Шаңырақтың шаттығын ардақтаған…

Ол екеуі алғаш танысқан кезде мезгіл көктем еді. Шуағы мол көктем. Нұрлы көктем. Алыстан менмұндалаған ақ бас Алатау да бұл кезде ерекше мұнарланып, көркі көз тартып, жан баурарлықтай сұлулана түскен. Ауаның жұпар исімен кеуде кере тыныстағанда таудан соққан самал леп бойға ерекше қуат дарытқандай еді. Көктем мезгілінің келгеніне қуанысып, табиғаттың ұлы өзгерісін қуаттай қарсы алған бұлбұл құстың сайраған дауысы да тіршілік белгісінің басталғанынан хабар беріп тұрғандай.
…Студент Сәлім таң қылаң бере оянып, терезесін айқара ашқанда тамылжыған табиғаттың осынау шуылы құлағына айқын естіліп жүрегіне бір жылылық ұялатқандай еді. Балалық шағынан табиғатқа етене болып өскен бозбала әрбір көктем мезгілінің өзіне бір ерекше әсер ететінін байқайтын. Сол кезде тұла бойын қуаныш билеп, көңілін ән тербейтін. Ал биылғы көктемнің мәні, тіпті ерекше болғалы тұр. Өйткені ол өмірлік жары Ләйләні кездестіреді.

Каир қаласындағы  жиында сөз сөйлеу сәті.  1964 жыл
Каир қаласындағы
жиында сөз сөйлеу сәті.
1964 жыл

Болашақ жары туралы ойлап, көз алдына елестетіп жүрген кезінде Ләйләдай сұлу, ажарлы болса дейтін. Қос бұрымы арқасын бойлай тізесіне дейін жеткен, қарақат көзді, әсем жүзді ару қызды көрген кезінде жүрегі алабөтен өрекпіп, асау аттай тулап кететінін кім білген…Иә, ол жылдары Алматыға жиналған жастар билегенді, шырқата ән салғанды, кино дейсіз бе, театр дейсіз бе, мұражай дейсіз бе…бәріне де баратын.
Ертең би кеші еді. Думанды, көңілді жастар солай қарай ағылды. Би алаңына жиналды. Болашақ жұбайлар Сәлім мен Ләйләнің таныстығы осы жерден басталды. Сұңғақ бойлы, аққұбаша, қайратты шашын артқа қарай қайырып тас­тап, маңдайы жарқыраған жас жігіт биге араласқанда айнала тұрған жастардың барлығы «Бұл кім?» дескен. Білетіндердің айтуларынша, бұл Шет тілдері институтының студенті Сәлім Құрманғожин. Қыздардың бәрі сырттай ғашық деседі. Сәлімді сыртынан бақылап тұрған ҚазГУ-ден келген студент қыз Ләйләнің жүрегі сол кезде дүрсілдей жөнелген еді. Бұл сезімнің неліктен пайда болғанын өзі де түсіне алмай, абдырап қалған. Қасында тұрған құрбысы Люба Ләйләнің өңіндегі бұл өзгерісті байқай қойып: «Саған не болған? Өңің өзгеріп, жүзің шырайланып кетіпті ғой» деп әзілдеген. Ләйлә қапелімде не дерін білмей, жанарын басқа жаққа бұра қойған. Бірақ көңіл құрғыр тыншитын емес. Оның үстіне Люба да тыныш тұрмай: «Ол саған қарамайды. Оған ғашық болып жүрген сылқымдар көп» деп әңгімені қыздыра түскен. Любаның бұл сөзіне намыстанған Ләйлә да қарап тұрмай: «Көресің әлі, бұл жігіт мені бүгін үйіме шығарып салады» деді. Жаңылмапты. Айтқаны айдай келді. Сәлім де ол жолы Ләйләні көріп ғашық болып қаламын деп ойламаған еді. Оның ойына қозғау салып: «Саған осы қыз лайық деп» Ләйләмен танысуды кеңес қылған досы болатын. Жан достар қашанда сыралғы келеді ғой. Жолдас жігіттің Ләйләнің тек Сәлімге ғана лайық екенін дөп басып байқай білгені осының дәлелі емес пе.
