«Қыз тәрбиелей отырып…»

Қазақ халқы қыз баланың бойына инабаттылық, сыпайылық, ізеттілік қасиеттерін дарыта отырып, оның жан дүниесінің жете қалыптасуына ерекше мән берген. Қыз психологиясының ерекшелігін жақсы түсінген. Әрбір отбасы бойжеткенді жібектей мінезі мен уыздай тәтті қылығымен, әдепті-ізеттілігімен, иманды-инабаттылығымен,  күміс күлкісімен көргісі келген. Осындай  ұлттық тәлім-тәрбие алған бойжеткен болашақта ардақты ана, сүйкімді  жар боларына сенімді болған.  Халқымыз «Әйел – барша тіршіліктің  бастауы, көркемдік пен жылылық көзі, шуақ пен мейірім әлемі, өмірдің сәні» деп қасиетті санап, әр уақытта сыйлы орынға отырғызған.
Жаңа келін болып түскен жеңгелері қайын сіңлілерін атымен атамай, «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» деп, қызғалдақтай болып өсіп, көктеп келе жатқан гүлдің мезгілсіз солып қалмауына қамқорлық жасаған. Өйткені  әйел-ана – әрбір отбасының алтын діңгегі. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана.
Қыздарды құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, ер-тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем-сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау – ежелгі дәстүрдің бірі. Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға үлкен сын. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу, тағы басқа өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан даярлай бастаған. Бүгінгі жастардың үйленбей жатып айырылысуы көбейгенін көргенде, қыздарды болашақ өмірге дайындау өз деңгейінде еместігінен осы дәстүрлеріміздің әлсіреп кеткенінен танимыз. Қызды ардақтаған қазақ басқа шығыс халықтарындай, оның бетін бүркелемей, ер балалармен тең ұстаған. Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулет пен байлыққа қызықпағандығы жыр-дастандарда жазылған. Қазақ қыздары махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған.
Қазақ қыздары ұлтжандылы­ғымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болған.
Жаңа түскен жас келiнге енелерi қонақ күту, ас ұстау, бала күту, т.б. мәселелерде үнемi ақыл-кеңес берiп үйретiп отырған. «Келiннiң жақсы болмағы қайын ененiң топырағынан» деп, ененiң жас келiнге қамқоршы болуын талап еткен.
Ұлттық салт-дәстүрімізді  білу, оның астарын түсініп,  атадан балаға  мирас ету қазіргі таңда, әсіресе қазақ қыздары үшін ауадай қажет. «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген  қанатты сөздің өзі бала тәрбиесінің  қаншалықты маңызды екенін білдірген.

С.Қырықбаева,
ҚР Мәдениет саласының үздігі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Айдар

    Қазіргі қазақ қыздарының тәрбиесі мен қоғамдық орындардағы жүріс-тұрысының «әттеген-айы» көп. Қыздар емес, келіндердің де ерсі қылықтарын көріп, жаға ұстап жүрміз. Қазақы тәрбие, үлкенді қадірлеу, әке-шеше атына кір келтірмеу сияқты қағидалар ұмытылып бара жатқанға ұқсайды.

  2. Асылай

    Қыздарға сын айтылса, оның әке-шешесіне сөз келетіні рас. «Қызыңыз тәрбиесіз, көргенсіз екен» деген сөздер кез-келген ата-ананың жүрегіне қаяу түсіретіні де анық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.