Рәзия Майлина: Әкем мені «қалқам» деуші еді

Бейімбет Майлин. Қазақтың көрнекті жазушысы. Атақты «Шұғаның белгісі» әңгімесінің авторы. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» дейтін Бейімбет. Ол туралы Ғабит Мүсіреповтің кезінде былай дегені бар-тын: «Біздің прозамыздағы реализм мен шыңына шыққан шеберлік өзгелердің бәрінен де бұрын Майлин есімімен берік байланысты. Ол – әрі теңдесі жоқ әңгімеші ретінде де, әрі прозадағы сүйікті шығармаларды жасаушы ретінде де біздің тұңғыш зергер прозашымыз». Ғабең бұл сөзін одан әрі былайша жалғастырады: «Әйтсе де, мен оның жазушы тумалары үшін баға жетпес қымбат бір қасиетін айрықша айыра айтқым келеді. Ол – оның қарапайымдылығы, қолының кіршіксіздігі, жүрек лүпілінің қалтқысыз, қаяусыз пәктігі, талантымен тең тізе қосқан еңбекқорлығы…».
Осы таза, пәк азамат, нағыз халық жазушысы кешегі 1937 жылдары аяқ астынан «халық жауы» болып шыға келді. Оған адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін «байшыл», «фашист», «жауыз» деген жалған айыптар тағылды. Ақырында төрт айға жуық түрмеде азаптап, 1938 жылдың 26-ақпанында КСРО Жоғарғы Соты әскери алқасының оны ату жазасына кесу жөніндегі үкімі шықты. Үкім сол күні-ақ орындалды. Арада он тоғыз жыл өткеннен кейін ғана, яғни 1957 жылдың 20-сәуірінде жазушыны ату жөнінде үкім шығарған КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы «Масқара болып, жаңылыппыз» дегендей, істе қылмыстың құрамы болмауына байланысты 1938 жылғы 26-ақпандағы үкімнің күшін жойып, Бейімбет Майлинді қайтыс болғаннан кейін ақтады.
Бейімбет пен оның зайыбы Гүлжа­мал өмірге бес перзент әкелді. Олар – Әукен, Рәзия, Мереке, Еділ, Гүлсім. Бұлар қазір өмірде жоқ. Бір тәуба жасайтынымыз олардың немере-шөберелері арамызда жүр.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басында бұрынғы Жез­қазған облысына, қазір Қарағандыға қарайтын Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу поселкесінде тұратын Бейімбеттің үлкен қызы Рәзия апамыздың шаңы­рағында болып, зұлмат жылдары Биа­ғаның қалай ұсталғандығы жөнінде әңгімелескеніміз бар-ды.

Қазақстан жазушыларының бірінші съезіне қатысқан делегаттар.  Екінші қатарда (оңнан солға қарай): Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов. 1934 жыл.
Қазақстан жазушыларының бірінші съезіне қатысқан делегаттар.
Екінші қатарда (оңнан солға қарай): Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов. 1934 жыл.

…Жол түсіп Жаңаарқа ауданының орталығына бара қалсам жүрекке жақын осы шаңыраққа соқпай кете алмайтынмын. Бұл үйде исі қазаққа танымал сөз зергері Биағаның – Бейімбет Майлиннің қызы Рәзия апа тұратынын білетінмін. Әрине, жалғыз емес. Жанында отағасы Әбілқасым аға, балалары, балдай тәтті немере-шөберелері бар.
Жүздескендегі ауызға ілігетін тақырып – Биағаның өмірі. Рәзия апа әкесі туралы әңгіме айтудан әсте жалықпайды. Тебірене, толғана сыр шертеді. Сөз арасында күрсінісі көп. Оның сыры әбден белгілі.
Әңгіме айтқанда жанары үнемі жасаурап тұрар еді. Егіле кетуге шақ қалатын.

Бірінші қатарда (солдан оңға қарай): Бейімбеттің зайыбы Гүлжамал, шетте отырған қызы Рәзия (Роза), ортадағы Әбілқасым,  екінші қатарда (солдан оңға қарай): ұлдары Мереке, Еділ, ортадағы күйеу баласы Қадыр, жанындағы қызы Гүлсім.
Бірінші қатарда (солдан оңға қарай): Бейімбеттің зайыбы Гүлжамал, шетте отырған қызы Рәзия (Роза), ортадағы Әбілқасым,
екінші қатарда (солдан оңға қарай): ұлдары Мереке, Еділ, ортадағы күйеу баласы Қадыр, жанындағы қызы Гүлсім.

