Жауынгер жанрдың жүйрігі

Біреулер ашық аспанды «жауға алдырып»:
– Сатириктер сарқылған! – деп сұстиып қабағын түкситеді.
Енді біреулер:
– Жо…ға, о не дегеніңіз, Құдай сарқылғаннан сақтасын. Сатира жоқ емес, шүкір баршылық, – деседі. Өз басым осы екіұдай пікірдің соңғысын құптаймын. Неге десеңіз, «Қырық өтірік», «Алдар көсе» мен «Қожанасыр», одан берірек Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, Жүсіпбек Алтайбаев, Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Темірбек Қожакеев, Ғаббас Қабышев, Қажытай Ілиясов, Үмбетбай Уайдин, Әдібай Табылдиев өзге де тікенек тілдерімен таспа тілген, алаяқтар мен арамбездерді, тоңмойындар мен топастарды, жең ұштарынан жалғасқан жемқорлар мен тоғышарларды сатира уытымен тұмсыққа ұрып жүрген топ өкілдері болғанын, әлі де бар екенін қалай жасыра аламыз? Әңгіме «бар» мен «жоқ»-ты күйттеуде емес. «Кім қалай жазды, қазір қалай жазып жүр?»-дің төңірегінде болса бір басқа.

…Жасы алпыстың асқарына ырғып отырған Еркін Жаппасұлы есімі өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері қарай мәшһүр. Таңдап алған жанры – әу дегеннен, сатира болды. Еркіннің шағын көлемді алғашқы сықақ, фельетондары сол тұста мен қызмет атқарған «Ара – Шмель» журналында жиі басылып тұрды. Бұған дейін облыстық, республикалық газеттерде журналист болып қызмет істеген жас сықақшының қаламы барған сайын ұшталып жазған шығармалары оқырман көкейінен шыға бастады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылының орта тұсынан бастап Көпен Әмірбек, Сайымжан Еркебаев, кейінірек Бейсебай Кірісбаев, Ермұхан Шайқы, Берік Садыр, одан бері Мұхтар Шерім тағы басқалар болып жалғасты.
Айта берсек, Құдайға шүкір, сы­қақшылар жоқ емес, бар, бірақ көп емес.
Сатира – жауапкершілікті қатаң талап ететін жауынгер жанр болғандықтан оған екінің бірі бел шешініп бара бермейді. Табиғатында да әзіл-қалжыңға қыры бар отауызды, орақ тістілер ғана қалам тартады. Сөз орайы келгенде айта кетейін, кейінгі кезде қайсыбір «Сықақ театры» делініп айдар тағылып жүрген қойылымдар көбейіп кетті. Сан жағынан өскені жөн-ау делік, сапа жағын ескерсек, кейде кейіпкердің келісті келемежіне емес, сахнадағы артистердің сөз саптауларының сорақылығына күлкің келеді (ыза араласқан күлкі). Әйел көйлегін киіп шығып, сөздерін оңды-солды төпесе-ақ болды, кейбір көрермендер қол соғып, қошемет көрсете бастайды. Бұл сатира емес. Сөз сиқырымен, ойнақы да оңтайлы әзілімен жұртты қыран-топан күлкіге бөлесе бір сәрі. Көптеген «сатирикпіз» деп төс соғып жүрген сабаздар ана тілін шұбарлап, орыс сөзімен араластырып, ботқа жасауға шебер.
…Алпыстың асқарына шығып отырған сықақшымызға қайта оралайық енді. Еркіннің қаламын еркін сілтеп, таңдай қаққызар тұстарына тоқталайық. «Мол бергенге жол бер» деп аталатын сықақ әңгімесіне көз жүгіртіп көрелік: «Үш күн үшкіріп, бес күн бақсы ойнатсаң да түсіңе кірер жай емес. Кеше ғана кердеңдей басып кекіріп, май асап, кілегей түкіріп жүрген директорымыз бір-ақ күнде түбірі шіріген теректей орнынан опырыла «құлады». «Уф-уф» дегенде жалп ете қалатын қауқарсыздар қауымынан емес секілді еді, алдын ала желдей есетін дабыра-дақпыртсыз жалпасынан құлаға­нына бас шайқасып, жұрт арасында «соңғы жаңалық» отқа май құйғандай лапылдады.
