Теңіз тарланы

Тасқынмен арпалысқан балалық

Қуанғали тағдыр таяғын ерте жеді. Жетінші сыныпта оқып жүргенде әуелі әкесі, сосын анасы Ақкенже қайтыс болды. Бұдан әрі ағайындарын сағалаған он төрт жасар ұл жалғыз қарындасы Жамалды ілестіріп, күн көріс қамына көшті. Сонда не істеу керек? Ол кезде астрахандық қазақтар үшін ең қолайлы жұмыс қара қайықтың желкенін желбіретіп, айдын бетін шарлаған балықшы атану ғана. Басқа қолайлы жұмыс түрі жоқ. Бірақ көк жал толқындармен арпалыста мынау бала, анау ересек деген болмайды. Ау құлағы бірдей, желкеңнен төнген долы толқын, қолыңнан келсе алысып бақ. Әйтпесе, ашулы теңіз аяғыңды аспаннан бір келтіріп жағаға лақтырады немесе су түбіне батырады.
Бірақ «Икрян аудандық комсомол комитеті Бакудың теңізшілер училищесіне оқу үшін жастар жинап жатыр» деген хабар мұның балықшылық кәсіпті қоя тұрып, аталған оқу орнының курсанты атануына себеп болды.
Бұл 1938 жылдың тамызының аяғы еді. Училище оқытушылары қабылдау емтиханынан соң әр балаға жол қаражатын үлестіріп, бірінші қыркүйекте Бакуде болу керектігін ыждағаттап түсіндірді. Ақыры әзер деп Бакуіне де жетті-ау.
Арада үш жыл өтті. Жас жүректерде арман көп, айдын беті шақырады, теңіз құпияларын ашсам дейді. Амал не, училищені енді ғана бітіреміз деп қиялға қанат байлап, қалған жарты жылдың тілеуін тілеп тұрғанда батыстан кездейсоқ оқ атылды, Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Елде қиын жағдай орнап, училище оқушылары мерзімінен бұрын мемлекеттік емтихандарын тапсырды, соғысқа дайындық жұмыстары басталды. Бұдан әрі Орджоникидзе қаласында болашақ барлаушы-парашютистер ретінде екі айлық әскери даярлық курсты бітіріп, Қуанғали Жұмалыұлы 18-Армия құрамында теңіз жаяу әскерлерінің бірі ретінде Севастопольда Отан қорғау ұрысына енді. Бұл жау жағының аталған қаланы құрлықтан емес, теңіз арқылы алу ниетіндегі қарбалас кезеңі еді. Осыған орай дұшпандар құрамында Италияның, Румынияның корабльдері бар 12 десанттық кемені қалаға қарай бағыттап, теңіз шайқасына әзірлікті қызу бастап кеткен-ді. Ал бұл кезде кеңестік Армия «Красный Кавказ», «Молотов» аталатын сайма-сай крейсерлері мен «Бодрый», «Бойкий», «Бдительный», «Собразительный» эсминецтерін де қарсы шабуылға әзірлеп үлгерген-ді. Аталған ұрыс кезінде негізгі күш артиллеристерге артылып, құрамында Қ.Ихаров бар «Бодрый» эсминеці капитан-лейтенант Михайл Шепиловтің тапсырмасы бойынша алғашқылардың бірі болып қарсы шабуыл бастады. Қазақ жігітінің нысанаға алуымен жау жағының «Принц Михай» атты шабуыл­даушы кемесінің басқару орталығына оқ тиіп, әп дегеннен суға батты. Ұрыс екі сағатқа созылды. Нәтижесінде дұшпандар алты десанттық кемесінен айырылды. Өкінішке орай «Бодрый» да теңіз түбіне кетті. Ондағы үш жүз отыз үш теңізшінің жетпіс бірі ғана жанын сақтады. Ал Қуанғали болса оң иығынан қатты жараланып, Поти қаласындағы әскери госпитальға түсті.

Қызылқоғалық адмирал Л.А.Владимирский

Жаралылардың жайымен танысып келе жатқан флот командирі Л.А.Владимирский Ихаровтың төсегі тұсына келгенде көзі жайнап, жүзінен нұр шашып, таза қазақ тілінде «Астапыралла, мен жерлесімді көріп тұрмын» деп тұрқы екі метрлік дәу денесімен Қуанғалиды құшақтаған күйі бетінен сүйді.
