Бақыт Ағажаева: Оқытудың сапасына мән береміз

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ана тіліміздің көсегесін көгерту мақсатында біраз іс атқарылып жатқаны анық. Елдік маңызды іске жер-жердегі қазақ тілін оқыту орталықтары да үлес қосуда. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы 11 тіл орталығы өңірдегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде тұшымды жұмыстар атқарып келеді. Осы облыста болғанымызда өзге ұлт өкілдерінің тіл білуге деген ынтасы артып келе жатқанын байқадық. Осы орайда Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан Лигвистикалық орталығының директоры Бақыт Кәрімқызы Ағажаевамен кездесіп, аталмыш орталықтың атқарып жатқан жұмысы жайлы білуді жөн көрдік.

– Өңірде қазақ тілін білудің қажет­тілігі қаншалықты артып келеді? Ор­талықтың жұмысын таныстыра отырып, осы мәселеге тоқтала кетсеңіз.
–2006 жылы бой көтерген орта­лығымыз мемлекеттік тілді жетілдіру жолында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Осы уақыт ішінде мемлекеттік тілге деген қажеттілік те, сұраныс та өскенін айта кеткен жөн. Біздің тіл орталығында орыс және ағылшын тіл­дері де оқытылады. Сонда да қазақ тілін меңгергісі келгендердің саны басым. Жалпы, біздің облыстағы барлық орталықтарды қосқанда осы уақытқа дейін 13 мыңнан астам адам тіл үйрену курстарынан білім алып шықты.
«2025 жылға қарай отандаста­ры­мыздың 95 пайызы қазақ тілін білу қажет» деп Елбасымыз айтқаны белгілі. Бұл мақсатты іске асыру жолында бүгінгі күні орталық жоспар құрып, сол бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Ең әуелі мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселесі басты назарда ­болса, одан кейін жалпы ересектерді оқыту мақсаты тұр. Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» әзірлеп енгізген ҚР мемлекеттік стандарты негізінде ересектерді оқытудың типтік бағдарламасы жасалынған болатын. Соның негізінде біз әртүрлі кәсіпорын мен мекемелердің қызмет­керлерін оқытып келеміз. Тілді меңгерем деген азаматтар үшін 2 айға созылатын «Тілашар» курсы жұмыс істейді. Бұл курсты бітіргендер қазақ тілінде еркін сөйлеп, бастапқы базаны меңгеріп шығады. Курсқа қатысушылар саны алғашқы жылдары 20 адамнан басталса, бүгінгі күні бұлардың саны 500-ге жетті. Соңында курс тыңдаушыларына арналып «Ойна да күл, қазақша біл» атты тілдік жазғы лагерь ұйымдастырамыз. Бұл шара арқылы біз тек қазақ тілін ғана емес, сонымен қоса ұлттық салт-дәстүрімізді де өзге ұлт өкілдеріне таныстырамыз. Орталығымызда қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері жастарының басын қосатын «Бірлік» пікірсайыс клубы жұмыс істейді. Клуб отырысында мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуы, бүгінгі жастар мәселесі және басқа да өзекті мәселелер қозғалады.
Өңірдегі мемлекеттік тілдегі жар­на­маларға немқұрайлы қарай алмаймыз. Сондықтан Тілдерді дамыту бас­қармасы мемлекеттік мекемелердегі аудармашылардың басын қосып, университеттермен келісімшартқа отырып, жылына үш рет оларға арналған курс жүргізеді. Бұл жауапты міндет те бізге жүктеледі. «Аударма терминдерін біріздендіру және аудармашылар арасында ақпарат алмасуды жеделдету» атты курс барысында мемлекеттік органдарындағы іс қағаздарды сапалы жүргізу талаптары, мемлекеттік тілде рәсімделетін құжаттарды сауатты жүргізу мәселелері қарас­тырылады. Бүгінгі күні ілеспе аудар­маға көп мән берілмейтіндігі бай­қалады. Сондықтан біз ілеспе аударманы жетілдіруге атсалысудамыз. Біздің курста 2012-2014 жылдар аралығында 120 аудармашы-редактор оқып, тиісті сертификатқа ие болды. Осы орайда айта кетерлік бір жайт, бүгінгі аударма жаңалықтары, орфографиялық сөздіктердегі соңғы өзгерістер бас қосып, пікірлесуді талап етеді. Жаңа терминдерді түсіндіретін, басқа да мәселелерді ортаға салып, пікір алмасатын облыс көлемінде аудар­­машылар ұйымын не болмаса бірлестігін құру қажет секілді. Міне, осыны не­гізге ала отырып, алдағы уақытта аудар­машыларға арнап семинар өткізу жоспарда бар.
