Аудармаға мән беретін кез келді

Қандай тіл болмасын өзінің даму барысында сөзжасам жүйесін пайдалану арқылы сөздік құрамын біртіндеп байытумен қатар өзге тілдерден сөз қабылдап та толығатыны белгілі. Кірме сөздерді дыбыстық-құрылымдық тұрғыдан игеріп, айтылу заңдылығына бейімдеп, өз сөзіне айналдырады.
Осылайша сөздік құрамның жетіліп, баюына өзге тілден енген сөздердің қосар үлесі аз емес. Бұл орайда аударылған сөздің екінші тілге орнығып, қалыптасуына оның дәлме-дәл аударылуы және айтуға жатықтығы ескеріледі. Әрине, аударма сөздің жалпыхалықтық сипат алып, кез келген адамның сөздік қорына енуіне тағы басқадай да себептердің ықпал ететіні рас. Қалай дегенмен, аударма сөз тіркестері мен сөйлемдерді айтпағанның өзінде, жекелеген сөздердің де тілімізге аударылуында түйткілді тұстар кездеседі. Осы ретте орысшадан қазақшаланған бірқатар сөздердің аудармалары жөнінде өз ойымды ортаға салуды жөн көріп отырмын.

Қолданыс жүйесі, аударылу үлгісінде біршама қателіктер кездессе де, әбден орныққан сөзді қайта өзгертем деу құр әурешілік екенін түсінеміз. Мәселен, XX ғасырға дейін қазақ «дәрігер» сөзінің орнына «тәуіп», «емші», «доғдыр» деген сөздерді пайдаланып келді. Кейін орыстар өздерінің «лекарь», «целитель», «знахарь», «доктор» сөздерін «врач» деген сөзбен алмастырды да, оны қазақшалау керек деп шешкендер «дәрігер» деген сөзді қолданысқа енгізді.
Бүгінде орыс тілінде «фармацевт» деген сөз пайда болған кезде «дәрігер» деген сөзіміз осы ұғымды беретіні анықталып, енді соған қазақша атау табылмай жүрген жай бар. Ал енді халыққа қайтадан «врач» дегенді «емші», «фармацевт» дегенді «дәрігер» дейік деп түсіндіріп көріңіз, қабылдай ма екен? Сонымен қатар орыстың «погода» сөзі кезінде «ауа райы» делініп қате аударылып, кейін ол сөзіміз «климат» деген ұғымға сәйкес келетіні белгілі болып, «погода» дегенді атам қазақ ежелден «күн райы» деп келгенін енді біліп жатқандаймыз. Бұған «күн райы жақсы», «күн бұзылып тұр», «күн жауын-шашынды болды», «бүгін күн ашық екен» деген сияқты т.б. сөз тіркестері дәлел.
Ал орыстың «является» сөзінің «болып табылады» деген қазақша аудармасының тілімізге орныққанына біршама уақыт болды. «Біздің студент болып табылады» деген сықылды сөйлемдерді «Біздің студент» деп айта салудың орнына «болып табылады» тіркесін қолданатындар қазіргі уақытта екі қазақтың бірі ауызекі тілінде кездеседі десек, артық айтпаспыз.
Ендігі бір мәселе, қандай да бір ұғым, құбылыс, заттың бұрыннан келе жатқан атауын өзгертудің қажеті жоқ сияқты. Өйткені бұрынғы сөзге жаңа атау қойылған жағдайда екеуінің арасында жарыспалы қолданыс пайда болып, бірі бір салада, екіншісі басқа салада қолданыла келе, ақыр аяғында біреуі екіншісін ығыстырып, сирек (пассив) қолданыстағы сөзге айналдырады екен. Оған мысал: Қазақтың төл сөзі – «күнгей (беткей)» мен «теріскей» сөздерінің орнына, не үшін екенін кім білсін, «оңтүстік» пен «солтүстік» деген жасанды сөздер ойдан шығарылып, оларды халық жаппай қолданатын болды. Біріншісі – жалпыхалықтық сөз ретінде ауыл қазағының, оның өзінде көнекөз қариялардың ауыз екі тілінде және көркем шығармаларда әлі де болсын қолданыста жүрсе, екіншісі – оқулық, оқу құралдары арқылы кең таралып, сөздік қорымызға берік орнығып, қазіргі жастардың жиі қолданатын сөзіне айналды. Сол себептен болар, қазіргі жастардың көбісі халық тіліндегі «күнгей» мен «теріскейдің» не екенін біле бермейді. Жасанды нұсқасының айтылуы (орфоэпия) мен емлесі (орфография) қате болып саналады. Дұрысы «оңтұстық», «солтұстық» болуы керек еді. Басында «тұс» пен «түс» сөздерінің екі түрлі мағына беретінін ажырата алмағандар басқаша жазып жіберіп, жазбаша түрлі әдебиеттер арқылы халыққа кең тарап кетті. Енді бүгін тіліміздің дауысты дыбыстар үндестігі (сингармонизм) заңына сәйкес келмейтін тілбұзар сөздердің қатарынан орын алды.