«Ләйләмен танысқан сәтім әлі күнге дейін көз алдымда. Еске алған сайын мұның барлығы тағдырдың сыйы екеніне көз жеткізе түскендей боламын. 60 жылға жуық отасып келе жатқан жұбайымның мені баураған қасиеттері көп еді. Ең алдымен назарымды аударғаны ол, әрине, Ләйләнің көркі, ажары, одан кейін тізесіне дейін төгілген шашы, мойылдай көзі, әдепті сөзі, инабаттылығы, биязы күлкісі. Бір сөзбен айтқанда, еліктей ерке қыздың ауылдан келген қазақтың қарапайым баласын қызықтырмауы мүмкін емес еді» деп еске алады сол жылдарды Сәлім аға.
«Сәліммен таныстығымыз махаббат сезіміне ұласты» деген Ләйлә жеңгей сол кездері сүйген жарының өзін қызғыштай қорып, сабаққа барғанда да, сабақтан шығып, үйіне қайтқанда да жанынан табылғанын айтты. «Содан бері жанымнан бір елі ажыраған емес. Өзі сондай қызғаншақ болып алды. Жаныма жігіттерді жолатпайтын» дейді сыр ақтарып.
«Мен Ләйләні жүрек қалауымен сүйіп, ынтығып жүргенде менен басқа да жігіттердің көз сүзетінін байқадым. Солардың көбімен «шайқасуға» тура келді» деп күлді Сәлім аға.
Иә, өз махаббаты үшін күресе білген адам қай сында да жеңілмей шығатыны белгілі ғой. Махаббат – ұлы сезім. Сол сезімді аялай білген, қадірін түсініп, ардақтай білген жандар ғана тағдырдың үлкен сыйы­на, өмірдің бақытына кенелетін шығар, бәлкім. Сәлім аға мен Ләйлә жеңгеміздің арасындағы өзара сыйластықтары, бір-бірлеріне деген риясыз көңілдері айтқан әңгімелерінен, сөйлеген сөздерінен байқалып-ақ тұрады. «Ең басты нәрсе ол адамның бір-біріне деген сыйы, құрметі» деп Сәлім аға айтқандай олар бүгінде осы сыйластықтарын, татулықтарын көздің қарашығындай сақтап, өмірлерінің әрбір кезеңінен өткен сайын нығайта түсті. Сөйтіп, жұптары жарасымды берік отбасына айналды.

Ата-аналарымен
Ата-аналарымен
Немерелерімен бірге
Немерелерімен бірге
«Жұлдызшалы Орташа Крест» орденімен марапатталу сәті.  1995 жыл
«Жұлдызшалы Орташа Крест» орденімен марапатталу сәті. 1995 жыл
Ләйлә Қадырқызы түрік жазушысы Әзиз Несинмен
Ләйлә Қадырқызы түрік жазушысы Әзиз Несинмен

Отбасын құру жөнінде сөз бай­ласқан алғашқы сәттері Сәлім аға мен Ләйлә жеңге үшін оңай болды десек, жаңсақ болар. «Сүйіскен жас­тар қате етпес, мейлің илан, мейлің күл» деп Абай атамыз айтқандай, олардың үйленуін қыздың ата-анасы оншалықты құптай қоймаған екен. Ең басты айтқан уәждері: «Ол саған лайық емес. Сен қалада өскен, ал ол ауылдың баласы. Демек, біздің ортаға сай емес» деген сөздер Ләйләнің жүрегіне қанжардай қадалып, жан дүниесін алай-түлей етіп, мұңға батырған. Ләйлә Сәлімді сүйетінін, оның жаны таңғы шықтай таза, мөлдір екенін жеткізуге тырысқанымен ата-анасына бұл сөздер еш әсер етпеген еді. Ол кездегі жағдайларды Ләйләмен бірге бастан кешіріп, тағдырдың алға тосқан сынағы ретінде қабылдаған Сәлім жігерін жасытпай, іштен тынған.
