Сарбаздар сап түзейді

Қазақстан жауынгерлері 14-сәуірден бастап Астанадағы «Қа­зақ елі» ескерткіші алдындағы алаңда болатын әскери шеруге қызу дайындалып жатыр. Шеру 7-мамырдағы Отан қорғаушылар күніне орай өткізіледі. Еліміздің абыройын асқақтататын осынау шараға 2 мыңға жуық жаяу әскер қатысқалы отыр. 

Олардың төрттен үшін Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлері құрайды. Әскери салтанаттың ажарын кіргізу үшін, Астанаға басқа өңірлерден 250-ге жуық соғыс техникасы жеткізілген. Сонымен қатар 56 ұшақ пен тікұшақ сарбаздар сап түзеген алаңның аспанында самғамақ. Әскери колоннаны басқаруға 566 адамнан құралған экипаждар, жүргізушілер, механиктер, десанттар тобы құрылды. Олар әскери шеру кезінде өздері отырған көліктер мен техникалардың тұт­қасы мен тізгінін ұстайды. Бұл әскери шерудің бұрынғылардан ерек­шелігі – оған жаңа ­заманауи техникалар қатыстырылып, көпші­лікке таныстырылады. Қор­ғаныс министрлігінің хабарлауын­ша олардың арасында отандық өндіріс орындары шығарған әскери техникалар да бар.
Күнделікті әскери дайындық 4-5 сағатқа созылады. 200 адамнан құралған оркестрдің сүйемел­деуімен жауынгерлердің сап түзеуі, жүріс-тұрысы, аяқ алысы жіті бақы­лауға алынып, сарбаздар шашау шығармайтындай дайындыққа келтірілді.
Тәуелсіз Қазақстан армиясы­ның қуат-күшін, айбынын паш ете­тін бұл салтанатты шараға Қор­ғаныс министрлігінің, Ішкі іс­тер министрлігінің, Төтенше жағ­дайлар министрлігінің, Ұлттық қауіп­сіздік комитеті Шекара қызметінің және Республикалық Ұланның құрылымдары қатысады. Әскери шерудің айбатын асыру үшін еліміздің әр түкпіріндегі бөлімшелерден кең жауырынды, ұзын бойлы, қимыл-қозғалысы ширақ жігіттер іріктелген. Сонымен бірге әскери шеруге қатысу үшін дене даярлығы мен моральдық-психологиялық рухы мықты сексен бес  қыз-келіншек таңдап алынған.
Әскери шеру Қорғаныс ми­нистрлігінің 2014 жылға арнал­ған бюджеті есебінен қаржы­лан­дырылып отыр. Ал салтанатты шеру болатын күні Астана қала­сының бірқатар көшелеріндегі көлік қозғалысы тоқтайтыны алдын ала хабарланды.
Әскери шеру Кеңес өкіметі 1945 жылы неміс әскерін толық талқандағаннан соң жыл сайын өткізілетін тұрақты дәстүрге айналды. Сонымен бірге мұндай ше­ру ірі-ірі әскери жаттығулардан кейін де өткізіледі. Қазақстандағы ірі көлемдегі тұңғыш әскери шеру 1992 жылдың 7-мамырында болды. Алғашқы әскери шеруді Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов қабылдады. Ал ең ірі әскери шеру былтыр өт­кен болатын. 2013 жылдың 7-ма­мырындағы әскери шерудің орны ретінде Отардағы 40-ыншы әскери база полигоны таңдалып, оған 7 мыңға жуық жауынгер, 500-ден аса әскери техника және 86 ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылды. Оны тамашалауға алыс-жақын елдерден көптеген қонақтар келген еді.
Жауынгерлердің саны да, әскери техникалардың саны да өткен жылғыдан аз. ­Десек те, жоғарыда айтқандай әс­кери техникаларымыздың сапасы жақсарды. Оған қоса жауын­герлеріміздің де рухы көтерілді деп ойлаймыз. Өйткені сарбаздардың көбі тәуелсіздікпен құрдас және тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келген буындар. Сондықтан бүгінгі жауынгерлердің алымы да, қарымы да бұрынғылардан әлдеқайда жоғары.

Бейбіт Нәлібаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. куаныш

    отан алдында кызмет еткендерге рахмет менде кызмет етемин …..

  2. Алтын

    Жыл сайынғы әскери шерулер жоғары деңгейде өткізіледі. Теледидардан мақтанышпен, үлкен қызығушылықпен тамашалаймыз. Әскер қызметкерлерінің жоғары дәрежелі дайындығын көріп, ел болашағы үшін алаңдамайтындығымызды ұқтық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.