Түзеймін деп, керісінше бұзып алу жағдайлары бұл сөздермен де шектелмейді. Кезінде орыстың «перестройка» сөзі «қайта құрылу» деп аударылмай, «қайта құру» делініп, кеңестік жүйенің күйреуімен қолданыстан шығып, тарихи (историзм) сөзге айналғаны белгілі. Бұл сөз тіркесінің жасалуында да ағаттыққа жол берілгені анық. Мөлшері, «қайта құру» дегенді ұсынушылар тіліміздегі «тұрмыс құру», «бас құру», «жүйе құру», «топ құру» деген сияқты тіркестердің бар екенін алға тартып, өз аудармаларының дұрыстығын дәлелдесе керек. Қасақана «құру» сөзінің «қайта» деген сөзден кейін келіп тіркескендегі екінші мағынасын ескерусіз қалдырған сияқты.
Кейбір аударма сөздер өзінің дәлдігімен де, жатықтығымен де халыққа кең тарап жатады. Мысалы, «жағажай», «саяжай», «мекенжай», «әуежай» сөздері орыстың «пляж», «дача», «адрес», «аэропорт» дегендерінің қазақшасы ретінде тілімізге еркін енді. Рас, «жай» сөзінің «мекен» сөзімен мәндес болып, белгілі бір «орын» деген мағынаны білдіретіні бар, бірақ соңғы уақытта «хана» сөзі секілді қосымша (жұрнақтық) грамматикалық мағынаға да ие болып, өзі тіркесетін сөзбен бірге жазылатын болып жүр. Бұл ереже 2006 жылғы соңғы емле (орфографиялық) сөздігімізде де ескерілген еді. Соған қарамастан, еліміздің бірқатар басылымдары қос сөз (мекен-жай) ретінде сызықшамен (дефис) бөліп жазып келеді.
Қазір тілімізде орыстың «непрерывный» деген сөзінің «үздіксіз» деген қазақшасы қолданыста жүр. Бұл сөз, көбінесе, «үздіксіз даму», «үздіксіз білім беру» деген сияқты тіркестермен келеді. Орыстың «непрерывный» сөзі «рвать/прервать» етістігінен туындайтын болса, онда ол қазақша «үзу» етістігінен жасалып, «үзіксіз» болуы қажет еді (перерыв – үзіліс). Олай болмай, «озат» сөзінің синонимі «үздік» (үздік оқушы, үздік баға, т.б.) сөзімен беріліп, «озатсыз даму», «озатсыз білім беру» деген мағынадағы жаңсақ түсінікті қалыптастырып жүр. Бір қарағанда «үздік» пен «үзік (үзіліс)» сөзінің түбірі бір ғана «үз» етістігі сияқты болып көрінгенімен, біздің ойымызша, екеуі екі түрлі мағынадағы омоним түбірден өрбігендей, яғни «үздік» сөзінің де түбірі «үз» (оз+а+т) болғанымен, оның әу бастағы мағынасы ұмытылып, қазір бізге түсініксіз реликт түбір болып қалған деген ойдамыз. Әлде «озат» пен «үздік» сөздерінің «оз» бен «үз» деген түбірлері кезінде ортақ түбірден тараған шығар?
Сонымен қатар қазіргі кездегі «полиязычное образование» дегеннің қазақшасы ретінде қолданылып жүрген «көптілді білім беру» тіркесінің дұрыстығына да күдік-күмәніміз бар. Біздің ойымызша, «білім көп тілді» болмайды, керісінше «көп тілде білім беру» немесе «көп тілдік білім беру» болуы керек сияқты. Әлбетте, бұл өз ойымыз.
Өкінішке орай, мұндай шалағай дерлік аудармалар тілімізге біртіндеп еніп жатыр. Оларды жөнге келтіріп, реттеу аударма ісіне аса жауапкершілікпен қарап, әр сөздің мағыналық қосымша реңіне жіті назар аударуды талап етеді.

Бейбіт Исхан,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әдебиеттану және тіл білімі ғылыми-зерттеу институтының қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.