Түркі тілдерін сақтаудың жолы қандай?

Кенжетай Күркебаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология
ғылымдарының кандидаты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті жыл сайын «Түркілік кеңістік: мәдениаралық диалог» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізіп келеді. Конференция аясында бүгінгі түркі халықтарының тілдік, терминологиялық, ономосиологиялық, этнографиялық, лингвомәдениеттанымдық, фольклорлық мәселелері кеңінен сөз етіледі.

Түркілер (қыпшақтар) өз дәуірінде Шығыс Еуропа мен Дунайдан бастап Орта Азияны, Азов теңізі жағалауын, Қырымды, Солтүстік Кавказды, Мысырды, тіпті шығысында Қытай қорғанына дейінгі ұлан-ғайыр аумақты уысында ұстап төрткіл дүниені дүр сілкіндірген әлемдік өркениет пен мәдениетке, тарихқа өзіндік үлесін қосқан аса қуатты мемлекеттерінің бірегейі еді. Бұл жөнінде түркі жұртшылығына аса танымал құмықтың тарихшы ғалымы Мурад Аджи: «К концу V века, кипчаки заселили пол Европы и всю Центральную Азию. Тюркская речь заглушала на Евразийском континенте любую другую. Тюрки были самым могучим и многочисленным народом мира… На Идели (Волге) встретились культуры Востока и Запада. Благодаря усилию тюрков древний мир соединился в единое пространство, которое называли Евразией» деп нақтылай түседі. Сол дәуірдің тарих сахнасында батырлық пен ерліктің, жауынгершіліктің нағыз символын танытқан түркілермен достық қарым-қатынаста өмір сүру Еуропаның көптеген мемлекеттері мен орыс князьдарының, Қап тауы ақсүйектерінің арманы еді. Түркілер бұл жерлерде тек саяси үстемдік жасап қана қойған жоқ, өздерінің ата-салты мен ділін, дінін, тілін дәріптейтін үлкен рухани-мәдени ошақтар қалыптастырды. Бұл мәдени ошақта түркі халықтарының этникалық менталитеті мен дүние­танымы, этностық тілі мен этностық санасы, этникалық моралі мен салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ерекше қарқында дамыды. Әсіресе, бұл «төрткіл дүниенің жарты әлемін» билеп тұрған әйгілі Алтын Орда мемлекеті тұсында қуаты арта түсті.
Бұл жөнінде зерттеуші ғалым­дардың «Арабские и персидские историки, побывавшие в Золотой Орде сообщают о многих ученых, писателях, богословах и поэтах, которые жили на территории Золотой Орды, занимались научной и литературной деятельностью тюрков. Ныне обнаруженные памятники материальной и духовной культуры Золотой Орды подтверждают высокую культуру вес центрах» деген пікірі де орынды айтылған.
Тарихтың дәл осы тұсында қыпшақ тілінің қолдану аумағы мен қоғамдық қажеттілігі арта түскені белгілі. ХІ ғасырдан бастап моңғолдардың шапқыншылығына дейін де, Шыңғыс хан ұрпағы құрған аса қуатты Алтын Орда мемлекеті тұсында да қыпшақ тілі халықаралық тіл дәрежесінде кеңінен қолданылған қуатты тіл болғанын еуропаның шығыстанушы ғалымдары мен жиһангерлерінің, араб ғалымдарының жазба дүниелерінде кеңінен сөз етіледі. Алтын Ордамен қатар Мысыр, Шам, Үнді, Кавказ халықтарының түркі тілін үйренуі сол кездегі қыпшақтардың саяси үстемдігімен тікелей байланысты болса керек. Алтын Орда хандарының бұйрықтар мен жарлықтары, түрлі мазмұндағы хаттары, Араб ғалымдары мен Мысыр сұлтандарының жазбалары, Грузия, Армения жерін бағындырып мекен еткен армян-қыпшақтардың тарихи-филологиялық және құқық­тық сипаттағы еңбектері, Үнді сұл­тан­дарының жәдігерліктері сол дә­уір­де қыпшақ тілінде жазылған еді.
Оның айқын дәлелі ретінде орта ғасырда әртүрлі әліпбилермен қыпшақ тілі туралы жазылған «Кодекс Куманикус», Абу Хайианның «Китаб әл-Идрак ли-лисан әл-атрак», «Терджуман түркий уа ғараби», «Китаб әд-дурра әл-мудийа филлуғат ат-туркйиа», «Ат-тухфат әз-закия филлуғат ат-түркия», «Китаб булғату ал-муштак фил луғати ат-туркия ва-л қыфчақ», Жамалладин ат-Туркидің «Китаб Булғат әл-муштақ фи-луғат ат-турк» сияқты еңбектерімен қатар, армян-қыпшақтары тілінде жазылған «Дана Хикар сөзі», «Армянша-қыпшақша дұғалық», «Төре бітіг» және әлі жете зерттелмеген түрлі жанрдағы тарихи жазбалар мен сөздіктерді жатқызуға болады.