Алдымда отырған жан өмірінде рақаттана бір күлмеген шығар деп ойлаймын. Оны айтасыз, үш-төрт сағатқа созылған осы соңғы дидарласу сәтінде оның жүзінен күлкі түгілі сәл-пәл жымиыс та байқамадым. Қасірет, қорқыныш ұялаған жанар тіршілікте шаттық, қуаныш дейтін де ұғымдар барын мүлдем ұмыттырғандай.
Апаның әңгімесін өзің де жүрегің аһ ұрмай, толқымай, тебіренбей тыңдай алмайсың. 1937 жылға дейін шат-шадыман өмір кешкен отбасы аспанында аяқ астынан қара бұлт үйірілді. Бейімбеттей халық ұлына, халықтың жанашырына адам айтса нағысыз «халық жауы» деген қара күйе жағылды. Сол уақыттары жүректері таза, адал дейтін азаматтардың өздері жалған жалаға араша түсе алмады. «Бейімбет халық жауы болса, мен де халық жауымын» деген Ғабиттің сөзіне де құлақ асқан пенде болмады. Елдің басында ер қамын жейтіндер емес арамзалар отырғанда шынайы, ақиқат сөздің қатты дауылдан кейін жусап қалатын бидай сабақтарындай үні шықпайтыны белгілі жайт.
Кесірлі саясаттың ызғары бір адамды ғана емес еш жазықсыз отбасының өзге де мүшелерін шарпыды. Бейімбеттің жары Гүлжамалды, өрімдей бес баланы шаңырақтан бездіртіп, тентірететіндей олардың не кінәсі бар еді? Қарғыс атқыр қасіретті күндер ғой ол. Бір сәтте-ақ ақ қара, тұнық лай болып шыға келді. Бұдан артық қорлау, азап бола ма екен? Ұлттың тірегіне, үмітіне айналған жақсылар мен жайсаңдар титтей кінәлары болмаса да темір тордың аржағына қойдай тоғытылды. Содыр, қаныпезер саясаттың кесірі бұл.