2011 жылдан бері «Учимся говорить по-казахски» деген сайт жұмыс істеп келеді. Бұл сайт орталықтың жұ­мысын одан әрі кеңейте түскенін айта кеткен жөн. Себебі тек ел азаматтарына ғана емес, шет мемлекеттердегі қандастарымызға, қала берді қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытып жүргендерге сайттың тигізетін көмегі зор. Оқыту жүйесі 14 модульден тұрады. Әр модульден кейін тыңдаушының білімін бағалайтын тестілеу өтеді. Атауының орысша болуы да басқа ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді меңгеруге тарту үшін жасалған амал. Бұл сайттың бір ерекшелігі тіл үйренуші Skype бейнебағдарламасы арқылы біздің орталықтың мұғалімдерінен бейнесабақтар ала алады. Бүгінгі күнге дейін 642 185 адам сайтты пайдаланған.
Бүгінгі таңда маңызын жоғалтпай отырған мәселе, бұл ересектерді ­оқы­­ту жайы дер едім. Себебі біз педаго­гиканы ғана негізге аламыз да, ересек­терді оқыту, яғни андрогогикаға мән беру керектігі ескерілмейді. Сон­дық­тан орталығымыздағы оқыту­шы­ларға ересектер психологиясы мен олармен жұмыс істеу туралы дәрістер оқытылады.
– Өңірде мемлекетік қызметші аптасына екі күн, белгілі бір уақытта мемлекеттік тілді оқып-үйренуге қа­ты­сады. Тіл білуге ниет білдірген мемлекеттік қызметшілер қатарының толығуы қалай?
–Бүгінгі күні облысымызда мем­ле­кеттік қызметшілердің мемле­кеттік тілді үйренуіне барлық жағдай жасалған. Яғни облыс әкімінің бас­тамасымен мемлекеттік қызметші аптасы­на екі күн қазақ тілін оқып-үйренуге қатысады. Тілдерді дамыту мен қолдану жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­­ламасы бойын­ша биылғы жылы мем­лекеттік қызметшілердің 20 па­йыз­ға жуығы «Қазтест» сынағынан өтуі үшін дайындық жұмыстарын жүр­гі­зудеміз. Егер облыс бойынша 7180 мемлекеттік қызметші бол­са, олардың 6065-і «Қазтестке» дайын­дық курсынан өтті. Мемлекеттік қызмет­шілердің басым бөлігінің қазақ тілін В1 деңгейінде білетінін айта кетуге болады. Мемле­кеттік тілді меңгеріп шыққан мемлекет­тік қызметшілер қатары да жылдан-жылға артып келеді. 2011-2012 оқу жылында 1147 болса, 2011-2012 оқу жылында бұлардың саны 1179-ға жетті. Ал 2012-2013 оқу жылында 1290 болды. Жасыратыны жоқ, өз еркімен мемлекеттік тілді меңгеруге ниет біл­­­дірген мемлекеттік қызметшілер не­кен-саяқ. Мемлекеттік қызмет орын­­дары тарапынан тілді білудің мін­детті екендігі жөнінде талаптың қойылмайтыны өкінішті. Көп мекемелер Ата Заңымызда қазақ тілімен қатар орыс тілі де ресми тіл дегенге сүйеніп, барлық іс қағаздар мен құжаттар орыс тілінде де жүргізіледі. Біздіңше, ҚР «Тіл туралы» Заңының 23-бабы міндетті түрде орындалуы тиіс. Онда: «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға міндетті. Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіп­тер­дің, мамандықтардың және лауа­зымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының Заңдарымен белгіленеді» делінген. Осыдан екі-үш жыл бұрын тілді білу деңгейі бойынша лауазымдардың тізімі әзір­ленуі тиіс еді. Мәселен, мем­лекеттік қызметшілер қазақ тілін В1 деңгейінде, ал сауда қызметкерлері А1 деңгейінде білуі керек деген сияқты деңгейлері нақтыланған тізім болса қандай жақсы. Алайда бұл тізім әлі күнге дейін жасалынбай отыр. Өз қандастарымызға қарағанда өзге ұлт өкілдерінің тілді білуге деген ынтасы артып келе жатқанын байқаймыз. Көп нәрсе басшыға байланысты. Басшы тарапынан талап қойылмаған соң қызметкерлер мемлекеттік тілдің маңызына мән бермейді. Ал ол үшін «Тіл туралы» Заңға өзгеріс енгізілу ке­рек. Себебі заңдық негіздеме бол­­маған соң Тілдерді дамыту мен қолдану жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы ерекше мәні бар құжат ретінде қарастырылмайды. Ал бұл­тартпайтын заң бар жерде оның орындалуы қадағаланып, нәтиже болары анық. Жоғарыда айтып өткенімдей, осындай талап болса, мемлекеттік қызметшілерді оқытуға арналған 120 сағат та жеткілікті болар еді.