Иә, қыздың ата-анасы осылайша қарсы болса, қолдан келер шара қайсы. Әрі қарайғы өмірдің қалай болары, тіпті белгісіз. Бірге бола ма, болмай ма? Отбасын құрып, бақытты өмір сүреміз деген тәтті қиялдары желге ұшқаны ма? Сонда екеуінің тұнық кеш құшағында отырып бөліскен сырлары, бір-бірлеріне арнаған сезімге толы сөздері, бір толқында тербелген жүрек соғыстары, ыстық демдерінің барлығы зая болғаны ма? «Жоқ. Олай болуы мүмкін емес» деді Ләйлә. Ата-анасына қарсы шыққаны емес, бірақ өзінің бақыты үшін қайрат көрсетіп, алға жасаған қадамы еді. Бір сөзбен айтқанда, екеуінің әрі қарайғы тағдыры Ләйләнің қайсарлығына байланысты екені түсінікті болатын. Дегенінен қайтпаған, ғашығымен бірге болуды қалайтынын батыл айта білген қызының сөзіне әкесі былай депті: «Ләйлә – ақылды қыз. Өзі шешсін». Әке жүрегі осылай дегенімен, шеше көңілі қызының талабына жібитін емес. Әлі де айтқанынан қайтар түрі жоқ. Бірақ соңында қызының бақытын тілегендей болғанымен, Сәлімнің анасы сырға салып, қызды алып кетуге келгенде Ләйләнің анасы: «Қызымды бермеймін» депті. Ал керек болса!
«Сәлім екеуміз аң-таң болдық та қалдық. Анамның көңілін түсінемін. Қимастық сезімі басым болған шығар. Бірақ сонау солтүстіктен Алматыға келіп тұрған Сәлімнің анасына осындай сөз айтқанына, шыны керек, анама өз ренішімді білдірдім» дейді Ләйлә жеңгей. Артынан бәрі ойдағыдай болып, анасының көңілі жібіп, Сәлім мен Ләйлә шаңырақ көтеріп, үйлену тойларын өткізеді. Бәрі де орнына келе бастайды. Бұдан кейінгі жылдар бала сүю, ұрпақ өсірумен жалғасты. Көтерген шаңырақтарын биіктетіп, керегелерін кеңейте түсті…
Сәлім аға үшін қызмет баспал­дақтарымен өсу жолдарында да отбасының тигізген көмегі аз болған жоқ. Аяулы жары Ләйлә оған қай кезде де демеу бола білді. Ал Сәлім Әлмағамбетұлының атқарған қызметі дипломатия саласымен тығыз байланыста өтті. Ердің ері, нардың нары алып жүретін жауапкершілікке толы жұмысты Сәлім аға өз бойындағы талантымен, дарынымен іске асырып отырды. КСРО кезінде Біріккен Араб республикасындағы, Түркия, Эфиопия елшіліктерінде, КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында атқарған қызметі кәсіби маманның біліктілігін шыңдап, тәжірибесін өсірді. Дипломатия саласы айтуға оңай болғанымен, алмастың өткір жүзінде жүргендей жауапкершілігі мол қызмет екені айтпаса да түсінікті. Ел мен елдің арасын жалғап, достық пен ынтымақты нығайту, қарым-қатынас аясындағы өзекті мәселелерді шешу үшін қаншама жігер, қайрат, талап қажет десеңізші. Күн-түн демей оқу, тілдерді үйрену, қызмет бабымен барған мемлекеттің саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайын, тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін танып білу, сол арқылы мәмілегерлік міндеттерді сәтті орындай білуге туа бітті дарын керек шығар. Жастайы­нан ауыр еңбектің дәмін татып өскен Сәлім Әлмағамбетұлы «Менің академиям – ауыл» деген сөзді жиі айтады. Ағайын-тумалары, дос-жарандары Әлеке деп сыйлап, ерекше құрметтейтін әкесі бала Сәлімді еңбектің қайнаған қазанында өсіруге тырысқан. Әйтпесе, ауылдың білдей бір басшысы болған әкесінің баласын еркелетіп қоюуына болушы еді, бірақ әке жүрегі баласын тек еңбекпен шынықтырып өсіргенді қалаған.