Алғашында адмирал қай тілде сөйлеп, кімді құшақтап жатқанын түсінбеген әріптесі әскери командир, генерал Иван Ефимович Петров мұның бетіне таңырқай қарайды да, «Мен сіздің қай тілде сөйлеп жатқаныңызға түсінбедім, жолдас адмирал!» дейді ғой.
– Мен қазақша сөйлеп тұрмын. Өйткені мен Қазақстанда, оның Гурьев облысы, Қызылқоға деген жерінде туып-өстім. Әкем аталған ауылда фельдшер, анам акушер болып жұмыс істеді. Керек десеңіз мен орыс тілінен гөрі қазақ тілін жақсырақ біліп, ұғынамын. Сол тілде оқимын, еркін жаза аламын. Ал дәл қазір мен жерлесімнің кешегі үлкен ерлігіне бола келіп тұрмын. «Сен нағыз ерсің!» деген флот командирі Лев Анатольевич Владимирский тағы да Қуанғалидың иығына қолын салып, жерлесінің Қазақстанның қай жерінен екендігін сұрады. Оның Астраханнан, тарихи Отаны Гурьев, арғы аталарының сол Лев Анатольевич туған Қызылқоғадан екенін айтқанда, теңіз тарланы тап бір туғанын көргендей мәз болды, балалық шағынан әңгімелер сабақтады, достарын еске алды.
Кейін сол ағасы Қуанғалидың Севастополь қаласын қорғаудағы алғашқы және жанқиярлық еңбегі үшін оның өңіріне «Қызыл Жұлдыз» орденін өз қолымен тағып, келешегіне амандық, жеңісті күндер тіледі. Бұдан әрі ол сол қаладағы полковник Е.И.Жидиловтың басқаруындағы 7-теңіз бригадасының капитан А.С.Гегешидзенің 3-батальонында әскери қызметін жалғастырып, теңіз жаяу әскері барлаушысы ретінде іс-қимылын бастады. Бұл оның Ұлы Отан оғысындағы барлық қызметінің арқауына айналды.
Қуанғали Жұмалыұлының соғыс жылдарындағы әр қимылы қатер мен ерлікке толы. Оны өзі жазған «Память сердце», «Глазами очевидца» және «Матрос из Казахстана» кітаптары мен ол туралы әр жылдары әріптестері мен журналистер жазған түрлі мақала, естеліктерден оқуға болар еді. Мәселен, «Новороссийский рабочий» газетінің 1983 жылдың 29-қарашасындағы санында журналист Л.Кураваның «Был такой полк на великой войне» деген мақаласында Қуанғалидың Севастопольдан соң Новороссийскіде әскери қызметін жалғастырғанын айта келіп, оның еліміздің сол кезгі ең жоғары наградасы Ленин орденін алуға негіз болған ерлігін баяндайды.

Теңіз тарланы
Бұл кезде Қ.Ихаров 305-теңіз полкінің 4-батальоны құрамында. 1943 жылдың 5-қыркүйегінің бозала таңы қиян-кескі ұрыспен басталды. Алғашқы ұрыстың өзінде-ақ командир оққа ұшып, оның орнын барлаушы Қ.Ихаров басты. Не істеу керек? Ойланып тұратын уақыт жоқ. Алдымен ең оңтайлы позиция – жағалау бойына орналасқан жау батареясын басып алып, қолайлы үлкен ұрысқа жол ашуы керек. Сонда тұтас нәтижелі ­шабуыл басталмақ. Бұл жиырма жасқа толмаған қазақ жігітінің батыл шешімі еді. Болжам өте сәтті болды. Кейін оның өңіріне осы ерлігі үшін Ленин ордені қадалды.
Ал оның алдында, дәлдеп айтса, 1943 жылдың ақпан айының 1-інен 2-сіне қараған түні тағы бір қызық жағдай болды. Оқиға «Кіші жерде» өткен-ді. Түнгі шайқас кезінде майор Ц.К.Кунисовтың батальонының «Тендер-116» аталатын шағын десанттық катеріне жау жағының снаряды түсіп, түбі жарылып кеткен. Соған сай көп адам суға батқан, өлген, бірақ тірі қалғандары да бар. Соларды тез құтқару керек. Тапсырма алған бойда жерлесіміз қасында матрос В.Дятлов бар межелі жерге жетеді де мұзға жабысып тұрған екеуге жақындап кеп, қолындағы багорын созып, бұлар мінген қайыққа отыруын сұрайды. Әлгілердің әлсіреп жаурағаны сондай, қан-қан қолдары еш нәрсеге икемге келмейді. Әсіресе, денесі ауырлау мына бірінің жағдайы тіптен қиын. Қуанғали оны өз катеріне қалай мінгізіп аларын білмей, әзілге шаптырған күйі «Жолдас, матрос, кескен томардай қатып қалыпсыз, әрі қорғасындай зіл қаратас ауырсыз, аз-мұз қимылдасаңызшы?!» деп қолынан тартты. Ақыры жанындағы серігімен екеулеп жүріп, өз қайықтарына отырғызды-ау.