Бейімбет ұсталған күн

Б.Майлиннің түрмедегі кезі. 1937 жыл
Б.Майлиннің түрмедегі кезі. 1937 жыл

– Әкемнің тәрбиесінде он екі жасқа дейін болдым, – дейді халықтың адал перзенті Бейімбет Майлиннің қызы Рәзия Майлина – қарапайым еді. Үйден кісі арылмайтын. Әсіресе, Сәкен мен Ілияс ағаларды жиі көретінмін. Үшеуі кабинеттен шықпайтын. Сәкен қайтар кезде «машина шақырайын» дегенде, қалған екеуі «жаяу-ақ ба­райық, жолай әңгімелесеміз» дейтін. Осының өзінен бір-бірлерін қатты құрметтейтіндіктері байқалатын. Әлі күнге көз алдымда. Үшеуі жұптарын жазбай кетіп бара жатады… Қандай жарасымды еді.
Әкем көп жазатын. Жұмыс кабинетінен шықпайтын. Қашан көрсем де жазады да отырады. Бір күні түн ортасында оянсам жазу үстеліне төніп, қолынан қаламы түспей отыр.
– Папа, демалмайсыз ба? Не жазып отырсыз? – дедім.
– Қалқам (мені осылай атайтын), бұл жұмысты тезірек бітіруім керек. Мәскеуге барғанда орыстың атақты жазушысы Максим Горькиймен кездескенмін. Сонда ол әңгіме арасында «Қазақтың арасында батыр жігіттер болды ма?» деп сұрап еді. Мен Аманкелді Иманов жөнінде айттым. «Онда оны халыққа кеңірек таныту керек» дегендей ой айтты. Аманкелді туралы біраз деректер таптым. Соларды қағазға түсіріп отырғаным ғой. Таяуда Аманкелді туралы кино шығады.
Әкем айтқандай кейін Аманкелді туралы фильм түсіріліп бітті. 1937 жылғы қазанның бесі… Үйде үшеуміз ғана. Ағам Әукен, мен, інім Мереке. Дүкенге барғанмын. Сыртқы қабырғасында афиша ілулі тұр: «Ертең «Аманкелді» фильмі көрсетіледі. Сценарий авторы Бейімбет Майлин» деп жазылған. Қуанып, үйге жүгіріп келіп Әукен мен Мерекеге айтып жатырмын. «Папамның киносы шықты» деп мәзбіз.
Ертеңіне, қазанның алтысы күні таңертең әкем келді үйге. Жүдеп кетіпті. Сақал-мұрты өскен. Мені құшақтап оқуымның жағдайын сұрады.
– Қалқам, мен шаршап келдім, – деді. – Демалайын. Жақсылап бір ұйықтайын.
– Демалаңыз, папа. Мен ешқайда бармаймын. Үйде боламын, – дедім.
Әукен мен Мереке есік алдына шығып кетті. Біздің үйдегі дағды – жазда саяжайда боламыз. Оқу басталар алдында ғана үйге қайтатынбыз. Шешем осы уақытта баламен саяжайда еді.
Кешке жақын есіктегі қоңырау маза бермеді. Барып есік аштым. Еңгезердей екі орыс тұр. Шамамен қырықтың үстіндегілер.
– Майлиннің пәтері ме?
– Иә.
– Папаң қайда?
– Папам үйде жоқ.
– Жоғы қалай?
– Мамамның қасында. Саяжайда.
– Алдама, – деп мені ысырып тас­тап кіріп келді. Олармен жағаласып папам жатқан бөлмеге мен де кірдім.
– Азамат, Майлин. Тұрыңыз. Сіз тұтқындалдыңыз, – деді екеуінің бірі.
Мына сөзді естігенде есімнен танып қала жаздадым. Папамның екі қолын көтергізіп қойды. Қалтасынан партбилетін, паспортын алды.
– Қазір үйді тінтеміз, – деді әлгілердің бірі.
Біз өзі – дүние-мүлікті көп жина­маған адамдармыз. Әкем ақшаны кассаға салатын. «Балаларым өсіп келе жатыр, оқытам» дейтін. Оқы­татын балаларының қатарына мені, Мерекені жатқызатын.
