Құда мың жылдық…

Құдалық – қазақ халқының әдет-ғұрпында ерекше орны бар дәстүр. Жекжаттық қатынастарға бастайтын алғашқы ресми қадам ата-ананың алдын ала келісімімен немесе қыз бен жігіттің уәделесуі арқылы жүзеге асады. Осыдан кейін құдаласу рәсімі бойынша үкі тағуға әдетте жігіт жағының ең жақын адамдарынан төрт не бес туысы барады. Екі жақ келісімге қол жеткізген жағдайда құдалық уақыты белгіленеді. Бұрынғы қазақтың үкі тағу дәстүрі бүгінде сырға тағумен алмасты.

Қазақтың дәстүрлі не­келесуі салтында әке-шеше риза­шылығы ең бас­ты шарт. Қалыңмал, той мәселелерін өзара келісіп, шешілуі, құдалықтың қалай өткені екі жақтың қарым-қатынасына ғана емес, екі жастың келешек тағдырына әсер ететін болған. Жігіт жағы ұялмайтындай «мығым» болып баруға тырысса, қыз жағы құдаларын лайықты күтіп алуға ұмтылған. Жігіт жағынан құдалыққа баратындардың саны жеті адам болады. Құдалық құрамына әдетте бірінші кезекте үйленетін жігіттің әкесі мен шешесі, атасы мен апасы, ағалары, жеңгелері, сондай-ақ тек жағынан жақын немере туыстары да қосылады. Құдалықты бастап баратын беделді, жасы үлкен адамды бас құда деп атайды. Жігіт жағынан жолы үлкен құда бауыздау құда аталады. Жігіт әкесінің одан кейін жолы үлкен аға-інілері барған болса, ол омыртқа құда аталады. Жігіттің нағашылары жағынан келген адамдар қабырға құда аталады. Ал жігіт әкесін әдетте бел құда деп атайды. Құдаласатын тараптардың әйелдері бір-біріне құдағи, қыздары құдаша, қыз бен жігіттің інілері қарсы жаққа құда бала болады. Құдалыққа бару мәселесін шешу үшін «мәслихат» (кейбір жағдайда «ақыл шай» деп те аталады) шайға шақыру ұйымдастырылады. Ағайындардың татулығы құдалардың алдында сын. Құдалыққа адам іріктеу барысында туыстығы жоқ адамдарды ертіп бару жігіт жағының туыстарға кемдігін, ағайын­дарының аздығын, басына күн туғанда демейтін жақындарының жоқтығын сездіреді.
Құда күтудің мұсылмандық әдеп­терін бабаларымыз жетік білгеніне кү­мәніміз жоқ. Сон­дықтан да болар қазақ – «құдасын Құдайындай сыйлайтын» халық атанды. Қазақ құдасын Құдайындай сыйлап, төбесіне көтереді. Бірін-бірі танымайтын екі ел екі жастың арқа­сында танысып, табысып, құда-жекжат болып, өзара сый­лас­тықтың үлгісін көрсетеді. Ең алдымен үйіне құда түсе келген кісілерді құрметпен қарсы алудың маңызы зор. Үй иесі қызын келіндікке сұрап, төріне шыққан адамдардың әрекетін қаламаса онысын сездірмей, көңілдеріне келетін дөрекі сөз айтпай, сыпайы түрде, шығарып салғаны жөн. Осылайша егер құда түсушілерге қыз беруді қаламаса, мұны астарлы сөзбен «Жақындарыммен ақылдасып көрейік», «Қызымыздың өзі бұған не дер екен?» деген секілді қашыртпа жауаппен істі жылы ­жауып шығарып салғаны дұрыс.
Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп… Мысалы, құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр, тағы басқа ырымдар мен кәделер, алымдары болады.
Құдалықтың жай-жапсары туралы халқымызда «Құда болғанша түп-тегіңді сұрас, Құда болған соң қол қусырып сыйлас», «Алыс жерге құда болсаң, түйе-түйе ас келер. Жақын жерге құда болсаң, түйе-түйе сөз келер», «Құда базына айтады, құдағи назын айтады», «Бай мен бай құда болса арасында жорға жүреді, кедей мен кедей кұда болса арасында дорба жүреді, бай мен кедей құда болса ілінісіп зорға жүреді» дейтін мәтелге айналып кеткен сөздеріміз бар. Осының өзі-ақ көп жайдан хабардар етеді емес пе?!
Бұрын құда түсіп, сырға салуға бас құда мен кіші құда ғана баратын. Қазір қыздың жолын сұрауға оларға ілесіп туған құданың өзі де баратын болған. Кейде ол бауыры мен келінін, балдызын ілестіреді. Тіпті күйеу жігіттің ата-анасы бір топ туысқандарымен бірге  баратындары да кездеседі екен.
Құда түсуге барарда қалыңдыққа алтын сырға, оның үй-ішіне деп ілуге кілем, киім (киіт) және дәм апарыла­ды. Киім дегенде, ата-әжесіне, әке-шешесіне, туған бауыр­ларына деп әрқайсысына арнап, ер адамның жей­десі, әйел адамның көйлегі, костюм, шапан, жағалы киімдер, алтын алқа, орамал және өлі-тіріге деп маталар салады.
Қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны С.Торайғыровтың «Қамар сұлуын» бәріміз білеміз. Өте сұлу, ақылды, ауқатты қызға құда түсушілер көп болады. «Әркімдер құдалықты ойласа да, Қамар қыз қайдан көнсін теңін таппай» дейтін автордың сөзі көп жайды аңғартады. Сөйтіп, Қамар кедей жігіт Ахметті таңдайды. Демек, өте ерте заманда да қыздарымыз өз сүйгендеріне қосылуды армандады.
Ислам діні бойынша, айтты­рыл­ған қыздан сырға таққан жақ бас тартпайынша немесе қыз жақ құдалықты бұзбайынша, құда түсіп баруға жол беріл­мейді. Егер бірінші құда түсу­ші­лердің ұсынысы қыз жағынан қабыл алынбаса, екінші жігіттің құда түсуіне болады. Қоғамның ауызбіршілігі мен тыныштығын ойлаған ардақты елші Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл жайында өз хадисінде: «Ешбір мұсылман бауыры айттырған қызға сөз салмасын. Тек ал­ғаш айттырған адам ұсынысынан бас тартқан жағдайда немесе өзі рұқсат берген жағдайда ғана сөз салуға болады» деген екен. Пайғамбарымыз (сал­лаллаһу аләйһи уә сәлләм) қызды айт­тырудың жасырын жасалуын тап­сыр­ған. Бұлай жасаудың бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, ауыл-аймақта өсек жайылуының алдын алады. Егер қыз жақ келісім бермесе, онда жігіт жақтың абыройы төгілгендей болуы да мүмкін. Құда түсушілерді көре алмайтындар үшін бұл өсек таратуға таптырмас мүмкіншілік. Мұны жұртқа таратып ел алдында күлкі етуге барын салатындар да бар. Екіншіден, егер құда түсушілерді күндеушілер болса, қыз жағына барып олардың ұсынысын қабылдамауы үшін неше түрлі жала жабуы да ықтимал. «Сақтықта қорлық жоқ» деп, қыз жақ нақты келісімін бергенше істі жария етпеген жақсы.