«Таңғы алтыда тұрамын. Содан бастап қызу еңбекке кірісемін. Мал жайлау, отын жару, қора тазалау, шөп әкелу, су тасу, көмір түсіру сынды ауылдың ауыр еңбегін көріп өстім» деген Сәлім аға сол бала кезден қалыптасып, шыңдалғанын айтты. Өзі әңгімелеп берген балалық шағының әрбір кезеңін, ауылдың тіршілігін, қиыншылықтары мен қызықтарын ести отыра қазақ ауылының өнегесі ой-санаңда, көз алдыңда көрініс береді. Талай қазақ баласының дарынына қуат бітірген, талантын ұштап, қанатын қомдаған алтын бесік ауыл-ай. Сәлім аға да әңгімесінің басын ауылдан өрбітуі де тегін емес. Бұл ауылдан шыққан әр қазақ баласының перзенттік парызы.
Әкесінің өнегелі тәрбиесін көріп, жеке шаңырақ көтеріп, отау тіккенде балаларын да сол әке жолымен, әке дәстүрімен тәрбиелеуге тырысқанын жасырмады. Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы, Еңбек елді мекені – Сәлім Құрманғожиннің кіндік қаны тамған туған ауылы. Бұл кешегі өткен Шал ақын, Молдахмет ақындардың, күні кеше өмірден озған қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың да ауылы. Туған жердің қасиетін сіңіріп өскен Сәлім Әлмағамбетұлының алған асуы, жеткен жетістігінің сыры да осы ауылымен тығыз байланысты. Бала кезінен көргені, көңілге түйгені ылғи да жақсы адамдардың сөздері, ел басқарған азаматтардың игілікті істері. Үлгі тұтып, ардақтаған Жұмабек Тәшенов сияқты тұлғалар. Бәрі де көз алдында. Өзінің балалық шағы соғыстың ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол қиындықтардың барлығын басынан кешірді. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң, халықтың еңсесін тіктеу, елдің жағдайын түзеу жұмыстарының жүзеге асырылғанын көрді. Осының бәрі Сәлім Құрманғожин үшін тәжірибе мектебі болды.
Бүгінде ол уақыт келмеске кет­кенімен сол кездегі көріністер, тір­шілік тынысы әлі күнге дейін көз алдында. Сүйікті жары Ләйлә екеуі өткен шақтарын еске алғанда өскен, өнген орталарын әңгімелегенді жақ­сы көреді. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ. Жарқын өмірдің әрбір сәті үшін біз өткенімізге қарыздар болатынымыз да сондықтан шығар. Сәлім ағаның өмірлік жары Ләйләнің әкесі Қадыр мен оның туыстары Торғай өңірінің тумалары. 1931–1933 жылдардағы ашаршылық, сол кездердегі кәмпескелеудің зардаптары Ләйлә Қадырқызының да отбасын айналып өтпеген еді.
«1933 жылдың қазан айында әкемнің үлкен ағасы Кәрім Тоқтабаев, әкем Қадыр Досшанов, атам Тасмұхан Әбтиевтерді қамауға алып, кейіннен босатты» дейді Ләйлә Қадырқызы. Кеңестік кезеңнің осынау ауыр шақтарын көрген отбасы мүшелері осылайша көптеген қиындықты бастан кешіріп, тағдырдың ауыр сынақтарына төзе білген.
