«Өкпек жолаушы» Лондон сахнасында

Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында адамдардың бір-бірін түсініп, сыйласа білуіне кей кездері жарты ғасыр да аздық етеді. Ал кейбір кездері аз ғана уақыттың ішінде танысып, араласып үлгерген адамына бар іштегі сырыңды жасырмай, ағыла ақтарыласың. Бұл да бір-екі адамның жан дүниесінің сәйкестігін, тазалығын көрсетсе керек. Тіпті тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың  да кездейсоқ кездесулерден кейін өмірге деген құштарлығы, сүюге деген сенімділігі артады. Алайда пешенеге не жазылғанын ешқашан біле алмайсың… Міне, осындай  оқиғалар негіз болған Дулат Исабековтың «Өкпек жолаушы» атты туындысы Шекспир елін мойындатты. Бұл Ұлыбритания астанасы Лондон төрінде  қойылған алғашқы қазақ пьесасы. Диалогты драмаға құрылған пьесаның шетелдік театр мамандарын қызықтырып, сахналық қойылымға айналдыруының бір сыры – бәріміз де өмір соқпағының, тағдырымыздың «өкпек жолаушысымыз» деген автор ойының тереңдігінде жатса керек. Қалай десек те, бұл қазақ драматургиясы, қазақ мәдениеті, Қазақ елінің ынтымақтастығындағы алғашқы көпір болғаны сөзсіз. Төменде жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековпен болған сұхбат оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

