Жас жүрек (Сұлтанмахмұт Торайғыров)

Жас жүрек, қайда сенің ыстық қаның,
Тап мұндай мұздауыңның айтшы мәнін?
Тәтті үміттің қиялы сәуле беріп,
Ұйықтатпайтын толқынның жойдың бәрін.

Қызған темір жатқандай көкіректе,
Сыймайтын мезгіл қайда қанға, жаным?
Нанғыштық, құлай сенгіш, тәтті үміттен
Бұл күнде, айтшы, неге бет бұрғаның?..
Жиіркеніп, көргің келмей өзіңді-өзің,
Қамығып неге осынша құрыды әлің?

Әлде сенің кең жайлау жазың жоқ па?
Шалқар көл, қиқу салған қазың жоқ па?
Жел жетпес, қолда қыран, алтын дабыл,
Құс-аңды құтқармайтын тазың жоқ па?

Әлде алдыңда жүрмей ме сылаң қағып,
Даланың еркелері үкі тағып.
Табиғат өксімей ме әдемі үнмен,
Бозторғаймен қосылса әнге салып.

Сен сонда ұқпаймысың оның сөзін,
Көмір деп ойлайсың ба қара көзін?
Мағыналы сол қара көз бір жалт етсе,
Жынданбауға етерсің қалай төзім.

Жас жүрек айтты сонда: сөзіме нан,
Сол себептен ішімде жылы емес қан;
Шындық, достық таппадым, сандал қағып,
Өмір бойы алдандым тапқанымнан.

Бүгінге адасудан көз ашпадым,
He нәрсені көздесем, тап баспадым.
Дүниеден басқа рақат тілемеймін,
Кеш, арым, мен білместің адасқанын.

Heгe жасаймын

Сусыз, шетсіз шөлдерден,
Тұманды, түпсіз көлдерден
Адамдық көші өткенше;
Қасқыр мен қой дос болып,
Достықсыз өмір бос болып,
Шын өмірге жеткенше;
Іштен өсіп адамдық,
Сырттан түлеп жамандық,
Тазарып әбден кеткенше;
Талай шаштар ағарар,
Талай тәнді жер алар,
Талай буын қуарар,
Талай өмір суалар.
Жасамаймын: «Еңбектің
Жемісін көзбен көрем» деп.
Жасаймын: «Бір қолғабыс
Кейінгіге берем» деп.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.