Жасөспірімдер арасындағы қылмыс қайтсе азаяды?

Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Жыл сайын жаз маусымы басталып, оқушылар демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұ­мысы екі есе көбейеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жас­өспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Оқушылар каникулға шығып, мектеп сабағы мен үй тапсырмасынан қолдары босағанда, жоғарыда айтылған ережелерді барлығы бірдей сақтай бермейді. Әсіресе, жасөспірімдердің қолымен жасалған қылмыстар мен құ­қықбұзушылықтар жаз мезгілінде көп тіркеледі. Тәртіп сақшылары қанша жерден жұмыс істеп жатырмыз десе де, жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту күнтәртібінде тұр. 

Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау ор­ган­дарының ғана емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадаға­лауын талап етеді. Себебі психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қа­лып­тасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өне­гелері ерекше орын алады. Ал са­­бақтан тыс уақыттарда, каникул кез­­дерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдас­тырылмауы, көше­дегі келеңсіз оқи­ға­­лар­дың көптігі мем­лекеттік және үкі­­меттік емес ұйым­­дардың қызметіне сын. Егер ел­­де­гі әртүрлі ұйымдар сабақ­тан қолы бо­саған оқушыларға арнап спорт­тық кешендер ашып, жарыстар өткі­зіп тұрса, жас жеткіншектердің шы­ғармашылық қабілетін бағалайтын үйірмелер ұйым- дастырса, жас балалар­дың жаман іске үйір болуына, тіпті мойын бұруына, мұршасы болмас еді.
Жасөспірімдердің аяқ астынан қыл­мыскерге айналуының осындай терең себептері бар екенін ескерген Ішкі істер министрлігі 2007 жылдан бастап орта білім беретін оқу ордаларының жанынан оқушылардың тәртібін қадағалайтын мектеп инспекторлары тобын құрды. Бұл мектеп инспекторлары қазіргі таңда қалалық немесе аудандық Ішкі істер басқармаларының әкімшілік полиция бөліміндегі ювеналды полиция бөлімшелеріне қарайды.
Мақаланы дайындау барысында еліміздегі ең тұрғыны көп мегаполис саналатын Алматы қаласындағы ювеналды полиция бөлімшелері басшыларының жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қатысты пікірлеріне құлақ түрген едік. Бізбен тілдескен қызметкерлер жасөспірімдер арасындағы қылмыспен белсенді күресіп жатқандарын айтты. Олардың айтуынша, қылмыстың көпшілігін сырттан келгендер жасайды екен.
Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция подпол­ков­нигі Лейла Әліпбаева:
– Алматыға басқа аймақтардан ке­летін адамдар көп болғандықтан, бұл миграциялық жағдай біздегі қылмыстың статистикасына да әсер етіп отыр. Кө­бі­несе Алматы қаласында тіркелген қылмысты жасаушылар Алматы, Оң­түстік Қазақстан, Жамбыл және тағы басқа облыстан келгендер. Сондықтан қылмыстардың алдын алу мақсатында әртүрлі шаралар қолға алынып жатыр. Соңғы бес айда «Жасөспірім, «Каникул», «Мектеп» атты шұғыл алдын алу шараларын өткіздік. Әсіресе, қаңтар, наурыз айларындағы демалыс кездерінде күшейтілген режімде жұмыс істедік. Сонымен қатар аптасына бір рет біздің қызметкерлер түнгі рейдтер жасайды.
Сырттан келіп қылмыс жасайтын­дардың санын азайту үшін, әр ауданнан арнайы рейд жүргізетін топтар құрылды. Ол топқа жергілікті ювеналды полиция бөлімшелерінің қызметкерлері мен қылмыстық іздестіру қызметінің өкілдері кіреді. Бұл рейд күндіз де, түн­де де жүргізіледі. Әсіресе, базарлар мен вокзалдарды, жастар көп шо­ғырланатын жерлерді жиі тексереміз. Рейд кезінде көшеде бейуақыт жүріп, инспекторлардың назарына іліккен балаларды ата-аналарына апарып тапсырып, олармен балаларының тәртібіне қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүр­­гіздік. Ал ұсталған балалардың ата-анасы бірден анықталмай жатса, оларды кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталықтарына жеткізіп, сонда орналастырамыз. Ол жақтағылар балаға қатысты мәліметтерді анықтап, оны қайтадан әке-шешесінің қолына өткізеді. Сосын біз сол бала тұратын аймақтағы жергілікті әкімшілікке, білім басқармасына, ІІБ-на баланың заңды өкілсіз мұнда жүргендігі жөнінде хат жолдаймыз.
Бұрын мектепте құқықбұзушылық орын алса, ондағылар шағымдану үшін сол маңдағы учаскелік полиция пунктіне баруға мәжбүр болатын. Енді әр мектепке арнайы инспекторлар тағайындалып, ондағылар әлдеқандай заңбұзушылық болса, мектеп инспекторына келіп арыздана алатын болды. Мектеп инспекторлары мектептердің де, жергілікті учаскелік полицейлердің де жұмысын жеңілдетіп отыр.
Биыл жеке тәртібіне, отбасындағы психологиялық қиындыққа байланысты есепте тұрған балаларды жазғы лагерьлерге жіберу үшін, қалалық әкімдік пен білім басқармасына арнайы хат жолдадық. Өйткені балалар жаз мезгілінде қолдары бос болғандықтан, қолайсыз жағдайларға ұрынып қалуы әбден мүмкін. Ал жаз­ғы демалыс лагерьлеріне жолдама бұйыр­­маған балаларды жаз бойы өзіміз бақылап отырамыз.
Алматы қаласы Әуезов аудандық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің басшысы, полиция капитаны Мейрамгүл Тамшыбаева:
– Жыл басынан бері Әуезов ауданы аумағында жасөспірімдер қолымен жасалған 5 қылмыстық іс тіркеліп, оның екеуін Қарасай ауданының тұр­ғыны жасағаны анықталды. Ұсталған азаматтың тергеу барысында бұған дейін Қарасай ауданындағы 15-ке жуық қылмыстық іске қатысы бар екені белгілі болды. Бұл эпизодтық қылмыстық іс қазіргі уақытта Қарасай аудандық сотында қаралып жатыр. Бес қылмыстық істің қалған 2-уіне қатысты сот үкімі шығып, оған қатысушыларға 2 жылдан шартты жаза кесілді. Ал қалған 1 іс бо­йын­ша соттасушы тараптар бір-біріне кешірім жасап, өзара келісімге келді.
Біздің ауданда барлығы 34 мектеп бар. Олардың кейбірінде 2000-ға жуық оқушы оқиды. Әр мектепке бір-бір инспектордан бекітілген. Ол инспектор мектепте қанша көп оқу­­­шы болғанына қарамастан, олар­дың әрқайсысының жағдайымен, үй ішімен толық таныс болу керек. Оқушылардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс. Қазіргі таңда мектептегі инспекторлардың әр­қайсысында 8-12 оқушыдан құралған жас полиция көмекшілері бар. Жас полиция көмекшілерінің саны сол мектептегі оқушылардың санымен байланысты. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу үшін бұл от­­ряд­тар елеулі жұмыстар атқарып ке­леді. Мысалы, мектепте темекі ше­­гу, арақ ішу, әлімжеттік сияқты құқық­бұзушылықтарды жас полиция кө­мек­шілері мектеп инспекторына жедел баяндап отырады.
Қылмыстың алдын алу үшін де түрлі шараларды жүзеге асырудамыз. Мысалы, рейд жүргізгенде тек көшедегі балаларды ғана бақылап қоймаймыз, сонымен бірге араққа салынған адамдардың да үйлеріне барып тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені олардың балалары болуы мүмкін. Қылмысқа бейім жет­кіншектер көбінесе әке-шешесі іш­кілікке салынған жанұялардан шығып жатады.
Алматы қаласы Бостандық аудандық ІІБ Әкімшілік полиция бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің басшысы, полиция майоры Расылбек Бектеміров:
– Біздің ауданда 28 мектеп, 1 балалар үйі бар. Барлығы тиісті мектеп инспекторларымен қамтылған. Ал аудандағы жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны өткен жылғы көрсеткішпен шамалас. 2013 жылдың алғашқы төрт айында 18 қылмыс жасалса, биылғы жылдың алғашқы төрт айында 17 қылмыс тір­келді.
Бостандық ауданы ойын-сауық ор­талықтары өте көп шоғырланған аудан болғандықтан, мұнда жастар жиналатын жерлер көп. Мәселен, Мегаорталық, Атакент, Орталық стадион және тағы басқа нысандар біздің ауданға қара­ғандықтан, ол жерлерде орын алған қылмыстық оқиғаларға біз жауап бере­міз. Жас полиция кө­мек­шілері біздің мектептерде де жұ­мыс істейді. Олардың Бостандық ауданындағы жалпы саны 140-тан астам. Әр мектеп инспекторына 6-10 жас полиция көмекшісінен бөлініп берілді. Олардың әрқайсысына полиция көмекшісі екенін растайтын тиісті куәліктер үлестіріліп, арнайы киім үлгілерімен қамтамасыз етілді.
«Айналайын, абайла» атты шұғыл алдын алу шарасын өткіздік. Оқушылар арасында есірткі таралымын болдырмас үшін, жыл басынан бері барлық мектептерде 48 тексеру жұмыстарын жүргіздік. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, оқу­шы­лар арасында есірткі заттарын тұтынатындар мүлдем жоқ екені анық­талды.
Әуезов ауданы мен Бостандық ауданында кәмелетке толмағандардың тәртібін ұйымдастырумен айналысатын салааралық комиссия құрылған. Комиссия құрамына білім басқармасының, ішкі істер басқармасының қызмет­кер­­лері, прокуратура өкілдері, мектеп директорлары кіреді. Бұл комис­сияны жергілікті аудан әкімінің орын­­­­­басары басқарады. Кәмелетке тол­­маған құқықбұзушылардың ісімен шұ­ғылданатын бұл комиссияға айтар­лықтай өкілеттіліктер берілген. Егер ата-ана баласының тәрбиесіне қа­рамаса, комиссия оларды ата-ана құқынан да айыра алады.
Бізбен сұхбаттасқан ювеналды бө­­­лімше басшылары жыл басынан бері өздері басқарып отырған аумақ­тар бойынша аса ауыр қылмыстар тіркелмегенін айтты. Десек те, жасөс­пірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесі барлық жерде бірдей шешім таппай отырғаны рас. Мысалы, бүгінгі таңда Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда ғана әр мектепке бір-бір инспектордан бекітілген. Ал шалғай аймақтарда 3-4 мектепке бір инспектордан ғана бөлінген. Инспекторлардың кәсіби біліктілігі туралы мәселе өз алдына бір тақырыпқа арқау болатын дүние.
Жасөспірімдер тәртібіне қатысты назарда тыс қалып келе жатқан тағы бір мәселе – колледждерде білім алушы жастардың жайы. Көптеген оқушылар 9-сыныпты аяқтаған соң, білімдерін колледждерде жалғастыратыны белгілі. Демек, ондағы оқушылар да кәмелетке толмағандардың қатарына жатады. Бірақ Қазақстандағы колледждерде арнайы инспекторлар жұмыс істемейді. Колледжде әлдеқандай заңбұзушылық бола қалса, ондағылар колледж орна­ласқан ықшамаудандағы полиция бекетіне барып арыздануға мәжбүр.
Құқық қорғау органдары қызмет­керлерімен болған әңгімеден аңғар­ғанымыз, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың құпиясы тез ашылады. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен ұрынатын көрінеді. Демек, қылмыстың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуі, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына байланысты екенін есте ұстау керек.

