Тәрбие тал бесіктен басталады

Серік Пірәлиев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясының «Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік» деп аталатын басымды бағытында: «Біздің елімізде толық емес отбасылар көп… Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. …Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті» деп ана мен баланы қорғау, әйелдерге қамқорлық мәселесіне ерекше мән  берсе, бұл идеясын «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Бала тәрбиелеу – болашаққа үлкен инвестиция» деп жалғастыра келе, «баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмек көрсету, олардың икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызу керек. Әйел адам ең алдымен – ана. Ал ана – отбасының, мемлекеттің шамшырағы» деп баса назар аударады.

Бұл тұжырымды ойлар әйел мен бала тағдырының мемлекет үшiн маңызды мәселе екенін ескере отырып, қоғамдық және отбасылық тұрғыдан нақты қадамдар жасаудың, соған сай iс-шараларды қарастырудың қажеттігін көрсетеді.
Қазіргі мақсатымыз «Мәңгілік Елдің» ертеңгі болашағын ойлайтын азаматтарды тәрбиелеу болса, оларды әлеуметтік өмірмен үйлесімді тіршілік етуге даярлау отбасы тәрбиесінің үлесіне тиіп отыр.
Отбасы – тұлға тәрбиелеудің және оны қоғамның сан қырлы жақтарын игеруіне мүмкіндік туғызатын ең алғашқы әлеуметтік орта. Тұлға отбасында өмірдің мәнін, оның мақсаты мен міндеттерін, құндылықтарын игереді, басқалармен қарым-қатынас жасау дағдыларын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады, өзін-өзі ұстаудың нормалары мен мінез-құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді.
Демек, отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.
Қазіргі таңда әлемдік жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, дәстүрлі ұлттық құндылықтарға тигізетін кері ықпалы күшейді. Қоғамымызда осындай үдерістердің үдеуі салдарынан жас буын жат елдің мәдениетіне еліктеп, сан ғасырлық ата дәстүрлерімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұмыта бастады.
Осыған орай жас ұрпақты ұлттық құнды­лықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі.
Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалып­тастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары фольклор үлгілерін сіңіретін де отбасы.
Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылық­тарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.
Қазіргі таңда отбасы тәрбиесінің көп аспектілі мәселелері мемлекет тарапынан қолдау тауып, Елбасының тікелей бастамасымен бірқатар игілікті істер атқарылуда. Отбасы тәрбиесінің мәселелерi көптеген педагогикалық зерттеулерде де қарастырылған.
«Жақсылық жақсы атаның баласынан тарайды» дейді кемеңгер халқымыз. Осы арқылы тәрбиелі отбасынан тек жақсылық күт десе, шырқы бұзылған отбасын да «Шығады қисық үйден қисық түтін» деп түйреп өтеді ата-бабаларымыз.
Халқымыздың ұлы ақыны хакім Абай баланың өмірді танып-білуіне, оның бойын­да қалыптасар барлық қасиеттеріне бір жауапты адам ата-ана дей келе: «Балаға, көбінесе, үш алуан адамнан мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан. Осылардың ішінен бала қайсысын жақсы көрсе сонысынан жұғады» деуінде үлкен тәрбиелік мән жатыр.
«Отан – отбасынан басталады» дейді халық. Отбасының екі тірегі – әке мен ана. Адамды әлеуметтендіру, яғни оның қоғамға енуі, өзгелермен қарым-қатынасы отбасынан басталады. Үлкенді құрметтеп, қадір тұтуды, сыйласа білуді қазақтар отбасында берік ұстанған. Мұны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан нақыл сөздердің өзінен-ақ байқауға болады. Атап айтсақ, «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», «Аға әдепті болса, іні әдепті. Апа әдепті болса, сіңлі әдепті», «Әдептің не екенін, әдепсіз адамды көргенде ұғарсың», «Әдепті жігіт өсірсе, ауылдың абыройы», «Жібек мінезді қыз жұртқа жағады». Осы тектес мақал-мәтелдеріміз қазақ халқы әр уақытта әдептілікті құрмет тұтқанын, сыпайы, кішіпейіл адамды басқаларға үлгі-өнеге ете білгендігін, жас ұрпақтың тәлімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударғандығын айқын көрсетеді.