Ләйлә Құрманғожина КазГУ-дың химия факультетін тәмамдаған. Химия ғылымдарының кандидаты. Жарының кәсіби еңбек жолы дип­ломатия саласымен байланысты болғандықтан, олар жиырма жылға жуық уақыттарын Қазақстаннан тыс жерлерде өткізді. Бірақ қай елде, қай жерде жүрсе де туған елге деген сағыныштары ерекше болатын. Әрдайым ері Сәлім Құрманғожиннің жанынан табылып, алтын асықтай екі ұлының тәрбиесімен шұғылданып, отбасының берекесін кіргізіп, шырайын келтіріп отыру анау айтқандай оңай бола қоймас. Оның үстіне келімді-кетімді кісілер, құрметті де қадірлі қонақтар қаншама. Оларды күтіп алу, шығарып салу өзі де ерекше сый-құрметке ие қазақ дипломатының жарына қайдан оңай болсын. Ләйлә Қадырқызының өмірін Сәлім Әлмағамбетұлы атқарған кәсіби дипломатиялық қызметтен бөле-жара қарау да мүмкін емес. Өйткені дипломаттың зайыбына да көп нәрсе байланысты екені рас. Сол үшін де оған қойылар талап қашанда жоғары. Ол сол елдің тілін білу керек, мәдениеті мен өнерінен, саясатынан хабардар болуы керек, дипломаттардың өзара әңгімелерін түсіне білуі керек. Бұл жауапты міндетті Ләйлә жеңгей ойдағыдай атқара білді. Өйткені қазақ ежелден дипломат халық емес пе. Қазақтың қонақ күту салты, сыйласу, құрметтесе білудің жөн-жоралғылары дала дипломатиясының нақ өзі ғой. Осы тұрғыдан алғанда, Ләйлә Қадырқызының өн бойында нағыз дипломаттарға тән қасиеттер жоқ деп кім айта алады. Ол барған елдің тілін меңгеріп, сол тілде еркін сөйлеп жүре береді. Сөйлеген сөзі, өзін-өзі ұстауы, ішкі мәдениеті, ақылы мен білімі өз алдына бір әңгіме. Бір сөзбен айтқанда, Сәлім Әлмағамбетұлының аяулы жары ретінде ғана емес, өмірлік серігі, көмекшісі, досы, кеңесшісі бола білді. Олай дейтін себебіміз, Сәлім ағаның сүйікті жарына деген сыйластығы ерекше. «Менің осындай дәрежеге жетуіме көп еңбек сіңірген Ләйлә» деп айтуы тегін емес.
Олардың отбасында болғанымда, ер мен әйелдің арасындағы ерекше сыйластықты, тату-тәтті тіршілікті байқадым. Орайы келгенде әзіл-қалжыңдарын айтысып, бір-бірлерінің көңілдерін көтеріп отыруды хош көретіні де сезіліп тұрды. Ең алғаш рет қалай танысқан кездері туралы сыр суыртпақтап отырғанымда Сәлім ағаның Ләйлә жеңгейге қарата: «Мен Ләйләмен жүргенде бір жағы махаббат болса, екіншісі орысша үйренуді көздедім» деп күлген. Сөйткен Сәлім ағамыз бүгінде орысшадан бөлек ағылшын, түрік, араб, венгер тілдеріне жетік. Бүгінде Алматы қаласындағы КИМЭП университетінде дәріс беретін ардақты ұстаз еліміздің ертеңі үшін білікті маман даярлау жолында еңбек етіп келеді. Оның әрбір дәрісін студенттер қауымы үлкен қызығушылықпен қабылдайды. Ден қоя тыңдай отырып, ағамыздан дип­ломатия саласындағы ұзақ әрі бай тәжірибесімен бөлісуін сұрайды екен. Олар болашақ жас маман болған соң «Біз дипломатия теориясын оқулықтардан да оқып аламыз ғой. Бізге өзіңіздің қызметтік жолыңыздан, елшіліктердегі жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз» деп өтініш білдіретін көрінеді. Ал Сәлім ағаның айтары аз емес. «Біздің жұмыс өте ауыр» деп өзіме де бірсыпыра әңгімелерінің шет жағасын жеткізді. Көз алдымда танымал дипломаттың әріптестерімен өткізген қызу пікірталастары, жоғары деңгейдегі кездесулері, ел тағдырына қатысты маңызды құжаттардың қабылдануы, халықаралық, мемлекетаралық келісімдер, шарттар, дипломатиялық құжаттар, ресми, бейресми жүздесулер, алуан түрлі сұхбаттар, брифингтер бірінен соң бірі тізіліп, өтіп жатқандай болды. Солардың барлығының бел ортасында нар тұлғалы Сәлім Әлмағамбетұлы жүр. Иә, ол бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ел ардақтысы. Халқына қалаулы, еліне елеулі азаматтың жары Ләйлә Қадырқызы екеуі қол ұстасып бірге келеді. Балалары өз алдына отау құрған азаматтар. Үлкен ұлы Рүстем әкесінің жолын жалғастырып еліміздің Сыртқы істер министрлігінде, екінші ұлы Жасұлан да таңдаған кәсібі бойынша еңбек етуде. Аға мен жеңгей бүгінде немерелері мен шөберелерінің ардақты атасы мен аяулы әжесі.
