Гүлстаным киелі…

Қазақстан – ырыс елі, жыр елі,
Қазақстан – Гүлстаным киелі.
Иранбағым – таңғажайып мекенсің,
Біздегі ұлттар сені шексіз сүйеді.

Өткен күннің артта қалып елесі,
Тіршіліктің жылжи берер кемесі.
Туған елдің қалып жатыр соңында
Бағындырған асулары, белесі.

Елбасы мен Тәуелсіздік бір ұғым,
Қалың елің қолпаштап-ақ тұр бүгін.
Тәуелсіздік көк байрағы желбіреп,
Аспанымда шуақ шашып тұр күнім.

«Тар жол, тайғақ кешулерде» саспаған,
Қалың жұртын болашаққа бастаған.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деп әркез,
Жолдау жолдап, халқына ұран тастаған.

Жиырма үш жыл елім болды егемен,
Көшбасшымыз – кемеңгерім, көреген.
Қара нардай қайыспай-ақ халқының,
Өзге елмен терезесін теңеген.

Мақтан етіп ырыс, бірлік, ерлікті,
Татулықты, ынтымақты, өрлікті.
Төле, Қазыбек, Әйтекедей бабалар,
От тілімен нақыл сөздер теріпті.

Бабалардың салған сара жолымен,
Батырлардың найза ұстаған қолымен,
Жетті бізге ұлы Рух жаңғырып,
Тәуелсіздік сақталсыншы мәңгілік.

Бақытты елде өркен жайдым, мақтанам,
Туған жерде жайқаламын, бақ табам.
«Қазақ елі – Мәңгілік Ел болсын» деп,
Жыр – сырымды ақ ниетпен ақтарам.

Қазақ елі жалындасын, жайнасын,
Көк байрағым тұғырынан таймасын!
Балдырғандар ордамызда ойнасын,
Туған жерім шаттық тойын тойласын!

Сандуғаштар бақтарыңда сайрасын,
Бастарыңнан бақ-береке таймасын.
Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай
Қазақстан – Гүлстаным жайнасын !

Нұржаңыл Қадылбекқызы,
№17 орта мектептің мұғалімі

Алматы облысы
Іле ауданы
Боралдай кенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.