Сәлима ЕСБЕРГЕНОВА, көпбалалы ана:
– Бүгінгі таңда баяғы кездегідей бесік құда  болу атымен жоқ деуге болады. Себебі, қыз бен жігіт әуелі өздері танысып, табысып, үйлену мәселесін біржола  кесіп-пішіп қойғаннан кейін ғана ата-анасына айтады. Ұлдың әке-шешесі аяқ астынан әбігерге түсіп, қыздың ата-анасының алдынан өтуге дайындалады. Тіпті  екі жастың кейбір ата-анасының кафе-мейрамханада кездесіп, «Сен бізге осынша алтын, осынша ақша, осынша киіт әкелесің» деп қып-қызыл сауданың көрігін қыздырып отыратынына да куә болғанымыз бар.

Нәзия ӘЛІМЖАНОВА, кәсіпкер:
– Дәстүрдің ретімен құда түсу жоралғылары әр жерде әртүрлі орындалып жүргенін білеміз. Болашақ келінге лайықты гауһар сырғаны бүкіл Алматыдан таба алмай, Дубайға барып келген ағайындарым да бар. «Жарымаған, қайыршы екен өздері» деген сөзге қалудан қорқып, болашақ құдағиға алтын білезік, жеңгелеріне алтын сақина салуда да өзара жарыс басталып кеткен сыңайлы. Не керек дүрілдетіп той да өткіздік. Арада үш ай өткенде құдалар арасында реніш-өкпе бас­талды. Айтайын дегенім, әркім өз шамасына қарай ырым-жырымдарды жасағаны дұрыс. Ең бастысы балалардың бақытын ойлаған жөн.

