Қарындасым, қарлығашым,
Барған жерің бағыңды ашсын.
Шаңырақ, кереге керілген соң,
Қуаныш, бақыттың елін берсін
Қарындасым, қарлығашым-ай…
Қазақ қыздарының ішінде Қарлығаш есімі жиі кездеседі. Бұл да болса, ниеті таза кінаратсыз құсқа деген құрметі шығар халқымыздың.
Ал құрқылтайдың ұясы өз алдына бір бөлек әңгіме. Тіпті тілімізде құрқылтайдың ұясындай деген тұрақты сөз тіркесі қалыптасқан. Үйдің тарлығын, бөлмелердің шағындығын, ал кей ретте жылылығын, жайлылығын білдіреді. Тұрқы – 7-10 см, салмағы небәрі 9 грамм болатын құртақандай ғана құстың жұптасып, адам көзі түспес, аяғы жетпес жерге «баптап» салған «үйлері» қазақ жерінде Еділ-Жайық және Ертіс-Алакөл аймағында кездеседі. Ұя сырттай қарағанда баланың пимасы іспетті көрінеді, халқымыз құяң, бел, буын, несеп жолы ауруларына емдік қасиеті бар деп санайтын ұясын құрқылтай әртүрлі шөп қиындыларын қыл-қыбырмен байлап, сілекейімен илеп, иін қандырып, берік қылып жасайды.

Сіз білесіз бе?
Аққудың мойнын – сұңғақ, құтанның мойнын – құлқын, тырна мен сұңқардың мойнын – қылдырық дейді.
Аққудың қоразын саһар, саһау деп атайды. Жүні жаңа жетіліп келе жатқан балапанын «ақүрпек», ал төрт жасқа дейінгісін «көгілдір» дейді.

Азаттық сүйгіш бостан құс ұлар болса ұясын биік таудың қиясына, ұшар басына салатын көрінеді. Қысы-жазы тау басын мекен ететін отырықшы, дене тұрқы кекілікке ұқсас келетін шағын ғана ұлар ешкімнің мазалағанын, тыныштығын бұзғанын қаламайды. Сондықтан да көзден жырақта, бізден тасада тіршілік етеді. «Ұлар құс торға түссе, дереу өліп қалады екен. Әлемнің бірде-бір зоопаркінен ұлар көрмейтініміз содан болар. Тауда ойнаған кекіліктің, қалыңда жүрер бөдененің, тіпті қырғауылдың жұмыртқаларын үй тауығына бастырып, балапандарын қолға үйретуге болады. Шөжелері тегім, нәсілім басқа демей, телмеңдеп, тауықтың соңынан жүгіріп жүреді. Ал ұлар қолға үйренбейді. Жұмыртқасын тауық басып та шығара алмайды, балапанына адам қолы тисе болды – өледі» (2,39). Қолға түспестігін меңзегені болар, қазақтың қара өлеңінде:
Ұлытауға шықтың ба,
Ұлар етін жедің бе? – деген жолдар сақталған.Елімізде алтай және гималай ұлары кездеседі. Көбіне 5-10-нан топтасып жүріп, тек көктемде ғана жұптасатын олар өте сақ келеді. Тау бөктерінде жайылып жатқанда, біреуі биік құзға шығып, жан-жағын бағдарлап тұрады екен.Егер қауіпті сезсе, айрықша үн шығарып, хабар беретін кө­рінеді. Қалған құс­тар мұны естіп, әбігерленіп, шулайтын көрінеді.Тіліміздегі «ұлардай шулау» деген тұрақты тіркес осындайдан қалыптасса керек. «Қыстың аязды күндерінде тас қуыстарынан пана тауып, топтасып бірін-бірі жылытады. Қар қалың жауған жылдары көбіне таутекенің соңынан еріп отырады. Себебі таутекелер тебіндеп жайылып, қырат беткейлеріндегі қарды тазартып, қанаттылардың азығын тез табуына көмектеседі екен» (3).
Ол биік тау-тастағы дәрілік өсімдіктердің тамырын, тұқымын, жемісін қорек ететіндіктен, етінің шипалық қасиеті мол.Еті дәмді әрі емдік қасиеті болғандықтан, тәуекелі жеткендер ара-тұра аулауға шығып тұрады. Бірақ үлкендер жағы ұларды бей-берекет атуға болмайтынын ескертіп отырады. Халық ұғымынша, ұлар киелі құс саналады, сол себептен де «оның киесі ұрады» деп атуға, мазасын кетіріп шулатуға рұқсат етілмейді.
Денесінің шағындығы мен жараты­лысының нәзіктігіне қарамай, ерімес қар жатар суық құз басын, адам аяғы баспас жартас бетін таңдауы бұл құстың тазалығы мен қиындыққа шыдамдылығын танытса керек.
Жерін іздеп, елін сағынып құстар келе бастады, ағайын. Төркіндеп келген еркеміз сықылды сағыныш сазымен жетті әдеттегідей. Орман-тоғай, өзен алқаптары, еркін дала төсі шуласып-гулескен, сықылық қағып күлген, сыбырласқан қанаттылардың тойын қызықтап жатқандай. Біз де жыл сайын бір-ақ рет болатын сол қызықтан құр қалмайық.

Жанат Исаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Пипец

    Тура лслсалащалалчдададалададчдвщкдчоаашмьащарща тупа

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.