МҮСІНДЕР МҰРАЖАЙЫ

Бізге арман болып тұрса, түрікте ақиқатқа айналыпты

Түркия. Эскишехир. Тарихы атынан-ақ айғақталып тұр. Селжүктер Кіші Азия түбегіне табан тірегінде-ақ іргесі қаланған. Одан Осман империясы болып жарты дүниеге билігі жүргендегі алғашқы астана атанған. Борсық атты өзенді бойлап салынған. Кейін Ыстанбұл, ақыры Анкара ел байтағы болып жарияланса да түріктің кіндігі Эскишехирға байланып тұрғандай әсер береді. 

Біріншісі Анадолы, екіншісі Осман Ғази атындағы айтулы екі университеті бар. Анадолы университеті студенттер саны жағынан әлемдегі бестікке кіреді. Оларға қоса іргелі Экономика институы мен Йунус Эмре мәдени-зерттеу орталығы бар. Сол себепті қала тұрғындарының жартысы – студенттер. Қалған жартысы әскери және азаматтық өнеркәсіп орындарының жұмысшылары мен қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері.
Шағын бизнес демекші, кафе өте көп. Түнге қарай толып отырған студенттер. Сабақты қашан оқитындары өздеріне ғана мәлім.
Эскишехир мұражайлар қаласы. Әйнек мұражайы – нағыз өнердің мекені. Шыныдан шеберлер жасаған туындылар көздің жауын алады. Одан басқа Тас мұражайы бар. Түрлі тас емес, бір ғана түрі. Оны өздері «теңіз көбігі» деп атайды. Ғылыми атауы – сепиолит. Ауызекі тілде «ақ алтын» дей береді. Иә, бір замандағы теңіз көбігі кейін сазға айналыпты. Оны қазып алсаңыз дереу қатып қалады. Түсі көбікке ұқсас ақшыл-сарғыш келеді. Шеберлер үшін таптырмас шикізат деседі. Одан қашап, шекіп жасалған небір затты мұражайға қойған. Аң мен құстың мүсіндері, табиғат құбылыстары көрініс тауыпты. Шатыраш, дойбы да жасайды екен. Басқа тұрмыстық заттар жеткілікті. Ең бастысы – қорқор. Әлемде осы Эскишехирдегі «теңіз көбігінен» жасалған қорқор қымбат бағаланады.
Бір мүйістегі ұшақтар мұражайы, екі жерге бірдей ескерткіш ретінде қойылған паровоздар мен вагондар да қаланың бастан өткенін баяндайды. 1894 жылы тартылған Берлин – Бағдат теміржолы тура осы тұстан өткен. Мынау содан қал­ған состав. Анау зымырандай заулап жатқан экспрестердің атасы. Түрік­тің алғашқы ұшағы осы қалада жасалған.
МҮСІНДЕР МҰРАЖАЙЫАғылшындар қолдаған грек-түрік соғысының шебі тура іргеде тұрған. Эскишехир қолдан қолға өтсе де, жау аяғын Анадолыға қарай жібермеген. Ақыры осы қаладан басталған шабуыл грек армиясын толық талқандап, Босфордың қос жағалауын азат етумен аяқталған. Сондағы ұлт көсемі Ататүріктің еңселі ескерткіші қаладағы Тарихи мұражай алдында тұр.
Осы қалада Мұстафа Кемал Ататүрік тағы бір жерде алдыңыздан шығады. Бар болмысымен. Қыр мұрын, кең маңдайымен. Биік қабақ, артқа қарай таралған толқын шашымен. Әскери адамға тән тіп-тік тұлғасымен. Зайырлы мәдениетке орай киімімен. Тек балауыз мүсін түрінде.
Иә, Эскишехирде түркі дүние­сін­дегі тұңғыш Балауыз мүсіндер мұражайы бар. Елдің тарихымен қаншама жыл бұрын Ыстанбұлдағы Топқапы мұражайынан танысқан едік. Эскишехирдің Балауыз мү­сіндер мұражайының әсері Топ­қапыдан артық болмаса кем емес екен. Қаланың Отунпазары, яғни Отын базары атты бөлігінде, бірінші көшенің бойында. Бұл жерде нағыз ескі қала сақталған. Туристердің илеуі іспетті. Тұтас аудан – бірегей мұражай. Эскишехир десе, дегендей.