Түркі тілдерін сақтаудың жолы қандай?
Алайда ұлы Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы оның орнына келген түркі-қыпшақ тілді мемлекеттер Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай ордасы, Сібір хандығы, Қазан хандығы, Әбілхайыр хандығы, Қазақ хандығы, Қырым хандығы, Астрахан хандығы, Тайбұға (Ишимское ханство) хандығы тұсында да түркінің тілі ауызша және жазбаша формадағы негізгі қарым-қатынас тілі болғаны белгілі.
Тарихтың осы тұсында бұрынғы бытыраңқы орыс князьдарының бір-бірімен бас қосып бірігуі, оқ-дәрі мен мылтық қаруын жетілдіруі бүгінгі қуатты Ресей патшалығының тарих сахнасына шығуына мүмкіндік тудырды. Жеке-жеке хандық құрып бір-бірімен қырқысып жатқан түркілерді өздеріне бағындырып еліне, жеріне қожалық ету патшалық Ресейдің түпкі мақсаты болды. Ресей патшалығының отарлау саясатына қаншама қарсылық көрсетсе де 1552-1598 жылдары түркітілдес Сібір хандығы, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Астрахан хандығы Атамекен жерлерінен айырылып бодан елге айналды. Тіліне, діліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне озбырлық жасалды. Одан беріге дейін де жеке хандық құрып тұрған түркітектес Қазақ хандығы, Бұхар және Хиуа хандықтары, Ноғай ордасы айналасы 100-150 жылдың көлемінде Ресей патшалығының бодандығына түскені тарихи ақиқат.
Егер 1584 жылы басқыншы атаман Ермактың әскерін тас талқан етіп жеңіп, Атамекен жерін азат еткен башқұрт батыры Сатбектің, кейіннен Сібір ханы Көшімнің: «Түркі жұрты, түркі ұрпақтары бірігіп қайтадан қуатты мемлекет болайық» деген жанайқайын басқа хандықтардың (Қазан хандығы, Қырым хандығы, Астрахан хандығы, Ноғай ордасы, Қазақ хандығы, Моғолстан, Бұхар және Хиуа хандықтары) қолдамай әрқайсысы жеке хандықты өз бетінше басқарғысы келіп ауызбіршілікке келе алмауы жалпытүркілік кеңістіктің күйреуіне әкеліп соқтырды.
Оның зардабын түркі тілдес халықтар ХVІ ғасырдан бері қарай тартып келеді. Сақ, ғұн, түркі, қыпшақ генезисінен бастау алатын өзіндік түркілік мәдениеті мен дүниетанымы, бай әдебиеті мен өнері, ділі мен тілдік санасы болған ноғайлардың, чуваштардың, тайбұғалардың, себерлердің, шор­лардың, сахалардың, хақастардың, құмықтардың және т.б. ұсақ түркі тайпаларының тілдері бүгінде жұтылып жоқ болуға айналып, «аймақтық тілдер мен тұтынушысы аз тілдердің Еуропалық Хартиясына» еніп кетуі жалпытүркілік кеңістік үшін үлкен қасіретке айналды.
Сібір татарлары әдебиетінің негізін салушылардың бірі, жалынды ақын Болат Сулейманов өзінің «Тіл-мәдениет-автономия» атты мақаласында: «И мы сибирские татары, хотим говорить на том языке, на котором разговаривали наши предки, хотим обладать теми озерами, реками, полями, лугами, лесами, которые они оставили нам в наследство. Мы хотим иметь на своей родной земле такие же национальные и политические права, какие имеют другие народы» деген жанайқайы басқа да біздің түркітілді бауырларымызға ой салады.
Лингвистикалық тұрғыдан сақ, ғұн, түркі, қыпшақ архетипінен бастау алатын түркі тілдерінің базалық лексикасы ортақ екенін төмендегі тақырыптық топтар дәлел болады.
Туыстық атаулар: инә (тат); ана (башқұр); әне (құмық); anne (түрік); ул (тат); ул (башқұр); олан (құмық); oglu (түрік);
Дене мүше атаулары: колак (тат); қолақ (башқұр); қулақ (кұмықша); kulak (түрікше); авыз (тат); ауыз (башқұр); авуз (кұмықша); agiz (түрікше);
Хайуанат атаулары: тәбә (тат); теве (башқұр); тевө (кұмықша); deve (түрікше); тавуқ (тат); тауық (башқұр); тавуқ (кұмықша); tavuk (түрікше);
Табиғат атаулары: ағач (тат); ағас (башқұр); йығач (кұмықша); agazh (түрікше); йолдыз (тат); йондоз (башқұр); юлдуз (кұмықша); iulduz (түрікше);
Түркі тілдерінің сөздік қоры мен сөздік құрамының 70-80 пайы­зын қамтитын ортақ базалық лексикасының бұдан да басқа тақырыптық топтарының мол екенін бір мақала аясында қамту мүмкін емес. Әрине, бұл мәселемен жеке ғылыми-зерттеу нысаны ретінде түркі тілдерінің салыстырмалы лексикасын зерттейтін мамандар шұғылдануы тиіс.
Алайда бүгінгі жаһандану заманындағы қолданысқа толассыз еніп жатқан жаңа ұғымдар мен заттарға түркі тілдері жүйесінде ат қойып, айдар тағуда ортақ бірізділік жоқ. Сөзжасам саласы бойынша жаңа атаулардың (неологизмдер) жасалуында үстем тілдердің тілдік байланысының рөлі күшті болып отыр. Мәселен, тәуелсіздік тұсында пайда болған көптеген жаңа атауларды қазақ тілінде аударып төл сөздік қорымызда байытуға өзіндік үлес қоссақ, татар, башқұрт тілдерінде неологизмдерді аудармай орыс тіліндегі нұсқасымен беруі дәстүрге айналып бара жатқан сияқты. Бұған кестедегі неологизмдер дәлел болады (кестеде).
Егер түркі тілдері жаңа заманға байланысты сырттан келген неологизмдерді осылай өзге тілдердің ықпалымен аудармай қабылдай берсе, 100 жылдан кейін біздің туыстас тілдердің ежелден қалыптасқан базалық лексикасынан басқа сөздік қорында алшақтық пайда болып, түркі тілдері бір-бірін түсінбейтін дәрежеге жетуі әбден мүмкін. Бұл мәселенің жүгін жеңілдету үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті аясында белгілі түрколог мамандармен жасақталған «Түркітану» орталығын құрсақ қордаланған біраз мәселелердің шешімі табылар еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.