Бейбіт Нәлібаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

9 Пікір

  1. Жағыпар

    Менің үй жағымдағы компьютер клубында түнгі 11-ден асса да, жас балалар толып отырады.

  2. Марат, мектеп мұғалімі

    Баланың тәрбиесі мектепке емес, ата-анасына байланысты

  3. Абу

    Жастарды компьютерлік клубтардан бас тартқызу мүмкін емес. Компьютер мен интернет ғаламдастырудың обьективті заңы ғой

  4. Даурен

    Менің балам мектепте жас полиция көмекшісі

  5. Ару

    Жасөспірімдер арсындағы қылмыстың көбеюіне ең біріншіден ата-ана кінәлі. Жанұядағы жағымсыз жағдайлар мен орын алатын түсініспеушіліктер бала психологиясына залалын тигізері заңды құбылыс. Қараусыз балалардың мәселесі де бөлек әңгіме. Ғаламтордың кері әсерін атамаса, тағы болмайды. Мектеп психологтарының жұмысын да күшейту қажет. Бір сөзбен айтқанда, бұл өте маңызды мәселелердің бірі.

  6. Дәурен

    Баланың тәрбиесіне оның әке-шешесі, туыстары жауапты болуы тиіс. Мектеп ұжымына артып қою, әрине дұрыс емес. Әке ұлға, шеше қызға көз қырын салса, бос уақытын жөнсіз өткізуге жол бермесе, қоғамымыздағы көптеген қылмыстардың алдын алуға болар еді…

  7. Асан

    Бөтен адамдардың, қылмыскерлердің ықпалына түсетін жасөспірімдерді қылмыс жасауға итермелейтіндер де бар.

  8. ГейОргия

    Peace Death, 3.14здец и еще раз (звук которая издает мышь)здец.

  9. Аноним

    ия

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.