– Кейбіреулер «Тіл орталық­тары­ның не қажеті бар?» дегендей де пікір біл­діреді. Бұған не дер едіңіз?
–Тіл орталықтары қажет. Себе­бі халықтың мемлекеттік тіл­­ді меңгеруіне Тіл дамыту бас­қармаларының мүм­кіндігі жет­пей­ді. Меніңше, кез келген облыс орталығында кем дегенде бір тіл орталығы болуы керек. Бүгінгі күн­ге дейін атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беріп жатыр. Бірақ Үкіметтің жекешелендіруге байланыс­ты қаулысына орай республикадағы барлық тіл орталықтары 2014-2016 жылдар аралығында жекешелендіруге жатқызылып жатқаны өкінішті.Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырып келе жатқан тіл орталықтары мемлекеттің құзырында болуы керек сияқты.
Облыс әкімінің бастамасымен Шы­ғыс Қазақстан облысы Қара­ған­ды, Павлодар, Алматы облыста­рымен әріптестік байланыста жұ­мыс істеп жатқаны белгілі. Сол ын­­тымақ аясында аталған облыс­тар бір-бірімен мемлекеттік тілді оқыту тәжірибелерімен алмасуда. Осы орайда жуықта біздің орталық «Мемлекеттік тілді оқытудың өңір­лік ерекшеліктері мен проблемалары: ізденістер және нәтижелер» атты ғылыми-прак­тика­лық семинар өткіздік. Бұл шараға жоғарыдағы облыстардың ғалымдары мен ересек­терді оқытатын тіл маман­дары қатысты. Ке­лесі кезекте Павлодар облысының Тілдерді дамыту басқармасымен ке­лісе отырып, олар­дағы тілді меңге­руге арналған жо­баларға байланысты өңірде болып, тәжірибе алмасу жоспарда бар.
–Жуықта Ресейге қарасты Барнаул елді мекеніне барып қайтқаныңызды білдік. Бұл сапардың мақсаты мен нә­тижесі туралы айтып өтсеңіз.
–Екі аймақтың басшылары әріп­тестік жөнінде өзара келісімшартқа қол қойып, бұның негізінде екі аймақ барлық салада тәжірибе алмасып отыр. Бұл сапарымызда Алтай өңіріндегі қазақ тілінің жайын біліп, сол жақтағы қандастарымызбен жүздесуді мақсат тұтсақ, екінші жағынан Барнаулда «Бі­лім, ғылым, қоғам: Жаңғырту мен ин­новациялар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, «Өрлеу» педагогикалық қызмет­кер­лер­дің бі­лік­тілігін арттыру институты, И.Пол­­зунов атындағы Алтай мем­ле­­кеттік техникалық университеті мен біздің орталық бірігіп осы жоба­ны ұйымдастыруға атсалыстық. Кон­фе­ренциядағы өзекті мәселе ре­тінде Қазақстаннан келген студент­тердің ортаға бейімделуі сөз етілді. Сонымен қатар Алтай өңірінде ұлттық дәс­түрімізді дәріптеп жүрген «Атамұра» ұйымының басшысы Қайыржан Досым­беков те қатысып, өз пікірін біл­дір­ді. И.Ползунов атындағы Алтай мемлекеттік университеттің жанында қазақ тілін оқыту орталығы ашылған болатын. Сол орталықты әдістемелік құралдармен қамтамасыз еттік. Алтай өңіріндегі қандастарымызға қазақ тілін үйрету мәселесі таяуда ғана көтерілгенін айта кеткен жөн. Бірақ тіл үйрету орталығы әлі жұмы­сын бастай қойған жоқ. Алдағы уақытта біздің орталық тарапынан қандай кө­мек қажет болса, қол ұшын созуға дайынбыз.
Сапар аясында Алтай өңірінен 400 шақырым жердегі Керей деген ауылдағы бүкіл Ресейдегі жалғыз қазақ Қаракөл мектебінің ұжымымен кездестік. Бұл елді­ мекенде 70-80 қазақ отбасы тұрады екен. Өзге елде жүрсе де «елім деп еміреніп, жерім деп тебіренетін» ата дәстүрімізден қол үзбеген жастардың өсіп келе жатқанына қуандық. Мектеп директоры Нұрғайша Баринова Ресей елінің заңдарына сәйкес биылдан бас­тап бұл мектеп аралас мектепке айна­латынын айтты. Алайда соған қара­мастан ол «қазақ баласы қазақша бі­лім алып, тәрбиеленуі керек» дегенді айт­ты. Біз бұған ризашылығымызды білдірдік.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақбота ИСЛӘМБЕК
Өскемен

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айжан

    Осындай ултжанды адамдар коп болса,казак тилинин косегеси когерери анык.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.