Сонымен, алдымызда Ататүрік тұр. Жалғыз емес, қасында айтулы майдандас серіктері. Әріректе әйелі Латифа ханым. Шешесі, қыздары. Арт жақта сол сұрапыл заманның фотолары, майдан даласын бейнелеген карталар. Іргелес сөреге Бірінші жаһандық соғыс кезінде түрік әскері ұстаған мылтық, кезеген сүңгі, басқа киген темір телпек, жауға атылған топ, суыт хабарларды жедел жеткізген телеграф аппараты қойылған.
Келесі бөлімде ұшқыш киімдегі әйел тұр. Оның ерекше тарихы бар. 1925 жылы Ататүрік Бурсаға келгенде Сахиба 12 жасар жетім қыз екен. Кедей де қиын тұрмысын көрген Ататүрік оны асырап алады. Биілігі жетіп тұрса да қыз ағасының ресми рұқсатын алады. Содан кейін Сахибаны өзінің қызы деп жариялайды. Осылайша кешегі сіңірі шыққан кедейдің қызы енді Ататүріктің Зухра, Афет, Рукия атты қыздарының қасына қосылып, Ыстанбұлдағы сарайға келеді. Бірден қыздар колледжіне оқуға түседі. 1934 жылы Ататүріктің жарлығымен барлық түрік фамилия таңдағанда бұл қыз Гөкшен деген сойды алады. Көктің, яғни аспанның қызы. Әкесі Ататүрік «Түрік құсы» атты алғашқы ұшқыштар мектебін ашқанда қызы қасында еріп жүріпті. Сонда әкесі «сенің ұшқыш болғың келе ме?» дегенде, қызы мүдірмей «иә» дейді. Осылайша Ататүрік өз қызын тәжірибеден өтуші ретінде тізімге тіркетеді. Кешікпей Сахиба Мәскеуге келіп, қанатты машиналарды үлгілеу курсында оқиды. Сол кезде әпкесі Зухраның қайтыс болғанына қайғырып, елге қайтады. 1936 жылы ашылған Әскери Әуе күштері академия­сына түсіп, бірінші әскери ұшқыш әйел атанады. Осы Эскишехирде орналасқан авиа базада бомбалаушы мен жойғыш ұшақтарды меңгереді. 1937 жылы шағын ұрысқа қатысады. 1938 жылы Балқан түбегіндегі елдердің үстімен ұшатын бес күндік әскери тапсырманы орындайды. Өз ғұмырында 8 мың сағат ұшып, 22 түрлі ұшақпен әуе сапарына шығады. Оның бір бөлігі қауіпті әскери әуе жорықтары еді. Ыстанбұлдағы үлкен әуежайларының бірі – Ататүрік, екіншісі – Сахиба Гөкшен атында. Қандай жарасымды. Мынау сол Сахибаның балауыз мүсіні. Ар жақтағы әйнек астында сол жылдары әкесімен түскен фотолары. Жазған хаттары мен кітаптары.
Сахиба Гөкшен сан рет көкке самғаған түрлі әскери ұшақтардың кішірейтілген үлгілері де азаттық үшін арыстандай алысқан жылдардан хабардар етеді. Одан теміржол вагондарының үлгілері қойылыпты. Үш қатары үш дәуірді сипаттайды. Ең соңғысы: сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүйіткитін электр пойызына отырып, Кония – Эскишехир арасында жүріп өткенбіз. Вокзал да соған орай үш мәрте салыныпты. Алғашқысының маңдайындағы жазудың харіптері арабша. ХХ ғасырдың жиыр­масыншы жылдарындағы түпкілікті республикалық реформаға дейін елде араб харпі қолданылған.