Екеуі қай кезде де бірге. Сырласады, ақылдасады, кеңеседі. Қай шаруаны қалай атқару керек, қай істі қалай реттеген жөн, неден бастап, немен аяқтаған жөн. Соның бәрін ілтипатты мәмілегерлік жолмен шешіп отырады. Бір-бірлерінің сөзін тосып сөйлейді, бір-біріне айтқан «сіздікі дұрыс, сіздікі жөн» деген сөздерді жиі естідім. Бір сөзбен айтқанда, олар өз заманының мәдениетті, зия­лы жандары. Сәлім Құрманғожин сияқты кәсіби маманның біліктілігі ел тәуелсіздігінің қалыптасу шағында да жарқырай көрінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен сенім білдіріп, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметіне тағайындады. Өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқарып шығып, бүгінгі күні халықаралық деңгейде беделі орныққан еліміздің Сыртқы істер министрлігінің бастауында болды. Елге сіңірген еселі еңбегі лайықты бағасын алып келеді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Ал Венгрия Республикасында қызмет еткен жылдары сол елдің басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, осы мемлекеттің Жоғары мәртебелі «Жұлдызшалы орташа крест» орденін омырауына қадады. Айта кету керек, мұндай орден қазақ елінің азаматына тұңғыш беріліп отыр. Бұл Сәлім Құрманғожиннің азаматтығына, білімдарлығына, кәсібилігіне берілген шынайы баға. Оны елімізде ғана емес, шет мемлекеттердегі әріптес достары да ерекше сыйлап, қадір тұтады. Ел сенімін арқалаған, қандай шет мемлекетте қызмет етсе де туған елінің мүддесін қорғай білген ағамыздың соңына қалдырған өмір жолы ұрпақ­тарымыз үшін үлгі. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген сөз осындайда айтылса керек.
Сәлім аға мен Ләйлә жеңгеміздің қара шаңырағында болғанымда, біз олардың жарасымды өмірлерінен бөлек, бүгінгі отбасылық құндылық­тар, бала тәрбиесі туралы да кеңі­нен әңгіме өрбіттік. Олардың бұл жөнінде де айтар әңгімелері аз емес. Сондағы айтқандары «Берік отбасының негізі жұбайлардың бір-біріне деген сыйластығында» дегенді қайталаудан жалықпады. Бүгінгі қоғамдық мәселелерге ой жібере отырып, жас отбасылар арасында орын алып жататын ажырасуларға да көп алаңдайтындықтарын айтты. «Біздің жас кезімізде, әрине, заман басқа болды. Біз достық, татулық, сыйластық сынды қасиеттерді ерекше қадірлейтінбіз. Бір-бірімізге көмектесуге даяр тұратынбыз. Әр нәрсеге қанағат ете білуші едік. Ал бүгінгі жастардың түсінігі мүлде бөлек. Олар бірден бай болсақ, дәулетті болсақ деп армандайды. Сол ойға беріліп кетіп, өздерінен басқаны ұмытады. Отбасын құруға келгенде жауапты бола бермейді. Бәріне уақытша қарайды. Бүгін бір-біріне құмартып, сүйіп тұрып, ертең басқаша бола қалады. Махаббатқа тұрақсыз. Ал махаббатқа тұрақсыз болған адам, отбасында да тұрақсыз болады. Міне, осыдан сақ болу керек» дейді. Иә, бұл – әбден келісуге тұрарлық пікір.