Келгендер диванды, шкафты ақтарды. Сасқандікі ме, үрейдің әсері ме далаға шығып Әукен мен Мерекені шақырып келдім. «Үйге жүріңдер. Папамды тұтқындап жатыр» дедім. Екеуі құстай ұшып жетті.
Әлгі екеуі папамның жұмыс кабинетіне кірді. Онда негізінен кітаптар бар. Екі-үш қабырғаны алып жатыр. Кітаптардан басқа мұнда диван бар. Жолдастары келгенде осында отыратын. Әлгілер кітаптарды шашып, ақтарып жатыр. Екі ұл селтиіп тұр. Қанша дегенмен қызбын ғой, мен бардым да папамның қасына отырдым.
Екі орысқа бар орысшаммен айтып жатырмын:
– Неге папамды тұт­қындап жатырсыңдар? Ол жазушы. Ешкімге зияны жоқ. Таяуда ғана Аманкелді туралы кино түсірді. Аманкелді сіздердің Чапаевтарыңыз секілді, – деймін.
– Үш күннен кейін папаңды үйге қайтарамыз, – деді. Жаңағы екеуі жүк машинасын шақыртты. Кітаптарды, қолжазбаларды тиеп алып кетті. Содан кейін «черный ворон» шақыртты. Түсі қап-қара, кішкентай машинаны жұрт осылай атайтын. Әкем кетерде бізбен қош айтысты. Әукенге айтқаны: «Сен баланың үлкенісің. Алдымен анаңды күт. Екінші мына бауырларыңа қамқор бол» деді. Басқамызға қарап: «Сендерден сұрайтыным бір-ақ нәрсе. Оқыңдар, оқыңдар, оқыңдар» деді үш рет қайталап.
Сол жерде ботадай боздап қала бердік. Пәтеріміз екінші қабатта еді. Балконға жүгірдік. Әкем төменге түскеннен кейін төбеге қарап біраз тұрды. Сол кеткеннен әкемді көрген жоқпын.
1937 жылдың аяқ кезінде шешем әкеммен жолығысуға барғанда папам айтыпты: «Гүлжамал, бір өтініш бар. Соны орында. Ұлдың аты ұл ғой. Ендігі келгенде екі қызымды ала келші» деген екен. «Жарайды» депті мамам.
Шешем осыны айтып келгенде қатты қуандым. «Папама барамыз. Папамды көреміз» деп шаттандық. Ол кезде қаннен-қаперсіз өсіп келе жатқан бала едік қой. Менің нешеде екенімді әлгінде айттым. Мереке он бірде, Еділ алтыда, кішкентай Гүлсім екі жаста ғана болатын.
Тамағын алдық. Гүлсімді көтеріп бардық. Бір қазақ сақшы шешеме: «Күте тұрыңыз. Қазір жүздестіреміз» деді. Рас па өтірік пе деймін. Жүрек алып ұшады. «Шынымен папамды көрем бе екен?!». Бір уақытта сыртқы есіктен Сәбит Мұқанов кірді. Бірден таныдым. Біздің үйге талай келген. Оның үстіне ол кісінің Арыстан деген баласымен бір класта оқығам. Сәбит аға бізді көрмеген болып өтіп кетті. «Неге өйтті екен?» деймін ішімнен. Біз тұрмыз. Біраздан соң Сәбит кетіп қалды. Әлден кейін сақшы келіп: «Кездесу болмайтын болды» деді. Шешем еңіреп қоя берді. Оған мен қосылдым. Сөйтіп, көз жасымызды көл етіп үйге қайттық.
1938 жылғы ақпанның аяқ кезі болуы керек. Шешем үйге жылап келді. Әкеммен кездесуге барған екен. Ұлықсат бермепті. Қолында әкемнің сұр жадағайы. Сол күздік пальтоны құшақтап еңіреп қоя бердім. «Папамның пальтосы ғой. Өзі қайда?» деймін. «Жетім болдыңдар. Енді папаларың жоқ» деді шешем.