МҮСІНДЕР МҰРАЖАЙЫНегізі әңгіме Ататүрік бей­не­сінен өрбіген соң аттап өтіп ке­тіппіз, әйтпесе Балауыз мүсіндер мұражайы республика емес, сонау Осман дәуірінен басталады. Келушілерді Сүлеймен, Баязит, Селим, Фатих және басқа сұлтандар қарсы алады. Әрқайсысы сол дәуірдің киімін киген. Орама сәлде, саптама етік, кемер белік түгел бар. Осман Ғази мүсінінің қасында атқа өңгерілетін, иыққа асатын қоржындар да қойылыпты.
Осы Анадолыға алғаш ат тұяғын тигізген бабалар да ұмыт қалмапты. Х ғасыр тұсындағы түркі жауынгері. Дулығадан батқыға дейінгі бүкіл жорық киімімен. Гүрзіден ятағанға дейінгі бар жарағымен. Жаңа ғана Ергенеқоннан аттанып, Анадолыға жеткен тәрізді. Алып Арслан, Сейітбаттал Ғази тұлғаларын зор етіп, қапысыз мүсіндепті. Риза болдық.
Даналығы мен ақындығы қатар бағаланған Йунус Эмре бар мұнда. Түрік поэзиясының бастауында тұрған ақын. «Ашық», яғни ға­шық­­тық жырлар жазған. Жалпы, мына сапарымызды Йунус Эмре атын­дағы қор ұйымдастырған. Өзі осы аймақтың тумасы. Жерленген жері Эскишехирден алыс емес. Балауыз болса да жүзінен иман нұры құйылып тұр.
Діни рәсімнен ұлттық мәдени құндылық сатысына көтерілген Мевлана мерекесі тұтас бөлімді толтырып тұр. Мевлана салтанатын Кониядан көргенбіз. Желтоқсанның 7-17 аралығында арнайы салынған сарайда өтеді. Дөп келіппіз. Сарай қос қоржын үй сияқты, екі күмбезді екен. Біріншісі үш қабатты, тиісінше көрме залы, сауда залы, кездесулер өтетін оңаша бөлмелері бар. Екіншісі тура цирктен аумайды, аренасы да дөңгелек. Сегіз бөлікке қойылған орындықтар төменнен жоғарылай береді. Бір сағатқа жуықтайтын, бірнеше бөлімді Мевлана қойылымын демімізді іштен алып тамашалағанбыз. Мына балауыз мүсіндер мен шын бишілер арасында айырма жоқ. Бір алақаны жоғары, келесісі төмен қараған мүсіндердің ақ белдемшелері дөңгелене қалған. Иектері көтеріңкі, бастары шалқақ. Киімі біз аренадан көргендей. Мевланаға қатысушылардың қара шапан, ақ кеудеше мен ақ белдемше, шелек пішіндес қоңыр жүннен басылған бөркі тегіс мұражайға қойылған.
Елдікті қалыптастыру мен сақтау жолындағы ұрыстар мен діни рәсімдерді сипаттаған бөлімдерден соң бейбіт замандар басталады. Олар сала-салаға өз ретімен жіктелген. Кезінде ЮНЕСКО-ның жауапты тұлғасы болған, халықаралық ауқымдағы қайраткер Хифза Топыз тұр. Теңіз жағасындағы шамшырақ тәрізді ғалымдарға арналған бөлімді академик Илбер Ортайлының мүсіні бастапты.
Осы сәтте «шіркін, біздің Сәтбаев, Марғұландар да бір-бір мүсінге лайық емес пе» деп қиялданып кеттік. Ойымызға Түркия сапарының алдында белгілі кәсіпкер, меценат Марат Әскенұлы Нәбиевпен болған әңгіме оралды. Марат ағамыз қазақ тарихынан толық мағлұмат беретін Балауыз тұлғалар мұражайын жасаудың қамымен шапқылап жүр. Бірер жылдан кейін Астанадағы «ЭКСПО-2017»-ге келетін шетелдік қонақтар қазақ тарихымен танысуы үшін мұндай мұражай керектігін ойлаған ағаның азаматтығына риза едік. Арнайы Лондонға барып, Мадам Тюссо мұражайында болыпты. Енді Астана іргесінен арнайы жер алып, үлкен кешен салу ниетінде. Тек, шалқалап тұратын шенеуніктер бұл игі іске бөгет жасамаса екен деп тілегенбіз сонау Түркияның Эскишехир қаласында тұрып.
