Патриотизм туралы шығарма

Алматыдағы «ИП Волков А.И.» баспаханасынан «Қазақстан мектеп оқушылары патриотизм туралы» деген атпен көлемі 45 баспа табақ болатын кітап жарық көрді. Оған еліміздің 14 облысының мектептерінде оқитын балдырғандардың іріктеліп алынған шығармалары енген.
Бұл туралы идея авторы, кітапты ұйымдастырып, жарық көруіне тікелей жауапты болған профессор Ләйла Ахметова Астанадағы халықаралық «Бәйтерек» медиа орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Өткен жылдың қыркүйегі мен биылғы ақпан айына дейін Қазақстан мектептерінде патриоттық тақырыпта жазылған шығар­маларға байқау жарияланған болатын. Ләйла Сейсембекқызының айтуынша, бұл байқауға барлығы 637 шығарма түскен көрінеді. Содан іріктеліп алынған үздіктері осы кітапқа жинақталған.
– Мектеп оқушыларының шығар­малары біз үшін керек. Кітаптың автор­лары – мектеп шәкірттері. Бұл жерде мұ­ғалімдердің де еңбегі бар. Балалар шы­ғармаларын өз беттерінше жазып, бізбен хабарласып электрондық байланыс арқылы жолдап отырды. Олар патриотизм туралы не ойлайды, соны қағазға түсіреді. Сондықтан да кіршіксіз таза көңілдерден туындаған шығармалар оқушылардың шын мәнінде Отанымызды, туған еліміз бен жерімізді қалай қастерлей білетінін көрсетеді, – дейді профессор. Негізі оқушылар шығармашылығын дамытатын бұл тамаша жұмысты Астана қалалық әкімдігінің ішкі саясат басқармасы біраз жылдардан бері қолға алып келеді. Мәселен, 2010 жылы «Астана мен Президент», 2011 жылы «Жеңіс, естелік, пат­рио­тизм» 2012 жылы «Қазақстан, армия, патриотизм» атты оқушылар шығарма­ларының жинағы шығарылып, орта оқу орындарының кітапханаларына жіберілді.
– Патриотизм адам бойында бала кезінен қалыптасуы керек. Оқушылар осын­дай ұлы сезім арқылы туған дала­мыздың әр тасын, әр бұтасын, әр шөбін құрмет тұтып, еліміздің абыройын асқақ ұстауға тәрбиеленеді. Сол тұрғыдан кел­генде біздің ішкі саясат басқармасы жүр­гізіп отырған игілікті істің пайдасы зор, – дейді Астана қалалық ішкі сая­сат басқармасының үкіметтік кеңес ұйым­дарымен және діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі басшысы Руслан Қамаш.
Расында солай. Әр шығармаға көз жүгіртсеңіз шәкірттердің жүрек лүпілін, кішкентай көңілдердің үлкен арманын айнытпай танисыз. Мәселен, Алматы қаласындағы Б.Мо­мышұлы атындағы мектеп-лицейдің 9-сы­нып оқушысы Томирис Керімқұлова: «Менен: «Патриотизм деген не? Патриот кім?» деп сұраса, Бауыржан атам деп жауап берер едім. Себебі патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, рухани байлықтан кө­рініс табады. Олай болса, ең алдымен рухани байлыққа тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет» деп жазады.
Осындай сан алуан періште көңіл­дерден ақтарылған пікірлер еріксіз иландырады. Болашағымыздың жарқын боларына имандай сенесіз.
Ләйла Ахметова биыл балалар тек батырлар туралы ғана жазған жоқ. Олар патриотизм «Мәңгілік Ел» идеясының мәнін білуде, Отанымыз бен әркімнің туған же­рінің сипатын сүйіспеншілікпен ашуда, мемлекеттік рәміздерді құр­мет­теуде, мұрағаттарда жатқан және қазіргі заманғы ел тарихын зерттеуде, Елбасы Н.Ә.Назарбаев алға қойған қоғам алдындағы бүгінгі міндеттерді жүзеге асыруда жатқанын түйсініп, сол бағыттарда қалам тартқанын ризашылықпен айтып шықты.
Енді «Қазақстан мектеп оқушылары патриотизм туралы» атты кітап барлық мектеп кітапханаларына таратылады. Қыркүйек айында республика оқушылары арасында жаңа шығармашылық байқау жарияланады. Бұл жолғы байқау Же­ңістің 70 жылдығына арналады.

Ғазиз Құрмашұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.