Кейін ол Геленджиктегі ауруханасына жатып шыққан соң тағы да бірнеше рет кездесіп, әлгі матроспен дұрыстап танысты. Сөйтсе, ол өзінің 18-Армиясының саяси бөлімінің бастығы, полковник Леонид Ильич Брежнев те, ал жанындағы аға саяси жетекші Сергей Андреевич Старшинов екен. Әрине, жерлесіміз өзінің комиссар алдындағы сәл де болса, көтеріңкі дауыспен айтылған әзілі үшін кешірім сұрады. Бірақ оны ауырлап, көңілге алған Леонид Ильич жоқ, қайта өзін ажал тырнағынан алып қалғаны үшін Қуанғалиға алғыс жаудырып, өз ризашылығын білдірді. Оның қайтарымы ретінде кейін айтарлықтай құрмет те көрсетті.
1981 жылы елімізде Л.И.Брежневтің 75 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталынып өтілді. Бір ғажабы сол кездегі СОКП-ның Бас хатшысы әлгі шараға қайдан тапқаны, қалай есіне түскені белгісіз, әйтеуір, Қ.Ихаровты да шақырып және реті келгенде Леонид Ильич той қонақтарына өзін ажал құрығынан алып қалған қазақ жігіті туралы «Білесіздер ме, мына қазақ мені «Кіші жерде» өлімнен алып қалды. Катерімізге снаряд түсіп, тірі қалған екеуміз жандәрмен күн мұзға жабысып тұрғанымызда өз катерін алдымызға тосып, мінгізе алмай әлек болып жатқанда маған «Құдды бөренедей серейіп, қатып қалыпсыз ғой, қимылдасаңызшы?!» дегені бар. Оны мен әлі күнге ұмытпаймын. Егер осы қазақ болмағанда мен әлдеқашан балықтарға жем болар едім» деді. Бұл жайлы артынша 18-Армияның ардагері, жазушы Юрий Ильинский «Однополчанин» («Нау­ка и религия» журналы, 1981 ж, №12) деген мақаласында кеңінен әңгіме етті.
Ұзындығы 903 шақырымға созылып, Польша жерін басып өтетін Одер (Одра) өзені Германиямен шекаралас аймақта жатыр, тіпті иек асты десе де болар. Соған сай Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашист әскерлерінің күшті қорғаныс шебіне айналғаны белгілі. Кеңес әскерлері аталған шепті бұзу үшін Бірінші Украин және Бірінші Белорус майданы жауынгерлерін өзеннің жоғарғы және төменгі ағыстарына жұмылдырып, аса жойқын шабуыл ұйымдастырды. Сөйтіп, Берлинді алу жөніндегі жоспарлар осы плацдармдар арқылы жүзеге асты. Бұл ретте, аталған шабуылға дайындыққа қандасымыз Қуанғали Ихаровтың да айтарлықтай үлесі бар еді. Оқиға былай болған еді.