Хош, бөтен жерде өзіміздің қоламтаны қоздата бермей, мұражайды аралайық. Бір тұста кәдімгі қарапайым түрік отбасының тіршілігі бейнеленген. Ата-әже, ата-ана, үлкенді-кіші балалар. Ұлттық болмыс боямасыз сақталған екен. Тұрмыста қолданатын заттары: ыдыстар, сыпырғы, қалақ, шкаф; киімдері: бөрік, топы, шекпен, көйлек, кемер, алжапқыш пен байлауыш; жейтін тамақтары, тіпті қыт-қыттап жаңа жұмыртқа тапқандай тауығы тұр. Бір отбасы – бүкіл түрік ұлтының тірегі екенін сезіндіреді.
Қарсы қуыстағы үш музы­канттың әрқайсысына бір-бір ұлттық аспап ұстатыпты. Керней мен даңғыра. Үшінші ішекті ас­пабының арғы атасы біздің домбыра екені аңғарылады. Құлаққа әлдебір әуен өз-өзінен естілгендей.
Бір қалтарыста алдында табағы бар қария малдас құрып отыр. Жазуы бойынша: Хожа Насредин. Біздің Қожанасыр. Түркі халықтарына ортақ тұлға екені талассыз. Түрік ағайындар оны Эскишехир іргесінде, Борсық өзенінің бойында дүниеге келді деседі. Қазақтар зираты іштен сыртқа тіреліп Сырдария бойында қалған дейді. Демек, шынында, ортақ тұлға. Тек алдындағы табағында піскен ет немесе палау емес, пахлава салыныпты. Қай елде жүрсең соның дәмін татасың-ау, Қожеке!
Ары айналғанда келесі балауыз мүсіннің кім екенін жазуын оқымай-ақ таныдық. Назым Хикмет. Қазақ ақындары талай рет аударып, бірнеше кітабы шыққан. Сондағы суреттерін көргенбіз. Бірақ шашының қоңыр түсті екенін енді аңғардық. Жалпы, мұражайда жазарман қауым айрықша құрметтеліпті. «Күлгін түркілер», «Су күлгін түркілер» және басқа ондаған кітаптардың авторы Тұрғыт Өзакман жазу үстелінде отыр. Алдында мәшеңке. Тағы ойладық, алда-жалда біздің Балауыз мүсіндер мұражайы ашыла қалса, Бердібек Соқпақбаевтың сиясауыты, Қадыр Мырза Әлидің мәшеңкесі табыла қояр ма екен?!

МҮСІНДЕР МҰРАЖАЙЫ
Қазақ оқырмандары сонау алпысыншы жылдардан бері сүйіп оқыған Әзиз Несин өз-өзімен отыр. Езуіне күлкі үйірілген. Енді қалай ішекті қатырарын іштей біліп, соған риза секілді.
Түркия туралы алғашқы ақпараттарды осы жазушының әңгімелерінен алғанымыз хақ. Несинді аударуға бүкіл қазақ сатириктері атсалысты. Қалтай Мұхамеджанов ағамыз бастап, Нұрғазы Шәкеев, Сақтапберген Әлжіков, Оспанхан Әубәкіров, Сейіт Кенжеахметов дегендей ол кезде қазақ сатирасының сапы қазіргіден қалың еді. Ғаббас, Үмбетбай ағалар да осы дүбірден шет қалмаған шығар. Несин бәріне молынан жететін. Өйткені нені жазбады дейсің?!
Қайран Әзиз Несин аға міне, қасқайып алдымызда тұр. Рас, өзі емес, балауыз мүсіні. Бірақ тірідей көргеннен кем емес әсерлендік. Қабырғада карикатурасы. Великке теріс міңіп барады. Жазуы түрікше болмаса, біздің Еркін Нұразхан салған ба дерсің!
Карикатура демекші, біраздан соң сайқымазақ суреттің жілік майын шағып ішкен Түркай Селжүктің балауыз мүсінін көрдік. Ватманға келесі сызбаларды түсіру үстінде бейнеленіпті. Қабырғаға шағын көрме іспетті 11 бірдей карикатурасы ілінген. Бұл енді Еркін Нұразханға ұстаз болғандай биіктегі тұлға.
