Заң талабын күшейткен жөн

«Ана тілі» газетінің №14 (1220) 10-16 сәуір 2014 жылғы санында журналист М.Кенжебайдың «Тілбұзар телеарналарға қашан тоқтау саламыз?» деген мақаласын оқып, көтерілген мәселеге бейжай қарай алмадым. Осы орайда «Ана тілі» газеті арқылы өз пікірімді де ортаға салуды жөн көрдім.

Менің байқауымша, бүгін­де телеарналардан үздіксіз бе­ріліп жүрген жарнамалардың қазақшасы сын көтермейді. Өйт­кені ол жарнамалар алдымен орыс тілінде дайындалып, кейіннен қазақшаға аударылатыны жасырын емес. Бұл мәселе журналистер тарапынан қанша сынға алынса да, одан шығып жатқан қорытынды да, нәтиже де болмай отыр. Осындай бір жарнама мәтінін мысалға келтіре кетейін. Бүгінде көптеген телеарналардан әлдебір иіссу жарнамасы көрсетіліп жүр. Жарнаманың орысша нұсқасында «пять в одном» деген сөз қазақ тіліне «бесеуі бір жерде» деп тура мәнде аударылыпты. Ал «Албени» шоколадының мына жарнамасы көңілге тіпті қонымсыз. Онда: «Есі ауысқан суырлар!» деген аударма сөзін тыңдауға болады. Мұндай сауатсыз жарнамалар тілімізге жасалған қиянат демес­ке лаж жоқ. Өйткені бұл бүкіл халықтың назарына ұсынылатын мәтіндер болғандықтан, ол қазақ тілінің барлық талаптарына сай болуы керек. Мемлекеттік тілде жазылған жарнама тіліміздің әдемілігіне, әуезділігіне, т.б. мәселелеріне нұқсан келтірмеуі тиіс. Қысқаша айтқанда, қазақ тілінде берілетін жарнама мәтіндерінің жайы мәз емес. Демек, жарнама берушілерге қойылатын заң талабын күшейткен жөн. Осы мәселені халық қалаулылары да өз назарына алса екен деп ойлаймын.

Айзат Рақышева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Бағдал Ақынұлы.

    «Бес орыс отырған жерде жүз қазақ отырса да, қазақтар орысша сөйлейді. Біз осындай сорлы халықпыз ғой » -деп Елбасының бірде соншалықты күйіне айтқаны бар. Шынымен де біз сорлы халықпыз. Қазақ елі екенімізді, өзіміздің қазақ екенімізді білсек те, Ана тілімізді білмеуге шақпыз. Жоғарыда қарындасымыз дәлел келтіре отырып өте орынды пікір жазыпты. Бірақ, мұндайға құлақ асып жатқан билік бар ма?! Биліктің бүгінгі әрекеті «Қолыңнан келсе қоншынан бас»-тың кері. Олай дейтінім оларға ұлт мүддесі емес жеке бастарының қамы бәрінен де артық! Елінің ертеңін, ұлтының мүддесін, ұрпағының болашағын ойлаған билік болса, мұндай сорақылықтарға әсте жол бермес еді. «Өз ұлтын сыйламау сатқындықтың белгісі» деп Баукең (Бауыржан Момышұлы)атамыз бекер айтпаған. Біздің ұлттық құндылықтарымыз, соның ішінде Ана тіліміз осындай сорақылықтардың құрбаны болса, қазақ еліміз, қазақ деген халықпыз деп құр кеуде соққанымызға жол болсын. «Қазаққа өзге ұлт өкілдері өктемдік көрсетіп отырған жоқ, өзін өзі жеңе алмай жүрген халық» деп Әкім Тарази ағамыз айтса, «Рухынан айырылған елді кім көрінген өзінің алдауына да, арбауына да көндіреді» деп белгілі саясаткер Дос Көшім ағамыздың айтқаны бар. Бұндай сөздерді белгілі қоғам қайраткерлері бекерден бекер айтпаған. Құрдымға кетіп бара жатқанымызды саралып, қателігіңді ел болып түзет деген ескертулері болса керек. Ана тілі мәселесі онсыз да бүгінгі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Бірақ, айтылған сын түзелмей ешқашан мініміз түзелмейді. Өзіміздің өзімізге жанымыз ашымаса, бізге кімнің жаны ашымақ. Шын мәнінде бүгінгі қоғамымыздағы келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмайтын осы қарындасымыз сияқты жастарға разы боламын. Журналист Айзат Рақышеваның «ҚАЗАҚСТАН ZAMAN» газетінде жарияланған осы тектес өзекті мәселелерді көтерген бірқатар мақалаларын да оқығаным бар. Соларға қарап отырып «Үлгі болар ағаның ізін бас та, жолын қу, Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, осындай саналы, өрелі жастарымызды көтермелеп, өз қабілеттеріне сай орындарға қойған болсақ, осындай қателіктерімізге жол берілмес те еді. Себебі, мұндай жастарымыз кемінде өзіне тиесілі жүгін, өзгелерден әлдеқайда артық атқарары да сөзсіз…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.