Сейілхан МЫРЗАЖАН, құрылысшы:
«Аттыға еремін деп жаяудың шабы айырылыпты» деген сөз бар. «Анадан қалмаймын, мынадан кеммін бе?» деп құда түсе барғанда да, кейін той жасағанда да орынсыз шашылып, қарызға батып жатқан отбасылар көп. Кейбір тойларға топырлап көп адам келеді, әр өңірден жиналғандар өздеріне тән салттарын айтып ығыр қылады. Тойға ұсақ бала-шағаларына дейін ертіп, тұтас бір ауыл көшіп келгендей ахуал жасайды. Ысырапшылдықтың, дарақылықтың не керегі бар? Одан да отыз күн ойын, қырық күн тойға кететін шығынды жаңадан отау болып жатқандардың бір керегіне арнап берсек деген ойым бар.

Құда түсілген қызға белгі ретінде сырға тағу салты екі жақтың келіскенін білдіретін нышан болып саналады. Алайда құда түсіп, құйрық-бауыр же­лінсе де, некесі қиылмайынша, бұл жағдай қыз бен жігіттің отау құр­ғанын білдірмейді. Адам баласы пенде­шілік­пен уәдесінен тайып кетуі де мүмкін. Сондықтан осыны ескере отырып, не­ке қиылып, дініміз бойынша екі жас­қа ерлі-зайыпты деген үкім тағыл­майын­ша, екі жақтың да абайлап әрекет еткені абзал.
Ғасырлар бойы желісін үзбей келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлер бар. Қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспайды. Қаны жақын туыс адамдар үйленсе, біріншіден, олардан ақыл-есі дұрыс бала тумайды, туа қалғанның өзінде өмір жасы қысқа болып, саны бір-екіден аспайды. Екіншіден, ағайын, туысқан арасында әдепсіз, жағымсыз қылықтар етек алып, ынтымақ, бірлік бұзылады. Ал туыстық араға жеті ата толған соң ежелден жегжат екі ел сүйек жаңғыртып, қайтадан құда болысады. Осы салт арқылы ел бірлігі сақталады. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген нақыл сөз осы дәстүрге байланысты қалыптасқан.
Ұл өсіріп, қыз өсіріп отырған әрбір отбасы қызының орнын тапқанын, ұлын аяқтандырғанды, жақсы жермен құдаласқанды армандайды. Кім-кімде «Адал сүт емген бала жолықса игі» деп тілек тілейді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

8 Пікір

  1. Ләйлә

    Гауһар тасты жүзік, алқа тағылып, қымбат тондар кигізілген соң, ұлан-асыр той жасалып, неке қиылғаннан кейін 2-3 ай бірге тұрған жастардың ажырасуының куәсі болғаным бар. Қазір жастар ата-аналарының тыраштануы мен қарызға батқанына қарамай, «Мінезіміз сай келмеді», «асығыс үйленіппіз» деген сылтауларды айтып, оп-оңай айырылысып кете барады. Отбасын құру ойыншық емес, осыны түсіну керек, ең алдымен.

  2. Ақзер

    Мәселе ұлан-асыр тойда емес, жастардың ұлағатты жанұя бола алуында.

  3. Әнипа

    Құдалардың жақсы болуы, екі жақты сыйластығы шаңырақ құрған жастарға байланысты. Отбасы – шағын мемлекет деп бекер айтылмаған ғой. Келін өз орнын біліп, күйеу бала өз міндетін дұрыс атқарса, құдалар да екі баланың бақыты үшін сыйласуға тырысады.

  4. Дамира

    Жастар әке-шеше абыройын ойласа, үлгілі отбасы болуға тырысар еді.

  5. Манат

    Қоғам жартылай орыстанғандықтан, дәстүрлеріміз біраз өзгерістерге ұшырады. Ұлан-асыр тойлар өткізілгенмен, жастарға тәрбие беретін, үлгі-өнеге болатын салт-жоралғылар орындалмайды. Тойдың дүркіреп өткенімен, артынан жастардың екі жаққа кетуі ата-аналардың жастарға ақыл айтқанынан гөрі той шаруасына көп мән беруінен деп ойлаймын.