Қазақ қашанда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отырған дана халық. Ұлтымыздың сан ғасырлық тарихында осыған дәлел болып отырған мысалдар жеткілікті. Теорияны шартты түрде заң десек, қазақ үшін ол заңдардың негізгісі салт-дәстүрлері. Ал қазақ халқының ежелден өзіндік мәдени, рухани, әдеби, ұлттық дәстүрі қалыптасқан. Халқымыздың тәрбие туралы ұғымдары өз өмірінде заң ретінде қолданылып келді, олардың іске асуын ақсақалдар қадағалаған.
Әрбір көшпелі қазақ туыстық-қандастық жүйені тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық өлшемдері деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйытқы болып отырған.
«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы», «Ат тұяғын тай басар» деп қазақ халқы атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді сақтап, өсиет-өнегелерін өзіне үлгі тұтып, әулеттік тағылымдарды құрметтеп, адамгершілік қағидаларын қалтқы­сыз орындауды жас ұрпақтың міндеті, ұрпақтық борышы деп білген. Сол себепті ата-бабаларымыз: «Ата-тегін айтқанның айыбы жоқ» деп ұрпақтарына жеті атасын білуді аманат етіп қалдырған.
Қазақ халқында ұлттық құн­дылықтардың бірі ретінде отбасында ағайындық-туысқандық қарым-қатынастарға ерекше көңіл бөлінеді. Әр отбасында балаларға әкесі жағынан «жеті ата» ұғымын үйрету, оның маңыздылығын түсіндіру ежелден бар. Балалар өздерінен бас­тап жеті атасына дейін жатқа біліп, олардың кім және қандай адамдар болғаны туралы мақтанып айтып жүрген. Атап өтетін болсақ: тегіміз бала, әке, ата, арғы ата, баба, түп ата, тек ата деп жіктеледі. Ағайындықтары жеті атаға толмайынша қазақтар қыз алысып, қыз беріспеген халық. «Туыстық қан араласса, ұрпақ азады» деп ата-бабаларымыз бұл тәртіпті берік сақтаған. Бұның өзі қанның тазалығын сақтап, дүниеге дені сау, салауатты ұрпақ әкелу мақсатынан туған дәстүр.
Қазақ отбасында қалыптасқан құн­дылықтар ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра болып қалып отырған. Ата-бабаларымыздың өсиеттерін жас ұрпаққа жеткізуші әулеттерге байланысты «текті адам», «тектілік», «тегі дұрыс ұрпақ», «тегі жақсы адамдар» деген ұғымдар көп қолданылған.
Қазақтың таным-түсінігінде «жеті ата» ұғымымен қатар, қыз және ұл жағынан аталатын «жеті ұрпақ» ұғымы да кеңінен дәріптеліп келді. Қазақтар ұл бала жағынан ұрпақтарын: бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жүрежат деп атап, ал қыз жағынан туған ұрпақтарын: қыз, жиен, жиеншар, дегеншар, көгеншар деп атаған. Отбасылық тәрбие арқылы туысқандар мен ағайындар арасындағы татулықты, жылдан-жылға қалыптасып отыратын тектілікті, бір атадан тараған тұтастықты, бауырмашылдықты сақтауға бағытталған салт-дәстүрлері ұлттың бірлігін нығайтуға да негіз болғанын атап өткеніміз абзал.
Қазіргі заманғы отбасының ұрпақ тәрбиесімен шындап айналысуы ата-ананың білім және мәдени деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Егер де отбасылық тәрбие үрдісінде балалардың сана-сезімдері ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында қалыптастырылса, онда әр ұрпақ халқымыздың ұлттық құндылықтарын келешек ұрпаққа жеткізуді сапалы орындайтыны анық.
Отбасында қалыптасқан психологиялық ахуал (отбасылық дәстүрлер, өзара қарым-қатынастар, мейірімділік, бауырмашылдық, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу, т.б.), отбасы өмірінің күн тәртібі (күнделікті іс-әрекеттердің орындалу тәртібі, т.б. ), әрекеттер мазмұны (әкенің, шешенің, әженің, атаның, балалардың өзіндік атқаратын іс-әрекеттері, міндеттері) отбасылық тәрбиенің тиімді болуына әсер ететін негізгі факторлар болып табылады.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы отбасы тәрбиесінің де өзіне тән ұлттық құндылықтары қалыптасады. Қазақтар отбасындағы бала тәрбиесінде сан ғасырлық ғұрыптар мен қоғам талаптарын басты бағдар ретінде ала отырып, баланы өз перзенті ғана емес ұлт перзенті ретінде тәрбиелеуді көздеген.
Отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде көрініс табады. Көне заманнан-ақ қазақ халқының әдет-ғұрыптарында, салт-дәстүрлерінде тұнып тұрған ұлттық тәрбие қағидалары бар екені баршамызға мәлім. Ауылдағы ақсақалдар алқасы, отбасындағы отағасының абыройы, үлкендерге деген құрмет, кішіге деген ізет бүкіл тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты болған. Халық даналары, беделді де абыройлы адамдар, ата-аналар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман-тілектеріне сүйеніп отырған.
Отбасы тіршілігінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер үнемі сақталып отырса, баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады. Ұлтымыздың тарихында баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, оның тәртіп және мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу, ұлттық мүдде үшін күресуге дайын­дау отбасынан бастау алғаны айқын көрініс табады.
Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Ұлттық құндылықтар және отбасылық құндылықтар барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың зерттейтін негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Мысалы, философиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, құндылықтар адамға қоршаған әлемдегі құбылыстардың маңыздылығын, әлеуметтік ерекшеліктерін түсіндіру үшін қолданылады.
Ал психологиялық-педагогикалық тұрғыдан алғанда құндылықтар адамның жеке тұлға ретінде өз өміріне деген жауапкершілігін қалыптастыру, рухани әлемін байыту, әрбір адамның ерекшелігін түсіндіру, адамдар арасындағы жағымды қарым-қатынастардың маңыздылығын көрсету үшін қолданылады. Егер адам отбасының үлкен құндылық екенін түсініп, ата-ана алдындағы парызын өтеуге бейімделген болса, өсе келе ол бұл бағыттың біртіндеп Отан алдындағы борышымен, азаматтық парызына ұласатынын аңғарады. Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал. Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді.
Отбасылық тәрбие арқылы қалыптасатын ұлттық құндылықтарды зерттей келе оларды бірнеше бағыт бойынша топтастырып қарауға болады. Олар: отбасылық тәрбие арқылы ұлттың ең негізгі құндылығы – ұлттық тілді құрметтеу сезімін қалыптастыру баланың ұлттық сана-сезімін, ұлттық рухты дамыту, отбасылық тәрбиенің дұрыс ұйымдастырылуына қарай бала санасында отбасының құндылықтық мәнін ашу, отбасылық тәрбиедегі туысқандық қарым-қатынас ерекшеліктерін үйрету, бала тәрбиесіне байланысты қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлердің мәнін ашып көрсету және қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынастарға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлерді (ер бала және қыз бала тәрбиесі, жігіттік сөз, жігіттік серт, қыз намысының жоғары болуы, қыз-қонақ, қыз ұзату, үйлену тойы, құдаласу, т.б.) сіңіру.
Сонымен, отбасылық тәрбие арқылы балада ұлттық таным жүйелі қаланып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жағдайда ғана ол ұлт мүддесін ойлайтын, елжанды азамат бола алады. Бірақ соңғы жылдары қазақ ұлтының төл тарихында байқалып отырған отбасылық тәрбиедегі олқылықтар мен кемшіліктер ауқымы үлкен ұлттық мәселеге айналуда. Сол мәселелердің бірі ретінде ұлттық тіл тағдыры, ұлттық дәстүрлер мен ұлттық құндылықтарымыздың дұрыс сақталмауы алаңдатады.
Қазақстан Республикасы көпұлтты мем­лекет болса да оның төл мәдениеті мен ұлт­тық құндылықтары оны мекендеген басқа ұлттардың дәстүрлеріне қайшы кел­мей­ді. Қанша ғасыр сынынан өткен ұлттық мә­дениетіміз тарихи тағдыр біріктіріп отырған қанша халық арасында да өз ерекшелігімен, өзінің қайталанбас күйінде сақталуы тиіс.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.