Әйтеке БАЙБЕКҰЛЫ: Қара қылды қақ жарған – жақсылардың белгісі

Биыл қазақтың данышпан биі, көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке Байбекұлының туғанына 370 жыл толып отыр. Осыған орай Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Әйтеке би: қазақ мемлекеттілігі тарихындағы ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. «Әйтеке би» мәдени-тарихи орталығының бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиынға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Конференцияны ашқан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов Әйтеке бидің қазақ мемлекетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ол Әйтеке Байбекұлының Тәукені хан етіп сайлауда айрықша белсенділік танытқанын, «Хан кеңесіне» мүше болғанын, «Жеті жарғыны» қабылдауға атсалысқанын айтып өтті.
Келесі сөз кезегі тиген «Әйтеке би» мәдени-тарихи орталығының төрағасы Шахарбек Усманов конференцияға қатысушыларға Әйтеке Байбекұлына арнап салынған мемориалды кешен құрылысы туралы әңгімеледі. Ш.Усманов жетекшілік еткен топ өз жұмысын Өзбекстан Республикасына қарасты Нұрата ауданында жерленген орақ тілді ділмар бабамыздың басына тәу етуден бастаған. «Жергілікті билік өкілдері кешен тұрғызуға рұқсат бергенімен, оны салу жұмыстарына өзбекстандық шеберлердің қол күші мен сол маңдағы кәсіпорындардың құрылыс материалдарын пайдалануды талап етті. Әйтеке би бабамыздың мазарының басына шығыс үлгідегі кесенені салып біттік. Оның жанынан мешіт, мұражай, шырақшы үйі және алыстан келген зиярат етушілерге арнап қонақүй тұрғыздық» деді Ш.Усманов. Конференцияны ұйымдастырушылар қатысушыларға Әйтеке би мемориалдық кешені бейнеленген сурет және басқа да кәдесыйлар тарту етті.
Антрополог ғалым Оразақ Сма­ғұлов­тың Әйтеке бидің суретіне қатысты жа­саған баяндамасын жұрт ұйып тыңдады. «Антропология ғылымы Қазақ­станда әлі дами қоймағандықтан, суретшілер тарихи тұлғалардың суретін саларда антропологиялық деректерді ескермей жүр» деген О.Смағұлов Әйтеке Байбекұлының түр-тұлғасы қазіргі суретшілер салып жүрген суреттерден мүлдем басқа екенін жеткізді. Оның айтуынша, кез келген тарихи қайраткердің бейнесін саларда, оған антропологиялық қырынан да келген жөн.

Нұратадағы Әйтеке би мемориалдық кешені
Нұратадағы Әйтеке би мемориалдық кешені

Жиынға Астанадан арнайы ат терлетіп келген Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов Әйтеке Байбекұлының ерліктері бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын сөз етті. «Біз мектепте оқып жүргенде Суворовтың, Кутузовтың ерліктерін ғана оқыдық. Мұғалімдер бізге Бородино сияқты шайқастар туралы айтып, өзіміздің бабаларымыз қаһармандық көрсеткен тарихи шайқастар жайлы ештеңе демейтін. Енді тәуелсіздікке қол жеткізіп, Әйтеке би сынды әрі би, әрі батыр бабаларымыздың ерліктерімен кеңінен танысып отырмыз. Мысалы, Әйтеке би Байбекұлының жоңғар қонтайшысы Қалдан Бошақтының 10 мың әскеріне 5 мың жасақпен қарсы шығып, оны Сайрам қаласының түбінде талқандауы қазақ жастарының рухын көтеретін оқиға. Біз осындай тарихи оқиғаларды жас ұрпаққа насихаттауымыз керек» деді А.Тасболатов.
Жиын барысында республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Өмірзақ Озғанбаев, академиктер Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, Уахит Шәлекенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, ғалымдар Ахмет Тоқтабай, Саттар Мәжитов, Самат Өтениязов шығып сөйлеп, бабаның ел мұратын нығайту бағытындағы ерен еңбегін өскелең жас ұрпаққа кеңінен насихаттау керектігін айтты.
Бір күнге созылған конференцияда 30-дан астам баяндама жасалып, жиын соңында арнайы қарар қабылданды. Қатысушылар бірауыздан Әйтеке би Байбекұлы мен оның мұрасына қатысты зерттеу жұмыстарын одан ары жалғастыра беретін болып келісті.