Шайқалған шаңырақ

Бейімбеттің ақталғандығы туралы анықтама
Бейімбеттің ақталғандығы туралы анықтама

Бір сәт ойға шомған Рәзия апа сәлден кейін әңгімесін қайта жалғастырды:
– Бұдан кейінгі азабымызды тірі адамның басына бермесін. Көп ұзамай жылы ұямыз – баспанамыздан қуып шықты. Себеп: «Халық жауының» отбасы бұл үйде тұруға болмайды». Содан басқа бір үйді паналадық. Оның бір бөлмесінде біз, тағы бір бөлмесінде Жансүгіровтердің отбасы тұрды. Ас бөлмеміз ортақ. Жағдайымыз мүшкіл. Нан алатын да ақша жоқ. Үйімізден бұрын кісі құрғамаса, енді бір адам кіріп шықпайды. Күн көру қиын болғаннан кейін көзім қимаса да папамнан қалған кітаптарды сатып, үйге аз-маз ақша әкелетін болдым. Шаңырақтағы бас көтерер өзім болып қалдым. Шешем бұрын қара жұмыс істемеген адам. Әкесінің арқасында ерке болып өсіп еді. Өзінің үсті-басына қарайды. Басқа шаруаға араласа қоймайды. Әкем тұтқындалғаннан кейін есеңгіреп қалды. Күлкі-қуаныш қашқан. Әбден жүдеп кетті. Түнереді де жүреді. Әукен елдің іші ғой деп Қостанайға кеткен. Бірақ төрт айдан кейін түрмеге жауып­ты. «Халық жауының» баласы деп әлдекімдер сырттай көрсетіпті.
Наурыздың іші. Көшеден сүт алуға бардым. Алдыма қарасам Ғабит Мүсірепов ағаның машинасы келеді екен. Мен көрмеген болып ары қарадым. Машина тоқтады да «Әй, сары қыз, бері кел» деді. Әкеммен құралыптас кісілер мені «сары қыз» дейтін. Басқа бауырларыма қарағанда етім тірілеу болды. Үйге біреу телефон соқса жауап беретін мен. Есік қақса ашатын мен. Сөйтіп, «танымал» болдым.
Ғабеңнің қасына бардым. «Халдерің қалай?» деді. «Бізде не хал болатын еді» деп екі көзге ерік бердім.
– Жылама, – деді. – Мен бәрін де түсінем. Қазір заман қиын болып тұр. Гүлжамалға сәлем айт. Өзің кешке үйге келіп кет. Ешкім көрмесін.
Бар жайды шешеме баяндадым. Кеш болысымен трамвайға отырып Ғабит ағаның үйін бетке алдым. Подъезден кіре беріп ем жоғарыдан біреу түсіп келеді екен. Бағанағы «ешкім көрмесін» дегені бар. Ауызда күл-қоқыс төгетін ыдыс бар екен. Соған кіріп кеттім. Әлгі адам есіктен ұзағанша сонда жаттым.
Есік алдында Құсни апам тосып тұр екен. Құшақтап жатыр.
– Айналайын, Гүлжамалға сәлем айт. Бара алмаймыз. Ғабит те бүгін бе, ертең деп отыр, – деді.
Қолыма пакет берді:
– Мынаны мамаңа тапсыр.
Әлгіні қойныма тығып үйге де жеттім-ау, әйтеуір. Үйге келгесін пакетті ашсам бір бума ақша. Көп ақша. Оны алып шешем еңкілдеп қоя берді.
Сәуірдің он үшінде шешемді тұтқындады. Тағы да екі орыс келді. Бірі милиция киімін киген әйел.
– Сіз халық жауының әйелісіз. Тұтқындалдыңыз.
– Балаларым қайда болады? – деді шешем.
– Онда жұмысыңыз болмасын.
Осының алдында ғана шешемнен жауап алғанынан хабардар едік. «Бейімбетпен жиырма жыл бірге болдым. Он жетімде қосылдым. Осы жиыр­ма жылда маңдайымнан шерткен емес. Қатты сөз айтып көрген жоқ. Бейімбет суға түссе суға, отқа түссе отқа түсем. Ол қайда жүрсе мен де сонда болам» депті. Жауап алғандар «Бұл әйел күйеуінің сөзін сөйледі» деп тұтқындауға шешім қабылдаған.
Мен, Мереке, Еділ үшеуіміз бір балалар үйінде болдық. Гүлсімді кішкентай балалар тұратын Алматыдағы №3-і сәбилер үйіне алып кетті. Бір күні тәрбиешіден үшеумізді үш жердегі – Қарағанды, Семей, Оралдағы балалар үйіне бөліп жіберейін деп жатқанын естідім. Рас екен. Балалар үйінің басшысы қазақ кісі еді. Басымыздан кешкен жайттың бәрін ақтарып салдым. Түсінігі мол екен. Ақырында сөзіме құлақ асып үшеумізді Семейге жіберуге келісті.
Еділ Семейде мектепке дейінгі, Мереке екеуміз бір балалар үйінде болдық. Демалыс күндері үшеуміз де кездесіп тұрдық.
1940 жылдың күзінде бізді балалар үйінен шығарып жіберді. Айтатындары: «Сендер «халық жауының» балалары екенсіңдер. Кейін білдік» дейді. Баратын жеріміздің жоқ екенін айтып, жалынып-жалбарынып айтып көріп едім ешкім де тыңдамады. Қаланы аралап жүріп осында ФЗУ барын естідік. Оқу мерзімі бір жыл. Директоры мың болғыр жан екен, жатақханасына орналастырды.
Бауырларыма келсем, Әукен 1939 жылы бізді іздеп балалар үйіне келді. Жұмыс істеді. Сол жылы Армияға шақырылды. Содан оралған жоқ. Мереке 1943 жылы соғысқа аттанды. Еділ жанымда. Гүлсімнің Талдықорғанда екенін білдік. Бір қуаныштысы мамамнан хат алып қуанып қалдық. Хаттың сыртында Қарағанды, Жарық станциясы, Батық деген жазулар болатын.
Мен оқуды тәмамдағаннан кейін Қарағандының ұн комбинатына жолдама алдым. Ондағы мақсат шешеме жақындау болатын.
Мен Қарағандыға ауысқан кезде бір-екі күннен кейін мамам Семейге келіп, бізді іздепті. Карлагтағылар Семейдің ет комбинатына ет өткізеді екен. Мамам біздерге бола әдейі сұраныпты. Жолда қос тігіп екі ай жүрген. Соншама жерден сағынып жетсе біз жоқпыз. Өкініштен өзегі тала жаздайды. Көшеге шықса бір шалды көреді. Қасында он бір-он екідегі қыз бала бар екен. Көзіне мен елестегенмін бе әлгі қызды құшақтап, сүйе беріпті. «Балаларыма» деп алып келе жатқан сый-сияпатын соларға беріп кетіпті.

