Атауларды өзгертуде асығыстық танытпайық

Қыздархан Рысберген,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы

Еліміздің жер-су, елді мекен атау­лары – тұнып тұрған тарих. Тарихын терең білген елдің ғана болашағы жарқын болмақ. Бұл орайда «Ономастика мәселелерінің бүгінгі таңдағы жай-күйі қалай?» деген сауал туындайды. Осы сауал төңірегінде біз А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысбергенмен әңгіме өрбіткен едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Ономастика саласында қандай зерттеу­лер жүріп жатыр? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…
– Бүгінде ғылымның, ғылыми жобалар­дың қаржыландырылуы конкурстық негізде жү­зе­ге асады. Бұл орайда А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының ономас­тика бөлімі үш жоба негізінде ғылыми-зерт­теу жұмыстарын орындап келеді. Атап айтқанда, «Ономастиканың аса маңызды тілдік фактор ретіндегі қазіргі көпмәдени Қазақстан кеңістігіндегі рухани келісімді орнық­тыру­дағы рөлі». Екінші тақырып– «Қазақ оно­мастикасының мәдени, тарихи және тілдік негіздерін жалпытүркілік контексте зерттеу». Үшіншісі – «Қазақстан Республикасының ономастикалық атаула­рының ұлттық және ха­лықаралық стандарт­таудың ғылыми прин­циптерін жасау». Бұл тақырыптардың әрқайсысы бүгінгі уақыт талабын ескере оты­рып дайындалған тақырыптар деп айтуға болады. Мәселен, үшінші тақырыптың мәніне тоқталатын болсам, қазіргі таңда еліміздің дербес мемлекет ретінде халықаралық деңгейдегі байланыстары нығайып, дамып келеді. Демек, біздің ономастикалық атауларымыздың өзі халықаралық айналысқа түсіп отыр деген сөз. Бұл мәселе еліміздегі ономастикалық атауларды қалыпқа түсірудің белгілі бір стандарты болуын қажет етеді. Біз осы мәселеге ден қоя отырып, бүгінгі таңда халықаралық деңгейдегі атаулардың стандарты қалай болу керек, ұлттық атауларымызды шет тілінде жазу мәселелері қалай шешілуі тиіс деген сауалдар төңірегінде зерттеулер жүргізудеміз. Жалпы айтқанда, ономастикалық атауларды бірізге түсіріп, реттестіретін кез келді. Оларды бір қалыпқа түсіріп, бір стандарттың негізінде жүйелесек қана, бұл мақсатқа қол жеткіземіз. Екіншіден, еліміздегі үш тұғырлы тіл саясаты бойынша ономастикалық атаулардың үш тілде жазылуына да көңіл бөлінуде. Демек, ономастика мәселелерінің ғылыми-зерттеу бағыттарында қолға алатын, жүзеге асыратын мақсат-міндеттер аз емес. Мұның сыртында ономастика бөлімінің екі маманы «Ғылыми қазына» бағдарламасы бойынша әзірленіп жатқан «Қазақ ономастикасының негіздері» деп аталатын еңбекті әзірлеуге қатысу үстінде. Бұл жаңа бағдарлама ономастиканы жұртшылыққа тек ғылым саласы ретінде ғана таныстырмай, оның ұлттық, танымдық сипатын аша түсуге әрекеттеніп, әлемдік лингвистиканың даму үдерісіне сай жаңа ғылыми парадигмалар тұрғысынан да сараланады.
– Ономастика саласын зерттеумен айналысатын жас кадрларды даярлау қалай жүріп жатыр?