Оқып жүргенде бокс секциясына қатысып, жастай қара жұмыспен бұлшық еті қатайған Қуанғали соғыс жылдарында немістерден «тіл» әкелудің шебері атанды. Бірде 1945 жылдың сәуір айы болатын, құрамында белгілі палуан Амиран Мукниашвили, шалт қимылды, қағылез Александр Сухов және боксшы Қуанғали бар арнаулы топты полк командирі П.Пузик шақырып алып, бүгінгі таңда Кеңестік Армия алдындағы ең жауапты міндет Одер өзенінен өту, ол үшін алдымен жау жағының бар мүмкіндігін білу керек. Сондықтан алдағы түнде Одер өзенінің арғы бетіндегі Щецин қаласында орналасқан немістер штабынан мүмкіндігіне қарай шені жоғары, мәліметі мол «тіл» әкелу жайлы тапсырма береді. Әрине соғыста, соның ішінде әскерде тапсырма талқыланбайды, орындалады және бұл Ихаров тобы үшін алғашқы тапсырма емес, кезекті, бірақ ең жауапты. Ендеше, қалайда орындау керек. Осы мақсатпен ымырт түсе жолға шыққан үшеуі әуелі әудем жердегі Одерге жетіп, қыс ызғары қайта қоймаған кәрі өзеннен аман-есен жүзіп өткен күйі әрі қарай тағы да алты шақырым жаяулап жүреді. Содан соң қолайлы «тіл» іздейді. Оны табу да оңай емес. Бірақ мақсат сол ғой, ақыры еңселі үйдің бірінің жертөлесіне орналасқан штабты тауып, қарауылдағы бес күзетшінің көзін құртқан күйі жанында бір полковнигі, тағы да екі офицері және радисі бар генералдың алдарындағы картамен әуре болып жатқан сәтінде үстерінен түсіп, генералдан басқасының бәрін де жайратады. Содан соң таң ата аса мәліметті «тілмен» полкке оралады. Сөйтсе, ол SS-тің группен фюрері Рудольф Шиллер деген екен. Соғыс және дипломатиялық этикетке орай, мейлі ол тұтқын болса да, онымен шені теңесетін әріптес сөйлесуі керек. Ертесіне полкке Висла-Одер операциясының басшысы, Жоғары Бас қолбасшының бірінші орынбасары, маршал Г.К.Жуковтың өзі келіп әңгімелесті. Ең қажетті мәліметі бар «тілді» әкелген Ихаров тобына риза болған маршал генералмен арадағы әңгімеден соң Қуанғалидың жанына кеп «Мұртты жігіт, сен кездейсоқ арғы бетте жүрген Гитлердің өзін көрген жоқсың ба?» деп әзілдепті және қазақ жігітінің осындай аса қатерлі іс-қимылы үшін оның шенін көтеріп (аға лейтенант), өңіріне Александр Невский орденін қадаған.
Әрине, бұл тура мағынасында айтатын болсақ, үлкен ерлік. Қолдарында теңізшілердің бар-жоғы қарыс жарым қанжарынан басқа қаруы жоқ үш жігітке бостан-босқа қолын көтеріп, ілесе қоятын генерал жоқ. Одан да басқа шенді-шекпенді офицерлер, солдаттар қанша?! Бірақ осындай адам сенбес оқиғаның басты қаһарманы, қандасымыз Қуанғали Ихаров екені белгілі. Ол туралы Валерий Долгихтың «Матрос из Казахстана» мақаласында жазылған.
Кейін бұл туралы өз естелігінде Амиран Мукниашвили де жазыпты. Ол қаруласы Қуанғали Жұмалыұлының көзсіз ерлігіне еріксіз таңғалып «Соғыста оқ көбіне-көп қорқақтарды ғана іздейді. Ал нағыз батырдың оққағары қашан да әзір. Қуанғали сондай матрос еді» дейтіні бар. Бұндай сөзді кезінде қазақ батыры Бәукеңнің өзі де айтқан. Ол бұл турасында «Нағыз батыр өзіне оқ тигізбейді» демеуші ме еді? Міне, біздің Қуекең соғыста осындай сарбаз болды. Ол Ұлы Отан соғысында Севастопольден әскери қызметін бастап, Новороссийск, Тамань, Керчь, Туапсе, Армавир, Геленджик, Темрюк қалалары маңындағы ұрыстарға қатысып, көптеген елді мекендерді жау құрсауынан босатты. 19-Армия құрамында Карелия жерінде Кеңестік Заполярьені азат етуге де қатысты. Соғысты жау ошағының өзінде – Берлинде аяқтап, маршал Г.К.Жуковтың арнайы шақыртуымен 1945 жылдың 24-мау­сымында Мәскеудің Қызыл алаңында өткен Жеңіс шеруіне қатысты. Бұл сол кез үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе еді.

Соғыстан соңғы жылдар

Бірақ соғыс аяқталғанымен өмір аяқталған жоқ. Ендеше әр адамның өзінше қимыл-әрекеті жалғаса берді. Қуанғали бұдан арғы өмірінің түгелдей теңізге арналатынын, сондықтан Бакуде алған үш жылдық білімі, сондай-ақ соғыс жылдарындағы адам аңдып, ажал сепкен күндерінің бұдан былай күші азая түсетіндігін ескеріп, 1946 жылы Ленинградтағы вице-адмирал С.Макаров атындағы Жоғары әскери-теңіз училищесін (1946 ж.), Владивостоктағы Әскери Академия жанындағы командирлер курсын (1949ж.) тәмамдады. Міне, осындай теориялық жағынан қаруланған, өмір тәжірибесі мол, былайша айтқанда отқа да түскен, суға да батқан ол соғыстан кейінгі бейбіт күндерде де біраз құқайды басынан өткерді. Былайша айтқанда әлемді таңғалдырған ашық майдан болмаса да одақтастар арасында ойранды күндерді өткерді. Өйткені сол кездегі Кеңес Одағы одақтасқа көмек деген желеумен бірде Алжирге мылтық кезенген әлдебіреулерге қарсы оқ атса, тағы бірде Кореяның, болмаса Қытайдың қолжаулығы болып, өзге бір елдің әскерлеріне қарсы күресті.