Сәлім аға мен Ләйлә жеңгемізбен жүздесу барысында олардың бойларынан халқымызға тән тектілік қасиеттерді аңғарғандай болдым. Қас қағым сәтте адамды толық танып-білу мүмкін болмаса да, сол бір жарқын дидарласу кезімізде біз жақын адамдардай ашық пікір алмастық. Аға мен жеңгейдің қонақжай көңілі даламыздай дарқан, халық құшағындай кең. Атақты дипломаттың шаңырағында отырған соң аздап толқып та отырғаным сөзсіз еді. Бірақ Сәлім аға мен Ләйлә жеңгенің жарасымды әңгімелері, жақын тарта білген риясыз пейілдерін сезінген кезде басқаша күйге түскендей боласың. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген халқымыздың сөзі осындай ақжарқын адамдарға қарата айтылған шығар деп түйдім. Кетерімде Сәлім Әлмағамбетұлы қолтаңбасын беріп, өзінің ұзақ та жемісті еңбек жолын сөзбен кестелеген «Жарты ғасыр дипломатияда» және әкесі туралы жазған кітабын, ал Ләйлә Қадырқызы «Немерелеріме» атты кітабын сыйға тартты. Бұл кітаптардың ішінде өздерінің өмір жолдарын кеңінен баян етіпті. Оларды оқып шыққан соң ұлағатты тұлғалар туралы әлі де талай қызықты деректерге кенелеріміз сөзсіз. Ал әзірге махаббат сезімдерінен басталған мақаламды аяқтауға, қорытуға кірісейін.
Сонымен Сәлім Құрманғожин мен Ләйлә Қадырқызының отбасылық өмірлеріне біршама сапар шектік. Көз алдымызда 60 жылға жуық жұбайлық өмірдің қызықты да мағыналы жолы жатыр. Ол өмір жолында қуаныш та, қайғы да болғаны сөзсіз. Адал достардың шынайы тілектес көңілдері де бар, жетістіктеріне қызғанышпен қарап, аяқтарын шалуға тырысқан адамдардың бар болғаны да жасырын емес. «Мінез өмір дауылдарында шыңдалады» деген екен И.Гете. Сол айтпақшы, өмір дауылдарында шыңдалған мінез тіршіліктегі барлық қиындықтарды жеңе білуге үйреткен. Олар қай кезде болмасын отбасы шаттығы мен мерейін тасытуға тырысты. Сол арқылы өмірлерін баянды ете түсті. «Елін сүйер, сеніңіз, Өз отбасын сүйе алған» деп ақын Қасым Аманжолов жазғандай, өз отбасыларын сүю арқылы, олар елін де шексіз сүйіп, туған халқын құрметтеп келе жатқан жаны ізгі жандар.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Нүрия

    Керемет! Осындай ағаларымыз бен жеңгелеріміз көп болсын!
    Қазағымның әр шаңырағы шаттыққа толы болып, ұрпақтарымыз соларға қарап бой түзесін!

  2. Сәлима

    Сәлім Құрманғожин белгілі дипломат екенін білуші едім. Бірақ ол кісінің отбасы, аяулы жары туралы көп біле бермейтінмін. Рахмет, бұл мақаланы оқып отырып, өзімді қызықтырған сұрақтарға жауап алдым. Ана тілі газетінің «Махаббат, қызық мол жылдар» атты жобасы өте сәтті шыққан жобалардың бірі.

  3. Ардақ

    Мен де Сәлім ағаның туған жері Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданынанмын. Ағаны біздің жақтың адамдары қатты қадірлейді, ардақтайды, үлгі тұтады. 80 жылдық мерейтойында ол кісіге барлық жақсылықтарды тілеймін! Дені сау, отбасы аман болсын! Үлкен жолын ұрпақтарына, ел болашағы — жастарға берсін!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.