«Ана тілінің» тұрақты оқырманымын

Ерназ ОРЫНҒОЖИН,
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор

– Мерзімді баспасөзді қадағалауды ұнатамын. Екі жылдан бері «Ана тілі» газетін тұрақты түрде жаздыртып оқимын. Басылым беттерінде жүйелі түрде тұратын «Балаларға – базарлық», «Құрақ көрпе», «Қызыл кітап», «Жыл құсы», «Шаңырақ» секілді айдарлармен берілетін материалдарды қызыға оқимын. Бұдан басқа да мазмұнды дүниелер жеткілікті.  Сонымен қатар басқа газеттерде кездеспейтін «Ұлы дала атаулары» айдарымен берілетін дүниелер де тартымды. Мұның өзі көпшіліктің, соның ішінде жастардың ел мен жер тарихына тереңірек қаныға түсуге мүмкіндік береді. Мәселен, мен «Алтын кендерін ұңғылап игерудің ғылыми-техникалық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертациямды қорғау үшін ізденген кезде біршама жерлерге барлау, зерттеу жұмыстарын жүргіздім.  Көптеген жер атауларын естіп, ата-бабаларымыздың соншалықты білімдар, зерек, сұңғыла болғандығына қайран қалған едім. Мысалы, асыл металдың көп шоғырланған жерлері Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Жамбыл облысындағы «Ақбақай», Шығыс Қазақстандағы «Бақыршық», «Бөрілі», «Алтынтау», «Бөке», «Ақжал», ал Ақмола облысында «Ақсу», «Бестөбе», «Майқайың», «Қарауылтөбе», «Жолымбет» деген жер атаулары көзге жылы ұшырайды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.