Өмірлік бойтұмарым

Өмірді үлкен домбыра деп білем мен,
Егіз туған екі ішектен тұратын.
Бірі – қайғы, қабағында түнерген,
Бірі – шаттық,
әлдилеген мұратын…

Ойым, әкем туралы тебіренісім Төле­ген ақынның осы жолдарынан басталды. Шынымен де домбыраның қос ішегі се­кілді өмірдің де қос ішегі – қуанышы мен қайғысы қатар жүреді екен. «Арпа ішіндегі бір бидайсың» дейтін ес білгелі мені еркелетіп те, есіртіп те көрмеген әкем өмірінің соңғы сәттері өтіп бара жат­қанын білгендей маңдайымнан сипап…
Мен атам мен әжемнің қызы болып өстім. Сондықтан болар бүгінде мар­­құм болып кеткен Мұратжан ағам екеу­мізді әкем мен шешем үлкендердің көзі тірісінде өз бауырларына басқан емес. Әжем Қоңыр кеңпейілді, көпшіл еді, байдың қызы болғандықтан шығар, ақсаусақ, әдемі көйлек киіп қыдырғанды ұнататын. Үнемі айтып отыратын бір сөзі жадымда жатталып қалыпты: «Бұл үйде бойжетіп отырған екі қыз бар. Бірі иті жоқ ауылға кетеді, бірі иті бар ауылға кетеді» дейтін. Иті жоқ ауылға деп меңзеп отырғаны өзі болса, иті бар ауылға кетуі тиіс бойжеткені мен бо­латынмын. Көжесі керемет дәмді еді. Күл­лі ауыл адамдары оның дәмі тіл үйіретін көжесінен ауыз тиюге арнайы келетін. Әжемнің сауаты болмаса да, ақша танитыны таңғалдыратын. Атам Айтуған қайтыс болғаннан кейін Шалқар ауданындағы Шахты селосынан Ембі қаласына қоныс аударып келдік. Мұнда Бейбіт апам мен Әмірхан жездеме арқа сүйеп келгенбіз. Жездем ол кезде №49 орта мектептің директоры. Әкемнің жұмысқа орналасуына, кейін үй тұрғызуына көп септігін тигізген ағайын еді ол. Әкем жұмыстан келе сала екі біле­гін түріп жіберіп, үйдің құрылысына кірісіп кетеді. Оның жанында анамызбен бірге қабаттасып сол уақытта 3-4 клас­тарда оқитын Мұратжан ағам екеуміз балшық тасып жүретінбіз. Әкемізді «көке», анамызды «апа» дейтінбіз. Кеш­кілік мезгіл болса, бәрімізді жанына жи­нап алып, шығыстың дастандары мен қиссаларын оқып беретін.
Аудан тараған уақыт. Бала болсам да әлі есімде. Себебі сол уақытта кең­селердің жабылуын пайдаланғандар оның жабдығы мен жиһазын үйлеріне тасып алып жатқанда көкем бізге 4-5 қап кітап әкелдірткен еді. Үнемі «байлығым – балаларым» деп отыратын, сосын ме­нің ұғымымша оның өмірден көргені мен түйгені, тәжірибесі – бар жиған-тергені еді. Ешқашан балаларын, біздерді шені үлкен, шекпені қомақтылардың алдына шаруасын айтып жетектеп барған емес. Кейде пендешілікпен ренжитінбіз, үйдегі ұлдардың қызметке келуіне, өсуіне демеу танытпады деп. Бірақ ішімізден ол кісінің бізге рухани қолдау танытатынын, кез келген сәтте өз ісіне, арына адал болуға тырысатынын түсінетінбіз.
Жүрген жерінде шежіреден, тарихтан сыр шертіп жүретін. Әнебір жылы Шахтының орнына барып, ата-баба қо­рымына құран оқып қайттық. Ол уақытта жанымызда әкем де бар. Біздің кіндік қанымыз тамған туған үйіміздің орнын бұрын оның жанында жайқалып тұратын екі түп ағаштан әрең танып таптық. Әкем осы ұзақ жолда ұзын сонар әңгіме айтты. Машинамен жүріп өткен әрбір жер туралы тарихи анықтама беріп отырды.