– Сонау Шекспир елі сіздің шығармаңызды мойындап отыр. Спектакль қалай өтті?
– Спектакль өте жоғары дәрежеде өтті. Бұл пьесаның жаман болмағаны шығар. Ре­жиссерлік шешімі де жоғары. Санкт-Петербургтің бұл пьесамды «Транзитный пассажир» деп қойып жүргеніне біраз уақыт өтті. Ал Лондонда қазақ пьесасы қойылады деп ешкім ойлап көрмеген. Драматургия – жаяу жанр. Эстрада сияқты таңертен ұшаққа отырып, гастрольге барып, кешке қайтып келмейсіз. Мен бұл пьесаны 46 жасымда жазыппын. «Өкпек жолаушы» Гибралтар бұғазы арқылы Лондонға жеткенше талай уақыт өтті. Бірақ жетпей кет­кен шығармалар қаншама. Сондықтан Лондон театрына көп рахмет. Маған спектакль қатты ұнады. Лондон театрының ерекшелігі де сол, олар өздерінің имиджі үшін жұмыс істейді екен. Сондықтан бір пьесаны сахналамас бұрын оның көрермендер тарапынан қалай қабылданатыны алдын ала ескеріледі. Әсіресе, ағылшындардың пьесаның мән-мағынасын жақсы түсінгендігі қуантты. Спектакль ағылшын тілінде болса да актерлердің шеберлігі болар барлығын түсініп отырдық. Өзбек пен қырғыз ағайындардың Лондонда жүріп, бас қосып пьесаның ойдағыдай шығуына атсалысқаны таңғалдырды. Ал бұл шығарманың көрермендерге жол тартуына дәнекер болған Лондондағы Ш.Айтматов академиясының директоры, профессор Рахима Әбдуалиева. Ол туған жері Қырғыз елінен 8 жасында көшіп кетсе де, тілін, ұлттық мәдениетін ұмытпай, соны ағылшындар елінде дәріптеп, Шыңғыс Айтматов есімін Еуропада ұлықтауды мақсат тұтқан жан. Тіпті Лордтар палатасына барған кезде де ұлттық киімін киіп жүруінің өзі оның нағыз ұлтының қызы екенін көрсетеді. Сол кісімен танысқанымның өзі кездейсоқ еді. Менің шығармаларыммен сырттай таныс ол елге іздеп келеді. Менімен танысқан соң, 5-6 шығармамның қазақша да, орысша да нұсқасын оқып шығуға алып кетіп, ұзақ келіссөздерден кейін ақыры осы пьесама тоқталыпты. Бір жарым жылдай уақыт дайындық жұмыстары жүргізілді. Міне, содан менің шығармаларым аударылып, Кембридж университетінде «Гауһартас» атты әңгімелер мен повестер жинағының тұ­сауы кесілді. Қанша жылдан бері сақталған кітап қорында Кеңестер тұсында шығарылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Қ.Мұхамеджановтың Ш.Айтматовпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» атты пьесасының ағылшын тіліндегі нұсқалары бар. Сөйтіп, кітабым Лондонда ағылшын аудармашысы аударған алғашқы қазақ кітабы болды. Бұл бір жағынан қуанышты жайт болса, екінші жағынан өкінішті. Неге осыншама уақыт ішінде біз қазақ халқының имиджін жасай алмағанбыз деп қынжылдым.
– Актерлер шеберлігіне қандай баға бересіз? Ағылшын актерлерінен не үйренуге болады?
– Зейнептің рөлін сомдаған актриса Кэти Тревелиянның өзі спектакль соңында көз жа­сын тия алмай тұрды. Кейін Кэти бұл рөл өзіне ұнағанын, менің тағы да басқа шы­ғармаларымды ойнағысы келетінін айтты. Расында, актриса үшін ең қиыны қазақ әйелін сомдау ғой. Өзі де ер адамның бетіне тіке қарап сөйлемейтін қазақ әйелінің бейнесін шығаруда еңбектенгенін жасырмады. Қалай дегенмен, актерлердің рөлі көңілімнен шықты. Қарап отырсақ, бұл қарапайым қазақ әйелі мен бейтаныс азамат арасындағы ішкі драма. Бұл спектакльдің қойылуының өзі оған деген бүгінгі қоғамдағы қажеттілікті көрсетсе ке­рек. Спектакльді көрермендер қауымы жылы лебізбен қабылдағаны байқалып тұрды. Қарасам, жұрт жылап отыр. Міне, осындай кездері Қазақ елі үшін мерейіміз тасып ке­те­тіні жасырын емес. Ағылшындар қалай қа­былдайды екен деп толқығаным да рас. Спектакль аяқталған соң, біраз жерлеріне ескертулер айттым. Мысалы, басты кейіпкер Айтөренің екінші рет қайтып келгенінде қолына бір құшақ гүл алып келуі дұрыс деп шештім. Зейнептің диванда отырып жылағанынан гөрі, тұрып жылағаны әсерлі болады деп айттым. Ағылшындар айтқан ескертулеріме ке­лісіп, кейінгі спектакльдер де осындай өз­ге­рістер енгізіпті. Бізде «Өкпек жолаушы» М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Ескі үйдегі екі кездесу» деп қойылған болатын. Бәрібір қазақтың шығармасын қазақтан артық ешкім ойнай алмайды.
