Бақыттың кілті

Оқушылар мен жасөспірімдерге арналған республикалық әскери-патриоттық «Қазақстан патриоты» журналының бас редакторы Раушан Каршалованың әр күні қарбаласқа толы. Алты жылдан бері шығатын басылым жастар мен оқушылардың сүйікті журналына айналған. Редакцияның шағын ұжымы жас ұрпақ бойында ең асыл қасиеттер – отансүйгіштік пен патриотизмді ұштауды нысана ете отырып, талмай еңбектеніп келеді. Басылымның бас редакторы болған соң ел өміріндегі маңызды ақпараттарды сүзіп отыруды, қажетті дүниелерді іріктеп алуды, жас ұрпақ пен уақыт талабын ескеруді Раушан өзіне әркез міндет санайды.
Раушанның журналдың күнделікті ағымдағы істерімен бірге телевизиялық бағдарламаларға түсу, радиоға сұхбат беру, түрлі акциялар ұйымдастыру сияқты қосымша шаруалары да жетіп жатыр. «Журналистің жан жолдасы –идея» демекші, сол идеялар бірнеше бастаманың жүзеге асуына түрткі болды.

Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі тұсында Қазақ мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониямен бірлесіп өткізетін «Тәуелсіздік – тірегім» атты талантты мектеп оқушыларының республикалық байқауы осындай бір идеяның жүзеге асқан жемісі болатын. Қазақстанның халық артисі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов осындай байқауға төрағалық еткен соң ризашылығын білдіріп, «Патриот адам ғана патриоттық шара өткізеді» дегені бар.
Мектептермен тығыз байланыс, шығармашылық ұмтылысы бар шәкірттерге қамқорлық, оларды барынша қолдау – басылымның басты ұстанымдары. Раушан Каршалова бұған дейін де «Мөлдір бұлақ», «Той әлемі» сияқты белгілі басылымдардың тізгінін ұстаған. Оқырманына керегін ұсына алатын, әр материалға жүрегінің шуағын дарыта білетін журналист.
Журналист демекші, Раушан журналист болуды бала кезінен армандаған. Іле ауданындағы өзі туған Ынтымақ ауылындағы мектепте оқыған кезінде, кейін Алматыдағы №46 мектепте сол ауылдан барып-келіп қатынап оқыған жылдарында-ақ «Балдырған», «Қазақстан пионері» басылымдарына хат-хабар жазып жүретін. Тіпті бірде жазған мақаласын «Қа­зақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетіне әкелгені бар. Табалдырықты имене аттап, белгілі журналист Жолдасбек Дуанабаймен сөйлескен.
«Табалдырықтан асқан тау жоқ» демекші, осы табалдырық арманына қанат бітірді. «Шіркін, ертең өсіп мен де осы жерде қызмет істесем. Жұмыстарым көп болып, бас ала алмай жатсам» деп қимастықпен кеткен іштей. Ол орындалмас армандай көрінген. Періште-тілектің қабыл болғаны шығар, Раушан араға үш жыл салып, мектеп бітірген соң дәл осы «Ұлан» газетіне хат тіркеу бөліміне қызметкер болып қабылданды. Бұл 1990 жыл болатын. Содан бергі өмірі журналистикамен қатар өріліп келеді.
Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, «Заң газетінде», «Алматы» телеарнасында қызмет етті. Қазақ тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында істеген кезінде де журналистикадан қол үзген жоқ. Арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірді. 2002 жылы «Мөлдір бұлақ» журналына редакторлық қызметке шақырылды. Жүрегін жалау етіп істеген жұмыс нәтижесі тез-ақ көрінді. Мектептермен байланыс жақсарды, жас авторлар көбейді, басылымның беделі артты. Бүгінгі қоғамдағы типтік бейнелер арқылы адами қасиеттердің артықшылықтарын көрсететін «Ақылбай мен Теңгебай» әңгімелік серия­лын жариялап жатты. Екі жылдан соң таралымы 33 мыңға жетті! Ақбота Орынбеко­ва, Айнұр Төлеу, Жанар Жолтаева, Қанат Әбілқайыр сияқты шәкірттерінің өзі бүгінде журналистиканың қарымды өкілдеріне айналып үлгерді.
