Жаңа оқулықта жаңалық көп

Өткен аптада Алматыда «Қазақ тілі сөзжасамы» атты оқулықтың тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер рәсімін кіріспе сөзбен ашқан Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев кіріспе сөзбен ашты. Мұнан соң сөз кезегі жақында ғана Алматы қаласындағы «Нұр-ДиАс» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілі сөзжасамы» оқулығы авторларының бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жаңалық Балтабаеваға  берілді. 

Ғалым өз сөзін Қазақстан Республи­касының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, про­­фессор Нұржамал Оралбай, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев және өзінің ав­торлығымен дайындалған «Қазақ тілі сөзжасамы» атты оқулықтың екінші басы­лымындағы басты өзгерістерден бастады.
«Қазақ тілі сөзжасамы» атты оқулықтың ерекшелігі, бұрын сөзжасам морфология құрамында қаралып, сөзжасам мәселелері тек сөз таптарының сөзжасамына байланысты ғана зерттеліп, оқулықтарда да сөз таптары аясында беріліп келген болатын. Сөзжасамның көптеген мәселелері өзінің ғылыми-теориялық шешімін тап­пағандықтан, грамматиканың морфоло­гия бөлімінде сөзжасамның жалпы тео­риялық мәселелері айтылмай, толық бе­­­рілмеген еді. Ол кезде сөзжасамның тер­­миндері де жоқ болатын. Қазір ғылымда ол олқылықтар жойылып, біршама толық­тырылғандықтан, ол мәселелер оқулыққа енгізілген.
Филология факультеттерінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алатын студенттерге, магистрант­тар мен докторанттарға арналған оқулық­та сөзжасамның негізгі теориялық мәсе­ле­­лерінен жеткілікті мағлұмат беріл­ген. Оны оқулықтың құрылымынан да кө­­руге болады. «Сөзжасамның жалпы теориялық мәселелері» және «Сөз тапта­ры­ның сөзжасамы» атты екі бөлімнен тұ­ратын оқулықта сөзжасам білімнің дербес саласы болып саналуы, зерттеу нысаны, тілдің басқа салаларымен байланысы, сөзжасамдық талдаудың ерекшелігі, сөз­жасамдық құрылым мен сөзжасамдық үлгі, сөзжасамдық мағына мәселелері бір модуль ішінде берілген. Әр тақырыптың соңында студент тақырыпты қалай меңгер­генін өзі тексеруі үшін қайталау сұрақтары мен қосымша әдебиеттер берілген. Ол сту­денттердің аталған тарауша бойынша теориялық білімдерін толықтыруға, ғылыми еңбектермен жұмыс істеуге, өз беттерінше ізденуге арналған.
Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тіліміздің ғылыми курстарын меңгеруге ар­налған оқулықтар мен оқу құралдарының жоғары сапада жазылып, жарыққа шығуы болашақ маманның сапалы білім алып, ұлтына сапалы қызмет етуіне негіз болары сөзсіз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА-ның ака­демигі, филология ғылымдарының док­­торы Өмірзақ Айтбай мемлекеттік тілімізді ғылыми тілге айналдыруды одан әрі жетілдіруде осындай оқулықтардың көмегі ерекше болатынына тоқталды.
ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шора Сарыбаев «Тілімізде сөздік қор мен сөздік құрамды жаңа сөздермен толықтырып отыратын тілдік құбылыс сөзжасам деп аталады. Міне, осы сөзжасам құбылысы сонау көне дәуірлерден бастау алып, қо­ғамның өзгеруімен, дамуымен бірге жасап келе жатыр. Сөзжасамның өзінің жа­ңа, туынды сөз жасайтын сөзжасамдық заң­­­дылықтары, әдіс-тәсілдері көне замандардан бері қолданылып, дамып, ірік­теліп, түрлі өзгерістерді басынан өт­кізіп, бүгінге жетті. Ол тіліміздегі жаңа сөздің кездейсоқ, қалай болса солай жасала бер­мейтіндігін көрсетеді. Оқулық осы тұр­ғыдан қарастырғанда өте құнды» деді.
Тұсаукесерде Ұлттық ғылым академия­сының академигі Әбдімәлік Нысанбаев, ғылым докторлары-профессорлар Оразалы Сәбден, Еренғайып Омаров, Зайырхан Ашитов, Анар Омарова, т.б. елімізге белгілі тілші ғалымдар сөз алып, оқулықтың жа­рық көруімен құттықтап, кітаптың кәдеге жарар дүние екеніне тоқталды.
Белгілі ғалым Нұржамал Оралбай жи­налғандарға өз ризашылығын білдіріп, отандық тілшілер мемлекеттік тілдің абы­ройын арттыруда аянбай еңбек ете бе­ретіндігіне сендірді.
Тұсаукесер рәсімін қорытындылаған профессор Кәрімбек Құрманәлиев ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі оқулықтарға байланысты екеніне тоқта­лып, отандық оқулықтарға сараптама жүргізуде, оқу әдебиеттерін дайындау мен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуде белгілі бір жүйе қалыптасқанын, оқулық әзірлеушілер деңгейі де жоғарғы талаптарға жауап бере бастағанын атап көрсетті.

Бейбіт Нәлібаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.