Бәсекеге қабілетті журналист даярлау – уақыт талабы

Назгүл Шыңғысова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЮНЕСКО, халықаралық
журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының докторы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы Жолдауларынан бастау алып жатқан жаңашыл жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі – «Al-Farabi university – smart city» ғылыми-инновациялық жобасы инновациялық және инфрақұрылымдық базаға негізделген білім берудің қажеттілігін айқындайды. Рухани-адамгершілік және зияткерлік тұрғыдан дамуды көздейтін нормалар мен тәртіптер университеттің миссиясымен біте қайнасып жатыр. Университеттегі қалыптасқан педа­гоги­калық дәстүр сабақтастығы, үздік­сіз дамытуға, кафедра мен факуль­теттердің бәсекеге қабілеттілігін артты­руға ар­налған серпінді жобаларды жүзеге асыру идеялары мен жемқорлықтан ада, таза білімге негізделген оқу үдерісіне жа­ңашыл жоба тың трендтермен енді. Жоба аясында білім беру, ғылыми, тәрбие және қаржы-экономикалық қызметті дамытудың концепциялары жасалды. Әл-Фараби трактаттарынан бастау алып жатқан қайырымды қаланың маңызды белгісі – рухани құндылықтар ҚазҰУ қалашығында «Электронды кампус», бақытты студенттік шақ сыйлайтын қайырымды қалашық үлгісінде көрініс тапты.

Университет саясатынан бас­тау алып жатқан серпінді шаралар фа­культеттерде өз жалғасын табуда. Бо­лашақ журналистердің универси­тет қабырғасынан жазуға тө­се­ліп, ма­мандықтың қыр-сырына қаны­ғып, бейім­делуі теориялық біліммен қа­тар, практикалық машықтануды талап етеді. Осы орайда республикалық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз шығармашылық байланыс орнату, сту­денттерді редакциядан тәжірибеден өткізу, оқу жұмыс жоспарларын жасау барысында пікірлерін ескеру аса қажет. Қазіргі таңда кез келген істің нәтижелі болуы мақсат етіледі. Білім беру саласында да жұмыс берушілердің талап-тілегін ескеріп, сапалы, білікті маман даярлап шығару қолға алынған.
Журналистика факультетінде рес­пуб­ликалық басылым өкілдерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Соның бірі үстіміздегі жылдың 3-сәуірінде өткізілген факультеттегі «Экономика» газетінің күні. Қарашаңырақта бас қосқан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Ж.Кенжалин, басылымның белді қаламгерлері және факультеттің ұстаздары мен студенттер қауымы дөңгелек үстел басында газеттің бағыт-бағдары, журналис­тика факультеті мен газеттің арасындағы шығармашылық байланыстар туралы өзекті ойларын ортаға салды.
Республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен факультеттің арасында жасалған келісімшарттарға сәйкес студенттер редакцияларда оқу-өндірістік тәжірибеден өтеді. Жазуға бейімі бар студенттер университет қабырғасында жүріп-ақ журналистік қызметке араласа бастайды. «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша білім алатын студенттер мем­лекеттік құрылымдардың баспасөз қыз­меттерінде, коммерциялық мекеме­лер­дің PR бөлімдерінде біліктілігін жетіл­діреді. Үрімжі қаласындағы Шыңжаң Халық радиосынан бірнеше студент өндірістік тәжірибеден өтті.
Қоғаммен байланыс қызметі миссиясын орындай отырып, қоғамдық мүддені көздеп, әлеуметтік жауапкершілікті се­зініп, еліміздің экономикасына үлес қосады. Бұқаралық ақпарат құрал­да­рымен, серіктестермен, мемле­кеттік құ­рылымдармен, инвесторлармен тығыз байланыс орнатып, тиімді жұмыс істеу үшін болашақ PR маманына терең бі­лім, тәжірибе және біліктілік қажет. Болашақ маман қоғаммен байланыстың негіздерін, концепция­сын меңгеруі тиіс. Журналис­тика факуль­теті ЮНЕСКО, халықаралық журна­листика және қоғаммен байланыс ка­федрасында «Халықаралық журналистика» және «Қоғаммен байланыс» мамандықтары бойынша білім беру үш тілде жүргізі­леді. Ғылыми-инновациялық технология­лардың дамуы, ғылым мен білім­ді, өн­дірісті тиімді ұштастырудың қажет­ті­лігі жоғары оқу орнындағы білім бе­ру үдерісіне жаңа талаптар қойды. Оқытудың дәстүрлі әдістерімен қатар, қазіргі педагогикалық тәжірибеде қол­данылатын инновациялық әдіс-тә­сіл­дері, атап айтқанда белсенді оқыту, тұлғалық-бағыттау әдісі, мәселелік оқыту және жобалау, іскер және рөлдік ойындар қолданылады. Олардың мақса­ты – студенттің белсенділігін арттыру, жеке ойлауға, шешім қабылдауға машықтандыру, «тұлға» ретінде өзін-өзі жетілдіріп, қабілетін ашуға, оқытушымен өзін тең дәрежеде сезінуіне мүмкіндік беру. Оқытушының да рөлі тек білім бе­румен шектелмейді, студенттің шы­ғармашылық қабілетін барынша ашуға тырысады. Сонымен қатар оқу үдерісінде білім берудің белсенді әдістеріне басымдық беріледі. Осы саланы зерттеуші ғалымдар бұл әдістердің тиімді қолданылуы үшін классифика­циясын жасауда. Алайда оқытудың әдіс­тері туралы бірегей классификация әлі түзілген жоқ.