«Мөлдір бұлақ» журналы «Қазақстан-ZAMAN» газетінің жанынан шығатын. Осы газетте Раушан­ның очерктері, сұхбаттары, репортаждары жиі жарияланды. Мен осы басылымда Раушанмен бірге қызмет еттім. Әсіресе, психологиялық мінез­демелік тақырыптардағы «Көреалмау­шылық», «Жағымпаздық», «Сатқындық», «Екіжүзділік», «Өті­рікшілік» және тағы басқа осы сияқты таным­дық-тәрбиелік дүниелерін оқырмандар қызыға оқитын.
Раушанның журналистік ізденістері республика­лық «Президент және Халық» газетінде бас редак­тордың орынбасары болып жүргенде одан әрі ұштала түсті. Бірнеше жыл қатарынан «Замана билеушілері» айдарын жүргізіп, әр елдің Мемлекет басшылары туралы өмірбаяндық, сараптамалық ондаған мақалалар жазды. Айталық, «Дінмұхамед Қонаев», «Уго ­Чавес», «Дмитрий Медведев», «Гурбаноглы Бердімұхамедов», «Владимир Путин», «Серж Саркисян», «Михаил Саакашвили», «Ислам Каримов», «Барак Обама» сияқты портреттік сипаттамалары әлемдік саясатты жасауға атсалысып жүрген тұлғалар өмірінің беймәлім тұстарын қамтитын қызғылықты дүниелер болып шықты.
– Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттың ұлт болып қалуы, әлемдік стандарттардан өзгеше сипаты – тек ұлттың әдет- ғұрпы мен салт-дәстүрінің сақталуында. Сондықтан жастарымыз әдет-ғұрыптарды біліп қана қоймай, оны өмірлік жолында ұстанғандары абзал. Кешегі кеңестік кезең ескіліктің қалдығы деп ұлттық құндылықтарымыздың бағасын кемітті. Біз сол жоғалтқандарымызды қайтаруымыз керек, – дейді Раушан. Ол осы ұстанымдарын кезінде өзі басшылық жасаған «Той әлемі» журналында қатаң басшылыққа алып отырды.
Қазақтың әдет-ғұрыптары негізінен өлім-жі­тім мен той-томалақ айналасына шоғырланған ғой. «Той әлемі» журналы шілдекүзет, шілдехана, бесік той, үкі тағу (сырға тағу), қыз ұзату, келін түсіру, аттергеу, сәлем салу, беташар, қалыңмал, қалыңдық таңдау, күйеу таңдау, құда күту, бас тарту, мүше тарту, киіт кигізу сияқты ұлттық әдет-ғұрыптарымыздың әрқайсысына анықтама беріп, оны орындаудың жөн-жосығын түсіндіріп отыруды мақсат етті. Отбасы құндылықтарын насихаттады.
Мұхтар Әуезов кезінде: «Ел болам десең, бе­сігіңді түзе» деген екен, бүгінгі таңда бесікті түзеу үшін әйелді түзеу, әйелді түзеу үшін еркекті түзеу қажеттілігі көрініс тапты. Сондықтан басылым ер-азаматтардың қоғам алдындағы, отбасы алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Журналда жас жұбайларға арналған имандылық негіздегі «Отбасы кодексі» жариялануы да осы тұс. Журнал оқырмандардың үлкен құрметіне ие болды. Әдет-ғұрыптарымыздағы түрлі бұрмаланушылықтарға, оның дұрыс-бұрыстығына қатысты редакцияға ондаған хаттар келіп жататын. «Оқырман сұрақтарына Раушан апай жауап береді» айдарымен бас редактор әр әдет-ғұрыпқа қатысты соңы дау-дамайға соқтырмайтын түпкілікті жауап беруге ұмтылып отырды. Сөйтіп, өзгеге үйретті, өзі де үйренді. Шопанның шаңырағында туып-өскен, малдың ішек-қарнын тазалау, бас-сирақ үйітуден бастап, қонақ күтуге дейін бәрін істеп үйренген адамға этнографиялық құндылықтар жай сөз емес, өзі шынайы білетін дүниелер. Журнал материалдарының оқырманға қымбат болуының да бір себебі сонда ма деймін.