Анамен қауышу

– Қарағандыға табан тірегеніммен шешеммен қауышу оңай болмады – деді Рәзия апа ауыр күрсініп. – Соғыстың уақыты. Отан үшін арпалыс жүріп жатты.
1943 жыл. Қайтсем де мамама бару керек деген мақсат қойдым. Семенов деген комбинат директоры бар еді. Жағдайымды айттым. Жарық станциясына дейін билет тауып беруін өтіндім. Тауып бере алмады. Соғыс кезі. Жолаушылар пойызын кестеден алып тастаған.
Зертханада отырғанмын. Жасы елудің о жақ, бұ жағындағы қазақ кісі кіріп келді. Үстінде шапан. Басында малақай.
– Әй, балақай, қағаз жазып берші. Бір вагон ұн алдым. Жарыққа жеткізуім керек, – деді.
Жарық дегенде құлағым елең ете қалды.
– Шын айтып тұрсыз ба? Жарық станциясы ма?
– Иә, жарық станциясы… Тездет. Жолдан қаламын…
Ал кеп жабысайын.
– Ағатай, осы жолыңызды маған беріңізші. Бір вагон ұныңызды мен-ақ апарайын.
Ол аң-таң.
– Не деп тұрсың өзің. Есің дұрыс па?
– Есім дұрыс. Сеніңіз. Шашау шықпайды. Басыммен жауап беремін.
– Қой, шырағым. Мен де басыммен жауап берем.
Үлкен кісіге өмірімді, бастан кешкендерімді көзімнен жасым төгіле ақтардым. Обалы нешік, сөзімді бөлмей құлақ қоя тыңдады.
– Анамды көрмегелі алты жыл болды. Сіздің де мендей қызыңыз бар шығар. Осы жолыңызды маған беріңіз.
– Қарағым-ай, қайтсем екен… Мені де қинадың-ау. Өзің жап-жас қызсың. Бір пәлеге ұрынып қаларсың. Бұзақылар көп. Жарыққа бір күнде жете алмайсың. Тупикте тұрасың…
– Оған алаңдамаңыз. Тұрсам-тұрам.
Сөздің түйінін айтсам – ол кісі ақыры келісімін берді. Жүректен жарып шыққан алғысымды айттым. Жөн сұрап едім «Жаңаарқалықпын. Аңшы Мұхамеджан деген боламын» дегеннен басқа артық ләм демеді.
Құжаттарды қайта толтырып, басшылықтан ұлықсат алып жолға шықтым. Қазір Қарағанды мен Жарықтың арасы пойызбен бір-екі сағаттық қана жер. Ол кезде екі күн дегенде әрең жеткенмін.
Жарыққа қонып, ертеңіне Батыққа бардым. Шешем Купка деген жерде екен. Батықта балалар үйінде бірге болған таныс қыз кездесе кетті. Соның үйінде болдым. Ес жидым. Бір орыс шалдың арбасымен кешкілік Купкаға жеттім.
Арбадан түскеннен соң он шақты әйел маған қарай жүрді. Сапарымның мақсатын айтып, шешемді сұрадым. Олар анашыма бірден көрінбеуім керектігін айтты. Жүрегі ауырады екен. «Өліп кетуі мүмкін» деді.
Маңайдағы барақ ішіне кіріп тұрдым. Бағана әйелдер қораға қой қамап жүрген әйелді көрсетіп «Мамаң сол» деген. Сол әйел бермен қарай келе жатты. Түрін адам танып болмайды. Баяғы боянып, сыланып жүретін кербез келіншекке мүлде ұқсамайды. Әкемнің жанында жарқырап жүретін еді-ау… Азып кетіпті. Үстінде тозығы жеткен ақ фуфайка. Ақшыл шалбар. Басында құлақшын. Аяғында керзі етік. Қолында таяқ.
– Жаңа ақ шәлісі бар әйел түсті ғой. Ол кім? – деді топ әйелге.
– Дәрігер әйел ғой, – деп жатыр.
– Ол қайда кетті?
Шыдай алмадым.
– Мама, мен ғой. Мен келдім, – деп атып шықтым. Дауысымды есіту бойы­на есінен айырылып талды да қалды. Екі сағаттай есін жия алмады.
Әйелдер жағдайын біледі екен. Су бүркіді. Дәрі иіскетті. Өз-өзіне келгеннен кейін әлі де сенбейді. «Шын келдің бе?» дейді. «Мама, көріп тұрсың ғой. Келдім». Ол уақытта шашым ұзын еді. Тілерсегіме дейін түсетін. Қос бұрымымды ұстап «Сенің шашың ба, мынау?» деп таңырқайды. «Түсімде баяғы құлыншақ қалпың» деп менен көз алмайды.