– «Ақ» деп жүргеніміз «ала» боп шықты…
Қайта сайланатын басшылыққа жанталасып, қол жинау, қолпаштауды көксеген Малдыбай екі иығын жұлып жеп, «қолдайды-ау» дегендердің алдында құрақ ұшып, құрдай жорғалап, құйрық-бауыр асатып әбден әбігер болады.
– Сөзіңнің төркінін түсіндім. Саған керегі «дауыс» қой?
– Төбеңде тесігің, көзіңде көріпкелің бар пәлесің-ау, оны қайдан сезе қойдың?
– Бұйырғанын күйсеп, тып-тыныш жан бағып жүрген момақан малды пышаққа жығып, маған әкелдің – етін жеп, сүйегін мұжып, өтеуін «дауыс» қып қайтар деген бақай есебің емей, неменең?
– Ах-ха-ха, бұл жұмбақтың шешуін шекілдеуікше шақтың. Соған қарағанда дауысыңды бұрын еншілеп алғандар бар-ау деймін. – Көңіл түкпіріндегі ішкі дауылынан да хабар берді.
– Қорықпа! – дедім оған жүзімнен жылылық танытып – «Дауыс сенікі!».
– Әп, бәрекелді, жарайсың! – деді арқаға қағып. Ендеше он бес «дауыс» сенің мойныңда, – солай деді де Әпербақан атына мініп, бөстек торысын қос бүйірге тебініп қалып бүлкілдете жөнелді…».
Атаққұмар әпербақанның іс-әрекетін сатирик Еркін Жаппасұлы оның ішіне құрық бойламайтын пасық та айлакер қылығы арқылы сілейтіп салған.
Асылы, шеберлік дегеніміз – кейіпкердің іс-әрекетін ащы шындық арқылы айызын қандыра нандыра бере білуден болса керек.
«Қысқарту» деген әңгімесінде сатирик мекемелерде кездесетін штат қысқартуды – қайсыбір басшылар өз бақайесебіне айналдыратынын келісті әжуалай білген.
« Өй, Бәке, көнекөз, ескі таныс едің ғой. «Қысқарып» кетуге таяп, қыл арқанның үстінде тұрмын. Көмектессеңізші. Осындайда бермеген «қолұшың­ның» пайдасын көрге кіргенде көреміз бе? Біздің бәсекеңе бірдеңе десеңші, жылы орынды суытып, әурелемесін, – деп ауыздықтан алып, жата қап жармасады. Олардың мұнысына да онша мән бермей…
– Сенің ұзарып, қысқарып, орныңыз ысып, суынуы бастығыңның басын ауыртып, балтырын сыздата қоймас. Ерігіп, езуіңді езгілеп, басты қатырмай телефонға тыныштық, құлаққа маза берші, – деп қалжыңға бұрып трубканы тұғырына қондыра сап жүрдім…».
Еркін сықақтарының көңілге қоным­дылығы сөз саптау мәнерінен – ана тілін уызынан қанып ішкендігі, орайы келгенде мақал-мәтелдерді сәтті пайдалана білетіндігімен аңғарылады:
«Шыбыннан желмес туады, сараңнан бермес туады» демекші, енді Құдай бі­реу­дің атасы жаман, біреудің «тастандысына» табындыра көрмесін. Кім болса да алаған қолы берегендер тегінен келсе екен.
Еріндік пен езуліктен төгіліп-шашыл­ған осындай алыпқашпа гөй-гөйлер құлақ тұндырады. «Жел соқпаса шөп басы қозғалған ба», «Қайсыбір қаңқу сөздердің жаны бары да рас…».
«Базардан шыға бергенде таяу жерде тұрған шидиген, мұртты қараны секіріп барып шықшытқа пердім де жібердім. Бүгінен түсті. Тышқан мұрнын қанатарлық боксерлігім бір кәдеге жарады. Жатқан жерінде бүйірінен, жамбасынан теуіп-теуіп жібердім. Сөйттім де, қаптағы алманы иығыма салып, жүрдім де кеттім.
Көргендер «мынау бір дүлей күш иесі екен» деді ме, демеді ме, ол жағын білмеймін.