МҮСІНДЕР МҰРАЖАЙЫГөксел Арсай бастаған киножұл­дыздар бір шоғыр. Телевизия бөлімінің төрі Илхан Селжүкке тиіпті. Ұзақ жыл «Бәйшешек» хабарын жүргізген. Гитаралы, микрофонды әншілер «концерт беріп жатыр». Сахнадағы артистер бір қауым. Атақты қойылым үстінде. Классикалық музыка өнерінің майталмандары да балауызға көшкен. Дирижердің таяқшасы дәл қазір қимылдап кетердей. Суретші Ибрагим Балабан мольберт алдында. Екі қабырғада екі картинасы ілінген.
Түркияның Президенттері бір шоғыр. Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел сияқты өзіміз танитындарының жүзі жылы ұшырады. Премьер-министрлер де ұмыт қалмаған. Іс үстіндегі Ердоғанға дейін сіресіп тұр.
Не қалды? Спорт! Түркия кейінгі кезде футболдан дүкіреп алға шықты. Ұлттық құрамасы да, клубтық командалары да. Жеті футболшы алаңға жаңа шыққандай ойынға әзір қалпында мүсінделіпті. Ең беріде Орхан Ерпек. Қай жылы қай командада ойнағанына дейін жазулы тұр.
Әлемдік қайраткерлерге бірнеше бөлім арналған. Бір ғажабы Ататүрік мұнда тағы қойылыпты. Енді Ганди, Черчилль сынды саясат алыптарының арасында тұр. Келесі бөлімнен Путинді, Обаманы және басқаларды көресіз. Ұлыбританияның патшайымы Екінші Елизаветта жеке отыр. Тағы бір айналғанда Джулия Робертсі бар, Диана ханшайымы бар үлкен шоғыр алдан шықты.
Сосын жеке отырған Альберт ­Эйнштейн. Ар жағындағы тақтаға әлдебір фор­мула жазылған. Соншалықты шынайы. Тірі ғұламаны көргендей таңырқадық.
Не керек, бір жағына кірген мұражай­дың екінші жағынан шыққанша ұлылардың арасында жүресіз. Суретке жай түсу тұрмақ, ақыл-ойдың алыптарымен иық тірестіріп түсуге рұқсат.
Шығар жерде балауыз мүсіннің қалай жасалатынын баяндайтын үлкен экспозиция қойылыпты. Балауыз шикізаты. Домбайлайтын, домалақтайтын, қырнап, сырнайтын құрал-жабдықтар. Желімдер. Бояулар. Қыл қаламдар. Шаш ретінде пайдаланылған материалдар. Оның да қарасы, сарысы, жирені, күлгіні, қоңыры, ағы бар дегендей. Сосын қайратты және бұйра, қатты және нәзік бөлінетінін ұмытпаңыз.
Ең соңына, қоштасарға және бір балауыз мүсін қойылған. Осы тұлғаларды 20 жыл бойы ерінбей-талмай жасаған профессор Йылмаз Бүйікершеннің өзі. Әлбетте, қасында әрдайым көмекші студенттері болған. Осынша жұмысқа мемлекеттің қаржысы шықпаған. Йылмаз мырза өзінің және демеушілердің қаржысына атқарған. Тура 160 мүсін жасапты. Алла қуат берсе, жұмысты одан әрі жалғастырмақшы.
Ал біздің Марат Нәбиев ағамыз бәрін енді бастамақшы. Бірақ жылдар жылжығанда қазақтың тарихын толық қамтитын мұндай балауыз мүсіндер мұражайы Астананың іргесінде тұрарына сенімдіміз.

Қайнар Олжай, Астана-Эскишехир

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Дәурен

    Өте керемет, қызықты жазылған. Біздің елімізде расымен де мүсіндер мұражайы жоқтың қасы. Ал танымал адамдар, халық мақтаныштары көп. Шет елдердегідей мұражайлар еліміздің түкпір-түкпірінде бой көтерсе, халық мыңдап ағылып, баратын еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.