Болашақтың айқын бағдары

Соңғы жиырма үш жылда Қазақстанның дамуында түбегейлі өзгерістер болды, тарихи тұрғыда бұл кішкене ғана мерзім болғанымен, біздің мемлекетіміз үшін, өзінің маңыздылығы жағынан ғасырға бергісіз эволюциялық өзгерістер болды. Қазақстан посткеңестік республикалардың ішінде алғашқы болып ұзақмерзімді жоспарлар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын бағдарламалар жасады.

Елбасының 1997 жылғы қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауы «Барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздік және ауқатты тұрмысы» деп аталды. Артынан бұл құжат «Қазақстан – 2030» даму стратегиясы деген атаумен кең танымал болды. Аталмыш құжатта тәуелсіз Қазақстанның жаңаша тарихы сарапталып, елдің алдағы отыз жылдағы негізгі даму жолы белгіленді. Содан бері қазақстандықтар жаңа Жолдауларды ерекше қызығушылықпен күтетін болды, әсіресе әлеуметтік даму жоспарларына қатысты бөлігін талқылауда ерекше белсенділік танытып жүр. Президент «Қазақстан – 2030» Стратегиясында бүгінгі таңда әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің көпшілігі, Қытай, Малайзия, Түркия сияқты елдер ұзақмерзімді жоспарлар бойынша жұмыс жасайтындығын атап өтті. Стратегиялық жоспарлау ХХІ ғасырда басты ереже болып табылады.
Жолдауда қоғамдық инфра­құрылым­ның келешектегі дамуына ерекше мән берілген. Бұл мәселе агломерация, көлік және энергетика үштігінің өзара үйлесімді байланысы негізінде қарастырылған. Бұл алып территорияға шаққандағы саны аз біздің ел үшін маңызды болып табылады. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда ғаламат құрылыстар жүргізу қолға алынып, «Батыс Қытай – Батыс Қазақстан» авто және темір жолдары, жаңа бекеттер мен кемпингттер салынып, бұл жұмыстарға ондаған мың жұмысшылар мен инженерлер тартылды. Біздің Академия соңғы онжылдықта қарыштап дамып келе жатқан осы салаларға қажетті заманауи кәсіби білім алған мамандарды даярлауда. Академия ұжымы, тасымал жылдамдығын арттыру, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, логистика бойынша әлемдік стандарттарды енгізіп, оқу бағдарламаларын жаңартуда, шетелдердегі мамандардың дайындық тәжірибесін қабылдауда ықыласпен еңбек етіп келеді. Біз болашақ инженерлерге тек өз ісінің білгір маманы ретінде ғана емес, өмірдегі белсенді азамат, өз Отанының патриоты деп қараймыз. Академия қызметінде кеңінен танымал біздің гуманитарлық кафедра түлектердің тұлғалық, азаматтық ұстанымдарын қалыптастыруға өз үлесін қосуда.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, біздің еліміз қоғамның барлық салаларында табыстарға ие болды. Мұны ел іші ғана емес, алыс-жақын шетелдерде мойындайды. Мемлекет тамыры Кеңес дәуірінен бастау алатын көптеген әлеуметтік мәселелерді жедел шешуге барынша күш салуда. Бірақ бұны жүзеге асыру үшін едәуір уақыт қажет. Бір сәтте барлық мәселені шешу мүмкін емес.
«Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасы Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуын ғылыми негіздеу бағытында мақсатты жұмыстар атқаруда. Ка­федра­ның оқытушы-профессорлық құрамы Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын түсіндіру бойынша ақпараттық-насихат тобының құрамына кіреді, тәуелсіздік кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын сипаттайтын оқу құралдары, біршама ғылыми мақалалар жарыққа шықты. Жоғары оқу орнындағы оқытушының қызметі студенттерге кәсіби білім беру мен мамандыққа сай дағдылар қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар уақыт талабына сай әлеуметтік-саяси танымын кеңейтуге міндеттейді. Сондықтан да, студенттерге Жолдаудың басты міндеттері мен негізгі мақсатын таныстыру және оларды талдау кафедра үшін алдыңғы кезектегі мәселе.

А.Абдирайымова,
М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік
және коммуникациялар академиясының «Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.