Ал ағылшын актерлерінің қалыптасқан дикциясы, психологиялық сәттерде дауыстарын қадағалап отыруы ұнады. Актер ішкі мұңын айтып жатса да, оның даусы соңғы қатарға дейін жету керек. Актерлердің көрермендер шапалағын күтуінен театр мәдениетінің жоға­ры екенін байқадым. Сахнадағы еркіндік, рөл­ді сомдаушы емес, сол рөлде ғұмыр бойы өмір сүргендей әсер қалдыруы да актерлік ше­берліктерін көрсетті. Қазақ актерлеріне ағыл­шындардан осындай жайттарды үйренуіне болады.
– Әлемдік ақпарат айдынында ВВС халық­аралық телерадиокешенінің алатын орны бөлек. Сізді сол ВВС-дің қырғыз бөліміне сұхбат берді деп естідік…
– Орталық Азия халықтарының хабарларының барлығы өз тілдерінде таратылып жатыр. Ал Қазақстаннан келгендер орыс тілінде сұх­бат берген соң, қазақ бөлімін Ресеймен қо­сып жіберіпті. Міне, осындай жерде артта қалып отырғанымыз елдігімізге сын. Әр елдің ақпараты өз тілінде таратылуы керек емес пе?! Озық мемлекеттер қатарынан көрінуді ойласақ, қазақ бөлімін қалпына келтіруді қолға алу керек. Амал жоқ, қырғыз тілінде сұхбат бердім. Одан ары қарай өздері аударып алды.
Лондонда қаншама қазақ жастары білім алуда. Онда қаншама қазақ диаспорасы бар. Бірақ қазақ мейрамханасы әлі күнге дейін жоқ. Ал ашылған мейрамхана жұмысын жүргізе алмай, өзбектердің қолына өтіп кеткені өкінішті. Ол бүгінде «Самарқанд» деп аталатын өзбек мейрамханасы.
– Болашақта Лондон сахнасында сіздің басқа да пьесаларыңызды қою жоспарда бар ма екен?
– Режиссер Юлдош Жорабаев менің тағы да басқа шығармаларымды алдағы уақытта сахналасам деген лебізін білдірді. Оған «Гауһартас» атты повестер жинағына кірген «Ескерткіш операциясы» деген комедиям ұнап отыр екен. Бұл туынды да Лондон сахнасынан көрінеді деген үміттемін. Желтоқсан айында Шыңғыс Айтматовтың туған күніне орай халықаралық конференция өтеді. Міне, сол кезде режиссерлер мен аудармашылар, баспагерлермен кездесіп, осы мәселе төңірегінде басқосу өткізу жоспарда бар.
Менің шығармаларымды жоғары бағалап жатқанына қуаныштымын. Қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың 60-70 жылдары келген менің замандастарым бүгінгі күндері көркем ойдың ең бір қуатты күшіне айналып отырғаны жасырын емес. Олар Шығыс және Батыс мәдениетін бойына бірдей сіңіре білген талантты ұрпақ. Сондықтан біздің жазушылардың шығармалары Еуропа жазушыларының ешқайсысынан кем соқпайды. Ал Англия елінің талғампаз оқушылары Шығыс мәдениетіне бет бұрып, оның ішіндегі қазақ әдебиетіне ықылас қоятын болса олардың баға жетпес рухани байлыққа кенелетініне кәміл сенемін.
Шетел театрлары түрі ұлттық, бірақ мазмұны адам­зат­тық шығармаларды сахналайды. Сон­дық­тан өмірдің шындығын қазақтың жү­ре­гімен, қазақтың қабылдауымен бере білуді ойлауымыз қажет. Адамзаттық мәселені қаза­қи көзқараспен беруді ойлаған абзал. Егер Қабанбай батырды жазатын болсақ, ағылшын түсінетін Қабанбайды да сомдауға болады. Бұл жерде ортақ драма, ортақ қайғыны таба білу керек. Мәселен, менің «Әпке» атты пьесам тәуір дүние болса да, Еуропа оны түсінбейді.
Лондонда қазақ пьесасы қойылды деп жатырмыз. Қазақ пьесалары, тіпті өзіміздегі өзге ұлттар театрларында қойылмайды. Бұлардың мәртебесі академиялық драма театрлармен бірдей. Бірақ ел мүддесі ұлықталатын шығармалар репертуарларында кемде-кем. Бірен-саран театрлар ғана қазақ пьесаларын аударып қойып жатады. Айталық, М.Әуезов атындағы қазақ драма театры жылына 4-5 премьера ұсынып қана қоймай, фестивальдер ұйымдастырып, гастрольге шығып тұрады. Ал өзге ұлт театрларының қазақ мәдениетін дамытуға атсалысып жатқанын байқамаймыз. Олардың репертуарындағы шығармалар елді бір арнаға ұйыстыратын елдік мүддеге негізделмейтіні өкінішті.
– Алдағы уақытта көрермендерді қандай шығармаңызбен қуантпақсыз?
– Қазір М.Әуезов атындағы драма театрында Мағжан туралы «Әлдиле, өмір, әлдиле» атты пьесамның дайындық жұмыстары болып жатыр. Мағжанды репрессия құрбаны деп, сол ауыр заманды суреттеп жазу көпшілікке тың дүние болып көрінбейтінін түсіндім. Сон­дықтан Мағжанды басқа қырынан көрсетуді мақсат еттім. Бұл шығарманы «Жүз жылдық махаббат» деп қойса болар еді. Бұнда Зылиқа апамыздың 96 жасқа келгенге дейінгі Мағжанмен арадағы сүйіспеншілігі мен сыйластығы айтылады. Бұл Мағжанның ішкі дүниесінен сыр шертетін дүние деуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Аноним

