Журналист

…Айдалада жанды көрсең тосыннан,
Арқасына асай-мүсей асынған.
Қорықпайтын жаңбырдан да, жасыннан,
Небір ғажап күндер өткен басынан,
Ол – журналист, жалын жүрек,
асыл жан.

Қаламсабы, көк дәптері – қолдағы,
Жақсылыққа жаршы болу арманы.
Қапталында диктофоны және бар,
Дерек тапсақ қиын емес қалғаны.
Ол – журналист жұртқа ұнаған
жазғаны.

Арманының арғымағын тағалап,
Туған жердің қиырларын аралап,
Шаршамайды, қайта ләззат алады,
Оқырманы тұрса еңбегін бағалап.
Ол – журналист өз ісіне адал, ақ.

Күннен-күнге өркендеген елі бар,
Ел ырысы-байлығы мен кені бар.
Соның бәрін көрсетеді газетте,
Сондықтан да мақтанатын жөні бар.

Қиын, қызық мамандықты таңдаған,
Адам. Қоғам. Өмір сырын аңдаған.
Шарасызға сүйеніш боп қолдаған,
Ел ертеңін, болашақты қамдаған.
Журналистер қайыспайтын арлы адам.

Өмірде бар жақсылық пен жамандық,
Журналистің көздегені – адалдық.
Мұңын мұңдап, жоғын жоқтап әлсіздің,
Тағдырларын жазған кезде одан ұқ.

Қиялында таусылмайтын арманы,
Жолы анық, міндеті айқын алдағы.
Қызу еңбек ортасында жүрер ол,
Сондықтан да елі сүйер ардағы.

Гүлнар НАУЫРША

***
Журналист – жаңалық жаршысы,
Мақтауға тұрарлық арлы ісі.
Жолда, сапарда өтеді,
Көктемі, жазы, бар қысы.

Жақсы іске қуанып, сүйсінген,
Кездессе жамандық күрсінген.
Соғатын жүрегі елімен,
Ең жақын адам ол ел сенген.

Сен оны түсінсең біл деп ер,
Толғантқан тағдыры ел мен жер.
Басқа арман онда болмайды,
Отаны бақытты болса егер.

Әсем Жандәулет

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. тамара

    тамаша! журналистергемұнан артық қандай құрмет, қандай марапат керек!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.