Раушан Каршалова бүгінде «Қазақстан патриоты» журналын басқарады. Тек мектептерде ғана емес, әскери бөлімдерде, оқу-жаттығу полигондарында болып тұрады.
– Біздің қоғамымыз патриоттарға мұқтаж, – дейді ол. – Егер шынайы патриоттар тәрбиелей алсақ, жемқорлықтың да жолы кесілер еді. Көк қағаз үшін еліміздің мүддесі аяққа тапталмас еді. Бүгінде тапқан-таянғанын Испанияға, Ұлыбританияға, Араб әмірліктеріне тасып кетіп жатқандар баршы­лық. Бейресми деректерге қарағанда тек Ұлы­бри­танияда 40 мыңдай, бір Лондонда 10 мыңдай қазақ байшігештері тұрады екен. Отанынан безіп, жат жұртқа барғанда не табады? Олардың ұрпақтары енді қазақ болмайтыны түсінікті. Қу дүние үшін ба­лаларының келешегін құрбан еткен соларды аяймын.
Таяуда бір байшігеш балаларын алып, Лондонға көшпек болыпты. Орысша оқитын балалары қуанып жүргенде қазақ мектебінде алтыншы сыныпта оқитын баласы шетелге кетуден бас тартыпты: «Қаласаңдар өздерің көше беріңдер, мені балалар үйіне өткізіп кетіңдер! Мен Ота­нымды, достарымды, мектебімді тастап кете алмаймын!» деп табандап ата-анасын райынан қайтарыпты. Міне, шын патриот сол! Мен сондай жас буынға сенемін! – деп тебіренеді құрбым.
«Адамды айналасына сүйкімді ететін көркем мінез» дейді ғой хадистерде. Табиғатынан адалды­­ғы, жақсылық істеуге құштарлығы, әркез қара­пайым­дылығы Раушанның басты қасиеттері дер едім. Көмек сұрап келген адамға қалтасындағы соң­ғы ақшасын қағып беріп үйіне жаяу қайтқан кездері де есіме түседі.
Жақсы мінезіне бола Алла тағала оған лайықты жар да кезіктірді. Бойжеткен 17-18 жас кезінде құрбылары «­Раушан, сен қандай адамға тұрмысқа шығар едің?» деп сұраса, «Мен Марат Тоқашбаев сияқты азаматқа тұрмысқа шығар едім» дейді екен. Алла «әумин» деген болар, араға жылдар салып сол белгілі журналист Марат Тоқашбаевқа жар болды. Ол кісінің үлкен балаларының өмірден өз орнын табуына жәрдемдесті. Ана орнына ана болды. Жей­десінің жағасын кір шалдыртпай, жолдасын жарқыратып жүргеніне құрбы­лары біз тамсанамыз. Мәкең екеуі бір-біріне деген үлкен құрметпен жұбайылық ғұмырдың, журналистік өмір­дің қызық-шыжығын бірге кешіп келеді. Жақында ғана олардың отбасылық мәселелерге арналған «Бақыттың кілті» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жанерке деген қыздары төртінші сыныпқа көшті.
Әйел адамның журналист болуы оңай емес. Бір жағы жұмыс, тынымсыз еңбек, бір жағы отбасы, үй тіршілігі, бала тәрбиесі, бір жағы қоғамдық жұмыс. Бірақ ол әмбебап, соның бәріне үлгеріп жатады. Раушан Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры. Өткен жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды, ҚР Мәдениет министрінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Кәсіби мерекесі тұсында құрбымды Баспасөз қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтағым келеді.

Бағдагүл ТҰРЫСОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.