    Жоарғы жақпен дос болсаң, сен де Лондонға барасың.

  2. айбек

    Жоғарғы жақпен дос болсаң, сен де Лондонға барасың.

  3. Асыл

    Бұнда ешқандайда жоғары жақпен достықтың қажеті жоқ. Ондай әңгіме айтудың не қажеті бар? Қазақ пьесасы ағылшын төрінде қойылғанына неге қуанып, тілеушісі болып отыра бермейміз. қазақты құртатын көре алмаушылық деуші еді ғой, сонымен тура келісемін. Елде ауызбіршілік болмай, ешқандай қазақ мәдениеті де, әдебиеті де Қазақ елі де алға баспайды. Сондықтан ондай әңгіме айтуды қойыңдар.Бұл тек ол кісінің жетістігі емес, бұл бүкіл Қазақ елінің жетістігі ғой.

  4. Мырзахмет

    Сұхбат көңілімнен шықты. Біріншіден, жазушымыз Д.Исабековтың пьесасының Англияда қойылуы үлкен жетістік. Бұған қуаныштымын. сонымен бірге, журналистің ткір көкейкесті мәселелерді, айталық, өзге ұлт театр мәселелерін көтеруі орынды. Өте салиқалы сұхбат шыққан екен.

  5. Саят

    Бұл біздің халқымыз үшін үлкен мақтаныш. Аға, Сізге шығармашылық табыстар тілеймін.

  6. Тайыр

    Біздің театрда да үлкен деңгейде өтетініне сенімдімін,Дулат ағамызға ұзақ ғұмыр тілеймін.

  7. САНАТ Қонарбаев Тараз

    ЖАЗУШЫ ҰЛТТЫҢ ИМАНЫ,ҰЯТЫ,НАМЫСЫ. ЖАЗУШЫНЫҢ ЕҢ ЖАҚСЫ ШЫҒАРМАСЫ -ЖАЗЫЛМАҒАН ЯКИ ЖАЗАТЫН ШЫҒАРМАСЫ. ҚАЗАҚ ДРАМАТУРГИЯСЫН ӘЛЕМ ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРГЕН ДУЛАТ ИСАБЕКОВ АҒАМЫЗБЕН БІЗ МАҚТАНУЫМЫЗ КЕРЕК. ОЛ КІСІ ТУРАЛЫ ТЕРІС ПІКІР ТУДЫРҒАН АЗАМАТТАР, БІРІНШІ ДУЛАТ АҒАНЫҢ БАРЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫМЕН ТАНЫСЫП СОНАН КЕЙІН ОЙ ҚОРЫТҚАН ДҰРЫС ҚОЙ ДЕП ОЙЛАЙМЫН.(ӘКЕМ АЙТУШЫ ЕДІ ХАЛЫҚТЫҢ БІР АТАСЫ ИТ ДЕП)ӘРИНЕ ХАЛЫҚТЫҢ БӘРІНЕ ЖАҒУ МҮМКІН ЕМЕС. ДУЛАТ АҒА ҚҰДАЙ СІЗГЕ ҚУАТ БЕРСІН,ҚАЛАМЫҢЫЗДАН ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БЕДЕЛІН АСҚАҚТАТЫН ТАМАША ШЫҒАРМАЛАР ТУА БЕРСІН.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.