  6. Қымбат

    Ата -ана бұл өмірде бала қызығын көру үшін өмір сүреді.Бала қызығы баланың дүниеге келгені, аяқ басып ,мектеп қабырғасында оқу оқып,әскери міндетін орындап,жоғары білім алуына көмек беру ата-ананың міндеті.Сонан соң неліктен дүркретіп той жасамасқа,ағайын туыстар бала-шағамен бірге келіп тойдын қонағы болып ,тілектерін айтып,ән-би шашуларын көрсету керек деп есептеймін. Егер қазір біз жеті атаға дейін туыскандарды шақырмасак,балалар өз ұрпактарын қайдан біледі? Тойға шакырмағанда,қайда шақырады?Бідің әр-бір дәстүріміз сондай әдемі,жол жоба берілген сәнді,басқа ұлттардын дәл біз Қазақтар сияақты дәстурлерді, тойларды өткізе алмайды.
    Тойға алдымен балалар кіріп сонан сол улкендер кіру керек деп есептеймін,өйткені бала өмірден көргенін,естігенін, сыйлауды, бағалауды біден үйренеді.Иә,барлығымыз бірдей шылқып тұрған бай болмасақта,тойды өз қалтамыз көтеретін дей өткізу дұрыс деп білемін және бізде туысқандар әр қашан бос қол келген емес,бірі малын әкелсе,бірі клемін, бірі құда шакырса, бірі шашуы мен келетін қазақтармыз. Келісем қазіргі кезде жастарга жаңа отау болып жаткан,бөлек үй,көлік алу керек,жастарды бөлек шығару
    керек.Сонда өсіріп,оқытып ата-ана той көрмей ме? Адам бұл дүниеде тек қайғы ға бару керек пе?Жоқ?той тойлау керек,адамның денсаулығы бар кезінде,балалары қасында болған кезде,аналарымен бірге көңілді жерлерде жүру керек,сонда балалардын есінде біз жаксы жағынан және дәстурлерді ұмытпайтындай көрсетіп кетеміз. Тойлар шілдақана,қалжа,сүндік той.тіл ашар,мектеп қабырғасынан шығу,әскери міндеттерін орындауға жіберу,үйлену той, бөлек шанырак иесі қылу дәстірлеріне барлық туысқандар баруларыңызға тілектеспін.Балалар өздері ата-ана болғанда бәрін түсінеді,өзіміз де сондай болдық,
    Біз қазақ адам бахилды,ол дүниеге кеткенде шақыру тоспай барамыз.Жеті атаға дейін туыскандарды көреміз.Сау болыңыздар

  7. Аноним

    Саламатсызба барша мұсылман кауым , мен келін болып келген жер 9 жылдан бері құдалық істеген жок, әке шешеме есігін корсеткен жоқ, менің жан дүнием күйзелісте. Асыл арна осындай ата анаға қандай пікір айтасыз. Менің әке шешемнің тума туыстың алдында кандай жағдайда екенін елестетсем жүрегім ауырады.

  8. Жулдызхан

    біз күйеуіміз екеуміз көп ұрсысып қаламыз. ата анамыз. абырой. балалар деп ажырасу жайлы ойламауға тырысамыз. бирақ, менің ата анам қайын жұртыммен араласып тату болғысы келеді. қайын енем қайнатамда қонақ жай емес. қонақ келсе қайнатам үйден шығып кетет. енем күтпит дұрыс. өзім күтем шай тамағын беріп. 3/4 айда бир келеді. жылына 2/3 рет келеді басқа қаладан ата анам. сұрайдығой атаң қайда енең қайда деп не айтарымды білми өтірік жауап берем. жұмыстарымен кетті деп. күйеуімніғ айлығын алады күйеуіме де мағанда балаларымызға да еш керек затымызды алып бермейді. сұрасақта айтсақта елемей жүре береді. басында шыдап жүрдік 1 жылдан аса. сосын бөлек кеттік жалғыз ұл келін болсақта. амалымыз болмады. жастар кінәлі бола бермит ажырасуға. түсінсеңіз. мағанда тисетін. қайын сіңілдерімде өтірік жала жабатын. үй жинасам әдейі шашып отыратын. мен күнде жинап сыпырам. қиқым басып жүргенді қаламаймын.май май болып тұрған ыдысты көрсем шыдамай жуып тастаймын. унитазда дақ тұрмайтын. үнсіздік танытып жүрдім. сонда да сөзбен де іспенде түртетін. күйеуімді менен қызғанатын. шыдадым. болмады. күйеуіммен ажыраспай бөлек кетуді таңдадықта кеттік. күйеуім өзі солай шешім қабвьдады. себебі бәрін көріп естіп біліп жүрді. қазыр бақыттымыз. бирақ ата анамыз дұрыс араласпайды. үйге мамамдар келіп қалса енемді шақырамын келді келіңіз деп. ол кісі келмейді. келсе менің мамам ол кісіге қыз бергендей шәй тамағын дайындап береді. (роддомда жатқан кезімде) өз ұлының үйіне қонақ болып келеді. мен босанып келсем мамам дастархан жайып шәй тамақ пісіріп жүр. енем төрде отыр екен. қалай болу керек. екеуі бірге жүрсе ештеме айтпайм. енем жүрсе өте тамаша. енем отыр. мамам алыс жерден келіп қызмет етіп жүр күйеу баласының үйінде.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.