Бейбіт Нәлібаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Тиянақ

    Қазақ Энциклопедисында Кіші Жүз Алшын ішіндегі Төртқара тайпасы (Әйтеке баба осы тармақтан) наймандар Нұратадан Сырдың орта ағысына көшіп кеткенде қалып қойып, Алшынға сіңіп кеткендер деген сөз жүр. Тарихи деректерге қарасам Әйтеке баба тұсында бүгінгі наймандар Нұратаны билеп отырыпты. ең ықпалды ру екен.
    Қызығы- Ұлы Жүзде де «Төртқара» тайпасы бар және Төле би де осы Төртқара тармағынан. Төле би елі жөнінде Мырзатай Жолдасбеков «Ауылынан сөз сөйлей білетін адам шықпаған, «қарақожыр» аталған ел шетіне келіп сіңген, шеттегі жаман ауыл еді» деп жазыпты. Сөйтіп Ұлы Жүз билерінің оларды да сіңбе деп, сөзге араластырма

  2. Төлеп

    Қазақ руларының тарихин қайта қарауды қажет ететін сияқты,себебі Қазақ совет энциклопедиясында және қазақ руларының тарихы кітабында айтылады Әлім тайпасының торқара руы тегі белгісіз себебтерден Найман тайпасының МАТАЙ Қаптағай руының төртқара аталығынан бөлініп кеткен дейді,Әлім руының төрткара руының шежіресін қарасаныз одон Матай төртқара руына қатысты тулғаларды көресіз мысалы МАТАЙ,Жалтыр,Найманбай аттары Матай төртқара аталығындада бар.Найман Матай төртқара шежіресіде Қаптағай батырдйң шобересі Жарылқамыс батыр төрт баласы төртқара атанған олар Жалаң ,Бөлек,Жәнібек,Суйін батырлар. Жарылқамыс батыр Тәуекел,Есім хандар заманында төрт қолбасының бірі болған. Қызылорда қаласында Жалаңтөс батырдың ескерт кіші ашылғанда ұрпақтары біз Жалаң ұрпақтарымыз деді.Қазақтың ігі жақсылары жиналып жуз дегенді дүрыс түсіндіп жуз дегеніміз аймақ мағынасын білдіреді ,сол аймақты мекендеген рулар уш аймаққа бөлінген деп дұрыс айтылса жөн болатын сияқты.

  3. Төлеп

    Тиянақ: 21-Маусым, 2014. 19:24
    Қазақ Энциклопедисында Кіші Жүз Алшын ішіндегі Төртқара тайпасы (Әйтеке баба осы тармақтан) наймандар Нұратадан Сырдың орта ағысына көшіп кеткенде қалып қойып, Алшынға сіңіп кеткендер деген сөз жүр. Тарихи деректерге қарасам Әйтеке баба тұсында бүгінгі наймандар Нұратаны билеп отырыпты. ең ықпалды ру екен.
    Қызығы- Ұлы Жүзде де “Төртқара” тайпасы бар және Төле би де осы Төртқара тармағынан. Төле би елі жөнінде Мырзатай Жолдасбеков “Ауылынан сөз сөйлей білетін адам шықпаған, “қарақожыр” аталған ел шетіне келіп сіңген, шеттегі жаман ауыл еді” деп жазыпты. Сөйтіп Ұлы Жүз билерінің оларды да сіңбе деп, сөзге араластырма
    ———————————————————
    Матай төртқара шежіресіде былай тарқатылады-Матай
    -Қаптағай батыр-Жолдас-Есенгельді-Жарылқамыс батыр- Жәнібек-Елтузер-Байымбет.
    Жаныс шежіресінде Төле бі былай тарқатылады- Жарылқамыс- Елтузер-Байымбет.
    Қазыбек бі Түп түқыянымнан өзіме шейін кітабінда Төле бідің Жетісу өніріне барып Матай Төртқара биі Таукемет бімен кездесуі суреттеледі. Жаныс Жарылқамыс және Матай Төртқара Жарылқамыс батырдың бір тұлғама әлде басқа түлғама зерттелуді қажет етеді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.