Ар ісін аялаған

Сонау 1951 жылдың қысында қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданының Жемді ауылында дүниеге келген Қанипаш кішкентайынан кітап-қағазға құмар болады. Ол кезде соғыстан бір аяғынан айырылып келген Кәрібай ата салт атқа мініп алып, әр үйге қос қоржынынан алма-кезек хат-хабар үлестіруші еді. Оның қарасы алыстан көрінгеннен-ақ Қанипаш өзі ынтыға күтетін «Балдырғанды» алуға асығады. Журналдағы Бердібек Соқпақбаевтың «Аяжан» повесінің жалғасын оқығанша тағат таппайды. «Пионерге» өзі де мақала жібере бастады.

Алғашында редакциядан «қаламыңды ұштай түс, мақалаңды бере алмадық» деп ақыл-кеңес айтқан хаттар келгенімен, кейіннен мақаласы жиі шығатын болды. Мақаласы шыққан күні төбесі көкке жеткендей қуанады. Соңынан пионер достардан хаттар қардай жауады… Бұлардың бәрі де Қанипаштың әлдебір жұмбақ әлемге деген құштарлығын арттыра түсті. Тіпті өзі жаздырып алмайтын «Жұлдыз» атты журналды оқуға ынтықты. Өзіне жезде болып келетін Кәрібай ата үйіне барғанда «Жұлдызды» оқи тұруға беретін еді. Бұндайда Қанипаш Кәрібай атаның картобын түптеуге көмектесетін. Өзі жаздырып алмайтын газет-журналдарды оқу үшін күнұзақ жездесінің үйінде жүргені үшін анасы кейде ренжуші еді. 2-3 сыныпта жүргенде Алматыға барып келген кейбір ұстаздары басқаға емес, Қанипаштың қолына енді ғана ақталған Сәкен, Бейімбеттердің шығармаларын ұстатып еді. Әсіресе, Бейімбеттің «Әжесі» мен «Күлпашы» жасөспірім қыздың есінде ерекше сақталды. 6-сыныпта «Абай» романын қолына алған Қанипаш қазақ деген ұлттың қасиетін алғаш танығандай болды. Кітап әлемі теңіздей тереңіне тарта берді… Енді орыс, шетел классиктерін аударма үлгісінде оқи бастады. Толстой, Достоевский, Тургенев, Бальзак, Драйзер… Міне, сол кітапқұмар атанған қыз Қанипаш 1968 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, оны 1972 жылы үздік бітіреді. Алғашында біраз жыл өзі түлеп ұшқан Алакөл ауданына қарасты М.Төлебаев атындағы орта мектепте мұғалім болып істейді. Бірақ Серік Қирабаев сынды білімпаз ұстаздың дәрістерін тыңдаған Қанипаштың әдебиет әлеміне деген құштарлығы арманына қанат байлап, Алматыға келеді. «Ғылым», «Қайнар», «Жазушы» баспаларында, «Жалын» журналында редактор болып қызмет істейді. Қанипаштың әдеби сынға бет бұруы сол уақыттан басталады.
1990 жылдан бастап баспа ісіндегі мол тәжірибесімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазіргі филология, әдебиеттану және әлем тілдері аталатын факультетінің қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедра­сына оқытушылық қызметке келеді. 1995 жылы «Зар заман ағымы және Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 2006 жылы «Қазақ әдебиетінің XIX ғасырдағы көркемдік дамуы және зерттелуі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды.
Профессор Қанипаш Қайсақызы өзі зерттеп-зерделеген ғылыми еңбектерінің негізінде көптеген оқулықтар мен оқу құралдарын, монографиялар жазды. Студент-шәкірттерге арнап жазған ғылыми еңбектерінің бірі – «Зар заман ағымы» (1997) деп аталатын оқу құралы. Бұл еңбекте ғалым М.Әуезов еңбегіне сүйене отырып, «зар заман» деген бағыттың неден басталып, немен біткенін түйіндейді. В.В.Радлов, Лютшь, Ы.Алтынсарин басылымдарындағы Шортанбайдың «Зар заман» толғауын сөз етеді. Шортанбай сынды басқа да зар заман ақындарының ғибраттарына, философиясына ой жүгіртеді.
Қанипаш Мәдібайдың «қазақ әдебиетінің жауһар ғасыры» деп атап отырғаны – XIX ғасыр. Өйткені XIX ғасыр әдебиеті саяси-тарихи астары қалың тәуелсіздік үшін күрес әдебиеті болуымен бірге әдеби дамудағы азатшыл, жаңа бағытты айғақтайтын Махамбет, Ыбырай, Шортанбай, Дулат сияқты зар заман ақындарын, Абай сынды жазба әдебиет алыбын тудыруымен ерекшеленеді. Автор XIX ғасыр әдебиеті жайлы байламдарды әдеби-сыншылық сорабынан өткізіп, жинақтап, жүйелейді. Әрине, бағалауды бағалау, танылымды таразылау көтерер жүгі мол, бейнетті іс.
Биылғы жылы Қ.Мәдібайдың құрастыруымен «Ана тілі» баспасынан XIX ғасырда өмір сүрген зар заман поэзиясының көрнекті өкілі Шортанбай Қанайұлының (1818-1881) шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл еңбекті ғылым мен білімнің ғана емес, көпшілік оқырманның да игілігіне жарар туынды деуге болады. «Абай және Абай дәуіріндегі қазақ өлеңі» (2007), «Өрісті өнер» (2014) атты оқу құралдары мен қазақ әдебиеті тарихын оқытуға арналған «Абайтанудағы жаңа бағыттар», «Махамбеттану», «Сәкентану» тағы басқа да авторлық курстарын әзірледі. Бұлардың қай-қайсысы да ғалым-ұстаздың көз майын тауысқан түгесілмес төзімі мен қажырлы ізденістерінің айғағы екені мәлім. Қанипаш Мәдібайдың ғылым мен әдебиет ісіндегі ізденімпаздығы, шәкірттері алдындағы ұстаздық жауапкершілігі мен оларға деген тәлімгерлік сүйіспеншілігі ар алдындағы адамдық биік парасатын айғақтайды.
Бүгінгі таңда Жетісу өңірінің түлегі филология ғылымдарының докторы, профессор, танымал әдебиет сыншысы Қанипаш Қайсақызы Мәдібай жоғары оқу орындарының оқытушыларына ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жыл сайын берілетін зор марапатының («2012 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының), ҚазҰУ-дың 75 жылдығы мерекелік медалінің иегері. Ол университетте «Ай-Ару» студент-қыздар орталығының жұмысына жетекшілік ете жүріп, «Ай-Ару» әдеби-танымдық журналын шығару арқылы оларды шығармашылыққа, тарихымызды танып, дәстүрімізді сақтауға, ана тілі мен әдебиетінің болашағы үшін тынымсыз қызмет ете білуге баулиды. Қанипаш Мәдібай – аяулы ұстаз-ғалым. Өз отбасында білімді заңгер маман Рүстемдей ұл өсірген ардақты ана, Сардардай сүйкімді немере сүйіп отырған асыл әже. Ардың ісін аялаған күндердің азабымен бірге аппақ шуағы болатынына ол сонау балалық шағынан қалтқысыз сенген еді…

Раушан Әбдіқұлова,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.