– Тып-тыныш тұрған біреуге тиісіп мына немені жын соққан болар. «Өлетін бала молаға қарай қашады» дегендей, танымайтын адамға соқтығып, басыңа пәле іздеп жүрген ит болмасаң, таста, қайтар саудагердің жүгін өзіне, – деп жездем шыр-шыр етіп жүгіріп жүр».
Осы тақылеттес шұрайлы шымшымалар Еркін сүйкеп тастаған сықақтардан жиі ұшырасады. Сонымен… не жазса да ер­кін сілтей жазуға машықтанған Ер­кін­нің ерекшелігін талғам-таразысына сал­саңыз езу тартар тіркестердің талайын табасыз.
Қуақы қалжың да, мырс еткізер мысқыл да, мақтамен бауыздар мазағы да тікенек тілімен топтан түсіретін ойнақы са­тирасы сарказмға ұласып, күлкі шоғынан түрпішоғына ұластырады.
Сатириктің өзгелерге ұқсамайтын өз стилі, мәнері, сөз саптау шеберлігі әр шығармаларын оқыған сайын көзге ұрып тұрады. Онысы тумысында дандайсып қайсыбіреулерден төс қағуды, тындырып тастадым деуді білмейтін момақан мінезді болмысына жарасады.
Міне, уақыт қандай жүйрік десеңізші, кеше ғана бой түзей бастаған бала сықақшы бүгін жігіт ағасы атанып отыр. Ағалы-інілі екеуміздің кездесе қалғанда жиі қалжыңдасатын әдетіміз:
– Мен кіммін? – деді ол бірде әзілдеп.
– Әй, сен бе, сен… Еркін Жаппас, ұстаздарың Оспанхан мен Қабышұлы Ғаббас, сен бір жансың жақсылықтан қашпас, жамандыққа баспас, сүймес абыр-дабырды, мінезі тым сабырлы. Не болса да саспас, темекінің өз тұрмақ исі де жақпас, тентек судан әсте татбас інім Еркінсің, – деп беріп ем:
– Ой, Мәке, осы да жетеді, дуалы аузыңыздан шыққан мадақтарыңызды бойыма сіңірсем игі, – деп бас бармағын көрсетіп қойды.
Еркін Жаппасұлының жазғандары «тисе терекке, тимесе бұтаққа»-дан мүлде аулақ, көздеп атқанда көзінен тигізетін, тап басып, тапжылтпай тырапай түсіретін хас мергеннің оғындай. Бұған арамызда жүрген қырсыздар мен қиястарға қырғидай тиетін сан қырлы сықақтары дәлел. Жауынгер жанрымыз – сатираның снайпері іспетті. Шабыты мұқалмай, қаламы жұқармай келе жатқан Еркін Жаппасұлы жайында азды-көпті «гәпірген» әңгімемді тежеңкіреп, сөз дөненінің тізгінін тартайын. Аз-маз айтқан пікірім оқырманның шырағына, Жаратқанның құлағына шалынғай, иншалла!
Еркін – сықақшылығымен қоса қаламы жүйрік журналист. Мәдени-әдеби іс-шаралардың басы-қасында болып, ұлт құндылықтарына өз үлесін қосумен жүретін азамат.
***
Тіке біткен теректей бойы сұңғақ, кереқарыс маңдайын жаба иректеле ұлпаланып тұратын бурыл шашы биіктен жөңкілген бұрымды қайнардай құлдилап барып, желке тұсын тұспалдай жығылған, қой көзді, жылы сөзді, қарапайымдылығы бет әлпетіне бір қарағаннан байқалатын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, айтулы сатирик, танымал журналист Еркін Жаппасұлы «6» санына нөлді қосақтап ортамызда жайраңдап отыр.
– Сынапша сырғыған, секундша ырғыған қайран дүние-ай! – деп келесі бір әзіл-қалжыңның құлақ күйін бұрай бастады…
Шаршасаң да демейсің еш
«шаршадым»,
Мәрт шығармаң – назарында
бар жанның.
Еркін, інім, еркін сілтеп жаза бер.
Жұтайық біз жұпарындай аршаның.

Мыңбай РӘШ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.