Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелейік

Қазақстандық патриотизм адам бойында өздігінен қалыптаса қоймайды. Бұл асыл қасиетті қалыптастыру үшін біріншіден, өз тарихымызды – Қазақстан халқының тарихын білуіміз керек. Екінші, өз тілімізді – туған халқымыздың тілін білмек шарт. Тіл – тарихымыздың жабулы құлпын ашар әмбебап кілт. Үшіншіден, атадан-балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды білген жөн. Ол да – тарих. Зерделей білсек, ол да бізді патриотизмге баулиды. Төртіншіден, өткен тарихымыздың жақсылықтары мен игі тағылымдарын сақтау, дамыту әрі жаңа сапа беру. Бесіншіден, Абай атамыз айтқандай, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру.

Патриотизмді адамгершілік қағида­ла­рынан бөліп қарауға әсте болмай­ды. Өйткені Отан абстрактылы ұғым емес. Отанға деген сүйіспеншілік және сол Отанды қорғау әр азаматтың міндеті мен борышы. «Үйдің іргесі биік болсын десең, қабырғасын асықпай қала» дейді халқымыз. Сондықтан да, болашақ ұр­паққа сәби кезінен бас­тап ананың ақ сүтімен патриоттық сезімді дарытсақ, Отанымыздың алар асуы алда екендігін айтып өткім келеді. Өз Отаныңның, өз еліңнің патриоты болғанға не жетсін!
Ұрпақ тәрбиесі жөнінде ойлаған кезде мына нәрсені айтпай кетпеске болмас. Бүгінгі таңда ерекше ойландырып отырған мәселелердің бірі – кейбір жастардың бойында өз Ота­нын сүю сияқты терең отаншылдық сезімдердің суып бара жатқандығы, кейбір жастар­дың әскерге барып өз борышын өтеуден бас тартып, одан жалтару жолын іздеуі, бұзақылық, жүгенсіздік, шетелдің «арзан­қол» көркем өнерінің алдында бас ию, оны көпшілік ақпарат құралдарында насихаттау, мәдени иммунитеттің жойылуы бізді ойландыруы тиіс. Осыған тосқауыл қоятын мемле­кеттік, ұлттық деңгейде шаралар қабылдайтын уақыт жетті.
Отансүйгіштік рух – қазақ елінің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Көп ортасында көзге түсу үшін де кемел болмыс керек. Төл тарихы, мәдениеті мен өнері, экономикалық қуаты жоқ ел басқаларға да қызықсыз. Ал оларды кең таныту үшін алдымен қадір-қасиетіңді өзің жақсы білуің, мақтаныш ете алуың керек. Елдікті, ұлттық намысты бәрінен жоғары қою – отансүйгіштіктің ең басты белгісі. Шынында, елдің іші мен іргесіндегі тыныштық қашанда қастерлі ұғым.
Елбасының «Бүгінгі жастарды отан­шылдық рухта тәрбиелеу – мемле­кеттік идеологияның темір­қазығы болу тиіс» деген сөзінің бүгінгі таңда Мәңгілік ел идеясының басты шамшырағы деп білемін.

Қалдыгүл Тұрғынбайқызы,
Алматы Аграрлық
колледжінің ұстазы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.