– Өкінішке орай, бұл салада кадр тап­шы­­лығы қатты сезіледі. Сондықтан біз кадр даярлау мәселесін қолға алуымыз керек. Әрине, талапты, болашағынан мол үміт күттіретін жастар жоқ емес, бар, бірақ мәселенің барлығы жас маманның әлеуметтік жағдайына келіп тіреледі емес пе? Осы тұрғыдан алғанда жас кадрлардың ғылымға келуіне, ғылыммен алаңсыз айналысуына тиісті жағдайлар жасалса деймін. Еліміздің аймақтарынан келіп, ономастика саласы бойынша кандидаттық, докторлық жұмыстарын қорғаған шәкірттеріміз бар. Олардың барлығы қазіргі таңда өз облыстарында, жергілікті жерлерде қызмет етуде.
– Өңірлік ономастикалық мәселелердің зерттелуі жөніндегі ойыңызды біле отырсақ…
– Жоғарыда атап өткенімдей, бүгінгі таңда әрбір зерттеу жұмысына арнайы қа­ражат бөлі­ніп, ол бойынша белгілі бір мерзім ішін­де нәтижелер шығарылады. Өңірлік ономас­тикалық зерттеулердің қарқыны төмен деп айта алмаймын. Бүгінгі таңда еліміздің оңтүстік, батыс өңірлерінің ономастикалық мәселелерінің зерттелуі жоғары деңгейде. Бұған сол жердегі жергілік­ті ономаст ғалымдардың қосқан үлес­тері зор. Бұл бағытта бірнеше ғылыми моно­графиялар, еңбектер дүниеге келді. Осы салаға ден қойған жекелеген зерттеушілердің еңбектері аз емес. Мәселен, Павлодар өңірі­нің ономастикалық мәселелерін зерттеп жүрген география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Сапаров сынды ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады.
– Павлодар демекші, КСРО кезеңінен сақталып қалған қала, елді мекен атауларын қазақыландыру мәселесі қалай шешілуде?
– Кез келген ономастикалық атаулардың сол елдің орналасқан жеріне, табиғатына байланысты қойылса, дұрыс болады. Мәселен, Павлодар қаласы Ертіс өзенінің жағасында орналасқан қала болғандықтан, қаланың атауын неге Ертіс деп атамасқа. Пет­ропавл қаласының бұрыннан келе жатқан Қызылжар атауы бар. Тарихқа зер салсақ, ономастикалық атаулардың берілу себептері әртүрлі. Мен олардың негізгі себептерін, түрлерін өзімнің «Ұлттық ономастиканың линг­вокогнитивтік негіздері» атты моногра­фиямда жаздым. Ал енді ономастикалық атауларды қазақшалауға келетін болсақ, менің ойымша, мұны ақылмен, парасатпен шешу керек. Бұл мәселені саясиландыруға болмайды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама атаулар қазақшаланып, көптеген тарихи атаулар қайтарылды. Мұның барлығы аз жұмыс емес.
– 2013 жылы «Ономастика туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сіз ономаст ғалым ретінде бұл өзгертулер мен толық­тыруларға қандай баға бересіз?
– Әр уақыттың кезеңіне сай қолданыс­тағы заңдарға толықтырулар мен өзгеріс­тердің ен­гі­зіліп отыруы қалыпты жағдай. Заң да уақыт­пен бірге қадам басып отырмаса, ескіріп қалады. Сол себепті «Ономас­тика туралы» Заңға енген өзгерістер мен толықтыруларды бағалауды уақыт еншісіне қалдыра отырып, Заңның ережелеріне байланысты мына бір мәселені айта кеткім келеді. Біріншіден, ере­желердің сатылық деңгейлері тым көбейіп кеткен. Мысал үшін, ономастикалық мәселе аудандық, одан кейін облыстық, облыстан кейін республикалық комиссия деңгейінде қаралатын болса, бұл уақыт жағынан тиімсіз. Сонда бір атауды беру бірнеше жылға созылып кетуі мүмкін. Екіншіден, Заңдағы өз­герістің бірі – ол жергілікті тұрғындардың пікі­рін ескеру. Бұл өзгертуді өз басым онша құп­тай қоймаймын, өйткені қазақтардың са­ны аз өңірлерде қазақша атау беру мәселесін дауысқа салғанда ойдағыдай нәтиже шықпай қалуы да мүмкін. Соның салдарынан орысша атау­ларды қазақшалау үдерісінде айтарлықтай қиындықтар туындайды.