Атап айтқанда, ол соғыстан кейінгі жылдары Тынық мұхитта «Щука» сүңгуір кемесінің капитаны ретінде Қытайдың Шанхай қаласын атқылаған АҚШ-тың атақты алтыншы флотының «Техас» ленкорын Шығыс Қытай теңізінде су түбіне батырып, аспан асты елі тарихында мәңгілік атын қалдырды. Бұл үшін кейін Мемлекет басшысы Дэн Сэо-Пиннің өз қолынан Қытай Халық Республикасының ең жоғары әскери марапаты – «Қызыл Ту» орденін алды.
Бұдан соң жоғарыдағыдай себептермен Жерорта теңізінде Алжир жағынан француз отаршылдарына қарсы соғысты. Ол басқарған «Щука» сүңгуір кемесі отаршылардың қосымша әскери күшінің Алжир жағалауына жеткізілуіне мүмкіндік бермей жолын кесті. Сөйтіп, алжирліктердің жеңіске жетуіне жағдай жасады. Одақтастық достық бағыттағы бұл орасан зор ерлікке толы көмегі үшін жерлесіміздің өңіріне аталған елдің І дәрежелі «Ерлігі үшін» ордені қадалды.
Қ.Ихаров «Щукадан» кейін де алысқа бағытталған «АТ-312», «Генерал Багратион» танкерлерінің капитаны ретінде қызмет бабына орай әлемнің біраз елдерінде болды. Сонымен қатар ол кәсіби әскери теңізші, әскери-теңіз және сауда флоттарының бірінші дәрежелі капитаны ретінде Астрахан мен Баку, Гурьевтегі теңізшілер, Калининград әскери-теңіз училищелері мен мектептеріне дәріс берді, тәжірибелік сабақтар өткізді. Атап айтарлығы Калининград училищесіндегі қызметінде осындағы соғыс жылдарында Геббельстің жеке яхтасы болып, кейін «Вильгельм Пик» атанған желкенді шхунаның капитаны ретінде училище оқушыларына өткен күндер естеліктерін айтып, асау толқынды көк теңіз бен шалқар мұхиттың ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
Қ.Ихаров 1984 жылы, яғни 61 жасында құрметті еңбек демалысына шығып, Алматыдан қоныс тапты. Қолы бос кезінде Қапшағайдағы теңізшілер мектебі оқушылары арасында болып, өз өмірінен қызықты әңгімелер айтатын. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында төрт рет өте ауыр жарақат, бірнеше рет контузия алды. Бірақ бір сәт те саптан шыққан жоқ. Теңізші атанған жылдарында өзінің сүйікті «Щука», кейінгі «АТ-312», «Генерал Багратион», «Вильгельм Пик» кемелерімен жер шарын 12 рет айналып шығатындай айдын кешкен екен. Немесе 25 жыл әскери, 15 жыл сауда кемелерін басқарып, Англия, Америка, Австралия, Қытай, Корея елдерінде болды. Осы жылдарда соғыстағы ерлігі, бауырлас елдерге деген көмегі, яғни бейбіт жылдардағы «салқын соғыс» жорығы, көрсеткен көмегі үшін ол «Ленин», «Қызыл Ту», үшінші дәрежелі «Даңқ», Александр Невский, бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» сынды 9 орден, 18 медальмен марапатталды. Жау қолынан азат етілген бірнеше қаланың Құрметті азаматы атанды.
Тәңірдің әркімге берер лайықты жасы бар. Сол сағат ол үшін 2003 жылдың 10-қазаны болды. Сөйтіп, ол дәл 80 жасында өмірден өтті. Әйтсе де біз оны тек Жеңіс күндері ғана емес, теңіз тарланы, су асты кемесін ұршықша иірген көзсіз батыр ретінде де еске алатын боламыз.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі
Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.