Ұйқы жоқ. Таң атқанша көз ілмедік. Әукенді, Мерекені… бәрін-бәрін сұрайды. «Папаңнан хабар бар ма?» дейді. Жанымыздағы әйелдер де ұйықтамады. Қара көже береді екен. Соны ешқайсысы ауыз тимей маған ұсынды. «Сен қонақсың» дейді. Мұндайда тамақ бата ма? Әңгімеден аңғардым. Лагерьде үш мыңдай әйел бар екен. Шешемнің қасында табаны күректей бір ай болдым. Қойды бірге жайысып жүрдік. Уақыт бар. Өткен-кеткенді еске түсіреміз. Көбіне әкем жайлы әңгіме қозғалады. Әкемнің мінезі ауыр-тын. Жарқылдап жүргенін көрген емеспін. Әлі есімде. 1936 жыл болу керек. Үйге орыстың екі жазушысы – Всеволод Иванов пен Иван Шухов қонаққа келді. Сәкен, Ілияс, Елубай ағалар, басқа да кісілер бар. Қайтатын кез болу керек. Бәрі шат-шадыман билеп жүр. Байқаймын, тек менің әкем билемейді. Диванда шашын ширатып отыр. Шашын қолымен осылай бұйралап отыру әдеті еді.
– Ой, маңғазым-ай. Еркек болып дауыс көтерген емес. Жұрттың еркектері айқайлап, тіпті боқтап, балағаттап жатады ғой. Мұның бірде біреуі онда жоқ еді, – дейді шешем көзін қайта-қайта сүртіп.
Есіме бір оқиға түсіп кетті. Мамам базарға кеткен. Бір уақытта сырттан ашуланып келді. Жұмыс кабинетінде отырған папама тиісіп жатыр.
– Сонда папама неге көп сөйледің, дауысың қатты шықты ғой , – дедім.
– Соғым іздеп базарға барғанмын. Сәкен де жүр екен. Жүрісімнің жайын сұрады. Әзілдеп «Соғымды еркек іздемей ме? Бейімбет болса үйден шықпайды» деді. Осы сөзге шамданған болуым керек. Әкең маған қарсы бірдеңе айта ма десем «Келгенің қандай жақсы болды. Бір шайпау әйелдің бейнесін шығара алмай отыр едім. Құтқардың» деп ары қарай жаза берді ғой, – деп шешем тағы көзіне жас алды.
Отбасында бес бала болдық қой. Әкем ешқайсымызды да ренжітпейтін. Тек «Айналайындар», «қалқам» деген жылы сөз шығатын аузынан.
***
Гүлжамал шешей 1945 жылдың аяқ кезінде лагерьден босанып шығады. Бұл кезде Рәзия шахтада жұмыс істейтін жаңаарқалық жігіт Әбілқасымға тұрмысқа шыққан-тын. Гүлжамал осы отбасымен бірге тіршілік етіп 1974 жылы дүние салды.
Рәзиямен шаңырақ көтерген Әбілқасым ағаға да тіршілік ету оңай соқпапты. «Халық жауының» қызының күйеуі деп талайлар көзге шұқыған. Бейімбет ақталған 1957 жылдан кейін ғана сумаңдаған сөз, түртпектеу тиылады.
Рәзия апа зейнеткерлікке шыққанға дейін Жаңаарқаның теміржол саласында қарапайым қызметкер болып еңбек етті. Мен соңғы рет жүздесіп осы әңгімені жазып алғанда ол кісі жетпіс үш жаста болатын. Күйеуі Әбілқасым екеуі сегіз бала, жиырма төрт немере, үш шөбере сүйіп отыр екен.
– Мен әкемді көп іздедім, – деп еді әңгімесінің соңында Рәзия апа.
Түсінікті, әрине. Ең болмаса басына барып, құран бағыштап тұратын қабірінің болмағаны да өкінішті ғой. Оның үстіне азапты, қасіретті күндерді бастан өткеріп жүрген шақта қай бала да әкені аңсайтыны, іздейтіні рас. Ал Рәзияның әкесі Бейімбет, қазақтың Бейімбет Майлині халқы аңдаусызда айырылып қалған айрықша тұлға еді ғой. Оның орны әлі күнге ойсырап тұр.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Гулчехра

    Бұл шығарма өте-өте жақсы жазылған.Маған қатты ұнады,үлкен рахмет

  2. Аноним

    Кайман казармы ей не кормедин…улы атамыздай казагыма ул берсин.халкымды бастайтын дай.урпагы оссин.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.