Бізге ғана емес, ұрпаққа бергені, әлі де берері көп еді. Әттең, «алтынның қол­да барда қадірі жоқ» деген тіркес орала береді ойыма…
Қайтыс боларынан бір күн бұрын мен Қандыағашқа аудан әкімдігіне жина­лысқа келдім. Көкем мен жеткенше ма­за­сызданып, телефон шалумен болды. Жи­налыс үстінде кездестік. Оған түстен кейін тағы да жиналыс барын, сондықтан түскі асқа үйге бара алмайтынымды айтып ескерттім. Әкімшілік маңындағы асханадан түскі асты алдыма ала бергенім сол еді, көкем қайта телефон шалды. «Үйге келсеңші, біз сені күтіп отырмыз» деді. Оның көңілін қимай, уақыттың ты­ғыз­дығына қарамастан үйге бардым. Ол арқа-жарқа әңгіме айтып отырып тамақтанды. Бұл әкеммен болған соңғы кездесу, соңғы әңгіме екенін білсемші сонда…
Өмірден өтерінен сәл уақыт бұрын 9-мамырда Ембіге келді, сонда үлкен ұлым Әлішерге қолындағы сағатын шешіп беріп кетіпті. «Көзімдей көр­сін» дегені болар.
Шіркін, дүние-ай, адам баласының арманы таусыла ма, немерелерін жетектеп, ақ сақалды шал болып, қарттықтың дәмін көрсе ғой дейтін сағымға толы сағыныш та сығалайды санамда.
Әкемнің тек біз үшін емес, қара­пайым халыққа қадірлі болғанын жа­назасы күні білсек те әлі күнге дейін «Ту­мысы бөлек тұлға еді, орны ешқашан толмайды ғой» деп, мені көрген ­сайын сағынышпен еске алатын ағалар мен апалардың тебіренісіне шыдай алмай, жылап та аламын. Бір мекеме басшысының «Қандыағашқа кіріп келе жатқан сәтте, неге екенін білмеймін, көз ал­дыма Құрмашевтың бет-бейнесі елестейді» дегенін естідім жақында. Халықтың көңілінің адал­дығына риза боласың. Қатты са­ғын­ғанда түсіме енеді, үнемі үлкен залдарда жиналыстарда жүргенін көремін…
Өмір жалғасуда, күндер жылжып өтуде. Бәрі орнында, дүниенің тегер­мі­ші зулауда. Тек баланың әкеге деген сағынышы әлі басылар емес. Осы естелікті жазып отырып та, әкенің ала­қаны мен ыстық құшағын аңсаған перзент жасы домалап қағаз бетіне түсуде.
Осындай құлазып, жабығып жүр­ген сәтте жанымызды жадыратып, көңі­лімізді қуантып, жуыр­да кіші інім Ер­жанның баласы –Нұр­гелді атты бауырым өмірге келді. Келін жеңілдеген соң, іні­ле­рім ма­ған телефон шалып, анамның рұқсатымен есімін өзіңіз қойыңыз деді. Көкем секілді азамат болсын, атасының жолын берсін деген ниетпен есімін «Нұргелді» деп атадым. Сөйтіп жаңа өмір басталды.
Әкем Жангелді Құрмашұлы өмір бойы қайнаған тірліктің ортасында жүрді. Жақсыларға бас болды, жаман ниетті адамдарға қас болды. Халқына адал қызмет етті, ел-жұрт пейілін ба­ғалай білді. Жұмыстан өзгені ойламады. Өзгені мақтады, бірақ өзі мақтанбады. Өмір бойы жұмыс қамын ойлаумен саналы ғұмырын сарп етіп, соңғы демі де сол қызмет орнының босағасында үзілді. Нағыз мемлекеттік қызмет­кер еді, жарықтық.

Әсел Жангелдіқызы,
«Достық» балалар
бақшасының меңгерушісі

Ақтөбе облысы
Мұғалжар ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.