Кафедрада білім беру барысын­да студенттердің тұлға ретіндегі шығар­машылық және коммуникативтік қабілет­терін ояту, мәселеге жеке көзқарасын қалыптастыру, алған білімін практикада қолдануға машықтандыру мақсат етіледі. Осы орайда тақырыптық, бағыттаушы, жүйелі семинарлар жүргізіліп тұрады. Олардың барлығы да студенттің жеке көзқарасын қалыптастыруға, ақпаратты студенттің жете меңгеріп, тәжірибемен ұштастыруына бағытталған.
Оқытушылардың біліктілігін көтеріп, білімін шыңдау, білім берудің қазіргі заманғы технологияларын қолданудың қыр-сырын үйрету мақсатында факуль­тетте тұңғыш рет өңірлік ЖОО про­фес­­сор-оқытушыларына арналған «Бұ­­қ­а­ралық коммуникация саласында бәсеке­ге қабілетті мамандар даярлаудағы қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдер» тақырыбымен халықаралық деңгейдегі семинар-тренинг өткізілді. Семинарға Қырғызстан Республикасы Ж.Баласағұн атындағы ҚҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Шәкәрім атындағы Семей МУ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Еуразиялық инновациялық университетінің (Павлодар қ.) профессор-оқытушылар құра­мы қатысты. Сонымен қатар семинар-тренингке Алматы қаласындағы бір­қатар жоғары оқу орындарынан оқы­тушылар қатысты. Семинар жұ­мысына Қазақстандағы кәсіби тренерлер және Германиядан келген журналист, жарнама маманы Хайнц-Берндт Брюссиг, Ыстанбұл университетінің профессоры Айдемир Окай тартылды. Халықаралық деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отырған семинар-тренинг жұ­мысын жоғары бағалап, ризашы­лық танытқан Қазақстан және Қыр­ғыз­стан республикаларының ЖОО оқы­­тушылары болашақта да осындай семинар-тренингтер жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін білдірді. 80 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті республика жоғары оқу орындары оқытушыларының тәжірибе бөлісетін, пікір алмасатын ала­ңына айналса нұр үстіне нұр. Әсіресе, өңірлік ЖОО оқытушылары жаңа медиа құралдарын қолданудың мүмкіндіктерін жіберіп алмағаны жөн. Сонымен қатар өңір­лерде PR инфрақұрылымы, соның ішінде ақпараттық қызметтер жеткілікті дамып отырған жоқ. Өңірлік мекемелер БАҚ-пен тиімді байланыс жасауды өз деңгейінде жүзеге асыра алмай отыр. PR-мамандары баспасөзге арналған материалдарды cауатты жаза алмайды, көлемді жарнамалық материалдардан басқа компаниялар өткізген ма­ңызды іс-шаралар туралы ақпараттар аз. Көптеген мәтіндерді жарнамаға да, PR-ға да жатқыза алмаймыз. Себебі жар­намада слоган, шағын мәтін, ақпа­­раттық блок және анықтамалық мә­лі­меттер болады. Ал PR-материалда жар­наманың элементтері болмайды. Журналистер жарнама мен PR-ды айыра алмағандықтан, PR-материалдар жарнамалық сипат алады. Жарнама материалдарының өзі орыс тілінен сауатсыз аударылып, қоғамдық мәнді ақ­параттың қасына орналастырылады. Ақылы PR-материал жарнама құқында емес, редакциялық материал түрінде бері­леді және «ақысы төленді» деген белгі қойылмайды. Сондықтан өңірлік білікті PR-мамандарын дайындау өзекті мәселе.
Журналистика – болған оқиғаны қара­байыр баяндап, жаттанды алты сұраққа жауап беру деп түсіну қате. Газет тілі таза, өткір, парасатты, ойы айқын, сөзі салмақты болуы тиіс.Кейбір өңірлік басылымдардың тілі өте жұтаң. Кейбір тәуелсіз газеттерде қоғамдық мәні төмен, екі адамның арасындағы хатқа ғана арқау болатын ұсақ-түйек, түкке тұрғысыз материалдар жарияланады. Баспасөз беті адамдардың жел сөз теріп, қарымта қайтаратын орны емес. Тәуелсіз газеттің бетін не болса сонымен толтыруды мақсат еткен, қоғамдық, әлеуметтік маңызды мәселелерді көтеруге қабілетсіз басылымның оқырманға берері жоқ. Кейбір тәуелсіз, тіпті аудандық газеттердің тілі мен стилі сын көтермейді, мәтіндердегі қатеден көз тұнады. Өңірлік баспасөздің публицистік стилін сипаттай отырып, кейбір газет материалдарындағы логикалық байланыстың әлсіздігін, сөйлемнің сыртқы құрылысына елігіп, мазмұнына көңіл бөлмеу, сөздің эмоциялық сыр-сипатын айыра білмеу, сылдыр сөзге әуестік, тұрпайы лексика, сөз мәдениетінің принциптерін сақтамай, кәсіби этикадан ауытқу, тұ­рақты сөз тіркестерінің құрамын бұзып қолдану, әдеби норманы сақтамау, диалект сөздердің қолданылатынын байқауға болады. Сондықтан өңірлік жоғары оқу орындары кәсіби білікті журналист, PR мамандарын дайындауы тиіс.
Кафедраның серпінді жобасы аясында құрылған журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО орталығы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру және іргелі, қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізу үшін инфрақұрылым түзуге бағытталған.«Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша оқытудың инновациялық, сандық және интерак­тивтік технологияларын даярлап, оқу үдерісіне енгізу, ғылыми зерттеулер негі­­зінде білім беру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың әлемдік талаптарына жауап беретін оқу құралдары мен оқулықтар дайындау, оқу бағдарла­масындағы пәндер бойынша білім берудің электронды ресурс­тарын жасау мәселелері қолға алынуда.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.