– Бүгінде Алматы, Астана, Шымкент қала­­ларының аумағы кеңейтіліп, бұрын сол маң­ға жақын болған елді мекендер бұдан былай қала құрамына енгелі жатыр. Бұл көше атауларындағы ұқсастықтардың пайда болуына әкелетіні анық. Бұл қалай шешімін таппақ?
– Алматы қалалық Тілдерді дамыту бас­­қармасының жанында ономастикалық комиссия құрылған болатын. Мен сол комиссияның мүшесімін. Ірі қалалардың аумағын кеңейтуге байланысты көше атау­ларында туындап жат­қан ұқсастықтар өте көп. Бүгінгі таңда ономастикалық комиссия осындай көшелердің тізімін жасап қойды. Мәселен, Алматы қала­сын­да бұған дейін бір ғана Абай көшесі бол­са, енді қала аумағының кеңейтілуіне байланыс­ты қосымша елді мекендердегі көшелерді қосқанда төрт Абай көшесі пайда болып отыр. Әуезов көшесіне байланысты да осыны айтуға болады. Бұл қоғамдық қызмет көрсететін мекемелердің, атап айтқанда, пошта, жедел жәрдем, тағы басқа мекемелердің қызметтерін қиындатып жіберетіні сөзсіз. Демек, қайтала­натын көше атауларын реттестіріп, оларға басқа атаулар беру мәселесін қолға алуымыз керек.
– Қазақстандық ономаст ғалымдардың халықаралық деңгейдегі байланыстары қалай жүзеге асырылуда? Шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасасыздар ма?
– Ономастикалық мәселелер бүкіл әлем мемлекеттерінің барлығында бар. Тиісінше олардың зерттелу деңгейі әр елде әрқалай. Мәселен, көлемі жағынан шағын болып та­былатын Эстония мемлекетінің өзінде әлі де шешімін таппаған ономастикалық мәселелер бар екен. Мұны айтып отырған себебім, ономастика мәселелері әлемдік деңгейде зерттеліп, қарастырылуда. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Шотландия елінің Глазго қаласында ХХV ономаст ғалымдардың Халықаралық конгрессі болғалы жатыр. Біз соған биыл тұңғыш рет қатысқалы отырмыз. Конгресс үш жылда бір өтіп тұрады. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар жиналады. Ортақ мәселелерді талқылайды, өз елдеріндегі ономастика саласындағы болып жатқан жаңалықтардан хабардар етеді. Конгресте біз еліміздегі ономастикалық зерттеулер туралы баяндама жасаймыз. Қазақ­станнан екі ғалым қатысамыз.
– Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз…
– Жалпы, тілдің терең мәні бұл адамзаттың ізгілік идеясымен сабақтасып, байланысып жа­тыр. Біздің негізгі мақсатымыз – осы сала­­ны алға қарай дамыта отырып, еліміздің ономастикасының зерттелуі деңгейін жоғары­лату. Бұл бағытта қолға алған жобаларымыз бар. Соларды іске асыру арқылы алға қойған міндеттерімізге қол жеткізу.
Екіншіден, ана тіліміздегі ономастикалық атаулардың түпкі мәнін зерделеу, қазақы ұлттық атаулардың бойындағы тұнып жатқан құндылықтар арқылы жас ұрпақтың Отанға, елге, жерге деген патриотттық сезімін ояту да маңызды міндеттің бірі болып табылады. Байқап қарасақ, бағзы замандардан осы күнге дейін жеткен ақын-жыраулардың өлең-жырларында туған жерге деген сүйіс­пеншілік ерекше орын алған. Олардың барлығы ең алдымен кіндік қаны тамған туған жерлерінің атауларын ардақ тұтып, шығармаларының негізгі тақырыбына арқау еткен. Олай болса, жер, елді мекен атауларына бейжай қарауға болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.